- 11 қаң. 2020 00:00
- 294
Ақбоз ат
Венгр халық ертегісі
Баяғы заманда бір кедей өмір сүріпті. Оның ақбоз атынан басқа ешқандай мал-мүлкі болмапты. Байғұс кедей атын диірменге әкеліп, оны жетекке жегеді екен, аты шеңбер бойымен жүріп, жетекті қозғайды, жетек қозғалса, диірмен тастары да бірге айналады. Кедей осылайша нанын тауып жүріпті. Күн сайын диірмен бидай тартады, кедей байғұс атымен күндіз-түні жұмыс істейді. Бұл жұмыстан әбден жалыққан ақбоз ат бір күні қожайынына былай дейді:
— Қадірлі қожайыным, осы неге басқалар жетекке екі аттан жегеді, ал, сен болсаң, жалғыз өзімді ғана жегесің? Мен жалғыз өзім күні бойы шеңбер бойымен жүріп, диірменнің ауыр тастарын айналдырып азап шегемін.
— Ақбоз атым менің, менде сенің жаныңа қосып жегіп беретін ат немесе ұсақ мал түгілі, шыбын-шіркейім де жоқ қой, — деп жауап береді кедей.
Сонда ақбоз ат қожайынына былай депті:
— Егер бар бәле осында ғана болса, онда мені жібер, өзіме көмекшіні мен өзім табамын.
Кедей сол жерде ақбоз атын жетектен босатып, еркіндікке қоя береді. Сөйтіп, ақбоз ат жол-сапарға шығады. Келе жатып ол түлкінің інін көреді.
Ойланып-ойланып: «Тура түлкі інінің жанына өлген кейіп танытып, жата қалайын», — деп шешеді.
Ал, інде үш жәудірімен (түлкінің төлі) кәрі түлкі тұрады екен. Үш жәудірдің ішіндегі ең кішісі тысқа шықпақшы болып, іннің аузына таяп келіп, ақбоз атты көреді де, қар жауған екен деп ойлайды.
Жәудір шешесіне келіп:
— Ой, апатай, қазір іннен шығуға болмайды екен, есік алды қар!, — дейді.
— Жаздың жалпағында – қары несі!, мүмкін емес, — дейді, кәрі түлкі.
Іннің аузына таяп келіп қараса, далада жатқан қар емес, ақбоз ат екен.
«Мұны енді қалай сүйреп әкетсем екен?», — деп ойға кетеді түлкі. Ұлдарын шақырып, төртеуі сүйремекші болады, бірақ, ақбоз ат орнынан қозғалар емес.
Түлкі ойлана келе, өзінің тамыры қасқырға бармақшы болады.
Сөйтіп қасқырға келіп: «Жарқыным, тамырым! Менің қандай май шелпек тапқанымды білсең ғой! Ініме дейін сүйреп әкелгенімді қайтейін, ішке сыймай қойды. Содан, сенің апаныңа әкелсек қайтеді, — деген ой келді. Ал, жегенде бірге жейміз», — дейді.
Мұндай сый-сыяпатқа қасқыр қуанып кетеді, бірақ, өз ішінен:
«Апаныма ет келсе болды, ал, түлкіге бір түйірін де татырмаймын!», — деп, ойлап та қояды.
Ақбоз ат жатқан жерге таяп келгенде:
— Түлкішек, мұны менің апаныма дейін қайтіп апармақпыз?, — деп, қасқыр күмәндана бастайды.
— Оп-оңай, — дейді, түлкі, — мен аттың құйрығын алдым да өз құйрығыма байладым, ой-шұңқырлармен сүйреп отырып, осы жерге әкелдім. Тап осы мен сүйреткендей, апарамыз. Маған қалай жеңіл болғанын білсең ғой! Ал, енді әкел, оның құйрығын сенің құйрығыңа байлайық – саған сүйреу тіпті оңай болады.
— Міне, керемет болар еді!, — деп, қасқыр бірден келісе кетеді.
Ал, түлкі қасқырдың құйрығын ақбоз аттың құйрығына мықтап байлайды да:
— Ал, кеттік тамыр, сүйре!
Қасқыр тартып көріп еді, күшенгеннен жарылып кете жаздады, ал, ат орнынан жылжыр емес. Қасқыр тағы да күш салып тарта бастағаны сол еді, кенет ақбоз ат атып тұрып, шаба жөнеледі. Қасқырды құйрығынан сүйреп, ойлы-қырлы жерлермен шапқылап отырып, тура кедейдің алдына келіп бір-ақ тоқтайды да:
— Ал, қожайын, міне, мен өзіме көмекші таптым! — дейді. Кедей сол жерде қасқырды бауыздап жіберіп, терісін сойып, оны қымбатқа сатып, сол ақшасына екінші жылқы сатып алады. Содан бері ақбоз ат диірмен тасын жалғыз айналдырған емес.
Орыс тілінен аударған Айнұр Жұмағазина