Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ұлт мәселесі туралы баяндама

ҰЛТ МӘСЕЛЕСІНІҢ МАҢЫЗЫ

Россия коммунист партиясының 12-жиылысында жолдас Сталин ұлт мәселесі туралы баяндама қылғанда айтқан сөздерінің қорытындысы мынау.

— Ұлт мәселесін шешуде 2 мағына бар. Ол екі мағынаның біреуі — біздің партияны сырттан бақылаушы жер-дүниедегі барлық халықтар үшін керек. Біреуі өзіміздің ішкі жайымыз үшін керек.

Біздің қазіргі кеңестік республиканың одақтас кұрамасына күллі күншығыс халықтары сырттан көзін алмай бақылап қарауда. Қарағанда жерге жаңа бір жат тұқымды егіп, соның шыққан өнігі қандай болар екен деп бағып отырғандай қарауда.

Егерде біз осы құрамалық одақтастық шарасындағы ұлт мәселесін дұрыс шешіп, әр халықтың арасын шын туысқандық негізіне келтіріп жақындастырсақ, біздің мұнымызды күллі Күншығыс көріп, біздің Россияның кеңестік құрама одақтас үкіметін шын жолбасшы танып, біздің соңымыздан еріп, әм сонымен жалпы дүние капитализмінің озбырлығы жойыла бастамақ.

Ал егерде біз бұл ұлт мәселесін шешкенде қате істесек, Россияның жарлы еңбекшілдер табына (пролетариатқа) бұрынғы езілген ұлттардың сенімі қалмайды. Россияның құрама кеңес үкіметінің күншығыс халықтарын бойына жанастыруға, өзіне қарай тартатын күші кетеді әм олай болғанда дүние капитализмнің обырлығы, империализм бізді жеңеді.

Міне, бұл ұлт мәселесін дұрыс шешудің жалпы дүниедегі халықтардың алдында зор мағынасының барлығы.

Ал енді ұлт мәселесін дұрыс шешудің өз ішімізде зор мағынасының бар екені мынау:

Россияда жаңа шаруашылық саясатын (НЭП) жүргізгеннен беpi орыстың ұлтшылдығы күшейе бастады. Әм Деникиннің істей алмаған бұрынғы «Ұлық Россияны бөлмей-жармай тұтас сақтау» пікірін қазіргі уақытта еппен, білдіртпей іске асырмақ тілек те бар.

Бұл идея — сменовеховство, жаңа шаруашылық саясаты (НЭП) орнағалы ішкі тұрмысымызда бір жаңа күш туа бастады. Ол жаңа күш біздің кеңес мекемелеріне әм хатта партия мекемелеріне ұялай бастаған орыстың ұлтшылдығы, өзімшілдігі. Национально-шовинистическое. Егерде біз бұл жаңа туа бастаған қауіпті күшті, тамырынан қырқып құртпасақ, жарлы табы мен ауыл шаруаларының арасы айырылып кетуге мүмкін. Әм сонымен бұл жарлы табының үкіметін су түбіне бату халіне жеткізуге себеп болуға мүмкін (к гибели диктатуры пролетариата). Жаңа шаруашылық саясаты орыстың өзімшілдігімен қатар, жергілікті халықтардың да өзімшілдігін тудыра бастады. Бұл әсіресе көп ұлттардан құрасқан мына республикаларда көбірек көрінеді. Мәселен, Грузия, Әзірбайжан, Бұхара әм Түркістанда.

Біз енді орыстың болсын әм тұрғын халықтардың болсын өзімшілдіктеріне (шовинизміне) қарсы тиісті істер қылуымыз керек.

Ұлт мәселесінің таптық ең негізгі мағынасы біздің кеңес үкіметінің халінде бұрынғы ұлық болып билеп қалған ұлттың жарлы табы мен бұрынғы езіліп қалған халықтың ауыл шаруасының арасын жақындастырып, солардың арасын дұрыс қылып байластыру.

Егерде орыстың жарлы табы (пролетариаты) жалғыз орыстың крестьянствосымен емес, бұрынғы езілген ұлттардың крестьянствосымен (ауыл шаруасымен) дұрыс жалғасу әм дұрыс одақтастық жасай алса, сонда ғана мәселе дұрыс шешілген болады. Бұлай болу үшін жарлы табының үкіметі орысқа қандай өзінікіндей болса, әр ұлттың ауыл шаруаларына да сондай өзінікі болу керек. Ал әр ұлттың ауыл шаруаларына кеңес үкіметі өзінікі болу үшін ол кеңес үкіметі жергілікті ұлттар үшін түсінікті болуы керек. Жергілікті мекемелерде іс олардың ана тілінде жүру керек. Жергілікті мекемелерде ылғи сол жергілікті халықтардың тілін, тұрмысын, заңын, әдет-ғұрпын білетін өз адамдарынан отырғызу керек.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама