Солтан Жексенбеков / Kazinform
- 08 мау. 2026 19:30
- 28
ҰҚК Шығыс Қазақстан сотының қылмыстық алқасының төрағасын ұстауды растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әділ Бакиннің ұсталғаны туралы ақпаратты растады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін судьяның ұсталғаны туралы мәліметтер әлеуметтік желілерде тараған болатын. Жазбаларда сот алқасы басшысына қатысты процессуалдық әрекеттерді ҰҚК қызметкерлерінің жүргізіп жатқаны айтылған.
Осыған байланысты Kazinform агенттігінің тілшісі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдаған.
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-тармағына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді», — делінген ҰҚК бөлімшесі басшысы О. Бектеновтің жауабында.
Осылайша, ҰҚК сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін растады, алайда қылмыстық іс бойынша мән-жайлар, ұстау себептері және фигуранттың процессуалдық мәртебесі әзірге ашылмады.
Істің басқа да мән-жайлары қажетті тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін немесе құқық қорғау органдарының ресми мәлімдемелерінен кейін белгілі болады.
Әлеуметтік желілерде жоғары лауазымды судьяның істердің бірі бойынша жазаны жеңілдету үшін 100 мың доллар пара алған кезде ұсталғаны айтылуда.