Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Айгөбекке ақындар қой сойғызыпты

Ертеде Сыр елінің үш ақыны жайлаудағы мал баққан ауылдарда бір жаз болып, қайту сапарында Сырдария жағасында, қалың жыңғыл арасына тігілген бір қараша үйге келіп түседі.

Бұл — Сыр бойына сараңдығымен аты шыққан Айгөбек деген байдың үйі екен. Айгөбек тоғай толған жылқысы, қора толған қойы болса да, өмірінде басына бүтін үй тігіп, үстіне тәуір киім кимеген, қарны тойып ас ішпеген кәдімгі Қарабайға ұқсаған сараң болса керек.

Алыс жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан үшеуіне Айгөбек жуығырақта сусын бергізе қоймапты. Әлден уақытта дастарқан жайған болып, Майлы ақынның алдына бір кесе шай, Мәді ақынның алдына бір шөкім сарымай қойып, екі уыс қуырған бидайды шаша салыпты.

Сонда Майлы тұрып, оң жағында отырған Мәдінің тізесіне тізесімен нұқып қойып:

— Қызыл шайдан жүрегім үркіп отыр, — депті.

Мәді жалма-жан жалғастырып:

— Май жегендей жүрегім кілкіп отыр, — деп Бәкеңе қарапты. Бәйдебек те тоқталмастан іліп әкетіп:

— Екі-ақ уыс жем жеген торы аттай боп, Бәкең де ат дорбасын сілкіп отыр, — деп орнынан ұшып тұрыпты.

Масқараға ұшырамасам игі еді деп ойға келген Айгөбек сасқанынан:

— Ой, жойқандарың құрысын, сендер кәдімгі жүйріктердің дәл өздері екенсіңдер ғой, мен жай бір жолаушы ма деп менсінбей отыр едім. Айгөбек сараң деп найзаның ұшына іліп, жұрт алдына мазаққа айналдыра көрмеңдер, масқара ғып жүрмеңдер, — деп бас иіп құлдық қыпты. Жайылып төсек, жантайып жастық болып, қой сойып, ет асып ақындарды сыйлап шығарып салған екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама