Әлде сіздің еліңізде есек aз ба?
Менің байсалды бір жолдасым бар еді. Сол бір күні алқын-жұлқын боп кіріп келді де, амандық-саулық жоқ:
— Құрыдық!.. Масқара болдық!.. — деді.
Е, мынаның не өзі, не үй-іші бірдеңеге ұшыраған екен деп шошып қалдым.
— Аман болсаңдар еді, жоғары шықшы, отыршы, — дедім.
— Неткен масқара! Неткен өлім!
— Не боп қалды?
— Неткен масқара! — деді ол, тісі қақсап отырғандай жағын ұстап. — Қаусап тұрған қотыр есекті екі жарым мың лирге сатып алдап соқты!
«Мынаның есі дұрыс па?..» деп ойлап бір адым шегініп, бетіне үңіле қарадым. Несін жасырайын, тіпті әйелімді шақырғым да келді.
— Кофе ішпейсің бе? — дедім.
— Кофең бар болсын! Масқара! Өлім!.. Өзің айтшы, қаусап тұрған, тағаланбаған қотыр есек екі жарым мың лир тұра ма? Екі күннен соң арам қатады ол!
— Кім білсін... — «Жүйкесі жұқарған-ақ екен» деп ойлап тұрмын. — Есекті саудалап сатқанды естіген емеспін, егер шынымды айтсам, тірі есекті көрмегеніме де он жылдай болды...
— Мен де есектің құлағын құшақтап жүрген жоқпын, бірақ өзің ойлашы, о заман да бұ заман есектің екі жарым мың лир тұрғанын көрдің бе?
— Ол енді-і-і... егер ерекше милы болса... — деп міңгірледім.
— Милы болсаң не?! Есектің аты — есек! Есек ел билеп пе еді?! Кәдімгі салпаң құлақ жануар. Соны екі жарым мың лирге сатты. Сорлағанда мен соларға делдал болып құрыдым ғой!
— Енді оның не?
— Әйелім екеуміздің Америкаға барып келгенімізді өзің білесің, — деп ол сабасына түсе сөйледі. — Сонда мен бір профессормен танысқан болатынмын. Түсі игі адам. Түркияға ілтипаты ерекше. Кейін екеуміз хат жазысып тұратын болдық. Осыдан екі ай бұрын ол маған хат жазып, өзінің бір жақсы жолдасы барын, оның өнер зерттеушісі, көне кілемдер сырының, кілем тоқу ісінің асқан білгірі екенін, жақында Түркияға аттанатынын айтып, соған жәрдем жасауымды өтініпті. Мен, әрине, қуана-қуана келісетінімді, тек оның университетімізде каникул басталарда келгені жөн болатынын айттым. Содан соң онысы жолай Үндістанды, Ирак пен Ауғанстанды аралап, келіскен мерзімде бізге келіп жетті.
Стамбулға келіп түсісімен ол теңкиген-теңкиген шабадандарын ашып, кілемдерін көрсетті. Жағасы — жайлауда.
«Мына кілемдер, кілемшелер, паластар мен текеметтер — баға жетпейтін бұйымдар», — деді ол. Оның айтуынша, қолындағы көне кілем пұшпағы ең кемі отыз мың доллар тұрады, ал ол оны ақша ұстап көрмеген қайыршы парсыдан небәрі бір-ақ долларға алыпты. Жыртылып біткен кілемнің қалдығы неге қымбат тұратынын сұрадым.
«Бұл — шедевр! — деді ол даурығып. — Әрбір шаршы сантиметрінде сексен түйін бар! Кілемнің нағыз үлгісі әлгі неде... — деп ол бір музейді атады, — сонда, сақтаулы тұр, сіз оның әрбір шаршы сантиметрінде жүз түйін барын, оның кілем тоқу өнерінің шырқау шегі екенін шынымен білмейсіз бе? Ал мына текемет, — деп ол қулана жымиды, — ең кемі елу мың доллар тұрса да мен оны бес-ақ долларға алдым!» — «Сонша арзанға қалай аласыз?» — «Қалай дейсіз-ау... мен бұл іспен шұғылданған қырық жыл ішінде талай қулықты үйрендім білем...»
Менің білгенім: ол шынында әлемге әйгілі көрінеді, үш монография жазыпты, екі альбом құрастырыпты, ескі кілем жинауда алдына жан салмай келеді екен. Көне бұйымдарды жинаудағы құпияларын айтқан кезде көзім шарасынан шығып кете жаздады...
Ертеңінде екеуіміз Анатолияға бардық. Ол ғылыми күнделік сияқты бірдеңе жазып, мешіттер мен музейлердегі кілемдерді суретке түсіріп, оны-мұныны сатып та алды, бірақ сонда да көңілі көншімеді. Одан кейін екеуіміз археологиялық ірі қазбалар жүргізіліп жатқан жерге бардық. Американдық пен батыс германиялықтардың екі экспедициясы төңіректі астын үстіне шығарып түгел қазып тастапты. Тақыр жерде топырақ таулар мен құм таулар пайда болғандай. Қазба жұмыстары аса сәтті болатын түрі бар: археологтар жер астынан үй, сарай, тұтас қала тауыпты... Қазба маңында тіміскіленіп жүрген шетел туристерінде есеп жоқ. Жұрт оларға қазба орнынан тауып алған қыш ыдыс сынықтарын, басқа «көне» нәрселерді сатып мәз-мейрам. Сауда қызу. Жалаң аяқ балалар да шетелдіктерге таңбалы тас, тағы оны-мұныларды тықпалап: «Ван доллар!.. Ту доллар!..» — деп жамырап жүр.
Әйтеуір барып қалған соң ескерткішке мен де бірдеңе алайын деп ойлап, адамның бассүйегіне ұқсас көкшіл түйме тасты саудаладым, алсам, — одан жүзігіме көз салдырғым келді. Бірақ сапарласым алдырмады: бұл тастардың тарихқа да, көркемдік талғамға да пайдасы жоқ дегенді айтты.
«Шығыстың тірлігі қызық, — деді ол, — Түркиядан басқа жерлерде де тура осындай. Қазба маңайында тұратындар шетелдік туристердің миын ашытады. Қолдарына түскен ескі-құсқының бәрін көне замандікі деп тықпалайды. Ол найсаптар кейбір нәрселерді өздері жасап алады да, тіпті тәжірибелі археологтарды да шатастырып жібереді... Менің университеттегі бір танысыма: ойбай, бұл ерте дүние дәрісінің қалдығы ғой! — деп бірде иттің кепкен қиын ұстатып қоя беріпті! Әйткенмен, олар жасанды нәрсені, мысалы, андағы тасыңды қарашы, тәп-тәуір етіп-ақ жасайды, ә?»
Біраздан соң одан ары жүріп кеттік. Аспан айналып жерге түскендей. Бізге көлеңке де, тамақ та, сусын да керек Сола бастады. «Джипті» дырылдатып отырып бір саялы терекке жеткенімізше бір сағат өтті. Теректің көлеңкесінде бір шал жатыр шалжиып. Әріректе есек жайылып жүр. Шалмен сәлемдестім де, жөн сұрауға кірістім, сөзіміздің ұзын-ырғасын американға аударып жеткізіп те қоямын.
«Шаңы шыққан мына тақырға бірдеңе себесіздер ме?» — «Е, не себуші едік, — деді шал, — бұрын ептеп себетінбіз, бірақ мына кәпірлер келіп жер-көктің бәрін қазып тастады да, халықтың берекесін кетірді». — «Шаруалар енді қалай күнелтіп жүр?» — «Әлгі тас пен қыш сынықтар қазір пұл болуға айналған жоқ па, сонсоң жұрттың бәрі қазбаға қарай жүгіретінді шығарды, қолдарына түскенді сатып мал табуды кәсіп етіп алды...»
Американ оның айтқандарын құптап бас шұлғып отыр. Көзқарасы: «Жаңа мен айтпадым ба, Шығыстың тірлігі қызық демедім бе?!» дегендей. Сәлден соң ол тұрып кетті де, есекті айналып қарай бастады.
Шалдың сөзі таусылар емес:
«Ойлап байқасам: бізде жеріміздің баға жетпес қазба байлықтарын шетелдіктерге су тегін сатып жүрген сұмырайлар күпінің битіндей құжынап барады. Қазба байлығымыз қаншалықты мол десеңші! Он Түркияны асырап-сақтауға жетеді! Соны мына кәпірлер қазып әкетіп жатыр, әкетіп жатыр... Бізден тектен-текке алып, ол жаққа апарып әкелерінің құнына сататын шығар... Қала салып алғандарына да жетер... Біздің жердің асты-үстін түгел тонап бітірді. «О, біздің үкімет қазір ақылды болған, шетелдіктерге текке ештеңе бермейді!» — дейді кейбіреулер. Ұрлап жатқандар — ендеше сол үкіметтің өзінен ұрлап жатқан болды, тіпті үкіметіміздің өзі сәтіне қарай сатылып та жүрсе, сен оған не дей аларсың...»
«Сонда шаруалар қалай жан сақтап жүр?» — дедім оған. «Оны сұрап қайтесің, мырза... Округімізде алты ауыл бар. Солардың кез келген үйіне кіріп көрші... қолыңа ілігер жөнді ештеңе таба алмайсың... Бар-жоқтың берін әлгі... әлгі-әлгі... көне заманның нәрсесі деп тасып бітірген. Тот басқан, іріп-шіріп кеткеннің бәрін апарып сатып жібереді. Сондай кәсіпке салынғандар шетінен сұғанақ боп алды... Кеше қарап тұрсам: көршімнің ұлы есегімнің мойнынан қоңырауын шешіп алып жатыр. Оны не қылады дейсің бе? Апарып бір жерге зым-зия ғып кеміп қояды да, бір күні шетелдіктердің көзінше қазып алады. Ал, олжа керек болса! Жұрттың дәніккені соншама, қазір есектің тағасынан ата заманның ақшасы мен медалін жасап сататынды тапты...»
«Сен өзің не кәсіп істейсің?» — «Мен есек алып-сатып жүрмін».
Ол орнынан тұрып барып есегін шеше бастады. Американым менің жаныма жетіп келді, — өңі қашып кетіпті.
«Есек алып-сатқаннан пайда көресің бе? Тапқаның тамағыңа жете ме?» — дедім шалға. «Не десем екен... Ол есекке де байланысты...»
Американым тықыршып, төзімі таусылып, құлағыма сыбырлай бастады: «Сіздер сөйлесіп отырған кезде мен есектің желқомын жақсылап көріп алдым, бағы заманның кілемінен тігіліпті. Нағыз шедевр!» — «Не дейсіз? Анау шоқпытты айтып тұрсыз ба? Алба-жұлба, кір-кір шүберекті айтасыз ба?» — «Иә, иә! Түр-түсін, өрнегін, тігісін — бәрін көрдім. Ғажайып нәрсе! Әрбір шаршы сантиметрінде жүз жиырма түйін бар, — ондай үлгі бүкіл дүние жүзінде жоқ! Баға жетпес құнды бұйым!..»
Алқынып тұрған американға таңдана қарадым: «Оқы сатып алғыңыз келе ме?» — «Әрине! Бірақ бізге кілемнің жұрнағы керек екенін анау біліп қоймасын. Мен бұл малғұндардың сырын жақсы білем, егер желқомының құнды екенін сезіп қойса, бағасына басыңды кесіп берсең де азсынады бұлар! Сондықтан біз...»
«Андағы кәпір не деп күңкілдеп тұр?» — деді шал маған. «Жай әншейін. Жерімізді ұнатып тұр...» — «Несі ұнапты оған? Тап-тақыр жер көрмегендей...» — деп шал ашуланып қалды.
«...Сондықтан біз кілемге қызыққанымызды сездірмейік, — деді американ. — Біз есекті сатып алайық! Желқомының аса қымбат қазына екенін білмейтін шал бізге оны текке беретін болады. Есекті былай шыққан соң басқа бір салып қоя береміз... Тезірек саудаласыңызшы!»
«Сөйтіп, сен есек алып-сатып жүресің ә?» — дедім шалға. «Сатамын дедім ғой...» — «Сонда, мысалы, андағыңды қаншаға сатар едің?» — «Алушысына қарай көрермін...» — «Біз алсақ ше?» Шал қарқылдап күлді.
«Мазақтайсыңдар, ә? Сендердей мырзаларға менің есегімнің керегі не?» — «Оны қайтесің, басыңды ауыртпай бағасын айтсаңшы». — «Сонда кімге: саған ба, андағы кәпірге ме?» — «Сатып алатын осы американ». — «Американ де? Км-м... Біздің одақтасымыз екен ғой... Болмайды!.. Бұл есек оған лайық емес дегейсің, мүлде кәрі есек».
Оның айтқанын американға аударып бердім. «Е, жақсы! Арзанға сатады ендеше»,— деп қуанды ол. «Кәрілігі ештеңе етпейді,— дедім шалға. — Сатып алатын болды». — «Ұят қой, Америкасына барған соң мені түріктер алдап соқты деп жүрер...»
Мен ақырында екеуіне тілмаш болдым;
«Түріктің шаруалары өте адал деп білетінімді айтыңызшы оған. Шығыстың басқа еліндегілер әрі алдап, әрі қымбатқа сатары хақ. Ал мынау — адал кісі! Есегінің нарқын дұрыстап беретінімді айтқайсыз...»
«Американ келісіп тұр», — дедім шалға. «Мына есек Америкаға жете алмай жолда арам қатып қалады! Оның үстіне өзі қотыр есек...» — «Саған бәрібір емес пе?! Сатып алады да кетеді. Одан да бағасын айтсаңшы». —«Бұл есек түкке жарамайды деп тұрмын ғой. Американың мұны қайтеді? Содан соң. - қызық екен... әлде бұлардың елінде есек аз ба?»
«Шал айтады: әлде сіздің еліңізде есек аз ба? дейді».
Американ сәл-пәл ойланып алып: «Сіз оған айтыңызшы: бізде есек көп, тек мынадай есек жоқ...» — деді.
«Км-м... Сонда бұған американың есегі жақпай, түріктің есегі ұнап қалыпты деші... Мейлі. Менде кінә жоқ, шындығын жасырмай айттым. Кәпіріңе айт, өкініп жүрмесін де». — «Қанша сұрайсың?» — «Бағасы он мың лир». — «Не-ме-не?! Сен алжыған шығарсың! Арабтың ең асыл тұқымды биесі де төрт мыңнан аспайды ғой!..» — «Онда бұған есектің керегі не? Арабтың сол асыл тұқымды биесін алсын да жоғалсын!»
Шалдың қанша сұрағанын американға жеткіздім. «Бәсе... Мен бұл малғұндарды білем ғой. Кілеміңді сат деші, жүз мың деп ежірейсін. Мен мұның есегін бәрібір аламын; бірақ онымды білсе, бұл жиырма мың деп, жиырма мыңды берсем, — елу мың деп шіреніп жүрер. Сондықтан шамаңыздың жеткенінше шыдап саудаласып көргейсіз...»
— Өзің қаншаға сатып алдың? — дедім шалға. «Күнәһар боп қайтем, мен мұны бар-жоғы бес лирге алдым. Бұл бүгін-ертең арам қатады, сонсоң терісін сыпырып алып илеп, өзіме кебіс-мәсі тігіп киемін. Басқа ешбір кәдеге жарамайды бұл...» «Бетің былш етпей он мың сұрағаның неткенің, масқара ғой!» — «Әй, қалқам! Мен сатам дегем жоқ, сендер ғой, аламыз деп тұрған! Мен кәрі десем, — сенің американың: «Бола берсін!» дейді. Мен қотыр десем, мынауың: «Мейлі!» дейді. Айтпақшы, ұмытып барады екенмін ғой, есегім артқы аяғынан ақсақ...» — «Ақсағы дәнеңе етпейді...» — «Көрдің бе?! Сірә, бұл есектің бойында мен білмейтін бір қасиет бар шығар! Әйтпесе мына американың әрі қотыр, әрі ақсақ есекті сатып алып қайтеді? Рас қой, ә? Олай болса, айтқаным айтқан, айтқанымнан қайтпан: тура он мың лир!»
Американға шалдың сұрағанын төлейсіз бе деп едім, ол басын изеді. Содан соң мен шалмен ары саудаласып, бері саудаласып, бес мыңға түсіріп бір тоқтадым. Одан кейін есекті алмайтын сыңай танытып, «джипке» қарай аяңдадың. Шал бізге бұрылып та қарамады.
Он минуттан соң біз оған қайтадан барып едік, ол: «Қайтып келетіндеріңді білгем!» — деп ернін шүйірді. «Қайдан білдің?» — «Есегіме қосақтап қойғандай-ақ айрылар түрлерің жоғын көрдім ғой!»
Жарты сағаттан соң американым шалға екі жарым мың лирді сытырлатып санап берді. Шал есегін нұсқады: «Тақымдарыңа құт болсын! Мен бірақ, тым арзанға бердім-ау деймін, хайыр-хайыр...» — деп жалба-жұлба желқомды сыпырып алды да, кете барды. Американның аузы аңқиып, көзі ағып түсе жаздады...
Американ есекті дізгінінен тартып, мен артынан итеріп орнынан әрең жылжыттық. Қаусап тұрған жарықтықты өліп-талып жиырма адым аттаттық. Американ маған сыбырлап сөйлеп: «құдай ақына сыр бере көрмеңіз, тағы да біраз сүйрейік, сонсоң сіз есектің арқасы тоңады деп желқомды сұраңыз...» — деді.
Сол сәтте шал: «Тоқтаңдар, тоқтай тұрыңдар! Мынаны ұмытып кеткендерің не?..» — деп айғайлады.
«Құдай берді, кілемді өзі әкеліп беретін болды!» — деп қатты қуандық. «Байлайтын мына шығыршығын ұмытып кетіпсіңдер ғой! Америкада шығыршық табыла қоя ма? Ей, мырзалар-ай! Шығыршықсыз есек сатып алушы ма еді?..»
«Желқомды сұраңызшы!»— деді американ зілденіп.
«Әй шал, мына есек қалтырап әрең тұр, жолда қатып қалса, обал ғой...» — «Ә-ә, жо-жоқ, — деді ол, — желқомды бере алмаймын, маған әкемнен қалған бар-жоқ мұра осы... Сендер менен желқом емес, есек сатып алдыңдар.» — «Түкке керегі жоқ жалба-жұлба немені құшақтап жүрмексің бе?» — «Түкке керегі жоқ болса да өзімдікі, — деді шал маңызданып.— Үйде тағы да бір қотырашым тұр. Бұл желқомды соған апарып жабамын да, оны да жетектеп алып шығамын, сенің мына американың сияқты біреу тағы да табылмас дейсің бе... Алла бұйыртса, оның да жөнін табармын. Бұл желқом менің жебеушім болып жүр, мына кәпірлер біздің жерімізді қаза бастағаннан бергі бес жылда андағыдай өлімтіктің талайын саудалап саттым. Жо-жоқ андағыңа айт: желқомға көзін сүзбесін, шығыршықты тегін бергеніме риза болсын... Қош болыңдар, жолдарың болсын!» — деп бұрылып жөніне кеткен шал бізге тағы да айғайлап: «Әй! Есекті тастап кеткілерің келсе, байғұсты көп сүйреп шаршатпаңдар!..» — деді.
Біз «джипке» қарай аяңдадық. Мен американым есінен танып құлап қалмаса жарар еді деп қауіптеніп, оны қолтықтап алдым.
«И-и-ә-ә... Мені бүйтіп ешкім де шоңқитып көрген жоқ еді», — деді американ тістеніп әрең сөйлеп, қолындағы шығыршықты айналдырып. «Андағы шығыршықты қайтесіз енді?» — «Кілемдеріме қосып қоямын... Ескерткіш болсын... Екі жарым мың лирді осы үшін төлеп келе жатқан жоқпын ба...»
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ