Әжесі мен немерелері
Мөлтек әңгімелер
Алтынай мен әжесі
Алтынай биыл алтыға толды. Әжесі оның қолынан жетелеп, мектепке апарды. Сабақ басталған күні оларды ынталандыру үшін мұғалима апайлары әр балаға екі-үш талдан әдемі конфет берді. Әрі сол күні оқуға қажет кітаптарды да үлестірген.
Алтынай үйге келісімен бәрі жан-жақты қаумалап, «Қалай, мектеп ұнады ма?» деген сұрауларды жаудырып жатқан. Сонда ол тұрып:
Бізге бүгін екі конфет, бес кітап берді, — деді даусын екпіндете мақтанып. Артынша: — Оның есесіне бес конфет, екі-ақ кітап бергенде ғой... — деді өкіне... Мұны естіген ата-анасы:
Апасы, сенің осы қызың оқудың шекесін қыздыра қоймас, — деп, күліп жатыр.
Тек, олай демеңдер! «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген. Жақсы тілек айтыңдар! — деп, әжесі ұлы мен келінін тыйып тастады. — Оқығанда оқудың жақсысын менің осы қызым оқиды әлі, көр де тұрыңдар...
* * *
Алтынай ынталы бала болып шықты. Әр нәрсені қалт жібермей, неге олай, неге бұлай деп сұрай береді. Әжесі оған осынау дүние сырын жалықпай, тілі жеткенше түсіндіруге тырысады. Түсіндіруін түсіндіреді-ау, бірақ сәби көңіл қаншалықты ұғып жатқанын әжесі бажайлай алмайды. Құлағында қалсын деп, әйтеуір, айта береді.
Мектеп ауласына жақындап, қақпадан кірерде әжесі көтеріп келе жатқан портфелін жалма-жан оның қолынан алып:
Апа, берші. Өзім, өзім көтерейін, — дейді. Бұл — оның өзінше сөмкесін апасына көтергізгеніне намыстанған түрі. Ауыр сөмкенің салмағымен жас шыбықтай бір жағына майысып, мықшыңдап кетіп бара жатқан немересіне қарап, әжесінің жүрегі елжірейді.
Құлыншағым-ай! Иығыңа осы жүк артқаның артқан-ай! Осыдан бастап, өмір бойы өз жүгіңді өзің көтересің. Тек сол жолда ұлы Тәңірім өзі демесін. Жүгің жеңіл, ғұмырың ұзақ болғай! — деп тілейді әжесі көзі жасаурап.
Ол Алтынайды мектепке алып барып, алып келуден еш жалықпайды. Әрі құлдыраңдаған немересінің ізіне еріп, тілекшісі болып жүре беруден өзге бақыт бар деп ойламайды.
* * *
Алтынай мектепке әбден үйренді. Бәрібір сабақ аяқталуға жаңын қалғанда әжесі оны мектеп фойесінде тосып отырады. Оның сабағы біткен соң екеуі әңгімелесіп, асықпай аяңдап үйге қайтады. Бір күні үйге келген соң Алтынай аузы бұртиып:
Апа, апа деймін, мен екі сабақтан кейін асханаға барғанда сен орындықта отырған жоқсың ғой. Қайда болдың? — деді кәдімгідей өкпелеп.
Ойбу-у, Құдайым-ау! Сен мені төрт сабақ бойы орындықта тапжылмай тосып отырады деп ойлап жүр екенсің ғой. Құлдығым-ай, енді не дейін! Мен тамағым құрғаған соң мектептің қасындағы дүкенге су ішуге кетіп едім, — деді әжесі немересінің көңіліне қарап.
Алту-у, сен не деген қызықсың? — деді сол уақытта өз бөлмесінен шыққан оның өзінің үш-төрт жас үлкен әпкесі білгішсініп: — Апаң сені төрт сабақ бойы тосып отырады дейсің бе? Апа ол уақытта дүкеннен су ішпей-ақ, үйге келіп шай ішіп отырады. — Алтынай әжесі мен әпкесіне алма кезек жалтақтай қарап, қайсысына сенерін білмей аң-таң.
Әй, сенен кім сұрады? Неге кірісесің, біздің әңгімемізге, білгішсініп... Жылпылдамай, бар әрі... — деп, әжесі үлкен немересін қуып тастады.
Бала да болса, әжесіне орынсыз талап қойғанын өзі іштей ұғынған болуы керек, Алтынай:
Жарайды, апа! Сенің үйге келіп шай ішуіңе болады, бірақ жылдам келіп мені тосып отыр, — деді байсалды.
Күнім-ау! Сенің айтқаның заң ғой маған! Әрине, барып тосып отырамын...
* * *
Алтынай биыл екінші оқиды. Мектепке өзі барып, өзі келеді. Бірде ол үйге қуанып кірді.
Ала, апа мен бүгін үш бес алдым!
Ой, айналайын, күнім менің, бес алған түріңе болайын, — деп әжесі немересін айналып-толғанып жатыр.
Қай сабақтан бес алдың? — деді мұны естіген анасы да нақтылай түскісі келіп.
Суреттен, дене тәрбиесінен, биден!
Е-е-еһ, Алту, Алту, сенің математикадан, дүниетанудан бес алатын күнің бола ма? — деді анасы өкінішін жасыра алмай.
Өткен тоқсанда бір бес алдым ғой...
Әй, ол сенің бағаң емес шығар. Адасып түсіп кеткен басқа біреудің бесі шығар...
Жоқ өзімдікі болатын... Өзім алғам...
Фу-у! Солардан да «бес алдым» деп мақтанасың ба? Мен салып берген суреттен бес алған шығарсың? — деді тыныш тұрмай әпкесі де мысқылдап.
Сенің салған суретіңнен емей-ақ, сыныпта салған суретімнен бес алдым, — деді Алтынай жыларман болып.
Дене тәрбиесінен беретін апай сабаққа киетін форманы апарғандарға бес қоя салды... — деді әпкесі Алтынайды одан сайын мұқатқысы келіп. — Сен билей алмаушы едің ғой, биден қалай бес алдың?
Олардың сөздерін үнсіз тыңдап отырған әжесі бұдан әрі шыдай алмай күйіп кетті:
Жұдырықтай балаға бәрің жабылып, не көрінді сонша? Жүре ғой, айналайын, күнім менің. Олардың сөзін тыңдама! — Әжесі Алтынайдың маңдайынан сүйіп, шешіндіре бастады. Өзі бұрқылдап сөйлеп жүр:
Әй, осы баланың тең құрбыларынан кем қалмай, құлын-тайдай құлдыраңдап, дене шынықтыруға, биге қатысып жүргеніне «Тәуба!» деп қуанбайсыңдар ма? Құдайларыңды ұмытайын деген екенсіңдер... Бесті бүгін алмаса, ертең алар.
Алыпты ғой өткенде бір бес. Сендерге сол жетпей ме? Онысы несі, тегі... — Бұл келініне берген тойтарыс еді.
Алтынай алдыңғы жылы бір қыс ауырып, аурухана төсегін босатпап еді. Дәрігерлер бірінші сыныпта көп жүгіруге, секіруге тыйым салған. Оның дене тәрбиесі сабағына қатысқаны да биыл еді.
Немене, сенен басқа адам би билей алмай ма? Сурет сала алмай ма? — Ол енді үлкен немересін тықсырта бастады. — Есіңде бар ма, сені төрт-бес жасыңнан бастап биге, суретке қатысуға сүйреген кім еді? Енді келіп, көктен биші, суретші болып түсе қалғандай болуын қарашы өзінің... Бар, бізден аулақ жүр, білгішсінбей...
* * *
Апасының ашуы басылған соң үлкен немересі Айғаным есіне әлдене түскендей сықылықтап күліп ала жөнелді. Әжесі осы қызының әнші торғайдай шықылықтап күлгенін ерекше жақсы көреді.
Күлкіңнен айналдым, сенің, — деп еміреніп қояды.
Апа, сен мені биге апарғанда мен саған: «Тура есіктің аузында тұр. Есік ашылғанда мен сені көріп жүрейін», — деуші едім ғой. Сонда сен есіктің алдында тұратын ба едің?
Әрине, басында тұратынмын. Сосын... Жоқ. Ол кезде бұдан жасырақ, ширақ едім ғой. Жақын жердегі дүкенге барып, азық-түлік алып, үйге апарып тастап келетінмін.
Ой-ой! Мен оны білмедім ғой?
Білгенде не істер едің?
Жылар едім!
Ой, шіркін-ай, деген! Онсыз да аз жыламайтынсың...
Ал мен ше, мен қайда болдым? Мені неге биге апармадың? — деді Алтынай өкпелеп.
Онда сен әлі кішкентай болатынсың. Билемек түгіл, жүре де алмайтынсың... — деді әпкесі өзінше үлкендігін білдіріп.
Иә, саған! Өтірікті соқпа...
Алтатай, жаным! Осыдан жер қарайып, күн ұзарсын, сені би үйрететін жерге апармасам ба? Мынаның мақтанғаны өтіп кетті ғой, — деді әжесі үлкен немересін нұсқап.
Әжесі уәдесінде тұрып, Алтынайды енді би мектебіне тасып жүр...
* * *
Алтынай мен әжесі әңгімелесіп отыр.
Апа, — дейді Алтынай, — мен өскенде автобус айдаймын.
Мұратыңа жет айналайын! Бірақ неге машина емес, автобус айдайсың?
Машинаға аз-ақ адам отырады ғой, апа! Біз бәріміз сыймаймыз. Ал, автобус сатып алсақ, біз бәріміз сиямыз...
Бәрінің қамын ойлап жүрген жарығым! Дегеніңе жет, құлыншағым, — дейді әжесі көзі жасаурап.
* * *
Алтынайдың әжесі іс тігіп отырған. Қасында ойнап жүрген Алтынай:
Апа, а, апа! Білесің бе, мен өскенде балабақшада тәрбиеші боламын, — деді даусын созып, мақтана.
Жақсы, күнім! Бірақ неге балабақшада істегің келеді? — деді әжесі оны сөйлете түскісі келіп.
Балабақшада ойыншықтар кө-ө-өп, балалармен бірге ойнар едім.
Ой-бу-у, жаным-ай! «Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі бар» демекші, сені балабақшадан бір жыл ерте шығарып алғаным бекер болды ма екен? Сол бір жылдың кемдігі-ау саған мұны айтқызып отырған, — деп әжесі бәйек болып жатыр:
Ойнай ғой, ойна, ботам. Тек заманың тыныш, аспаның ашық болғай!..
Айғанымның қияры
Мектептегі оқу аяқталысымен Айғаным мен Алтынай алыста, тау бөктерінде тұратын нағашы атасы мен апасының үйіне қонаққа келді. Бұл — көктемнің аяғы, жаздың басы, табиғаттың уыздай ұйып, тамылжып тұрған шағы еді.
Атасы мен апасының ауылы Жоңғар Алатауының бөктерінде ерекше көркем жерге орналасқан. Жан-жағынан айнала қоршаған ақ бас шыңды, көгілдір таулар. Оның баурайы — жап-жасыл, ну орман. Орман толы әнші құстар. Бұларды тоғай аралау, суға шомылу сияқты алуан түрлі жаз қызығы тосып тұрған. Атасы оның үстіне бұларға биылғы жазғы демалыстың ерекше өтерін сездіргендей, бірнеше қызық ермек тауып қойғанын ескертіп өтті.
Аталары бақшада көкөніс егуді бастаған көрінеді. Жиен немерелері келіп, қолқанатқа жарып, арқа-жарқа болып, қолы ұзарып-ақ қалды.
Атасының бұларға айтқан ермегінің бірі мынау еді: бақшаның күн мол түсетін шуақты бір бөлігінің топырағын аударып баптап, немерелеріне жеке-жеке жүйек жасап қойыпты. Күтіп, суаруды өздеріне тапсыратынын айтты.
Ертесі күні олар әлгі жерге қияр екті. Әркімге өз жүйегін бөліп беріп, қалай егуді көрсеткен соң атасы тек бақылап жүрді. Бар шаруаны балалар өздері атқарды. Егу жұмысы аяқталды. Балалар өскіндерінің бас жарып, жер бетіне шығуын тағатсыздана күтті. Арада біршама уақыт еткен соң Алтынайдың жүйегінде қылтиып-қылтиып көк өскіндер бой көрсете бастады. Сол-ақ екен, бірер күннің ішінде сымға тартқандай-ақ түп-түзу, қатар түзіп, жер бетіне тегіс өніп шықты. Айғанымның отырғызғандары әлі көктеп шыға қоймады. Мұндай әділетсіздікке Айғаным қалай төзсін? Атасына өкпелеп, дау шығарды.
Сен маған өнбейтін, шіріген тұқым бердің, — деп, жыларман болып, шақ-шәлекей ашуланды. Сөмкелерін жинап, Астанаға кетемін деп қорқытты. Атасы мен апасы:
Батыр-екесі, бір ашуыңды бер. Сәл шыдасаңшы, сенің қиярларың Алтынайдікінен де әдемі болып өседі, осыдан қара да тұр, — деп, әзер дегенде алдап-сулап, жөнге келтірді.
«Қап, бәлем-ай? Не істесем екен?» — деп ойлаған атасы ертесіне ерте тұрып, Алтынайдың жүйегіндегі көшеттерді сиретіп, Айғанымның жүйегіне біразын көшірді.
Таңертең тұра салып, бақшаға жүгірген Айғаным әр-әр жерден қылтиып өсіп қалған қиярларды көріп, алақайлап, қатты қуанды.
Әне, көрдің бе? Сенің еккендерің де өсіпті ғой. Ал, сен болсаң, босқа жылайсың, — деді атасы, оны қолпаштай миығынан күліп. Арада аз уақыт өткен соң, атасы айтса айтқандай- ақ, оның қиярлары да дүр етіп қаулап, жер бетіне жаппай өніп шықты. Олар Айғанымға шынында да әдемі көрінді.
Атасының оған ектіргені кешірек көктеп, кешірек пісетін ең жақсы тұқым екенін ол қайдан білсін? Әзірге жайқалып, өсіп шыққанына ғана мәз. Жүгіріп барып әлсін-әлсін суарады. Баламысың деген...
Айғанымның ақыл тісі қашан шығар екен?
Айғаным теледидардан ертегі көріп отырған. Ертегіде өте сұлу бір кішкентай ханшайымның тісі түсіп қалып еді, түнде тіс патшасы мейірімді Фея апай келіп, оның түскен тісін алып, орнына алтын манат қойып кетеді. Бұған Айғаным қатты қызықты. Қызыққаны сонша: «Менің бір емес, екі тісім түсті ғой. Мейірімді Фея апай маған неге келмеді?» деп ойлады. Шынында неге келмеді екен?
«Мүмкін, ол менің, қайда тұратынымды білмейтін шығар?! Тап солай, ол менің қайда тұратынымды білмейді». Осындай ой келуі мұң екен, ол отыра қалып, мейірімді Фея апайға хат жазуға кірісті.
Айғаным алтыны толтырып, жетіні енді жиып жүрген. Мектепке әлі бармаған кезі. Бірақ, өз бетінше әріп танып қалған. Ол мұрны пысылдап, терлеп-тепшіп, жарты бет хатты жарты күн жазып, оны әжесіне тапсырды да, өзі тап бір үлкен шаруа тәмамдағандай-ақ алаңсыз ойнап кетті.
Әжесі қызмет жасайтын үлкен ғимараттың астында байланыс торабы бар. Оны Айғаным жақсы біледі, әжесіне еріп, оның жұмысына барғанда көрген. Сол арадан әжесі бұған неше түрлі әдемі открыткалар сатып әперетін. Ол бұдан бұрын да Аяз атаға жазған хаттарын дәл осылай, әжесі арқылы беріп жіберетін. Ол хаттарының Аяз атаға тура барғанын жақсы біледі. Өйткені, Аяз ата бұл сұраған сыйлықтарды мүлтіксіз әкеліп беріп жүр ғой.
Әрине, әжесі Айғанымның Аяз атаға жазған хаттарын, оның көзін ала беріп, анасының қолына ұстанатын:
Менің еркетайым Аяз атасынан қандай сыйлың сұрайтынын көрші. Іздестірерсің... - деп, құлаққағыс жасайтын.
Ал, бұл жолы әжесі Айғанымның хатын жұмысына алып келіп, ұзақ оқыды. Бір әрпі үлкен, бір әрпі кіші, бірі жоғары өрлеп, бірі төмен салбырап, бірі қисайып, бірі теріс аударылып түскен, бір-біріне тіркесіп жазыла берген қиқы-жиқы әріптерді қуалап отырып, немересінің мейірімді Фея апайға деген үлкен өкпесі барын түсінді. Менің екі тісім түссе де сен маған келіп мәнет бермедің ғой деп сөгіпті оны. «Әрине, сен менің қайда тұратынымды білмейсің ғой, сондықтан келмеген шығарсың» — деп, онысын өзі жуып-шайып, тұратын жерін анық көрсетіпті: «Алматы. Достық даңғылы 109 «а», 3-пәтер, II қабат, Айғаным».
Әжесі кешке қызметтен келгенде, Айғанымның бірінші сауалы:
Менің хатымды тіс патшасы — мейірімді Фея апайға жібердің бе? — деуден басталды. Сосын:
Бүгін не әкелдің? — деп сұрады.
Әрине, әрине, жібердім. Күт, мейірімді Фея апайыңнан бір хабар болып қалар, — деді әжесі де салмақтап, әкелген тәттісін оның қолына ұстатып жатып.
Кешке балаларды жатқызарда әжесі Айғанымның анасынан:
Мынаның түскен тістерін лақтырып жіберген жоқсың ба? Берші маған, — деп сұрап алды.
Шүберекке түйілген екі тісті Айғанымға көрсетіп, оның жастығының астына салып қойды.
Енді ұйықта. Сен неғұрлым тез ұйықтасаң, мейірімді Фея апай солғұрлым тезірек келеді, — деді әжесі немересінің шашынан иіскеп.
Айғаным пыс етіп, тез ұйықтап кетті. Әжесі тіс түйілген шүберекті алып, орнына жүз теңгелік екі манат салып қойды.
Ертесіне ояна салысымен Айғаным жастықтың астына қолын жүгіртіп еді, саусақтарына екі жүздік күміс ақша ілінді.
Әже, әже, түнде мейірімді Фея апай келіп, менің түскен тістерімді алып кетіпті. Міне, қараңдар, орнына маған екі ақша қалдырыпты, — деп, көзі қуаныштан жайнап, еді де бал-бұл жанып, оны үй ішіндегілерге тегіс көрсетіп шықты.
Қап, мені неге оятпады екен. Рахмет айтар едім... — деп қатты өкінді.
Осы әдет бойынша ол сүт тістері түскен сайын оны жастығының астына салып, жастанып жататын болды. Әжесі түнде тісті алып, орнына ақша салып қояды. Айғаным өскен сайын әжесінің қоятын ақшасы да өсуде. Бұрын жүз, екі жүз теңге қоюшы еді, кейін бес жүз теңге салатын болып жүр. Айғаным тек бір-ақ нәрсені түсіне алмайды. Көңіліне сол дүдамал туғызып, сосын да әжесінен жиі сұрай береді:
Мейірімді Фея апай түскен тістерді неге алады? Ол оған неге керек? Айтшы, апа, — деп қинайды.
Қайдан білейін...Тіс патшасы болған соң түскен тістер шашылып қалмасын, жиып алайын дейтін шығар... Тегін алмайды ғой, орнына саған ақша береді.
Әрине, аңша бергені жақ-сы-ы. Түскен тісті не істейді? — деп сұрап тұрмын ғой. Әжесінің жауабы оған пәлендей нанымды көрінбейді. Нанымды шықпаған соң, сенер-сенбесін білмейді.
Айғанымның ақыл тісі әлі шыққан жоқ. Ақыл тісі шыққанда, бәлкім, бәрін өзі түсінер...
«Ақырзаманның» жұмбағы
Көктем кезі.
Апа, апа, бір жұмбақ айтайын ба? — деді, сырттан кірген Айғаным әжесіне еркелей.
Айта ғой, күнім.
Айтсам, ауланы сыпырушы атай екі кесек көмір мен бір сәбіз тауып алды. Ол нені білдіреді? Білесің бе?
Қайдам? Ойланып көрейін... Қалай, қалай дейсің?
Ол жұмбағын қайталап айтып берді.
Түк ұқсам бұйырмасын. Бір көмек алуыма бола ма?
Болады.
Әжесі олай ойлап, былай ойлап, жауабын таппады:
Мен жеңілдім. Өзің айтшы.
Оп-оңай ғой. Ол — еріп кеткен Аққаланың қалдығы емес пе?!
О, тоба-ай! Ақырзаманның жұмбағы да өзгеше, — деді әжесі ернін сылп еткізіп.
Содан бері Айғаным «Ақырзаман деген не?» — деп әжесінің қыр соңынан қалмай жүр.
Құпия қалта
Мектеп табалдырығын биыл аттаған Алтынайға кітап оқыта алмай әжесі көп әуреленді. Оқыса да шала-пұла оқиды да, кітаптың бетін жып еткізіп жаба салады. Содан қайтып оқуға баспайды-ау, баспайды. Тіпті, қолына алғысы жоқ. Зорлап оқытайын десе, жылай бастайды. Бұл баланы қайтіп қызықтырсам екен деп ойлаған әжесі бір күні дүкенге барып, әрі уақ, әрі дәмді кәмпиттің неше түрінен молынан әкеліп, тығып қойды.
Алтынайға сабақ қаратуға отырғанда қаусырмалы пенжегінің ішіндегі қалтарыс қалтасына бір уысын сала отырады. Алтынай үйге берілген тапсырманы бір рет оқыса бір талын, екінші рет оқыса, тағы бір талын ешкімге көрсетпей, оның таңдайына салып жібереді.
Әпкесі мен сіңлісінен тығып жеген кәмпиттен дәмді еш нәрсе жоқ болса керек. «Ешкімге көрсетпей же» деген сайын Алтынай апыл-ғұпыл тез жеп қоюға тырысады. Тәттінің дәмі таңдайында ғана қалған ол тамсанып-тамсанып қойып, әжесіне жаудырай қарайды.
Не, аз болып қалды ма? Тағы беремін, тек ол үшін үй тапсырмасын асықпай, қайталап оқып шығуың керек, — дейді әжесі де мейірленіп.
Алтынай кішкентай болса да әділетті бала, әр бетті оқыған сайын сыйлық ретінде бір тал кәмпит алатынын тез ұғынды. Одан артық дәметпейді. Осылайша сабақ қарау жалғаса береді. Әжесінің де, Алтынайдың да есебі түгел.
Алтынайдың анасы ары-бері бір-екі рет өткенде: «Сендер бүгін ұрыспай, жыламай-сықтамай сабақты қалайша бейбіт түрде, ың-шыңсыз қарап отырсыңдар?» — дегендей сезіктене көз тастап қойды. Оған қылп ететін бұлар жоқ. Әркімнің өз қуанышы өзінде.
Әлден уақыттан соң көңілдері бірленген олар, «Ешкімге айтпа» деп әжесі Алтынайды, «Сен құпия қалтадағы кәмпитті біреуге беріп қойма» деп Алтынай әжесін шегелеп, «Сабақ қарау аяқталды», — деп орындарынан көңілдене түрегелді.
Әзірге олардың бұл құпияларын ешкім білмейді... Тіпті, бәрін біледі деген Айғаным да...
Алтынайдың қорқынышы
Тағы бірде Алтынайдың әлдебір қылығына кейіген әжесі:
Жарқыным-ай, сен осы қашан адам болар екенсің? — деді таусыла.
Апа, сонда мен немене әлі адам емеспін бе? — деді, ол аузы бұртиып.
Жөпелдемеде сасып қалған әжесі қалбалақтап:
Ақылың қашан толар екен дегенім ғой, — деп жатыр.
Анам Әлиманы әлі ақылы кірмеген, маймылдың баласы деп айтады ғой. Ол киімінің бәрін теріс киеді. Екі бәтеңкесін екі жаққа қаратып киіп алып, төрт аяқтап шапқылап жүгіреді. Өзі бананды жей береді, жей береді. Содан бет-аузы сатал-сатал болып отырады, мәз болып. Мен ондай емеспін ғой...
О-о-о! Ол нағыз маймылдың өзі. Сен оған қарағанда адам болуға бір табан жақындап қалғансың ғой...
Апа, айтшы, сонда мен қалай тез адам боламын?
Әжесі Алтынайдың қорқынышын түсіне қалып:
Маймылды адам еткен еңбек дейді ғой. Көп-көп еңбектенсең, сабағыңды шала-пұла қарай салмай, тиянақты оқысаң, мүмкін, жылдам адам болып кетерсің. Бірақ, ол сенің қолыңнан келер ме екен?..— деді елеусіздеу ғана.
Маймыл болып қалудан қорыққан ол дереу бағана лақтырып тастаған кітаптарына үңілді. Оны көрген әжесі: «Баламысың деген-ау», — деп миығынан күліп қойды.
Әжесі кешкі асқа палау әзірлемек болып, күріш тазалауға оқталған. Жанына жүгіріп келген Алтынай:
Апа, апа, мен тазалайыншы. Кішкентай қоқымдарды сенің көзің көрмейді ғой, маған берші, — деп, әншейінде шақырып келтіре алмайтын немересі отыра қалып күрішті аударыстыра бастады.
Шын риза болған әжесі:
Адам бола бастаған түріңнен айналдым, — деп мейірленіп, немересінің маңдайынан иіскеді.
Алтынайдың мұғалима болғысы келеді, бірақ...
Алтынай биыл бастауыш сыныпты тәмамдады. Ол алғашқы ұстазы Гүлмира апайын сондайлық жақсы көреді, оған ұқсағысы-ақ келеді. Соңғы уақытта оны «Өскенде кім боламын?» деген ой көп-көп мазалайды. Кім болушы еді, Гүлмира апайы сияқты мұғалима болуды армандайды ғой. Бірақ... бірақ...
Апа, апа деймін, тыңдашы...
Ал, айта ғой,құлағым сенде.
Мен өскенде Гүлмира апайдай мұғалима болғым келеді.
Бола ғой, күнім! Оған кім бөгет жасайды? Мұратыңа жет!..
Бірақ, математика қиын ғой. Мен есепті шығара алмай қалсам, балалардан ұят емес пе?
Әлі өсесің... Ақылың толады. Бастауыштың есебін шығаруды оған шекті үйренерсің, не көрініпті сонша...
Алтынайды әжесінің жауабы иландыра қоймады. Сол құрығыр есептерді өскенде де оңай шығарарына көңілі онша сенбей тұр. Ол қатты абыржулы.
Ана, мен ойлап таптым, — деді ол қуанып, біраздан соң. — Мен өскенде сурет сабағынан беретін мұғалима боламын. Балаларға сурет салғызып қойып, өзім қара-а-а-п отырамын, — деді қиялға беріліп.
Әй, ботақаным-ай, жалқаулығыңнан қашан арылар екенсің?.. Бола ғой, бола ғой! Дегеніңе жет, — деп, әжесі мәз.
Жоғалған тіс
Әлима биыл бес жасты толтырып, алтыға аяқ басты. Оның астыңғы бір тісі босап, мазасы кетті. Анасы дәрігерге апарып, жұлдыртып тастайын деп еді, қорқып бармады. Әлима оны қызық көріп, тілімен ары-бері ырғап, қозғап қояды. Екі-үш күн солай жүрді. Бүгін таңертең тұрса, кеше ғана бар тісі орнында жоқ. Күлген кезде кетиіп тұрғанын алғаш көрген әпкесі Алтынай:
Әлима, тісің қайда кеткен? — деді таңданып. Әлима әуелі тісін тілімен іздеп көрді, саусақты ауызға салып жіберіп, тексеріп алды. Тісі жоқ! Дереу айнаның алдына барып, аузын ашып, олай қарады, былай қарады. Бұрынғы тісі жоқ, орнында басқа кішкентай тіс ағараңдап қылақытады. Ол енді жылап, анасына қарай безектей жөнелді.
Менің тісім кіп-кішкентай болыпты, — деп жылап қоя берді.
Ой, ақылсызым-ай! Ол жаңа тісің ғой, шығып келе жатқан, қой, жылама, — деп анасы күліп, бетінен сүйіп, жұбатып жатыр.
Бұрынғы тісің қайда? Қайда түсіп қалды? — деп екі әпкесі екі жақтан сұрақты жаудырды...
Әлима түкке түсінбей тұр. Оның бар білетіні — кеше ғана бар, әп-әдемі тісінің бүгін кіп-кішкентай болып қалғаны.
Бәрі жабылып, Әлиманың тісін іздеп кетті.
Таңертең оның төсегін жинағанмын, түскен тіс жоқ болатын, — деп шықты Алтынай. Әпкелері Әлима ойнайтын бұрыш-бұрышты түгел ақтарды. Тіс табылмады. Жоқ. Бір әпкесі:
Бұл кеше кешке алма жеп жүрген, сонда байқамай жұтып қойған шығар. Онда тісі ішінде жүр. Тез дәрігерге апару керек, — деді білгішсініп.
Жатарда тісін тазалағанда тіс пастасын өте көп жағады. Сосын тұрғаны — бір сағат аузы көпіріп. Сонда пастамен бірге түкіріп тастаған шығар, — дейді екіншісі.
«Дәрігерге апарайық» дегенді естіп, Әлима қайта жылап қоя берді.
Жылама, күнім, сені ешқайда апармайды. Түскен тісінің орнына жаңа, одан да әдемі тіс шығады, — деп, әжесі бәйек болып жүр.
Әлима, енді саған тіс патшасы мейірімді Фея апай түскен тісінің орнына ақша бермейді, — дейді Айғаным оны одан сайын келемеждеп.
Әй, күйдіргі, білгішсінбей тұра тұршы, — деп әжесі ойланып қалды. Кенет, әлдене есіне түскендей түйтіңдеп, қалталарын ақтарып кетті. Бір қалтасының түбінен табылған екі жүз теңгелік «сарықұлақты» қолына қысып алып, балалардың бөлмесіне қарай тыпыңдай басып бара жатты. Әлиманың төсегінің қасына келіп, қолындағысын оның жастығының астына жасыра қойды. Сосын:
Әлимаш, бері келші, — деп, немересін шақырды.
Жастығыңның астын қарашы, — деді ол, өзі оны-мұны жинаған болып жүріп, елеусіз ғана. Оның соңынан тапырақтай жүгіріп, әпкелері де жетті. Жастықты көтеріп, екі жүз теңгені көріп, еш нәрсеге түсінбей тұрған Әлиманың қасына келіп:
Е-е! Тісіңді тіс патшасы мейірімді Фея апай келіп алып кеткен екен ғой. Міне, орнына саған ақша қалдырыпты, — деді олар сендіре.
Әлима мәз болып қуанып, сарықұлақты қолына ұстап, шапқылап жүгіріп, ойнап кетті.
Әлима, андағы ақшаңа балмұздақ сатып алайықшы, — деп, енді екі әпкесі екі жақтан оған жалынып жүр.
Иісшіл Әлима
Далада ойнап-ойнап келіп, ардың-күрдің ас үйге енген Алтынай:
Апа, кешкі тамаққа не ішеміз? — деп сұрады.
Әжесі айтып үлгергенше, төрт жасар Әлима:
Бешбармақ жейміз, — деп тақ ете қалды. Одан мұндай сөз күтпеген әжесі де, анасы да күліп:
Әй, сен оны қайдан біле қойдың? — деп сұрап жатыр.
Алту, соны да білмейсің бе, еттің иісі шығып тұрған жоқ па? — деді ол әпкесін мұқатып.
Иісшілін қарай гөр өзінің, — деді әжесі құртақандай немересін бауырына басып. Содан бері оның аты иісшіл Әлима!
Құтырма да, құрма да емес Әлима
Үйді басына көтеріп, ары-бері шапқылап жүгірген немересіне әжесі:
Құтырма, Әлима, — деп еді. Қасына жүгіріп келген ол:
Апа, мен құрма емеспін, — деді өкпелеп.
Мен саған құрмасың деп тұрғаным жоқ, құтырма деймін!
Мен құтырма да емеспін, құрма да емеспін, Әлимамын дедім ғой саған, — деп, ол білгішсініп, бір нәрсе тындырғандай тыпыңдай жөнелді.
Ал, осыдан кейін бір нәрсе деп сөйлеп кер... «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» деген де...
Түйеге мінген Әлима
Көктемгі демалыс кезінде ата-анасы балаларды ертіп алып жылқылы ауылға қыдырған. Айғаным мен Алтынай атқа мініп, орман аралады, серуендеді. Әлиманы қорқар деп атқа мінгізбеген. Сөйтсе, оның да атқа мінгісі келген екен. Түйе жетектеп бара жатқан атасын көріп:
Мен түйеге мінемін, — деп қиғылық салды.
Оны жерден тік көтеріп алған атасы оны шөккен түйенің екі өркешінің арасына отырғыза қойды. Түйенің өркешінен тас кенеше жабысып, құшақтап алған ол, әлсін-әлсін оған бетін тигізіп қойып:
Тура менің апам сияқты — жұп-жұмсақ, жып-жылы, — дейді мәз болып. Апасының киіп жүргені түйе жүн кеудеше екенін қайдан білсін. Мұны көрген атасы:
Үлкендерін атқа мінуге қолқалап әрең көндіріп едік, кіп-кішкентай болып, түйеге жабысуын қара, бұның, — деп күліп жатыр.
Бұйда тағып жіберіңіз, әке-шешесі Әлиманың түйеге мінгеніне той жасасын, — десті мұны көріп тұрғандар.
Ол да жөн-ау...
Алтынайдың дәптеріндегі Әлиманың бесі
Алтынайдың сурет дәптерінің ашық жатқанын көрген Әлима оны парақтап қарап шығып, қатты қызығып кетті. Отыра қалып, сурет салуға кірісті. Ол үй салғанды, оның айналасына биік тоғай, көп гүлдер салғанды жақсы көреді. Үй де салды, теңіз де салды, ондағы балықтарға дейін дәптерден орын тауып жатты. Әйтеуір, армансыз-ақ шимайлады.
Бір айналып келген Алтынай дәптерін көріп, жылап жіберді. Екеуінің арасында айқай-шу шықты. Ара түскен анасы:
Неге дәптеріңді көрінген жерге қалдырасың? — деп, Алтынайдың өзін кінәлады.
Үй тапсырмасын тексергенде мұғалім ағай маған енді екі қояды, — деп ол жұбанар емес.
Еш нәрсе түсінбеген Әлима аң-таң. Ұзақ даудан кейін анасы Әлимаға Алтынайдан кешірім сұратып, екеуін татуластырды-ау.
Бұл оқиға ұмыт болып та кетіп еді. Бір күні мектептен қуанып келген Алтынай:
Апа, есіңде ме, өткенде мен жыладым ғой, сондағы Әлиманың менің дәптеріме салып тастаған суреттерін мұғалім ағай көріп, маған ұрысқан жоқ. Мен:
Мұны менің сіңлім байқамай салып қойыпты, — дедім. Сонда ағай:
Сіңлің нешеде? — деп сұрады. Мен:
Бесте, — дедім.
Бестегі баланың суреті болса, ендеше бес қояйын, — деп, ағай оған екі бес қойды, — деді дәптерін көрсетіп. Іле:
Ал, менің үй тапсырмасына салған суретіме төрт қойды. Ағай өзі қызық, — деді Алтынай бұртиып.
«Бесті Айғаным-ақ алсыншы»
Дастарқан басында әжесі немерелерінен тоқсанды қалай аяқтағандарын сұрап отыр.
Мен екі сабақтан төртке шықтым. Қалғандары — бес, — деді үлкені Айғаным.
Қай сабақтан төртке шығып жүрсің?
Қазақ тілі мен әдебиетінен.
Осы сенің қазақшаң беске жетпей-ақ қойды ғой, — деп, әжесі әжептәуір кейіп алды. — Ал, сенің үлгерімің қандай? — деп, ол енді Алтынайға бұрылды.
Мен екі сабақтан беске шықтым, қалғандары — төрт.
Бестерің қайсынан?
Дене тәрбиесі мен музыка ғой.
Қалғандарының төрт екені рас па?
Әрине!
Толық төртке шықсаң, бопты. Төрт те жаман баға емес, — деп әжесі көңілденіп қалды.
Апа, мен төрт алсам, ашуланасың да, Алтынай төрт алса, қатты қуанасың, — деп Айғаным дауласа кетті.
Енді, қайтейін...
Мен байқамай төрттен төмен бағаларды да алып келемін ғой.
Ой-ой-ой! Байқамай деші, оқымай екілік алатыны ойында жоқ.
Қойыңдар енді. Алтынай әлі кішкентай. Өскенде алады бесті. Солай емес пе?
Апа, сол бесті Айғаным алсыншы, үлкен ғой, маған төрт те жетеді.
Аһа, үлкен кәмпитті Айғаным жесінші деп ешқашан айт- па-ай-с-ың! Ал, бір нәрсе істеу керек болғанда Айғаным үлкен ғой деп шыға келесің. Сен қусың Алтынай...
Қойыңдар дауласпай, әне, шешелерің келе жатыр, екеуіңе де тоқымаш береді...
Үлкен ғой, тоқымашты Айғаным жесінші, — деп Алтынай шыға жөнелді.
Әжесі құлдыраңдаған қара тентегінің тапқырлығына қуанды.
«Сен кемпір емессің, апасың ғой»
Мұғалима үй тапсырмасына тек бір әріптен басталатын сөздерден сөйлем құрап, шығарма жазуды тапсырған. Айғанымға «К» әріпі тиіпті. Отыра қалып ойланып-ойланып, сыдыртып жаза бастады:
«Көк көйлек киген кемпір кітапханаға келді. Кітапханада кітап көп. Кемпірдің көзі көзілдіріксіз көрмейтін. Көзілдірігін киіп, кітаптарды көрді. Кемпір кітапханада кино көрді. Көп кешікпей кері кетті. Келісімен көріктегі көмірді кеседі. Көп-көп көбелектерге кездесті. Кемпір көк кимешек киді. Кемпірдің көсегесі көгерді...»
Жазып отыр, өзі самбырлап дауыстап оқып отыр.
Айтшы, тағы не қосуға болады?
Оны бағанадан бері үнсіз тыңдап отырған әжесі қатты шамданды:
Сен немене, «кемпір, кемпір», — деп қақылдап қалдың. Кемпірден басқа сөз таппадың ба? Не, қазақта К-ден басталатын өзге сөз құрып па, тегі?
Көңілі зерек Айғаным әжесінің ашуланғанын сезе қалып:
Сен неге кейисің? Сен кемпір емессің, сен апасың ғой, ал, бұл басқа кемпір, — деді еркелей күліп.
Жазарыңды жазып қойып, мені жұбатқан түріңе болайын! Бар, көзіме көрінбе...
Таптым, таптым! «Кемпір кейіді. Кемпірдің көзіне көрінбейін», — деп, қағаз-қаламын шапшаң жинаған ол дереу тайып отырды.
Немересінің тапқырлығына көңілденген «кемпір» шын көңілден күлді...
Әже мен немере тілеуі
Әжесі біркиер биік өкше туфли сатып алды. Алайын деп алмады, дүкенге барып, өлшеп көріп еді, аяғына жайлы сияқтанды. Құрғырдың өкшесі қалай болар екен, аяқты ауыртпас па деп күдіктеніп тұрған. Дүкенші де бір жампоз қыз екен:
Апай, өкшесі пәлендей биік емес қой. Аяққа жайлы. Жайдақ өкше киюге асықпаңыз, ол күнге де жетерсіз әлі. Әзірге, биік өкше туфли киюге жағдайыңыз келіп тұрғанда, неге кимеске? — деп, бастырмалатып, тақылдап қояр емес.
Біреудің үгіттегеніне тез көнгіш, жұмсақ мінезінің арқасында ол ақыры туфлиді сатып алып келді.
«Иә, Алла, игілікке, қуанышқа, жақсылыққа кигізе гөр» деген тілекпен аяғына сұқты. Осы кезде мектептен келген үлкен немересі Айғаным туфлиді көріп, қатты қызыққаны. Бала емес пе, қызыққанда туфлидің өзіне емес, өкшесіне қызығады ғой.
Апа, екеуіміздің аяғымыз бірдей екен ғой. Мен киіп көрейінші, — деп, киіп, олай-бұлай жүріп керді.
Апа, мен киноға киіп барып келейінші. Тек, сен анама айтушы болма, — деп, әжесін шегелеп қойды.
Байқа, тобығыңды тайдырып алма, — деп жатыр әжесі бәйек болып. — Ки, кие ғой. Сенің бір қуанғаның неге тұрады?!
Осылай екеуара бір туфли — олардың құпиясына айналды.
Әжесі: «Жасаған ием, біз өкше туфли киіп, тық-тық басып жүрер күндерімді ұзағынан еткейсің» деп тілесе, жасөспірім немересі: «Шіркін, тезірек өсіп, тек биік өкше, әдемі туфли киіп жүрсем ғой» деп бала көңілмен армандайды. Әжесі қарттыққа баяулап барғысы келсе, немересі жастық думанға тезірек жеткісі келеді.
Әзірге екеуінің қалау-тілеуі туфлидің үш-төрт елі тақасында тоқайласып тұр. Алла екеуінің де тілеуін бергей!