Инклюзивті оқыту үдерісінің маңыздылығы
Әрбір ата-ана дүниеге шыр етіп келген баласын осы жарық дүниенің есігін ашып, сол жарық дүниенің қызығы мен қуанышын көрсін, ұрпағымды жалғасырып, артымда өз ізімді қалдырсам деп алдына мақсат қояды. Алайда, шыр етіп дүниеге келгеннен, көзін ашпай жатып тағдырдың тәлкегінде қалып жатқан бауырларымыз қаншама. Ал сол баланы өмір сүруге құштар етіп тәрбие беру әрбір ата-ана мен педагог қызметкерлердің міндеті. Ол үшін біздер біріншіден мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасына күш-қуат беріп, қолдау көрсетуіміз қажет. Себебі, ата-ананың армандап күткен балалары ойларындағыдай болмаған соң, ата-анаға қайғы мен мазасыздық жағдайын әкеледі. Мұндай ата-аналардың бойында үрей пайда болып, отбасында балаларын балалар үйіне өткізіп жатқандары қаншама. Сондықтан қазіргі таңда елімізде инклюзивті білім беру енгізілуде. Осы білім берудің барысында мүмкіндігі шектеулі балалардың бойынан табиғи талантын ашу үшін біздер ата-аналарға колдау көрсетуіміз қажет. Ол үшін мектепке дейінгі мекемелерде, ата-ана мен мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өмірге деген қызығушылық, құштарлықтарын оятатын арнайы жұмыстар жүргізіліп, мемлекет сол мекемелерге қолдау көрсетсетіп, оларға өз-өзіне сенімділік ұялата білсе, баланың өмірге деген жаңаша көзқарасы пайда болар еді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде баланың бойында жасырын жатқан табиғи таланты ашылар еді. Ал ол үшін педагогтер қауымы дер кезінде жұмыс жасап, ата-ана, мұғалім, мүмкіндігі шектеулі оқушы арасында үштік одағын құрғанымыз жөн.
Инклюзивтік білім беру дегеніміз – жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі бала мен басқа да әлеуметтік қорғалатын топтарға жататын оқушыларға өзгелермен теңдей білім беру, соған жағдай жасау, әлеуметтік ортадан оқшауламау.
Инклюзивті білім беру жүйесінің Қазақстанда алғаш дамуы 90-шы жылдардың ортасында жүзеге асырыла бастады. Қазіргі таңда біздің мемлекетімізде инклюзивтік білім беру үдерісін жүзеге асыруға қарасты заңдар қарастырылған. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік бейімделуін жетілдіру мақсатында халықаралық құқықтық актілер қабылданды және ратификацияланды, олар “Бала құқықтары туралы Конвенция” (1989), “Білім беру” және “Мүгедектердің құқықтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету туралы ережелер” (1993), білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы білім беру және жағдайын реттеу үшін “Саламандық декларация” (1994) [1].
Мемлекетіміз мемлекеттік білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған бағдарламасында бірінші рет инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды. Бұл жоба қазіргі таңда біртіндеп қолға алынып келе жатыр. Осы жоба аясында еліміздегі кейбір мектептерде эксперименттік түрде 2011 жылы Алматы қаласының «Дыбыс» қоғамдық бірлестігіндегі 2 мектепке енгізген.
Қоғамда мүмкіндігі шектеулі балалардың дәрежесіне қарап оқыту, яғни нашар қабылдайтын балаларды өз деңгейіне қарай оқыту әр деңгейді бөліп оқыту қарастырылған. Білім берудің бұл түрінде мүмкіндігі шектеулі балалардың өз-өзіне сенімі артады, ол қоршаған ортадағы адамдар тарапынан өзіне қолдау бар екенін сезінеді, бұл баланың өзі бағалай білуіне, қоршаған ортасына сүйіспеншілікпен қарауына, өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жол ашады [3].
Қорыта келгенде соңғы кездері Қазақстанда дамуында ақыл ойы және дене ауытқулары бар балаларды жалпы білім беретін мекемелерге оқыту тәжірибесі қалыптасу жолында. Жалпы білім беретін бағдарлама бойынша мектептерде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы педагог, психолог, әлеуметтік педагогтің қолдауынсыз білім алуда. Жалпы мектептердің психологтары мен мұғалімдері мүмкіндіктері шектеулі балалардың олардың білім алу қажеттіліктеріне білікті көмек көрсете алмайды. Нәтижесінде балалар оқытудың бірінші сатысынан ақ қиыншылықтарға тап болады.
Инклюзивті білім беру жүйесін енгізу үшін ең бірінші мектеп пен отбасының, мектеп пен баланың қарым-қатынасын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар жүргізілуі қажет. Демек, мүмкіндігі шектеулі баланың және жасөспірімдердің білім беру және әлеуметтік қажеттіліктерін бағалау, баланың мүмкіндік деңгейіне сәйкес мектеп қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар арнайы психологтың қалыпты деңгейдегі және мүмкіндігі шектеулі баланың ата-аналарымен тікелей жұмыс атқару қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер
1- Халитова І.Р «Әлеуметтік педагогика» Алматы 2006ж
2- http://baq.kz/regional_media/post/
3- «Әлеметтік педагогика және өзін-өзі тану» журнал №1 2014 ж
4- http://www.open-school.kz/glavstr/inclusiv_obraz/
Тасжанова Назира Алтынбековна бастауыш сынып мұғалімі
№ 56 орта мектеп Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы