Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
4-қазан - тегістік негізіне құрылған Қазақстан үкіметі жарияланған күн

1920 жылғы 4-қазанда тегістік негізіне құрылған кеңесте Қазақстан үкіметі жарияланды.

Россия патшалығының шеңгеліне кіргелі еңбек шілдерінің ел қатарына, халық қатарына өз өкіметін түзеп кіргені сол 1920-жылғы 4-қазаннан бері ғана. Бұл күн өмірінде өз байларының, хандарының, сұлтандарының әм орыс патшаларының, төрелерінің құлдығында жаншылып келген Қазақстанның қалың еңбекшілдеріне ұлы мейрам, тарихи зор қатты қуанышты күн. Қазақстанның басынан кешкен, өткен дәуірлеріне көз салсаң, қазақтың надан, жыртқыш, қан ішкіш хайуан тәрізді хандарының, сұлтандарының, төрелерінің қалың еңбекші халыққа қылғандарын ойласаң, «шаңырақ түйеге мінгізген күндерді» есіңе алсаң, «мұрнын тескен, құлағын кескен мұндар құлдарды» есіңе алсаң, хандардың, сұлтандардың, мырзалардың бұқара халыққа салған дүрелерін есіне алсаң әм оның бергі жағында байлардың еңбекшіл нашар халықты құлындай жұмсап, тізесін батырғандарын жадыңа алсаң және орыс патшасының атарман-шабарман, жасауыл, төре ұлықтарының қылған қорлықтарын, зорлықтарын, еңбекшіл нашар қазақты малдан, иттен төмен ұстағандарын есіңе алсаң, бұл Қазақстан еңбекшілерінің өз алдына ел болғанының, өз алдына тегістік негізіне құрылған кеңестің үкіметін жасаған күнінің қандай зор мейрам, ұлы тарихи қуаныш күн екенін білесін. Қазақстанның қарт тарихы басынан талай адам баласының жан түршігерлік, талай адам баласының жүрегі елжіреп жан аярлық күндерді кешірген. Талай меңіреу қара пәле, қара тұмандарды басынан кешірген, хандардың, сұлтандардың патшалардың талай арам тілектерінің кесапатынан Қазақстанның еңбекшіл халқының азаматтарының талай «терлігінен тер өткен, тебінгісінен қан өткен».

Міне, осының бәрін бастан кешкен.

Енді ол күндер өтті.

Россияда еңбекшіл-жұмыскерлер табы тегістік негізіне құрып, кеңесті, еңбекшіл табына кеңшілікті үкімет орнатты. Қазақстан еңбекшілері енді автономиялы, өзінің үкіметі бар ел болды.

Бұл автономия деген сөзді Қазақстанның байлары, оқығандардан шыққан ұлықтыққа құмар баяғы хандардың, сұлтандардың замандарын жоқтаған қулар, мырзалар өздерінше ойлап, өздерінің, байлардың, ұлықтыққа құмар, өтірік халықшыл қулардың автономиясы қылмақ болды. Сол ниетпен белгілі сандырақ, белгілі сандалғандардың, сұмдардың, есалаңдардың алашордасы шықты.

Бұл сандалған мүйізсіз қошқарлардың кесапаттарынан еңбекшіл қазақ елі тағы да сергелдең заманға түсіп, талай жерде еңбекшіл таптың, талай азаматтың тағы да «терлігінен тер өтті, тебінгісінен қан өтті», талайы қуғын-сүргінге ұшырады. Россияның еңбекшіл табының азаматтарындай болмаса да талайы революция үшін «алашорданың» пәлесінен құрбан да болды. Ол күндер де өтті.

Қазақстанның еңбекшіл табы, қуанышты күнің — өз үкіметіңнің жарияланған күні — 4 қазан қайырлы болсын!

Жасасын, соның тегістік негізіне құрылған үкіметің!

Қазақстанның еңбекшіл табы, өмірің ұзақ болып, жер-дүниенің еңбекшілерінің тегістік негізіне құрылатын кеңестік республикаларының одағына кіретін бол!

Жасасын, жер-дүниедегі жалпы еңбекшіл табының тегістік негізіне құрылмақ кеңестік республикаларының одағы!

Жасасын, жалпы еңбекшілердің туысқандығы!

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама