Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 10 сағат бұрын)
Әнсар қалпе

Әнсар бір-ақ күнде басына табақтай сәлде орап, қолына тасбих ұстап, кісі танымастай өзгеріп шыға келді. Әйелінің айтуынша ол түс көріпті, түсінде ақ сақалы белуарына түскен кісі оған қасиет дарып, жын қонатынын айтып, аян беріпті. Сол түстен кейін Әнсардың дене қызуы көтеріліп ауырып, бірнеше күн төсек тартып жатып қалыпты. Ауруынан айыққан соң Әнсар әйеліне төр алдында жүк жинаулы тұратын дәу қара сандықты алдырып, ішіндегі ақ матаны қайшымен қақ айырып, жартысын басына орап, жартысын қиқымын шығарып қиып-қиып, есігінің алдындағы балапан теректің бұтағына байлаттырыпты.

«Әнсар әйтіпті, Әнсар бүйтіпті» деген сөз ауыл ішінде желдей есті. «Жер ортасы жасқа келгенде құтырып жүр ме қақпас» деді біреулер. «Өткенде ауырып, қиналған соң Әнсарға барып едім, тамырымды ұстап, дертімді қолмен қойғандай айтты. Оған бірдеңе қонғаны рас» деді тағы біреулері. Аз күнде «Әнсар кәлпе» аты алысқа кетті. Аттылы-жаяу ағылған адам қарасы күннен күнге көбейіп, Әнсардың үзеңгі бауы сегіз қабаттанып, шірене бастады. Құмалақ шашып, шашылған құмалаққа көзінің қиығымен қараған оған ешкім батып сөйлей алмай, әліптің артын бағады. Айтқысы келгенін айтады, айтқысы келмесе басын шайқап, шалқаяды қалпе. «Білмейтіні жердің астында» деп құтыртқан да жұрттың өзі.

Алтайда қатты жұт болып, таудың бұғысының өзі етекке түсіп, елдің қорасындағы шөпке мөлие қараған жылы Әнсардың айбыны тіптен асқақтады. Асқақтайтын да жөні бар. Қоңыр күзде ен далаға қарап тұрып қалпе:

— Биыл есі бар адам далада жатқан бір тал шөпті қоймай жинап алғаны дұрыс. Түс көрдім, жаман болайын деп тұр. Ақырған аяз бен үскірік жел қалың қарды қасатқа айналдырып, ақ сүйек жұт жүреді, — дейді.

Жанында тұрған Мәкей:

— Мен де өткен түні түс көрдім. Биылғы қыс керемет жайлы, жақсы болатын түрі бар. Мал біткен қолға қарамай, өріске жайылып-ақ қыстан шығады, — дейді кісімсініп тұрған кәлпе құрдасына жақтырмай қарап.

Құрдасымен сөз таластырмай Әнсар аулаққа көз тастап, үнсіз тасбихын тартады.

Жұттан жұтап жатқан елдің құлағына Әнсардың күзде айтқан сәуегейлігі жетпей қойсын ба, жетті. «Әулием!» деп аяғына жығылды. Қытымыр қыстан қиналған жұрт:

— Уа, данышпан әулие! Мына жұттан қашан құтыламыз? Бұлай жалғаса берсе, тігерге тұяғымыз қалмайды ғой қорамызда, — деп Әнсардың алдына жиналды.

— Жаппар Ие жұттың болатынын білдірді, қаншаға созылатыны да бір Құдайдың қолында. Күннің құлағындағы қызыл қайтпай тұр, әлі біразға созылады-ау бұл жұт! — деп жұмылған көзін ашпай, тәсбих тартты.

— Аузыңнан жақсы сөз шықпайтын, барып тұрған жағыңа жылан жұмыртқалағыр екенсің өзің! — деп Мәкей кәлпенің есігін тарс жауып шығып кетті. Қалпе ақырып қалса, аспан айырылып алдарына түсетіндей жиналған ел Әнсарға жапақтап қарап, құрдасына ашуланбауын тіледі іштей. Балшықтан құйған алып пұттай етті-жеңді Әнсар да мүлгіген қалпынан жазған жоқ...

***

Бірер жыл дәурендеп, қолы ұзарып, қараң-құраң мал біткен Әнсардың басына күн туды. Қалпе үйінен үзілмейтін науқасқа көбінде шөп қайнатып, құмырсқа бұқтырылған су ішкізеді. Оны ішкен науқастың бірі жазылып, бірі жазылмай алдынан кетіп жатады. Жазылғаны мал жетектеп жетеді, жазылмағаны да қалпені жамандамай, жақсылығын асырады.

Мәкейдің айтуынша Әнсар қырсыққа өзі шатылыпты. Екеуі қылтамақпен ауырып, тамағынан тамшы су жүрмей, аурухана шығарып салған Бөкей шалдың көңілін сұрап барған жолы Әнсар:

— Мына әкелеріңді мен емдеп жазам. Алла сәтін салса, дерттің шипасын табам, — деп балаларының алдында кеудесін ұрады.

Оның сөзіне сенген балалары мал атап сойып, кәлпені қошаметтеп, қонақ қылып, сый-сияпатын жасапты. Өзі өлгелі жатқан адамның аузына құмырсқа  бұқтырылған су құйған сәтте түшкіріп-пысқырған Бөкей шал аттанып кете барады.

Әкелерін көз алдында құртқан қалпені балалары жабылып кеп сабап, байлап-матап сақшыға тапсырып, үстінен арыз жазды. Ауылдың үлкен-кішісі Бөкей шалдың балаларына барып:

— Артық айтсақ, кешіріңдер! Онсыз да әкелеріңнің ажалы «бүгін, ертең» деп күн санатып отырған жоқ па еді! Әнсарды соттатқаннан не марқадам табасыңдар! Айыбын жусын, арыздарыңды қайтарып алыңдар! — деп жалынып жүріп алып қалды.

— Ой, әкеңнің аузын!.. Жеңіл-желпі ауру, тымау-сымауды көріп жүре бермей, аты жаман дертте не атаңның басы бар-ей! Қылтамақты сені қойып, бүкіл әлем жабылып емін таппай жатыр. Саған не жоқ, антұрған! Қайта Бөкейдің балалары жуас екен, мен болсам сүйегіңді түрмеде шірітер едім, есі ауысқан неме!.. — деп Мәкей қалпе құрдасын көзге шұқыды.

Сол оқиғадан кейін Әнсарға қапияда қонған қасиет ғайып болды. Табақтай сәлдесін шешіп, тасбихын тастады...

***

Ел төр жайлауға барған уақыт. Бір ай қатты жаңбыр жауып, аяғы қарға ұласты. Мал қырылып, малшылардың берекесі кетті. Айға жуық жалғасқан апаттан кейін күн ашылып, жұрт етекке түсіп тіршілігіне кірісті. Ойыннан қолы босамайтын біздер де бір ай бойы бүрісіп, үйден шыға алмағанбыз. Күн ашылған соң топ бала ауыл үйді кезіп, асыр сала бастадық. Бір үйге бас сұққанымызда топ адамды аузына қаратып Әнсар қалпе:

— Бұлт шақырып, жаңбыр жауғызатынымды білесіңдер. Жаздың басында күн қатты ысып, елдің мазасы кеткен соң жаңбыр жауғызатын дұғамды оқыдым. Қанша оқысам да бір тамшы тамбады. Сосын үлкен амалға жүгінуге тура келді. Баяғыда қарағайды қақ жарып, найзағай түскенде жерді қазып, жайдың оғын суырып алып едім. Соны бұлақ суына сәл ғана малып қойып оқып едім, күнің алай-дүлей болды да кетті. «Жарықтық біраз күн жаусын» дедім де үйге тарттым. Қаңсыған жұрттың қуанышында шек жоқ, бәрі алақайлап жүр. Бірнеше күннен кейін шаруаларым боп, етекке түсіп кетіп едім, ойнап жүрген балалар ұшы ғана суға малынып тұрған жайдың оғын суға батырып жіберіпті. Ой, Алла! Соны бұлақтан бір ай іздеп, әрең таппадым ба! Енді табылмағанда күллі ғаламды су алып кетер еді, — деп әңгімені жіберіп, шайын сораптап отыр. «Табылғаны жақсы болған екен» деп біз де бір-бірімізге қарап, бас шұлғыстық.

— Мәкең келді, Мәкең келді. Төрлет, Мәке! — деп қораланған жұрт қозғалақтап, есіктен кіріп келген Мәкейге қошамет көрсете бастағанда Әнсардың әңгімесі өзгерді. Жоғалтқан малын айтып, бір ай бойы төпелеп жауған жаңбырды сыбады...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама