Ұлт мәселесінің шешілуі қандай болуы керек
Қазіргі уақытта ұлт мәселесінің шешілуі — кеңестік республикаларының одақтастығы. Бұл одақтың негізі ықтиярлық, еркіндікпен құрылу керек әм бұл одақтыққа кіретін мүшелердің теңдігімен құрылу керек.
Ешбір халықтың одақтығы егерде оның негізі ықтиярлықпен салынған болмаса, ешбір халықтардың бірлесуін ешқашан мықты, берік алмайды. Мұны біздің айқын-ашық айтуымыз керек. Одақтың берік болуының екінші негізгі шарты, сол одақтыққа кірген халықтардың закон хұқық ретінде бір-бірімен тең болуы. Және одақтыққа кірген республикалардың бәрі сол одақтықтың пайдаларын бірдей пайдаланады. Әм одақтықтың жалпы пайдасына өздерінің кейбір пайдаларынан бірдей шағып сол жалпы іске бағыштайды.
Құрама кеңес мемлекетіндегі барлық халықтар, құр закон, заң ретінде ғана тең болмай, іс жүзінде тең болулары керек. Құқық закон ретіндегі теңдікті біз жарияладық, оны енді қажетке шығарамыз. Іс жүзінде ғамалға асырамыз.
Барлық ұлттардың, барлық жұрттардың рәсім ретімен қанша құқықтары болса, одақтыққа кірген ұлттардың соншама құқықтары болады. Бірақ кейбір ұлттар өздерінің өнер-білім ретінде надандықта артта қалғандығымен революцияның (төңкерістің) алып берген құқықтарын пайдалана алмайды. Міне, осы көп кемшілік қылады.
Бұл мектеп, медіресе әм ана тілі мәселелерінен көрі зорырақ мәселе.
Бұған келгенде құр мектеп, медіресе әм ана тілі деген ғана сөздер аз, бұған бұрынғы езілген шаруашылық өнер-білім ретінде артта қалған ұлттарға біздің шын көңілмен, адал жүрекпен үзбей істейтін жарлы табының (пролетариаттың) жәрдемі керек.
Бұл шаруашылық, кәсіп, өнер-білім ретінде артта қалған республикаларда кәсіпшілік дүкенін құру керек. Бұрынғы билеген Россияның жарлы табы мен бұрынғы езілген елдердің еңбекшілерінің дұрыс жолдары осылар. Кавказдағы республикалардың ұлттарды бір-бірімен дұрыс жанастырып араларын дұрыс байластыру үшін әм сол жердегі ұлттардың арасында татулық сақтау үшін сол жерде бір бәтуәлі басқарма жасауы керек. Ондай басқарма Кавказдағы кеңестік республикалардың одақтастығы болады.
Өзінің баяндамасын қорытып келіп Сталин жолдас ақырында мынаны айтты:
Іске не нәрселер бөгет?
Бірлікке бөгет болатын біздің алдымызда 3 нәрсе бар. Оларды жоюымыз керек. Олардың біріншісі — ұлы орыстық өзімшілдігі. Екіншісі — теңсіздік. Үшіншісі — жергілікті елдің ұлтшылдығы. Бұл ескіден қалған мирастарды жоюға мен үш шарт көрсетемін: 1. Әрбір республикада кеңес үкіметін сол жердегі жергілікті халыққа түсінікті қылуға әм ол жергілікті халықтың өзінен туған үкіметі қылуға, әм кеңес үкіметін жалғыз орыс үкіметі қылмай, жалпы ұлт (интернациональный) үкімет қылуға барлық күштерімізді салып тырысуларымыз керек. Міне, бұл бірінші шарт. 2. Республика Одақтығының комиссариатының коллегияларына негізгі жобасы бойынша сол комиссариаттардың коллегияларына негізгі ұлттардың кісілерінен кірсе, ол коллегиялар әр республиканың мұң-мұқтаждарын біліп отыр, сол мұқтаждарын біліп отырып, сол мұқтаждарын табуға тырысып отырар еді. Бұл екінші шарт. 3. Кеңестік жоғарғы одақтың басқармасының құрылысы (состав) күллі Кеңестік Россиядағы әрбір республиканың әм әрбір ұлттың айнаға түскен сәулесіндей болып, барлық республиканың барлық ұлттардың мұң-мұқтаждарын көрсетіп отыратын болсын. Міне, бұл үшінші шарт. Біз бұл мәселені дұрыс шешкен болар едік, егерде біз одақтық орталық комитеттің құралысын (составын) екі алқалы қылып жасай алдық (в две палаты). Мұның бірінші алқасы ұлтқа қарамай, одақтас республикалардың жалпы жиылысында сайланса, екінші алқасы әр республикалардан, аймақтардан сайланып, одақтас республикалардың жалпы жиналысында бекітілсе.
Екінші алқада жалғыз одаққа кіретін төрт қана республикалардың (1. Россия құрамасы РСФСР; 2. Кавказ құрамасы; V Украина; 4. Белорусь) адамдары болып қоймай, барлық халықтардың, барлық елдердің уәкілдері болу керек.
Міне, осы жоғарғы көрсетілген жобаларды іске асырсақ қана ұлт мәселесін дұрыс шешкен боламыз. Сонда ғана жарлы табының туын кеңінен жая аламыз. Сонда ғана бұл біздің революцияның соңынан еретін негізгі күш болып отырған жер-дүниенің жарлы табы мен обыр капитализмі болашақта белдескенде таразыны жұлып түсетін салмақ болатын күншығысты маңайымызға құрап өзімізге жанастыра аламыз».
Міне, қысқаша қорытқанда Сталин жолдастың партияның 12-жиылысында ұлт мәселесі тақырыпты істеген баяндамасы осы.
Сталин жолдас коммунист партиясының басынан кешірген тарихында нелер үлкен сынды, қиын-қыстау, тар жол тайғақ кешулерінен өткен ескі ту ұстаған қажырлы бастықтарының бірі.
Жолдас Сталиннің бұл қорытынды баяндамасын Қазақстан тәрізді шет республикалардағы коммунистер көбірек оқулары керек.
1923 жыл