- 26 ақп. 2020 00:00
- 229
Ұры екінші ұрлық қылмауға тәубе қылыпты
Бір баукеспе ұры бар екен, Серікбайдың жалғыз қара шолақ сиыры да осы ұрының кеңірдегіне түсіп кетіпті.
Сиырының ізіне түсіп барса, «сиырыңды көргенім жоқ» деп бет бақтырмай қойыпты. Өзінің бой бермесін білген соң Серікбай амалын тауып есе қайтаратын орай күтіпті. Ұры ұрлыққа кетті деген хабарды естіп, енді қайтады-ау деген кезде, жол бойындағы зиратқа келіп жатып ұрыны тосыпты. Ұзақ жүрістен қалжырап ат үстінде қалғып келе жатқан ұры осы жерден өте бергенде, байқатбай жетек атқа мініп алып басын тартып тұра қалыпты.
Ірке тартқан атқа жалт қараған ұры үстіндегі аппақ кебін киген «әруақты» көріпті. Сасқан ұры жетек атты тастай салып, атына үсті-үстіне қамшы басып жоғалыпты. Серікбай атты иесіне табыс етіп қайта беріпті. Шошынған ұры үйіне бара ауырып жатып қалыпты. Ол кезде Серікбай ел ішіндегі атақты емкүстердің бірі екен. Сауыға алмаған ұры кісі жіберіп Серікбайды шақыртады. «Іші мерездің ішінде ит ұлып жатады» дегендей ауруы өзіне мәлім екенін білетін Серікбай оның тамырын ұстап көріп:
— Жүрегің қозғалған екен, ауруың едәуір салмақты, не нәрседен шошыдың, шыныңды айт, соған қарай отырып ем жасаймын, әлдеқалай болар екенсің, — деп шошыта түседі.
Бұлтарар амалы қалмаған ұры көрген-білгенін айтып береді. Серікбай сонда:
— Бәсе, қатты ұшынған екенсің, мен емдеп көрейін, жазылып қаларсың. Ол көрінген жан алатын періште, Құдай жолымен жүрмеген, басқалардың қақысын жеген, күнәға батқан адамдардың жанын алуға келген. Тәубе қылып, адал кәсіппен шұғылдансаң, жазылып кетесің, — депті. Жанынан қорыққан ұры екінші ұрлық қылмауға тәубе қылыпты.