Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 8 сағат бұрын)
Армысың - Әз - Наурыз!
Армысың - Әз - Наурыз!
- Құрметті қонақтар, сүйікті балалар! Наурыз мерекесі құтты болсын!
Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Әр адам келер жаңа жылдан үміт күтіп, ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Міне біздің асыға күткен жаңа тауық жылымызда табалдырықтан аттады. Бәріңізге жаңа жыл бақыт жылы, бейбіт жылы болсын.
- Армысың, Наурыз
Мереке ырыс - береке
Қош келдің сені
Күтуде бүгін кең өлке
Армысың, Наурыз
Қуаныш болып кір төрлет
Ел болып саған
Көрсетіп жатыр сый - құрмет.
"Наурыз тойы" әні орындалады.
Жүргізуші:
- Теңеліп түн мен күндізі,
Ымдасып Ай мен жұлдызы.
Қарды ерітіп жылғасы,
Наурыз келді - жыл басы.
- Балалар, біздің наурыз мерекеміз көктем мезгілімен тұспа - тұс келеді. Көктемде жер бетінде тіршілікке жан бітіп, күн мен түн теңеледі, жер шуаққа кенеледі емеспе?
Ендеше, қыздарымыздың орындауында «Наурыз» сахналық би - қойылымын тамашалаңыздар.
Ата мен әже келеді
Ата:- Амансыңдар ма балаларым! Наурыз мерекесі Құтты болсын!
Бүгін міне кемпірім екеуміз немерелерімізді сағынып жолға шыққанбыз. «Наурыз мерекесінде не істеп жатыр екен»- хабар алайық деп, сөйтсек мұнда тойдың үстіне келдік - ау деймін шамасы.
Жүргізуші:- Дұрыс айтасыз. Бүгін «Балдырған» балабақшасында Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Төрлетіңіздер, балаларымыздың өнерлерін тамашалаңыздар.
Жүргізуші:- Ата, әже бүгінде балаларымыздың бойы да, ойы да өскен. Балаларымыздың Наурыз мерекесіне арналған әнін тыңдаңыздар.
«Наурыз» әні

Жүргізуші:- Балаларымыздың Наурыз мерекесіне арналған тақпақтары да бар.

Жүргізуші:- Наурыз қазақ халқының ұлттық мейрамы. Сондықтан да халықтың ұлттық аспаптарына көңіл бөлген жөн болар. Соның ішінде бәрімізге жақсы таныс домбыра. Домбыра - қазақ халқының мақтан ететін аспабы. Сондықтан да халқымыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деп бекер айтпаса керек. Ендеше ұл - қыздарымыздың орындауында «Домбыра» биін тамашалаңыздар!
Әже:- Тамаша, тамаша. Өркендерің өссін балаларым! Мен сендердің көңілдеріңді көтерейін деп, ойын ала келгем. Ойнайсыңдарма, балалар!
«Орамал тастау» ойыны.
Жүргізуші:- Рахмет әже. Балаларды бір қуантып тастадыңыз. Мерекемізді әрі қарай жалғастырайық. Халқымыздың ұлттық өнерінің тағы бір керемет түрі - бұл айтыс. Наурыз мейрамында ақындар айтысы болып отырған. Ақындар жақсылық пен жамандықты, қарапайым халықтың мұң - мұқтажын жырлаған. Халқымыздың ежелден келе жатқан бұл төл өнері бүгінгі ұрпақ бойында да өз жалғасын табуда. Осындай тамаша өнерді жалғастыру өз парызымыз деп түсінген кішкентай айтыскерлерімізді қошеметтеп қарсы алайық.
Айтыс.
Ата:- Рахмет! Болашақта үлкен айтыскер шығатынына сенімдімін.
Жүргізуші:- Халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі - наурыз мейрамында әзірленетін наурыз көже.
- Наурыз көжеге неше түрлі тағам салады, сендер білесіңдер ме балалар?
Ендеше, балардың орындауында «Наурыз көже» әнін тыңдайық.
Жүргізуші:- Жарайсыңдар балалар! Әнде не туралы айтылды?
- Ал сол наурыз көжені біз қандай ыдысқа құйып ішеміз?
- Жарайсыңдар, енді аруларымыздың орындауында «Кесе» биін қабыл алыңыздар!

Жүргізуші:- Қазақ халқы үшін бесік деген қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Ал енді балалар бесікке салу рәсімін тамашалаңыздар.
«Бесікке салу» рәсімі.

Жүргізуші:- Қазақ халқымыз ежелден ел қорғаушы батырларын пір тұтқан екен. Өйткені батырлар елін жаудан қорғап, халықты тыныштығын сақтаған. Міне сол батыр ағаларымыздың жолын қуған, ержүрек, ел қорғайтын азаматтарымыздың орындауында « Батырлар» биін қабыл алыңыздар.
Ата:- Өркендерің өссін алтындарым! Сендер әнші, биші екенсіңдер риза болып отырмын. Ал енді сендердің күштеріңді сынағым келіп тұр. Қазақтың арқан тарту деген ұлттық ойыны бар, соны ойнайық.
« Арқан тарту» ойыны.
Жүргізуші:- Ата, әже, сіздерді көріп балаларыңыз мәз болды. Сіздерде қуанып қалдыңыздар.
Ата:- Көңілімізді көтеріп қуантқандарыңа мың да бір рахмет. Өнерлеріңді көрсеттіңдер, өнерлерің өрге жүзе берсін, бақытты болыңдар!
- А, Құдай бере бер,
Еліме береке бер,
Баянды бақыт бер,
Басқа амандық бер
Асқа адалдық бер.
Ырыздығың үйден
Абыройың түзден болсын!
Еңбегің өнімді болсын,
Не тілесең қабыл болып,
Құдай тілеулеріңді берсін!
Аумин!

Жүргізуші:- Наурыз баршамызға береке - бірлік әкелсін. Әрбір жанұяда сәбилеріміздің сыңғырлаған күлкісі көбейсін, сіздер шаттыққа бөлене беріңіздер.
- Аман - сау келесі наурызда кездескенше күн жақсы болсын! Ал балалар біз тобымызға барып әжеміз әзірлеп әкелген наурыз көжеден ауыз тиейік.

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы
"Балдырған" балабақшасының тәрбиешісі
Алибекова Улмекен Мухамбетовна

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама