- 15 қаң. 2019 00:00
- 248
Тұманбай Молдағалиев
Тұманбай Молдағалиев (20.03.1935 жылы туған, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, "Жарсу" совхозы) — қазақ ақыны. Қазақтың Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді (1956). "Пионер" журналында (1959-70) жұмыс істеді. "Балдырған" журналының жауапты хатшысы (1970-1973) болды. 1973 жылдан "Жазушы" баспасы жанындағы Балалар және жастар әдебиетінің бас редакциясы мен "Жалын" альманағының бас редакторы Т. Молдағалиевтің тұңғыш өлеңі "Украина қызына" 1954 жылы жарияланды. Алғашқы өлеңдер жинағы "Студент дәптері" 1957 жылы жарық көрді. Т. Молдағалиев нәзік сырлы, ойлы да отты жырлармен танылды. "Кәмила" (1960). "Көктем таңы" (1961), "Алатау қызы" (1963), "Ферюза туралы жыр" (1964), "Зулайды күндер" (1965), "Жүрегім менің сапарда" (1966) т. б. жинақтары шықты. 1967 жылы жарық көрген "Жаңа дәптер" атты кітабы үшін Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанды (1968). "Ескерткіш" (1969), "Шақырады жаз мені" (1970), "Жүрек ояу қашанда" (1972) атты кітаптары да оқушылардың ілтипатына бөленді. Оның "Қош, көктем" атты таңдамалы өлеңдер кітабы (1971), "Хаттар" атты поэмалар жинағы (1974) жарық көрді. Т. Молдағалиевтің орыс тілінде "Я — сын Семиречья" (1962), "Первая встреча" (1968), "Новая тетрадь" (1969) атты өлеңдер жинақтары шықты. Т. Молдағалиев көптеген ән мәтіндерін жазды. Оның "Құстар қайтып барады" (музыкасы Н.Тілендиевтікі), "Бақыт құшағында", "Әнім сен едің" (музыкасы Ш. Қалдаяковтікі), "Ертіс вальсі" (музыкасы Жамақаевтікі), "Шақырады көктем" (муз. Ә.Бейсеуовтікі) атты әнге жазылған өлеңдері халық арасына кең тараған. Ол Д.Г. Байрон, М.Ю. Лермонтов, Т.Г.Шевченко, Туманян, С. Канутикян, Ғ. Ғұлам, Х. Ғұлам, Р. Ғамзатов, Ұйғын, Зулфия, Д. Жалсараев және т.б. ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударды.