Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Бауырларымыз келді

Неге екені белгісіз, өз халқымның тарихы, тағдыры жайлы ойлана бастасам болғаны бұдан ғасырлар бұрын айтылған зарлы өлең есіме түседі.

Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Неткен мұңды өлең десеңізші! Қиын-қыстау жаугершілік замандағы ел басына түскен ауыртпалықты осынау халық әні қалай дәл жеткізген! Қаратаудың басынан түскен көш жай көшіп-қонды емес, қаралы көшке ұқсамай ма? Атақты «ақ табан шұбырынды» уақыты көз алдыңа келеді.

Иә, одан бері өмір өзгерді, ел өзгерді. Адамзат дамуының жеделдеген тұсында өнері мен білімі, мәдениеті мен экономикасы қарыштап дамыған тағы бір ел келді өмірге. Шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке үдере көшіп жүрген көшпенді елдің көп ұзамай қуатты республикаға айналуының сыры неде еді?

Мұның сырын ұғу үшін тарих тегершігін дәл 250 жылға кейін айналдыру керек. Екі халықтың ұлы достығы ресми түрде бұдан 250 жыл бұрын басталды. Шынында да үлкен болмаса ұсақ ұлттар тағдыры не болар еді? Бұрын күші, дәулеті артта болды, ұлт араздығы қозатын. Қазір ше? Ұлттардың тең праволылығын заң жүзінде Конституция қорғап отыр. Коммунистік партия басшылығы көп ұлтты совет халқын коммунизм биігіне бастап келеді. Енді бүгінде қаралы Қаратау да жоқ, сыңсыған ән де естілмейді. Экономикасы дамыған айбынды Қаратау бар, өмірдің асқақ сырын шерткен жігерлі ән келеді құлаққа. Сол әнмен тербелген көңілге Абай мен Достоевский достығы әрқашан ыстық.

Өз басым «Татьянаның әнін» баспасөздің жоқ кезінде, алыстағы ауылда жүріп естідім. Ұлы Абай, Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедриндерді Шыңғыс тауларының ішінде жүріп аударды.

Орыс мәдениеті — бүгін де іргелі мәдениет. Біз орыс әдебиеті арқылы дүние жүзілік жетістіктерді пайдаланып отырмыз, орыс тілі арқылы әлемдік білімді бойға сіңіріп келеміз. Орыс тілін еркін меңгеру арқылы біз әлем мәдениетінің шыңына шығамыз. Сәкен, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит орыс әдебиетінің нәрімен сусындаған. Сол дәстүр бізге де ортақ, сол өнеге бізге де өнеге.

...Горькийді көре алмадым. Бірақ, кейінгі Фадеев, Тихонов, Сурков, Фединдермен бірге болған, сырласқан сәттерім көп. «Миллионер» атты шығармам қазақ әдебиетіндегі түрлі ұрдажық сынның соққысына ұшыраған тұста Фадеев араша түсті. Парижде сөйлеген сөзінде оны «біздегі ұлттар әдебиетінің жаңа жетістігі» деп бағалады. Симонов «Миллионерді» «Дружба народов» журналына ұсынылған қолжазба күйінде оқып шығып, «Біз аз ұлттар әдебиетінен де үйренуіміз керек» дегенде төбеміз көкке екі елі жетпей жүрді.

Өткенді ойласаң бәрі ыстық, көңілге көп жайды салады. Москваға арнайы сапарымда Фадеевтің қабылдауына келгенім есімде. Кезек күтушілердің соңы көрінбейді. Үмітім үзіліп соңғы орындықтардың біріне отыра кеттім. Кенет атымды дауыстап атап қасыма келіп қалған әйелді көргенде жүрегім жарылардай қуанып кеттім. Бұл — Мариэтта Шагинян еді. Құлағының мүкісі бар, дауыстап сөйлемесең естімейтін кезі. Қабылдауға алыстан келгенімді жазып, бір жапырақ қағазды Фадеевке кіріп бара жатқан Шагинянға ұстата қойдым.

Әлден соң іштен Фадеев пен Шагинян шықты. «Мұстафин жолдас кіріңіз» деген Фадеевтің даусы бойымдағы сенімсіздіктің бәрін ысырып тастағандай көңілді естілді.

Сол жолы Фадеев үстінен шағым көбейген «Шығанақ» атты шығармамды алып қалды. Орысшаға аудартып, дайындап әкелгенмін. Кейін баспаға беріпті. Қолжазбаға «Басылсын» деп жазып, леп белгісін қойған екен. Осылайша «Шығанақ» Москва арқылы өмірге келді. Мұның бәрін айтып отырған себебім, орыс жазушыларының өзге ұлттар әдебиетіне қай уақытта да қамқорлық жасап отырғандығы, оның көп ұлты совет әдебиетінің бір саласы деп, төл ісіміз деп қарағаны. Осы үшін де орыс жазушыларына мың да бір рақмет!

Қазақ әдебиеті орыс әдебиетінен көп нәрсе үйренді, сол секілді орыс әдебиеті де қазақ әдебиетінен аз нәрсе алған жоқ. Меніңше, Абайға дейін табиғат лирикалары әдебиетімізде көп болған емес. Абай орыстың озық мәдениетін үйренді, поэзиямызға табиғаттың төрт мезгілін суреттеу дәстүрін әкелді. Бұл жерде әсіресе адам образына айналған қыс суреті ерекше көзге түседі. Абайдың осы дәстүрі бұдан кейінгі әдебиетімізде де іргесін кеңейтіп, арнасын ұлғайтты. Халықтар достығы тақырыбы — бүгінгі сақа жазушыларымыздың көбінің шығармаларының негізгі тақырыбы.

Өмірмен біте қайнасқан реалистік әдебиетіміздің күш-қуаты Ұлы Отан соғысы жылдарында да айқын көрінді. Ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау уақытта Жамбылдың қаһарлы үні әлемді жаңғырықтырды. «Ленинградтық өрендерім» деген атақты өлеңі ленинградтық жауынгерлерді окопта тыныш жатқызбады, басқыншыларға деген ашу-ызаны еселей түсті, жеңілмес рухқа толы осы өлең орыс әдебиетінің мақтанышына айналды. Кейін Мұхтар Әуезов Мемлекеттік сыйлықты алып әлемге мәшһүр болды. Ғабит Мүсрепов «Қазақ солдатында» қазақ жауынгерлерінің орыс жауынгерлерімен бірге от кешкен күрделі тағдырын көрсетті. Мұның бәрі екі халық достығының, екі әдебиет достығының жемісі еді. Бұл достық тарихы әріден арна алады және бұл уақыт өткен сайын тереңдей түскен, мызғымастай берік сипатталған ұлы достық.

Мен өз өмірімде орыс жазушыларымен көп кездескен адаммын. Түрлі жағдайда кездесіппін, әр алуан үлкен форумдарда, әдеби кештерде, жол үстінде... Орта Азия жазушыларының форумына қатысу үшін Симонов, Софронов, қырғыздан Түгелбай Сыдықбеков бар, Индияға бірге ұштық. Тіке әуе жолының болмауынан Польша, Швейцария, Дания арқылы сапар кештік. Фединнің тікелей көмегі арқылы Москвада Сәкен Сейфуллиннің қиынға түскен юбилейін атап өттік. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвадағы күндері де есімде. Роза Бағланованың «Ах, Самара, городогын» орыс көрермендері ду қол шапалақтаумен қарсы алған еді. Осы кездесудің бәрінде мен орыс бауырларымыздың бір қасиетіне тәнті болған едім. Олар, шын мәнісінде, адал халық. Іштарлық бұларға атымен жат қасиет. Олар қай уақытта да қазақ мәдениетінің жетістігіне қуана білді. Енді біз бүгін осы бауырларымызды қазақ жерінде қарсы алып отырмыз. Бұдан 250 жыл бұрын төс түйістіріп табысқан бауырларымыз келіпті. Біз оларға «Қазақ жерінің дастарқаны, қазақ елінің алғысы шабыттарыңызға шабыт, табыстарыңызға табыс қоссын!» дегіміз келеді. Хош келіпсіздер, бауырлар!

15 июнь, 1982


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама