Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 10 сағат бұрын)
«800 мың теңге бопсалаған» Друг-вокруг арқылы танысқан жігіт,қыздар құрған қақпанына түсіп қалды

Жетісу облысында үш бойжеткен ер адамды бопсалады деген күдікпен ұсталды. Күдіктілер "Друг Вокруг" әлеуметтік желісінде қақпан құрып, аңқау жігітті 800 мың теңге талап ету арқылы торға түсірмек болған.

Барлығы ақпан айында басталды. Б. есімді азамат аталған желі арқылы А. есімді қызбен танысып, біраз уақыт сөйлескеннен кейін ол жігітті үйіне қонаққа шақырған. Жас жігіт романтикалық кешті елестетіп, кездесуге асыға жетеді. Бірақ пәтерге кіргенде жағдай мүлдем басқа сценариймен өрбіген.

Үйде А. жалғыз болмай шықты – қасында тағы екі бойжеткен отырған. Біраз уақыттан соң қыздардың бірі жігітті жеке бөлмеге шақырады. Екеуі оңаша қалғанда, күтпеген жағдай орын алады. Кенеттен бөлмеге екі қыз баса-көктеп кіріп, "Кәмелетке толмаған қызға тиіспек болды!" деп айқайға басқан.

Бұдан кейін қыздар жігітті шын мәнінде қорқыту операциясына көшкен. Олар:

"Не бізге 800 мың теңге бересің, не түрмеге түсесің!" деп сес көрсеткен.

Жеке куәлігі мен жүргізуші куәлігін тартып алып, ақшаны толық төлемейінше қайтармайтындарын айтқан.


Қорыққан жігіт екі рет 50 мың теңгеден беріп, аман қалудың амалын ойлаған. Бірақ қыздардың бұл қадамға оңайлықпен тоқтамайтынын түсінген ол полицияға жүгінеді.

Полицейлер бопсалаушыларды келесі жолы 30 мың теңге алып жатқан жерінде қолға түсірді. Қазір үш бойжеткенге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Бұл оқиға әлеуметтік желі арқылы таныстықтың қауіпті болуы мүмкін екенін тағы бір дәлелдеді.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама