Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Арманы үлкен азат ел
Тақырыбы: Арманы үлкен азат ел

Сабақтың мақсаты: Оқушылардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарастарын қалыптастыру. Оқушыларды елді, Отанын сүюге және егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар патриоттық күш – қуаты мол жастарды тәрбиелеу. Желтоқсанда мерт болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым.
Сабақтың көрнекілігі: плакаттар, суреттер, буклеттер, нақыл сөздер, интерактивті тақта

Сабақтың барысы:
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Көк туым көтерілді бағым жанып,
Елтаңбам күллі әлемге танылды анық.
Шырқадым әнұранды бар дауыспен,
Арманым – Ата заңым қабылданып.
Бізге тәуелсіздік туын, қазақтың көк байрағын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған және дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына биыл 25 жыл толып отыр.
«Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын» - деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын – сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні – қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.
Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар – намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан – жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?
Осы желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, орынымыздан тұрып бір минут еске алайық!
Бір минут үнсіздік.

1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болды. Сол пленумда Д. Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылып, орнына бұрынғы Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г. В. Колбин сайланды. Бұл студент және жұмысшы жастардың бейбіт мақсаттағы шеруіне әкеп соқты. Алаңға шыққан жастарды қарулы күшпен басып – жаншыды. Демонстрация аяусыз басылды.
Күллі әлемді дүр сілкінткен 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына ұлттық санасын, намысын жетелеген жаңа әрі қайсар буынның келгенін әйгіледі.
«Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» атты ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Хор: Мемлекеттік Әнұран

Ғасырлар бойы жүргізілген ұлт – азаттық көтерілісінің заңды жалғасындай болған ең шешуші әрі бүкіл орта Азия мен Еуропадағы демократиялық қозғалыстың қолбасшысы ретінде тарихта қалған 1986 жылғы Алматы оқиғасының бас қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке жапқан жала:
Бірінші – 1986 жылдың 18 желтоқсанында сағат 11 - 00 ден бастап Бейбітшілік – Сәтбаев көшелерінің қиылысында бейбастық жасады.
Міне, осындай! Құдай – ау небәрі жиырма бір жастағы қаршадай жігіттің мойынына осынша қылмысты қалайша іліп қойған. Сот процесі 1987 жылдың 25 мамырынан 16 маусымына дейін өтті. Не керек сот Қайрат Рысқұлбековті Қазақ ССР - і қылмыстық істер кодексі 173 – бабының 1 - тармағына сәйкес ату жазасына кесті. Ең ауыр жаза, кейін «ату жазасы» 20 жылға ауыстырылды. Солақай саясаттың құйтұрқы әрекетімен жас ғұмыр 1988 жылы 21 мамырда белгісіз жағдайда дүниеден өтті.

Ән.
Көрініс.
1 – оқушы:
Ұлт намысын жыртып алаңға шыққан жалын жүрек жастарымыздың арасында Чайковский атындағы Музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова желтоқсан құрбанына айналарын білмеген болар. Ар ожданы озбырлықпен тапталып, жапа шеккен Ләззаттың қазасы әлі күнге жұмбақ.
Сәбира Мұхамеджанова 1985 жылы 8 жылдық мектепті үздік бітірген. Ол Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының шындығын білуге барған. 26 желтоқсанда өткен жиналысқа анасымен барған Сәбираны айыптайды. Содан соң албырт жас жатақханасының өзі тұратын бөлмесінен секіреді.
2 – оқушы:
1991 жылғы 12 желтоқсандағы «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17 - 18 - дегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлығына байланысты Қазақ КСР - нің 65 бабымен Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Түгелбай Тәшенұлы, Қайыргелді Күзембайұлы, Жамбыл Тайжанұлы ақталды.
3 – оқушы:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын жас қайраты, жас өркені халқымның.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,

Мұғалімнің қорытынды сөзі:
Қазақ халқының көкірегінде шер болып қатқан, туған жерінен, елінен, жұртынан айырылып, ен далада жосып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңін басынан өткерген шақта бір қарт баласына:
Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын сен қаласың.
Ойран болған орданың орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағарсың – деген екен. Бүгінгі таңда сол қарттың баласы болмасада ұрпағы егеменді ел болып, сол ойран болған орданың орнында отау тігіп, отын жағып, түтінін түтетіп отыр. Ендігі тілегіміз тәуелсіздігіміздің туын көкке көтерер, еліміздің көк байрағын желбіретер, ата – бабаларымыздың асыл мұраттарын асқақтатар бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстар жастарымыз өз жерімізді, өз елімізді қадірлеуге, сүюге тиіс екендігін естен шығармаса екен дейміз.

Елімізде тыныштық, әлемде бейбітшілік болып, егеменді елдігіміз ұзағынан болсын дей отырып бүгінгі «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама