- 13 ақп. 2020 00:00
- 207
Ұлттық халық санағы кезінде мұғалімдер жұмысқа тартыла ма?
Ұлттық халық санағын жүргізуге 32,5 мың адам тартылмақ. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов айтты.
«Ұлттық халық санағы кезінде мұғалімдер тегін түрде жұмысқа тартылмайды. Ақылы түрде, өз еркімен жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Жалпы, санақ жүргізуге қойылатын азаматтарға қойылатын талаптар: 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысқыш болуы керек. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, тек планшетпен жұмыс істей білуі керек», - дейді Нұрболат Айдапкелов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, шарфтың болуы міндетті.
Биыл қазанда өтетін Ұлттық халық санағы екі кезеңнен тұрады.
Дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында болады. Бұл кезеңде интервьюерлер үйлерді аралап, онда тұратын тұрғындардың нақты санын анықтайды. Осы кезеңде санақты аудандарға бөлу дайындық жүргізіледі.
Екінші, яғни негізгі кезең 1-30 қазан аралығында болады. Қазан айының 1 мен 15 аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы 15 күнінде интернет-сауалнама жүргізіледі. Интернет-сауалнамада респонденттер өзіне және отбасы мүшелеріне Интернет желісі арқылы sanaq.gov.kz арнайы сайтында санақ парақтарын өз бетінше толтырады.