Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бақыт гүлін терген күн. /патриоттық кеш
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы,
Темірбек Жүргенов атындағы
№123 мектеп - лицейдің кітапхана меңгерушісі
Абишева Сауле Нургазиевна

Бақыт гүлін терген күн. /патриоттық кеш/
Кештің мақсаты: Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы Жеңіс туралы мағлұмат беру. Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, соғыстан оралған, қазіргі кезде арамызда жүрген ардагерлеріміздің ерлігін үлгі ете отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілік: «Тарих. Тағылым. Тағзым» атты тақырыптық көрме.
Дәйексөз: «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз» [1]
Кітапханашы: Күнде той көктем біздің елімізде,
Секілді бар бақыттың кені бізде.
Жиылмай Жеңіс күні жетті тағы
Жеңіс пен қаһармандық күніміз де. [2]
Бүгінгі мынау бейбіт күн, ашық аспан, тәуелсіз елдің қарышты қадамдары – сол Ұлы Жеңістің игі нәтижесі. Жеңіс мерекесі – ұлы мереке. Бейбітшілікті сүйетін барша адамзаттың ұлықтар күні. Сіздерді бүгінгі бейбіт өмірдің негізін қалаған, бар ұрпақ ұлық тұтатын 9 мамыр Жеңіс күні – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Қазақ биі: «Балдырған»

Кітапханашы: «Қандай ғажап бейбіт өмір тіршілік,
Ешбір пенде жүрмесе екен күрсініп.
«Соғыс аты жойылсын» деп үйретем.
Сәбиіме жаңа күлген тіл шығып.» [3] - деп ауданымыздың Социалистік Еңбек Ері Еспанов Ұзақ атамыз жырлағандай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осынау бейбіт заман бізге оңайлықпен келген жоқ. Отан соғысының отты жылдарында Қазақстандық жауынгерлер қайталанбас ерліктер көрсетсе, тылдағы халық отансүйгіштіктің керемет үлгісін танытып, жеңіс күндерін жақындата түсті. Еңбектегі бұл ерлік, төзімділік, болаттай берік бірлік мәңгі ұмытылмайды.
Ән: Тәуелсіз Қазақстан
Кітапханашы: Ұлы кешке сенген күн,
Фашистерді жеңген күн.
Ағаларға ерген күн,
Бақыт гүлін терген күн — деп ақын Қадыр Мырза Али жырлағандай «Бақыт гүлін терген күн!» атты Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған патриоттық кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Дүниені дүр сілкіндірген кешегі Ұлы Отан соғысы әрбір отбасына үлкен қайғы – қасірет әкелді. Ұлы Жеңіс! Қаншама боздақтардың өмірін қиған, талай шаңырақты ортасына түсірген соғыс өртінің өшкеніне 70 жыл өтті. Олардың ерліктері ешқашан ұмтылмайды. Отан үшін от кешіп, баянды болашақтың іргесін қалаған аға ұрпақ өкілдерінің алдында әрдайым құрметпен бас иеміз. Олардың Отан қорғау жолындағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі өнегелі істері кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Ән: «Ағалар»

Кітапханашы: Сұм соғыс талай жұрттың іргесін шайқалтып, қабырғасын қаусатты. Ел халқы мыңдаған азаматтарын жоғалтып, бала - әкеден айрылды. Ажал оғынан аман қалған соғыс ардагерлерінің біразы бізбен бірге ХХІ ғасырда нық қадам басуда. Ардагерлердің еліміздің нұрлы болашағы жолында жасаған ерліктерін, ерен еңбектерін бүгінгі өскелең ұрпақтарымыз жалғастыра береді. Адамзат тарихында ең алапат соғыс саналған Ұлы Отан соғысы жылдарында еліміздің тәуелсіздігін, келер ұрпақтың бейбіт өмірін қаһармандықпен қорғап, жеңіске жеткендерін мақтаныш етіп, оларды ерекше құрмет тұтамыз.
1 – оқушы: Болмасын деп қауіп – қатер жер үсті,
Бар адамның өмірі үшін келісті,
Бүгінгі жас ұрпақтың атынан
Жалғаймын деп ант етемін Жеңісті! [4]
2 – оқушы: Ерлік деген – Отан қорғау ұққанға,
Ездер бірақ биіктерге шыққан ба?
Өмір - өлім, белдескенде бетпе-бет
Қорықпады жауып тұрған оқтан да!
3 – оқушы: Ұмытпан, ұмытпан Жеңіс күнін,
Кезі еді тыныстаған жер үстінің.
Берлинде жүрді шалқып қыр қазағы,
Алқызыл желбіретіп жеңіс туын. [2]
4 – оқушы: Айғағы күшіміздің – Жеңіс күнім
Бақытты – Бейбітшілік жер үстінің.
Алуан ел азаматы соңымызда,
Келеміз жоғары ұстап Жеңіс туын! [2]
5 – оқушы: Осылай еткен, осылай өткен бабалар,
Салты боп солай кейінгілерге тараған.
Ұрпағы үшін – келешек үшін қаймықпай,
Қажет болса өлімді артық санаған. [5]
6 – оқушы: Біреулер өтті жасарын жасап өмірден,
Біреулер өтті ажалы болып темірден.
Қаншама жандар майданда кетсе оққа ұшып,
Қаншама жандар аштықтан қирап көмілген. [5]
7 – оқушы: Әлемді еткен таң қылып,
Жолдарың жатыр жаңғырып,
Рухыңа тағзым етеді
Бас иіп ұрпақ мәңгілік.
Кітапханашы: Ұлы Отан соғысының 1945 жылы жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл толды. Осы бір даңқты Жеңіс күні – 9 мамыр тарихымызға неғұрлым тереңдей еніп, алыстаған сайын оның ұлылығы мен мән - мағынасы дараланып, маңызы арта береді. Қан майданда ажалмен арпалысып жүріп, ғажайып ерлік жасаған аға - ұрпаққа деген құрмет сезіміміз еселене түседі. Елбасымыз: «Сын сағатта ерлігіміз де, елдігіміз де бойымыздан табылды» [6] демекші біздің жаужүрек аға - апаларымыз елдігіміз бен ерлігімізді, Отан сүйгіштігімізді паш етті. Олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан да ұмытылмайды, ол мәңгілікке қалады.
Би: «Сарбаздар»

Кітапханашы: Сол сұрапыл соғыс жылдары біздің ондаған мың жерлестеріміз, қызылордалықтар кешегі ортақ Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі, жер бетінде бейбіт өмір орнауы жолында кеуделерін от пен оққа тосты. Еркіндік пен қатыгездік айқасқан бұл соғыста Сыр елінің 21 азаматы Кеңес Одағының Батыры атанды. Осындай алапат соғыс пен аға апаларымыздың ерліктерін өз қаламдарыман жырға қосқан сыр елінің ақындарының шығармаларына кезек берейік. [6]
1 – оқушы: «Жаса мәңгі, бейбіт өмір тіршілік»
2 – оқушы: «Майдангер – ардагерлер жайлы толғау»
3 – оқушы: «Жеңіс»
4 – оқушы: «Ағаларға арнау»
5 – оқушы: «Жеңістің туған күні»
Кітапханашы: Соғыс жылдары қазақстандық бес әскери құрамға «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына әлденеше ордендер қадалды. Олардың жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналды.
Халқым үшін қайғырып,
Халқым үшін жұбандым...
Енді қашан ай күліп,
Алты алашқа туар күн?![7] – деп айтқан, атақты панфиловшы батальон, кейіннен дивизия командирі болған Бауыржан Момышұлының 105 жылдық мерейтойы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр. Батырдың есімі соғыс тарихынан мәңгілік орын алады.
Кітапханашы: Бүгінгі кешімізде қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының ерлікпен өрліктен өрілген өмірінен сыр шертпекпіз. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызына» арқау болған батыр Бауыржанның ғибратты ғұмыры кейінге үлгі. Батырдың балалық шағынан бастап майдан шегінде тар жол тайғақ кешіп, қиян кескі ұрыс даласындағы жау шебінің ұрынтал тұсын дәл тапқан тапқырлығын жазушы батырдың баяндаумен сырласа отырып жазып алған.
Диалог әңгіменің ұзын - ырғасы он бір тараудан тұрғаны мен кезінде «Ақиқат пен аңызға» кірмей қалған қалтарыстарда қамтылады. Жазушының осы сүбелі еңбегінің негізінде батыр баба өмірінің кейбір сәттерінен сыр шертпекпіз.
Көрініс:
Әзілхан: Сәлеметсіз бе?
Әйел: Саламат па.
Әзілхан: Үйде Баукең бар ма?
Әйел: Үйде. Бұл қайдан екен?
Әзілхан: Бұл «Жұлдыз» журналы редакциясынан еді ғой.
Әйел: Қазір
(Әйел трубканы тастап кетеді)
Бауыржан: Мен тыңдап тұрмын.
Әзілхан: Сәлеметсіз бе? Бауке
Бауыржан: Сәлемет
Әзілхан: Бұл «Жұлдыз» журналы редакциясынан ғой, мен осында жұмыс жасайтын Әзілханмын ғой, сізден бір бұйымтайым бар еді, мерекелік нөмірге сіздің мақалаңызды жоспарлап едік. Соған....

Бауыржан: Тоқта, фамилияң кім?
Әзілхан: Нұршайықов
Бауыржан: Мен ондай адамды білмеймін, мен сізбен сөйлеспеймін.
Әзілхан: Мақалаға қатысты 40 сұрақ дайындап алып, Баукеңнін үйіне тарттым.
(есікті қағады)
Бауыржан: Әй, ашсаңшы.
(әйелі есікті ашады)
Әзілхан: Апатай сәлеметсіз бе?
(қолынан алады)
Әйел: Кіре ғой, сәлемет пе.
Әзілхан: (Бауыржанға қарап) Здравия желаю, товарищ полковник!
Бауыржан: (бетіне алара қарап) Ия, неге келдің?
Әзілхан: «Жұлдыз» журналы сіз туралы мақала жазып кел деп еді. Сіз ерлігіңіз туралы өзіңіз жаздыңыз, басқа авторлар да жазды, дегенмен айтылмай қалған жерлер бар сияқты. Солардың ішінен не жазу керектігі туралы сізбен ақылдасуға келдім.
Бауыржан: Немене, ол мақаланы саған мен жазып беруім керек пе? Кругом!
Әзілхан: Бауке, дат.
Бауыржан: (мырс етіп күліп) Дат деймісің! Датың болса айт.
Әзілхан: Бауке, мен сізге қарамай тұрмын ғой, өзіңізге қарауға рұқсат етіңіз.
Бауыржан: Бұрыл!
Әзілхан: Бауке, мен сізге жазып беріңіз деп келгенім жоқ, сізге қоятын сұрақтарым бар, соларға жауап берсеңіз, мен өзім жазып шығамын.
Бауыржан: Әкел!
(Әзілхан осы жерде жазып келген сұрақтарын Бауыржанның қолына ұстатады)
Бауыржан: (біраз оқып отырып) Да, это серъезно. Мында кел. Аман - есенсің ба?
Әзілхан: Шүкір, Бауке.
Бауыржан: Отыр.
Әзілхан: Бауке денсаулығын қалай?
Бауыржан: Мен сал аурумын, сал аурудың не екенін түсінесің бе?
(Түсінген сыңай танытып басын шайқайды)
Мына асқазан, өкпе, бауыр жүрек дегендердің сап - сау.
(Қолың беліне апарып)
Ал, мына жақ ит боп кетті, жүре алмаймын.
(Осы кезде шай келеді)
Әзілхан: (Әзілхан столдың үстіндегі тұрған ақ қағазды көрсетіп) Бауке, рұқсат болса мына қағазға жазсам ба екен?
Бауыржан: Е, жазғын, саған әдейі қойылған қағаз ғой. Ал «Жұлдыз» саған не жаз деп отыр?
Әзілхан: Оларға сіздің 60 - қа толуыңызға орай бір нәрсе керек сияқты. Сондықтан да сізбен тілдеспей, сізден рұқсат алмай ештеңе жаза алмаймын. Міне, бүгін қалың оқырман қауымға сіз туралы не айтуға болады деп өзіңізбен ақылдасуға келдім.
Бауыржан: (Бауыржан біраз үнсіз отырып, төсекте шалқайып жатты да, басын жай көтеріп, әңгімесін бастайды) Мен туралы менен рұқсатсыз ештеңе жазбаймын дегенің дұрыс. Бірақ, біріншіден, қарағым, сен өкпелеме, мен өзім туралы ешкімге мақала диктавать етпеймін. Екіншіден, мені мақтап жаз деп ешкімге де айтпаймын!
Әзілхан: Онда қалай болады? Менің не істеуім керек?
Бауыржан: Осы тойғаныңмен қайта бер қарағым.
Әзілхан: Тойып қайтсам арманым не, тоймай тұрмын ғой, Бауке.
Бауыржан: Ал, сұрағың болса сұра.
Әзілхан: Сіз бала күніңізде қандай кітаптарды қызыға оқыдыңыз, Бауке?
Бауыржан: Мен жас кезімде де, ересек күнімде де кітапты көп оқыдым. Осы күнге дейін кітаптан бас алмаймын. Құныға оқығандарым француз, орыс және испан классиктерінің кітаптары. Диккенсті түсінбедім, аяғына дейін оқи алмадым.
Әзілхан: Сіз сонда кім болсам деп арман еттіңіз?
Бауыржан: Мен ол кезде тек қана қатарымнан қалмауды ғана ойладым.
Әзілхан: Әскерде, соғыста қандай кітаптарды оқыдыңыз? Қандай жағдайда, қалай оқыдыңыз?
Бауыржан: Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» мен Севастополь әңгімелерінен, Пушкин мен Лермонтовтың әскери прозасын, адмирал Нелсонның кітаптарын, қазақ кітаптарынан мен Абайды ешқашан да жанымнан тастаған емеспін. Әскери көзбен қарасаң Абайдың өзі қып - қызыл соғыс. Рас айтамын. Мәселен оның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі жатқан соғыс.
Әзілхан: Сіз он алты жасыңыздан бастап өлең жазыпсыз. Алғашында ақын болсам деп талап қылған жоқсыз ба?
Бауыржан: Ешуақытта пәлен боламын, түген боламын деген емеспін. Қайда қандай қызметте жүрсем де жүректегі ұраным қазақтың: «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалы болды. Ақындыққа, шенге, атаққа ешқашан қызыққан емеспін. Генерал болсам, маршал болсам, герой болсам деген емеспін.
Әзілхан: Сіз қандай адамды қадірлейсіз? Қандай адамды жек көресіз?
Бауыржан: Ардақты ананы қадірлеймін. Ары бар азаматты ардақтаймын. Талабы бар жасты құрметтеймін. «Бауке, мына сөзіңіз құдайский, сіз данышпансыз» деп, көзге мақтап көлгірситін ініні жек көремін.
Әзілхан: Сіздің көп нақылдарыныздың ішінде әсіресе, өткір, уыттысы – «Бақаның бағынан, сұнқардың соры артық» деген мақалыңыз қалай туды?
Бауыржан: Генерал Панфилов қайтыс болғаннан кейін аз уақыт болса да бір командирге тап болдық, ол бүкіл дивизияның берекесін алды. Сондай бір қысылғанда ауыздан шыққан сөз ғой, қарағым.
Әзілхан: Бұрынғы мен бүгінгіні, болашақты салыстыра отырып, арт пен алға көз жібере келіп, жас ұрпаққа қандай ақыл айтар едіңіз?
Бауыржан: Алдымен Россияның адамзат алдындағы баға жетпес еңбегін әрқашан еске алып отыру қажет дер едім. Одан кейінгі айтатын сөз мынау:
«Ей бүгінгі жас қауым, бейтаныс арғы ұрпақ! Әр әке балам бақытты болса екен, үрім - бұтағым үзілмесе екен, өшпесе екен деп тілейді. Біздің әкелеріміз бен апаларымыз қаралы жексенбіде қан кешіп жүріп, бізге ұядай Отанымызды жасап берді. Жастарымыз отаншыл болсын. Жастар араққа үйір болмауы керек. Арақ - адамгершіліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ - азғындыққа жетелейді. Ей, жүз жылдан кейінгі үрім - бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ! Естисің бе менің үнімді, жете ме саған менің даусым. Сендерге айтар екі ауыз сөзім бар. Ол - Отанды сүйіңдер, оны қорғандар, оған қызмет етіңдер! Халықтар достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстаңдар! Жеңіске жетіп қуанышқа кенелді, жетпеген арманда кетті. Өзіміз өлгенше олардың аттарын ұмытпайық. Ал тірілер бір - бірімізді шын жүректен құттықтайық, сыйлайық, қадірлейік!»
Кітапханашы: Иә осындай өнегелі өсиет айтқан батырларымыз қашанда мәңгілік тағзымға лайық.
Содан да болар өліні сыйлау салтымыз,
Таймаған бұдан қашанда болса қалпымыз.
«Аруақ!» - деп ата – баба рухына,
Табынып өткен, тәу етіп өткен халқымыз.[5]
Сұрапыл соғыстағы аға буынның жан аямас жау жүректігі, ерен еңбегі, туған елге, жерге деген патриоттық ыстық ықыласы келешек ұрпақ санасында жаңғырып тұрары даусыз. Әділдік пен зұлымдықтың соғысы деп бағаланған майдандағы ерліктері бүгінгі мен келер ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің, Отан қорғаудың жоғары үлгісі болып қала бермек. Құрметті қонақтар Ұлы Жеңіс мерекесі күні баршаңызға құтты болсын! Елімізге тыныштық әр шаңыраққа аманшылық, еңбектеріңізге жеміс тілейміз!

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама