- 05 қыр. 2016 00:00
- 210
Астанада балабақша кітаптарына ұзын-сонар кезек пайда болды
Астанада балабақша кітаптарына деген сұраныс күрт артып, ата-аналар сергелдеңге түсті.
Кітап сататын дүкендерде ұзын-сонар кезек қалыптасып, тұрғындар әлеуметтік желіде шу көтерді.
Ата-аналардың айтуынша, бір балаға шамамен 10-15 кітаптан сатып алу керек, оның жалпы құны 12 мың теңгеден асып жығылады.
«Екі балам бар, біреуі 3-те, екіншісі 4-те. Балабақшада кітап тізімін бергеннен соң, сатып алдық. Әрқайсысына 12 мыңнан астам теңге кетті, екі балаға 25 мың теңге», - дейді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында екі баланың әкесі Р.Нүсіпбек.
«Екі балам да мемлекеттік балабақшаға барады. Оқулықтардың тізімін берді. Жалпы 25 мыңға таяу қаражат кетті», - дейді Айнұр есімді ана. Ол да Алматы кітап дүкенінің алдында кезек көп болған соң, Астананың Орталық базарынан кітап сатып алған.
«Барлығы мектеп оқулықтары туралы мәселені көтереді, бірақ балабақша кітаптары туралы үн жоқ. Бізге 15 кітаптің тізімін берді. Олардың ішінде 2-еуі әлі баспадан шықпапты. Бүгін 6 дана кітап алдым, шамамен 7500 теңге жұмсадық. Кітап дүкен сөрелерінде бітіп қалған», - дейді Фейсбук қолданушыларының бірі Сая Хасен.
Егер жағдай осылай келесі жылы қайталанатын болса, баланы мектепке беруге тура келеді деп қалжыңдайды ол.
«Неше жастан алады келесі жылы мектепке? Бізге қазан айында 5 жас толады. Біз сол бақытты жандардың қатарында бола аламыз ба?» - дейді С.Хасен. - Неге балабақша әдістемешілеріне түсініктеме жұмыстарын жүргізбейді, оларға неге түсіндірмейді? Ешкім ештеңе білмейді. Жаңа оқу жылында бұл не қылған дайындық?»
Фейсбук пайдаланушыларының бірі Мадина Кәрібаева дүкен алдында жиналған жұрттың соншалықты әбігерге түскендігін жазып, аталған жағдайдың неден пайда болғанын таппай дал.
«Алматыкітап» алды толған нөпір адам, бірін-бірі басып жатыр, кезек көшеге дейін созылып жатыр. Бір-бірлеп кіргізеді. Онда кейбір оқулықтар жоқ, қолда бар кітаптардың тізімін сыртта іліп қойды. Орталық базарда да осындай жағдай. Барлық кітапты таппайсың. Бала саны мен кітап тираждарын дұрыс есептемеген шығар. Біз мектеп алды білім беру орталығында оқимыз, 10 кітап алу керек, 6 оқулықты сатып алдық, 10500 теңге болды», - дейді М.Кәрібаева.
«Балабақша ата-аналары мені түсінетін шығар. «Алматыкітап» дүкендерінің бірі. Кеңес заманына қайтіп оралдым, кезекте соңына дейін тұру керек, бірнеше адамнан ғана кіргізеді. Осыны автоматтандырып, интернет арқылы сатып алудың жолын жасауға болмайды ма?!» - деп жазады Айгүл Әмірханова Фейсбукке дүкен алдында жиналған жұрттың фотосуретін салып.
«Мына кезек КСРО кезіндегі гастрономдардың алдында болған кезекті еске салады. Оқу басталғанда жыл сайын болатын оқиға, осыны жүйелеуге болмайтын ба еді?! Оқулықтарды бірден білім мекемелеріне жеткізіп немесе интернет дүкен ашуға болмайды ма, "Қазпоштаның" postmarket.kz алаңы бар, баламасын жасауға да болар еді ғой», - деп шағымданады Фейсбук пайдаланушыларының бірі Қуаныш Ризанов.