Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
Исатай мен Жәңгір ханның қарсы болуы

Беріштің басты адамдары Исатайды ертіп ханға барады. Хан олардың жұмысын сұрайды. Барған басшы адамдар Балқы бидің орнына Исатайды би етіп тағайындауын сұрайды. Хан Исатайға қарап тұрып сынайды. Содан кейін барған беріштің басшыларына:

— Жігіттерің сырты қысқа, бауыры жазық, жүргіш болғандай екен», — дегенде, Исатай тұрып:

— Жүргіш болсам, қызметің жылдам бітер, ашулы болсам, көңілім келсе, күлдіремін, көңілім келмесе, бүлдіремін, — депті.

Сонда хан тұрып:

— Әр ханның тұсында бір сұрқылтай болады дейтін еді, менің заманымдағы сұрқылтай осы болмағай еді, — деп айтады да, — халық басшылары алып келген соң, мұнда болсын!» — деп алып қалады. Содан кейін Исатай жұмысқа араласып жүреді. Бір күндерде хан бесін намазын оқиын деп мешітке жүргенде, Исатай үстіне қара құлын терісінен тіккен жарғағы бар, басына қара бұйра бөркі бар орамның екінші бетімен ханнан озып мешітке қарай жүре беріпті. Хан Исатайдың мұнысын көтере алмай:

— Мына Исатайдың қара тазыға ұқсап сылақтап жүрісін-ай! — дейді. Сонда Исатай тұрып:

— Хан! Алдыңды сылақтаған қара тазың болса, артыңда он екі төбетің болса, саған қасқыр шаппас, — депті. Исатайдың бұл сөзіндегі «он екі төбетің» дегені ханның қасындағы он екі биді айтқаны.

Хан үнемі қарсы келе берген соң Исатайды жұмыстан қалдырып, босатып жібереді. Түрлі жерде айтқан қарсы сөздері үшін тоқсан атан айып тарттырады. Сонан кейін аралары ашылып, ауа көтеріліп кетеді.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама