Photo: Engin Akyurt (https://www.pexels.com/@enginakyurt) / Pexels
- 12 ақп. 2026 08:00
- 16
Түркістандағы қарулы шабуыл: Атастырылған қызға таласқандар Өзбекстан шекарасында ұсталды
Түркістан облысында түн ішінде 18 жастағы жігітті әкесінің көзінше атып кеткен оқиға болды. Бақытымызға орай, пневматикалық тапаншадан жарақат алған Сайрам ауданының тұрғыны аман қалды.
Бұл деректерді QazaqToday.info сайты жариялады.
Оқиға кеше, түн ортасы ауа болған. Жәбірленушінің әкесі Бахрамжан Шукуровтың айтуынша, 18 жастағы ұлы Салахаддинді сол ауылдың жастары кездесуге шақырған. Мұны естіген әкесі ұлымен бірге барған. Алайда, оларды бейтаныс адамдар тобы қоршап, қысым көрсеткен.
Күдіктілер Өзбекстан шекарасында ұсталды
«10-15 шақты адам жиналып тұр екен. Бір ауыз сөзсіз, мені қоршап алды. Кейін машинадан бір зат алды. Дубинка шығар деп ойлап тұрғанымда, ол тапанша болып шықты. Маған қарай атты, бірақ мен еңкейіп үлгердім. Екінші рет атқанда, ұлымның ішіне тиді. Олар қашып бара жатқан жерінен Өзбекстан шекарасында ұсталды. Таңғы сағат 05:30-да арнайы жасақ оларды ұстап әкелді. Ал қылмыскерлердің ата-анасы баласының жағдайын сұрауға да келмеді», - дейді оқиға куәсі, жәбірленушінің әкесі.
Жарақаттанған жігіттің жағдайы туралы Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Оқ дене қуысына өтпегені анықталған. Тиісті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, науқас амбулаториялық бақылауға алынып, үйіне жіберілді.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, бұл жанжал Салахаддиннің атастырылған қалыңдығына байланысты туындаған. Олар күдіктілер жауапқа тартылмай қалуы мүмкін деп алаңдайды, себебі бұған дейін де адам атып, жауапкершілікке тартылмағандар туралы естігендерін айтады.