Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
Исатайдың өлуі мен қайда қалғаны

Исатай ханды шаппақ болып елден қол жинап, жеті мың нөкермен Жасқұс құмында жатады. Сол мезгілде ханмен табыстырмақ болып араға Шыман төре, тағы басқа адамдар түседі. Бірақ шын мәнісінде бұл уақыттан ұту әрекеті болып шығады. Сол арада оралдан бес жүз салдат келіп қалады. Қарулы салдаттар зеңбірек пен мылтықтың оғын жаудырады.

Қарусыз ерген Исатайдың нөкерлері жауға қатты тойтарыс бере алмайды. Қорыққан қарусыз адамдардың арасында қобалжу пайда болады. Кейбіреулер өз бетімен қашып кетеді. Нарынның «Қуаныш қорығы» деген жерде қуып жетеді. Сол жерде исатайдың Ақбоз аты оққа ұшып өледі. Осы шайқаста рысалы, Қалдыбай деген исатайдың екі батыры да қаза табады. Содан кейін оның қолы бытырайды. Исатай мен Махамбет қасында қалған аз ғана қосшыларымен Жайықтың арғы бетіне өтеді. Ол беттегі Сұлтансиықтың батырларынан көмек сұрайды. Оның ішінде Көтібар, Жұмыр, Сасық, Сарбөпе, Сатай дегендер болыпты. Олар отыз батыр, екі мың кісі қол даярлап береді. Көтібар батыр исатайды шығарып салып тұрып:

— Мынау күрең ат — жүйрік, қуса, жетеді, қашса, құтылады, тек сапары жолсыз. Мынау күрең ат тосаңдай шабады, бірақ сапары жолды, біреуін мініп кет, — дейді. Сонда Исатай:

— Жылқы иттің жолы, жолсызына қараған сапар бар ма? Жүйрігін мінемін, — дейді. Көтібар:

— Анау тау басындағы биік там — атаң Ағатайдың тамы. «Өлі жібермей, тірі байымайды» деген, басына барып зиарат етіп кет, — дейді. Исатай тұрып:

— Ай, батыр-ай, сол мінезің бар болсын-ау. Әлдеқашан қурап қалған сүйекте не бар? — дейді. Исатайдың бұл сөзіне Көтібар ішінен ренжіп, сол жерде қоштасып қалады. Исатай отыз батыр, екі мың кісімен екі күншілік шөлейттен өтіп, суға жетеміз деп жүреді. Ішінде хан жақты жансыздар әлде қашан хабар беріп, Орынбордан шыққан салдаттар ол суға бұлардан бұрын барып, күтіп жатады. Исатай түс кезінде отыз батырымен суға келіп құлайды. Әскер кейіндеу қалған екен. Орыс салдаттары тұс-тұстан дүрсе қоя береді. Қарулы әскерден Исатайлар қашып, кейін әскерге қарай шегінеді. Салдаттар жетер болған соң, Жолсыз жүйрік күреңмен садақтап оқ атып, әскерді бөгейді. Өзі сол мезгілде жалғыз қалады. Әскер әлі кейінде, қасындағы батырлары кейін шегіне береді. Сол уақытта бір атты адам шауып келіп, атынан түсіп атқанда, Жолсыз күреңнің өкпесінен оқ өтіп, жығылады. Атынан түсіп атқан орыс салдаттарының мергені болады. Сол бойда Исатайды қоршап алады. Оны көріп тұрған Махамбет пен Исатайдың үлкен баласы оспан қоршап тұрған қолды қақ жарып қайта келсе, Исатай құбылаға қарсы қарап отыр екен. Ақтабан атты жетелеп келіп:

— Мін мына атқа! — дегенде, Исатай:

— Жәңгірді жеті мың кісімен шабамын деп едім, сақырға келіп отыз батыр екі мың кісімен қарсыласқан дұшпанға қайрат көрсетем деп еді. «Қысаңшылық келгенде бір тайға міңгесіп қашты» деп досым да, дұшпаным да айтар. Маған келген уақыт болар, жолдарыңнан қалмаңдар, шырақтарым! — дейді. Сонда Махамбет ренжіп:

— Бұл бойлай осылай етеді ғой, қош бол! — деп қоршап тұрған әскерді қақ жарып шығып кетіпті. Содан кейін әскерлер исатайдың басын кесіп, найзаға шаншып жоғары көтереді. Орынбордан шыққан әскер ісін бітіріп кері қайтады. Исатайдың әскері тарайды. Махамбеттің сол жақта жүріп хан адамдарының өлтіргені белгілі. Ал Исатайдың баласы оспан үргенішке барып, оның ханына жолдас бола жүріп, сол жақтан әйел алып, екі балалы болған соң ауырып, өз жастығынан қайтыс болыпты дейді.

Исатайдың Дүйін-Баян деген баласы елде орнында қалады. Онан Өтепқали туады. Өтепқали 1916 жылғы патшаға жігіт бермей халықтың қобалжуына қатысқаны үшін ұсталып, Астраханьның түрмесінде жатқан адамның бірі.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама