Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
«Сырдың Абайы» атанған ақынның шығыстық сарындағы қисса дастандарындағы философия

«Сырдың Абайы» атанған ақынның шығыстық сарындағы қисса дастандары Орта Азияның ортағасырлық реализмінен ақындық стилі қалыптасқан, Сыр бойы ақындарының ұлы ұстазына айналған Сыр шайыры – Тұрмағамбет  Ізтілеуов өлеңмен өрілген поэзияға кең жаңалықтар енгізген тұлға. Одан өзге, сұңғыла ақын нәзира дәстүрі мен шығыс сюжетіндегі аңыздар мен ертегілер арқылы қисса - дастандарды шығыс әдебиетінің дәстүріне айрықша мән беру нәтижесінде дүниеге келтіріп, қазақ халқының әдеби мұрасын тағы бір байытты. «XX ғасырдың бас кезінде Сыр бойында жазба түріндегі қисса, айтыс поэзиясы ерекше өріс алған еді. Тұрмағамбет Ізтілеуов осы жаңалықтың басында тұрған адам. Сыр елінің айтыс ақындары мен шайырлары Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Нақыптар туындыларын бір ұйқаспен жазатын болған. Осындай шұбыртпалы ұйқасты Даңмұрын, Омар Шораяқұлы да Тұрмағамбеттен үйренген еді». Жалпы, Сыр бойы ақын-шайырларындағы шығыстық дәстүрдің қалыптасуын қалың екі кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1. Әдебиетімізде «Алтын ғасыр» атанған он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында көптің арманына айналған Бұқара мен Самарқанға барып, білім нәрімен сусындай отырып, шағатай, араб, парсы тілдерін жетік меңгеру арқылы шығыстың классик ақындарының туындыларымен танысып, нәтижесінде елдің әдебиеті мен мәдениетін қазақ даласына әкелуі;

2. Келесі атаулы жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген кітаби-ақындардың тізбегі : Тұрмағамбет бастаған, Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп , Шораяқтың Омары жалғап шоғыры биік туындыларды тудыру кезеңі. «XX ғасырдың алғашқы ширегінде, әсіресе, Сыр сүлейлері шығармашылықтарында небір ғажайып үлгілі, көркемдігі қамшы салдырмайтындай туындылар шығыс әдебиетінің дәстүрі негізінде дүниеге келіп, оқырмандарын тауып, халық арасына кең тарай бастаған болатын» деп айтқан белгілі ғалым Б.Карбозұлы сөздері растайды.

Кітаби-ақындар атаулы кезеңдер өтіп, өз кезектерінде шығыс әдебиетіндегі гуманистік, адамгершілік пен ағартушылық мотивтерді көтеріп, қазақ елінің салт-санасына, дәстүрі мен дәріптеріне сай етіп жазды.

18 жасынан қисса әдебиетіне ден қойған Тұрмағамбет шайыр кеңес дәуірінде бұл өнерін дамытып, жандандыра түсті. Қисса әдебиетінің қамтитын аумағын бірнеше салаға бөліп қарастырсақ :

 «Мың бір түн», «Шаһнама», «Тотынамадан» алынған ертегілік және мифтік сюжеттер; Ислам дінін дәріптейтін жырлар; Низами және Науаи сынды тұлғалардың ғашықтық жырлары.

Cыр шайырының дастан-қиссалары тек шығыстық емес, әлем әдебиетіндегі эпостық Әдеби тектік кең көлемді дәстүрімен берілген. Ақынның дастандары классикалық, эпикалық шығармалардың мазмұны мен пішінін құрайтын тақырыптық-идеялық, сюжеттік-композициялық, стильдік-көркемдік ерекшеліктерге ие.

Жиырмасыншы ғасырда дастан-қисса жазудың керемет үлгісін көрсете білген сүлейдің дастандрының композициясы бірнеше бөліктен тұрады:

Алғашқы бөлімі - дастандардың басталуындағы арнаулар мен философиялық толғаныстар;

Екінші бөлімі – дастанның негізгі сюжетінің жырлануы ;

Соңғы бөлімі – қисса-дастандардың аяқталуындағы автордың түйіндеу толғаныстарының әдебиет сипатын танытатын лирикалық және эпикалық сипат тұтастығының нәтижесі.

Тұрмағамбет жоғарыда аталған сала мен композицияларды шығыстық сарындағы дастандарды комплоция (қайталау, көшіру) арқылы емес, репродукция (даму, қайта жырлау) арқылы жырлады. Ол шығыс шайырларының жырлаған туындыларын назирагөйлік әдісі арқылы өзгертіп, түркі халқының салт-санасы мен дәстүр, дәріптеріне сай жазған дастандары – «Мәрді дихан», «Рауа-Бану», «Сам, Зал батыр», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Әшкәбус» және т.б.

«Бес күнгі бақ, дәулетті көтере алмай,

Келеді кеуіп, ісін адырайғың.

Тұтқасын дүнияның қолмен ұстап,

Тақтынан тіріліктің келмес тайғың.

Ол ойың өте ұят, ойла онан да,

Ішінде аз өмірдің не лайығың?!

Қамың же, қарның сипап жата бермей,

Келмесе қияметте құр мұңайғың.

Кеңесіп кеуліңменен көре қойсаң,

Аз емес азаматтар көп уайымың.

Алдайды дүния-бетпақ бәрінді де,

Ішінен алтайыдай қашқан сайдың»

,- деген Ислам дінін дәріптейтін жырдың жолдары – Тұрмағамбеттің «Тұтқын қыз» дастанынан алынған. Бұл дастан Шығыс хикаясының негізінде жазылған. Ақын-шайырдың астарлап жеткізгісі келген ойы : «Тәңірдің дегеніне көнбей, тағдырды өзгертуге тырыспа, абыройлы боламын десең Алланың жаратылыс заңына құрыспа» және «Жалғыз шауып бәйге аламын деп бостан-босқа тырыспа, асылында көппен, халықпен бір бол». Осындай көпке үлгі боларлық, айтары мен берері мол туындыда санаулы-ақ кейіпкерлер бар. Сол кейіпкерлермен көркем туынды жасау Тұрмағамбеттің қана қолынан келеді. Алланың қалауымен тағдырларына жазылған Батыс ханзадасы мен Шығыс ханшайымы бір болу керек дегенді естіп, қарсы шығамын деп қара жерге кірердей ұятқа қалған Самұрық құс жайында:

«Қолына елдің үкі түсе қойса,

Айналды ақырында тоналарға.

Самұрық сұлтандықтан қалды түсіп,

Жабысып жатып алды, жерді құшып.

Болған соң халық біткенге қара бетті,

Кешікпей Қап тауына кетті ұшып.

Көрінген сонан кейін емес көпке,

Көтеріп, көптен шықты, кеулін көкке.

Берген соң Алла өмір, осы кезде,

Әлі отыр ұялумен, өлмей текке».

Адам баласының жанашыры, қамқоры болған, қиналғанда жетіп келер жәрдеміне айналған Самұрық құс Фирдоусидің «Шаһнамасынан» алынған секілді. Бірақ, Тәңір жазған тағдырға қарсы шығамын деп Шығыс ханшайымын алып ұшқанымен, өз баласындай аялап, мәпелеп өсіріп, соңында Алланың дегенінінің орындалуына қайта өз септігін тигізді деп қорытындыласақ та болады.

Кітаби, нәзирашыл ақындардың басты шығармашылық мақсаттарының бірі - әлемдік классиканы қазақ тілінде қайта жарату, қазақ халқына, сөз өнеріне назирагөйлік дәстүрде қызмет ету. Сондықтан да кітаби ақындар жырлап отырған шығармаларының түп-төркінін жасыра бермейді. Керісінше, шығарманы қайдан алып жырлап отырғанын ашық көрсетіп отырады. Сөйте тұра, олар өздерін толық дәрежедегі автор деп таниды. Кітаби, назирашыл ақындар ұғымында солай. Бұл - әсіресе кітаби ақындар білім алып, сусындап өскен шығыс әдебиетінің үрдісі. Біз де мәселені тарихи тұрғыдан пайымдап, тарихи кезең тынысына орай қабылдауға, солай тануға тиіспіз. Басты мәселе – әлемдік классика қазақ тілінде сөйледі. Сөйлеткен кітаби ақын, нәзирашыл қаламгер. Бұл - үлкен жетістік, заманы үшін зор табыс.

Ділдабек Нұршат Алмасбекқызы,

Профессор, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама