tengrinews.kz
- 11 нау. 2026 11:30
- 27
Айел күйеуінің банк шотын тексермек болып, Конституциялық сотқа дейін жетті
Елімізде ерлі-зайыптылардың банк құпиясына қол жеткізу мүмкіндігіне қатысты маңызды мәселе Конституциялық соттың қарауына түсті. Бұл жағдайға бір азаматшаның шағымы себеп болды. Сот енді «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабы 4-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексереді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Банк құпиясы мен некедегі мүлік
Аталған заң нормасына сәйкес, банк құпиясын құрайтын мәліметтер тек клиентке немесе шот иесінің (мүліктің) келісімімен үшінші тұлғаға ғана ашылуы тиіс.
Алайда, шағымданушы қазақстандық әйел бұл ереженің некеде бірге тапқан жинақтар туралы ақпарат алуға мүмкіндік бермейтінін және ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі үлесін алу құқығына кедергі келтіретінін алға тартты.
Ажырасқаннан кейінгі қиындық
Арыз иесінің айтуынша, ажырасқаннан кейін ол бұрынғы күйеуімен неке кезінде жинаған қаржылық қаражаттарын бөлісу туралы талап арыз дайындаған. Бірақ, сол кезде күйеуінің жинақтары туралы ақпаратты ала алмаған.
Әйел екінші деңгейлі банктерге бұл мәліметтерді беруді міндеттеу туралы сотқа жүгінген. Алайда, сот оның талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқан.
Конституциялық соттың шешімі
Конституциялық сот отырысына арыз иесі мен оның заңгері, Парламент палаталарының, Бас прокуратураның, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Әділет министрлігінің, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, сондай-ақ Парламентаризм институтының өкілдері қатысты.
Конституциялық соттың қорытынды шешімі оның ресми сайтында, сондай-ақ «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады. Бұл жағдайдың қалай шешілетінін біз де бақылауда ұстаймыз.