Photo: Juan Pablo Serrano (https://www.pexels.com/@juanpphotoandvideo) / Pexels
- 12 ақп. 2026 11:31
- 21
«Балам тағдырын сезгендей болды»: ақын Серікзат Дүйсенғазы жанын ауыртқан кезеңді еске алды
Ақын Серікзат Дүйсенғазы өзінің YouTube арнасындағы сұхбатында басынан өткерген ең қиын кезеңдерін, әсіресе ұлынан айырылғандағы жан күйзелісін жасырмай айтып берді. Бұл туралы Stan.kz сайты Ozgeris.info-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Ақынның айтуынша, ұлының қайтыс болғанынан кейін ол біраз уақыт есеңгіреп қалған. Кейіннен марқұм ұлының жазған өлеңдерін тауып алғанда, оның тағдырын алдын ала сезінгендей әсерге бөленгенін жеткізді. 15 жасар ұлының терең философиялық ойларға толы туындылары ақынды қатты ойландырған.
«Қайғы – сынақ. Құдай сынақты да бекер бермейді, оның философиялық астары бар шығар. Кейін баламның өлеңдерін тауып алдым. Сол өлеңдерінде өзінің тағдырын сезгендей жазады. 15 жасында терең философиялық туындылар жазған. Ойланып қалдым, бұл жай нәрсе емес қой деп», – деді Серікзат Дүйсенғазы.
Ақын бұл ауыр кезеңде оған қолдау көрсеткен аға буын өкілдеріне алғыс білдірді. Олар мұндай қасіретті көтере алмай, өмірден озған жандарды мысалға келтіріп, ақынды жұбатқан.
Серікзат Дүйсенғазы үшін анасының дүниеден кетуі де үлкен соққы болған. Ол анасын «әулеттің бар қайғысын өзімен бірге алып кеткендей болды» деп сипаттады.
Сұхбатта ақын ұлының анасы, жары Айнұрдың бұл жағдайдан әлі күнге дейін толық шыға алмай жүргенін де айтып өтті.
Айта кетейік, Серікзат Дүйсенғазының ұлы Әлихан қайтыс болғаннан кейін 9 ай өткен соң Әлімхан есімді перзенті дүниеге келген. Ақын бұл сәбидің жоспарланбаған, көптің батасымен келгенін атап өтті.