Үш періштенің шешесі
Саудыраған сүйегін сүйретіп бір шал келе жатыр. Тектен-тек келе жатқан жоқ, шым-шытырық ой ойлап келеді ол:
«Өз салмағыңды өзің көтере алмағаннан қиын жоқ...»
«Мынау автомобильдер жын қуғандай зымырайды...»
«Салмағың азайған сайын шамаң азаятыны қызық екен...»
«Сан түсті, сан түрлі неткен әсем автомобильдер бар десеңші!..»
«Менің салмағым қанша дейсің? Елу килограмм ба? Жо-ға! Мықтағанда қырық бес шығар!..»
Ол күркілдеп жөтелді. Сонсоң күрсінді:
«Осындай өмір кешемін деп кім ойлаған... Шіркін-ай, тым құрыса екі тоқашқа, бір стакан ыстық шайға жететін тиын-сиыным болсашы...»
Автомобильдер жын қуғандай зымырап өтіп жатыр.
Жалтылдаған көкшіл лимузин көрінеді. Рулін әйел ұстап отыр, — аңсап жүрген әніңдей әсем-ақ! Шашы жібекше желбіреген. Автомобиль жүрісін баяулатты. Шал рульдегі әйелдің өзіне тесіле қарағанын аңғарғандай болды.
Аруақтай арық шал: «Маған жетпей жүргені желөкпелік еді!» деп іштей күлді.
Жалтылдаған көкшіл лимузин озыңқырап барып тоқтады. Шал жанынан өте бергенде әйел терезеден басын шығарып қарады. Иә, шал қателеспепті, әйел оған көз салып отыр.
Көкшіл лимузин тағы да озыңқырап барып тоқтады. Әйел көзін алар емес. Әлде басқа біреумен шатастырып келе ме? Әлде жаны ашығаны шығар? «Мен осыған ұнап қалмайын?» деп шал іштей қуланып қойды.
Көкшіл лимузин бір жүреді, бір тоқтайды. Шал көшенің оң жағына өтті. Сұлу әйел енді оған машинасының оң жақ терезесінен қарады. Шал: «Жігіт шағында сымбатты-ақ едім», деп ойлап, еңсесін көтеріңкіреп аяңдады.
Ол көшенің сол жағына қайта өтті. Көкшіл лимузин жанасалап келіп тоқтады да, әйел:
— Есікті аш та, кел, отыр! — деп дауыстады.
Шал сасып қалды. Бірақ, әйелдің жымиысы дереу жігер беріп, ол қалбалақтап барып машинаға отырды. Лимузин жайлап сырғи жөнелді. Әйелде үн жоқ. Шал да үндей алмады. Лимузин үлкен үйдің алдына тоқтады. Сыртқы есікте қарсы алған қызметші әйел шалға шошына қарады.
Олар жасау-жиһазды бөлмеге кірісімен-ақ әйел:
— Шешін! — деп бұйырды шалға.
— Әміріңізге құлдық, тек жуынып алайын.
— Шешін дедім ғой мен!
«Шыдай алмай тұрғанына қарағанда, ындыны кеуіп жүрген болды». Шал қырық жамау кір көйлегін шешіп тастай берді.
— Шалбарыңды да шеш!
Шалдың енді еш күмәні қалмады. Іші ұлып тұрған аш екенін де, діңкесі құрып шаршағанын да ұмытып, сұлудың далиған мықыны мен дірілдеген төсіне ашқарақтана қарады. «Таңданатын не бар? — деп ойлады ол. — Мені қалады. Жүрегімен ұқты да ұнатты мені!»
Шал: «А, құдай, өзің қуат бер, қор қыла көрме!» деп іштей жалбарынды да, шалбарын шешіп тастап, әйелге қарай аяқ басты.
— Дамбалыңды да шеш! — деп бұйырды әйел. Қоңырауды қағып қалып еді, өзі сияқты жалпиған қызметші әйел жетіп келді.
Шал сасқалақтап қалды. «Бұлары жарамайды! — деді ол іштей. — Менің жасымда екеуіне бірдей шама жету қайда!»
Қожайын әйел:
— Тәрбиешіге айт, балаларды ертіп келсін! — деді қызметшісіне.
Қызметшісі шығып кетті. Тыржалаңаш боп шал тұр. Дір-дір етеді. Не тоңғаны, не толқығаны. Опасыздық жасаған күйеуінен есе қайтаруға асыққан бір әйел көшеде кез келе кеткен бір бейтаныс еркекті үйіне алып барыпты дегенді естіген ол. «Мына әйел де мені ерегестің ермегі етпек-ау» деп ойлады шал. Ол басқаға жарамаса да, әрине, ермекке жарайтын еді.
Тәрбиеші, қызметші және үні балақай кірді. Балалардың екеуі — қыз, біреу — ұл; үлкені он жаста, кішісі алты жаста болар. Үшеуі де періштедей.
«Қызметшіні де, тәрбиешіні де қойшы, тәуекел, — деп ойлады шал, — ал мына балалардың көзінше...»
Шалдың мойны қылдырықтай, аяқ-қолы ербиген қу шыбықтай. Қабырғасын көз жетер жерден санап алуға болатын. Тірі адам сияқты емес, салтақ-салтақ сары терімен қаптап қойған қу сүйек секілді...
Қожайын әйел:
— Әсел тамақ ішті ме? — деді тәрбиешіге.
— Азғантай ғана ішті. Кофесін ішпей қойды, — деп жауап берді тәрбиеші.
— Гексель ше?
— Ол мүлде ішкен жоқ.
— Алған ше?
— Шоколадтан бір тістеді де қойды.
Әсем әйел кір-қожалақ шалды балаларға нұсқап көрсетіп:
— Мына кісіні көрдіңдер ме? — деді. — Бұл әбден жүдеп, тарамысына ғана ілініп тұр. Егер тамақ ішпесеңдер, сендер де дәл осындай болып қурап қаласыңдар!
Шошып кеткен үш періште шешелерінің далиған мықынын паналады. Аңсаған әндей әсем әйел:
— Тез киін де, қараңды батыр! — деп ақырды шалға.
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ