Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
«Айқап» журналының шыққанына 110 жыл

Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы болған Айқап журналының жарық көргеніне биылғы 2021 жылдың қаңтар айында 110 жыл толмақ. «Әй қап» деген сөзден басталған бұл журнал бар-жоғы төрт жылға созылған қысқа ғұмырында қазақ халқының ең өзекті деген мәселелерін көтеріп, халықтың көзі мен құлағы бола білді. «Айқап» журналының алғашқы саны Троицк қаласында 1911 жылдың қаңтар айынан бастап жарыққа шықты. Журналды елі десе емешегі езіліп, жұрты десе жүрегін жұлып беруден таймайтын ұлтжанды азамат, қоғам қайраткері, ақын, аудармашы Мұхамеджан Сералин басқарды. Сондай қиын-қыстау заманда қазақ тілінде журнал шығару оңайға соқпағаны хақ. Мұхамеджан Сералин журналды алғаш жұрттан қарызға ақша алып, пай жинап жүріп шығарған. Журналдың шығуына қолдау көрсетіп, жәрдем берушілер қатары көбейген 1912 жылдан бастап журнал айына екі реттен 12-24 бет көлемінде жарияланып отырды. Бас аяғы 500 таралыммен шыққан «Айқап» журналы қаржының тапшылығынан 4 жылдан кейін, яғни 1915 жылы жабылды. М.Сералин Басқармадан (1915) деп аталған мақаласында бұл журналды ашудағы басты мақсатын былай деп түсіндіреді: ...Мақсатымыз дүние жиып, байымақ, пайдаланбақ емес, тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді... Журнал шығарғандағы мақсатымыз - халыққа жол көрсетпек еді...». Одан бөлек қайраткер Аштық хаһқында, Келешек заманымыздың қамы, Қазақ халқының мұң-мұқтаждығы, Қазақ жастары, Отырықшы болған қазақтар туралы, Шәһар Троицкі, март, 1912 жыл, Жер әңгімесі секілді т.б. мақалаларында қазақ халқының жоғын жоқтап, жер, оқу-ағарту секілді басты мәселелер аясында келелі ой-толғамдарын талқыға салған. Шәһар Троицкі, март, 1912 жыл атты мақаласында Алаштың ардақты азаматы М.Сералин: «...Біздің ілгері келешек күніміз де, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол - оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек, өнерлі жұртқа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық қылып, оқушы талапкерлерімізге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды», - деп жазды. «Айқап» журналының беттерінде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев және Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов сынды халқымыздың біртуар қаламгерлерінің еңбектері тұрақты жарияланып отырған. Ал осы орайда журналдың «Айқап» деп аталуы жайында сөз қозғайық. Журналдың осылай аталуының себебі оның бірінші санында айқын жазылды. «Біздің қазақтың «Әй қап» демейтұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық.Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы» дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтау үшін қала салмақ болдық. Қолдан келмеді. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап» ынтымақсыздығымыз-ай дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға «ендігі сайлауда көреміз, «қап», бәлем-ай» дедік. Осындай біздің қазақтың бірнеше жерде «қап» деп қапы қалған істері көп. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкінішімізге лайық «Айқап» болды» - деп көрсетілген. Белгілі жазушы Дулат Исабеков «Айқап» журналына қазақтың алғашқы баспа көрген, ресми әрі кәсіби журналы болды деп баға берген. Жазушының пайымдауынша, Айқап журналы арқылы қазақ халқы алғаш рет баспа бетінде өз ойын ашық еш қаймықпастан айта білді. Ал ақын Мырзан Кенжебайдың айтуынша аталмыш журналдың қазақ халқының есінде қалуына оның алғашқы болып жарық көруі емес, қазақтың жоғын жоқтаған журнал болуы және қазаққа рухани азық бола білуі себеп болғанын көрінеді. Тұңғыш журналды қазақ қауымы үлкен қуанышпен, шаттықпен қарсы алды. Өзі шығып отырған 1911-1915 жылдар аралығында журнал қоғамда орын алып жатқан өзгерістерді оқырмандарына жаңаша нақышта жеткізуге тырысты. Күн тәртібіне шыққан дін, жер, оқу-ағарту, қала, мешіт, мектеп, медреселер салу, көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа көшу, тіл мәселесі, теңдік, қоғамдағы әйелдің орны, ғылым үйрену секілді тақырыптарды қозғады. Қорытындылап айтар болсақ «Айқап» қалың бұқараның қоғамдық санасын оятып, қазақ жастарын оқу-білімге, өнер-ғылымға жетелеген, өмірге жаңаша тың көзбен қарауға жол ашқан басылым болды.

 Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультеті т.ғ.д.,профессор Қаражан Қ.С.

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс магистранты Нұрахимова Ж. Ф. 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама