Біздің сүйікті дәрігер
Республикамыздың кинотеатрларында көрсетіле бастаған «Біздің сүйікті дәрігер» атты музыкалық-комедия Алматы киностудиясының ойламаған жерден тапқан табысы. Кейінгі жылдары одақтық экранға шығып, көркемөнер қайраткерлерінің өнерін көрсеткен фильм -концерттердің көпшілігі жұртшылықтан ұнамды баға алғанмен келе-келе біріне-бірі ұқсас машыққа түсіп кеткені мәлім. Ал, «Біздің сүйікті дәрігер» комедиясының олардан өзгешелігі — творчестволық коллектив осы жанрға келуде жаңа жол, шебер әдіс тапқан. Барлық оқиғаны сюжеттік қазыққа құрып, соның төңірегінде қойған мақсатын ақтаған.
Еңбекқор қарапайым совет адамы — абыройдың да, сый-құрметтің де иесі. Фильмнің идеялық өзегі осы. Қатардағы адал жандарға деген қамқорлық, жолдастық кең пейіл, бауырмалдық, совет адамдарына тән жоғары моральдық қасиетті паш ету шығарманың өн бойын алып жатыр. Осындай ізгі ниетті нысана етіп, фильм авторлары шығарманы көңілді комедиялық жүйеде шешкен. Екі сағатқа жуық көз алдыңыздан өтетін көптеген күлкілі жәйіттердің барлығы өмірлік берік өзегі, әсірелеусіз-ақ, әрі қызықты, әрі көркемдігімен тартады.
Сіз қазақ сахнасының белгілі шеберлері, өскелең жастарымен танысасыз. Олардың творчестволық лабораториясы мен кей сәтте іздену жолдарынан елес беріп бәрібір оқиғамен тұтастай қабысып отырады. Фильмде табиғат суреттері бар көркімен көрінсе, көңілді ән-күй, зілсіз күлкі, жылы юморға да бай. «Күлдірейінші» деген алдын-ала жасалған жоспар жоқ. Бәрі өмір процесінен, күнделікті шындықтан туып жатыр. Шығарманың құндылығы да осында. Фильмнен кең өлкенің бір бұрышы, етегі гүлге оранған, еңсесін орман басқан ақ басты Алатаудың бауырындағы бақытты совет адамдарының өмір тынысы сезілгендей. Әсіресе, астана көркі табиғат сыйға тартқан бар жасау-жиһазымен көрінеді. Бұл, фильмнің көркемдік құнының көтерілуіне көп әсерін тигізіп тұр.
...Жасы алпысқа келгенін өзі де аңғармай қалған санаторияның бас дәрігері Лавровтың туған күнін атап өтуге оның дос-жарандары дайындық үстінде. Фильмнің бар оқиғасын осыған ғана сиғызу сөз жоқ үлкен шеберліктен туған. Мұнда біз сценарий авторы Я. Зискедттің де еңбегін бағалай отырып, ең алдымен фильмді қоюшы Ш. Аймановтың режиссерлік мәдениет, талғам-талабының өсуімен бірге, зор талантының тағы бір қалтарысын танытқандығын байқаймыз. Ойлы да, өнерлі суретші, батыл қадамын бағалы еңбегімен дәлелдеп отыр. Қиын жанрдан өз бетін аңғартарлық жаңа соқпақ табу, кең құлашты, шеберлене кемелденген ойдан ғана туса керек. Фильмдегі әрбір деталь жеке персонаждардың бір-біріне ұқсамайтын дара жандарға айналуы, актер ойының әртүрлі бояуы айтқан пікірімізге айғақ бола алады.
Фильмдегі тағы бір ерекшелік бас кейіпкер Лавровтан (артист Ю. Померанцев) бастап көпшілігі бұрын кино — экранға шықпаған жас артистер. Кино ерекшелігінен хабарсыз орындаушылармен тұңғыш тың сапарға шығу да режиссердің «нар тәуекелінен» туып, жемісті аяқталған тәжірибелі табыс. Әдетте, Алматы киностудиясы әр фильмге «атақты жұлдыздар» іздеп, жарияға жар салып, әуре-сарсаңға түсетін. Бұл жергілікті кадрларға қомсына қараудан туған қолайсыз қылық еді. Осы фильмге қатысатын адамдар бәрі өзіміздің орыс-қазақ театрының артистері. Бақсақ «жұлдыз» іздеп жүдеп-жадайтын ештеңе жоқ екен. Лавров роліндегі орыс драма театрының артисі сезім шындығымен астарласып жатқан бай ішкі дүние, сахналық мол мәдениет, әр қимыл-әрекеті табиғи талантынан туып отырған Померанцев қай «жұлдыздан» кем түсіп жатыр. Талантты жас әнші Е. Серкебаевтың дауыс дарындылығын былай қойғанда, кино-артистік қабілеті алыстағы «атақтылардың» ешқайсысынан кем түспейтініне куә болып отырмыз, Кеше ғана мектепте отырған жап-жас Р. Исмаилованың экранда мінсіз мүсін жасағандығы бізді қуандырады. Оның келешекте кино-өнеріміздің белгілі кадрының біріне айналмасына кім кепіл. Бұдан туатын қортынды, бізде қандай күрделі шығарма жасауға творчестволық кадрларымыз әлдеқашан жеткен екен. Бірақ соны тәрбиелеп өсіре білуіміз керек. Осы сәтті бастаманы бұдан былай да сапалы еңбек үстінде көрсете білу басты міндеттің біріне айналғаны жөн.
Фильмнің режиссерлік жүйесінде жасанды жалғандық жоқ. Әрбір эпизод өзара жымдасып негізгі оқиғамен сабақтас. Жолдас-жораның сый-құрметіне бөленген адал еңбек адамы Лавровтың алпыс жылдығына концерт қою қамында суретші Мұрат (М. Сүртібаев), санаторияның физругі Бибігүл (Р. Исмаилова), секретарь Ксенья Павловна (В. Сторжинская) жүр. Не пайда барлық артист өз жұмысымен шұғылдануда. Бірде-бірінің қолы тиетін емес. Осыдан бастап олардың творчестволық іздену сәттері, күнделікті өмір тіршілік-тынысымен танысасыз. Miнe, репетиция үстіндегі Шара — ол сахнадағы бишінің қимыл-қозғалысынан ләззат-нәр алып беріліп кеткен. Ешкімді тыңдар емес. Фильмде осы көрініс шебер шешімімен оқшау тұр. Үнді биін орындайтын жас балерина Жандосованың поэзиялық сазға толы әрбір қимылы жас таланттың өнер жолындағы кең өрісін байқатады. Телефон арқылы «Асауға тұсау» комедиясының бір көрінісін қайталап отырған Ш. Айманов пен Хадиша Бөкеева. Олар телефон арқылы сөйлесіп тұрса да сахнадағыдай образға еніп кеткен. Айырмасы өз үйінде, үй киімінде ғана отыр. Жас әнші Бибігүл Төлегенова да кешкі концертке бармақ. Оның тамаша үні көрушілердің айызын қандырады. Киностудиядағы эпизодта Ермек Серкебаевтың орындауындағы «Көзімнің қарасы» әні де нәзік сезім дүниесіне толы. Фильмге қатысушылардың көпшілігі өз болмысында көрінуімен оқиғаға тікелей қатысып артистік өнерін көрсетсе, енді бір парасы өзге мамандықтың адамдары. Ақ көңіл, аңғал дәрігердің бейнесін жасаған Померанцев, дәрігердің досын С. Қожамқұлов, милиция аға лейтенанты P. Қойшыбаева, суретші М. Сүртібаев, старшина Т. Попов, шаштаразшы Жайлыбековтар мінез-әрекет, өзіндік бояу-бедерімен көрінген дара тұлғалар.
Бір ескеретін ұтымды жай — осы комедияда бірде-бір жағымсыз кейіпкер жоқ. Бәрі де адал совет адамдары. Әрқайсысы өзіне тән кемшілігі, ұнамды кейпімен, нанымды сыр тапқан. Талантты артист Диордиевтің тамаша орындауындағы санатория директоры Фолькин де жаман адам емес. Ол да ақ жүрек әділ. Оның әрбір көрінісі көрерменге зілсіз күлкі туғызып, Фолькиндей кейбір өзінің еңбек орнын таппай жүрген адамдарды еске түсіреді. Ондайлар арамызда бар. Фолькин бір кездері отыз мың жылқысы бар совхоздың директоры де болды. Енді қазір санаторияның директоры. Әрине, жылқы шаруашылығымен санаторияның арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Режиссер де, актер де Фолькиннің образы арқылы кадрды іріктеп, өз орнына қоюдағы кейбір орынсыз оғаштықтарға мегзейді.
Ксенья Павловна сырттай қарағанда алғаш жеңіл мінез-тоғышар жанды елестетеді. Ол бір-екі рет күйеуге де шыққан. Өмір ағысының кейбір оқыс иірімдеріне де ұшыраған адам. Ол сыртын түзеп, сыпайымын дегенмен кейбір жеңіл мінездіктің де ұшқыны сезіледі. Бірақ бұл бойында пасықтық, жалғандық дегеннің нысаны жоқ қарапайым адам. Оның ел сыйлайтын, дәрігерге деген өз құрмет-сүйіспеншілігі бар. Нәзік, сезімтал жүрегі бар. Оның шын пейілімен жылауы да жасандылықтан тумайды. Нәзік жандылықтың, адал жүректің айғағындай көрінеді. Жалпы жеке орындаушыларға мынауың жетпей жатыр деп дау айта алмаймыз. Бәрі де өз мүмкіншіліктерін сарқа пайдаланып, шығарманың өн бойына өз сыбағаларын қосқан.
Көп еңбек сіңіп, шабытты шеберліктен туған, көпшілік қуана қарсы алып отырған шығарманың ақаулы жерлері де жоқ емес. Әрине, айтылған сындар комедияның қазіргі дәрежедегі көркемдік құнын жоя алмаса керек. Айтылмақ сын алдағы уақытта есте болсын деген ниеттен туып отыр. Бұл комедия қазіргі қалпында республика экрандарында емес бүкілодақтық әрі барса шетел сахналарында ұялмай жүруіне мүмкіншілігі бар екендігінде дау жоқ. Мұны мойындай отырып, «әттеген-ай» дегенімізді айтқан жөн болар. Жоғарыда фильмнің идеялық өзегін айтқанымызда біздің өнеріміздің жетістік-жемісімен таныстыру мақсатында жасалған еңбек екендігін ескерттік. Олай болса, айтар сынымыз да осы төңіректе болуы керек. Өте шебер қиыстырылған, сюжеттік желінің үстіне түсетін көп өрнектерге фильм авторлары сараңдық жасаған тәрізді. Осының тұсында қазіргі опера, драма, эстрада саласындағы көп жетістік бар тұлғасымен көрсетуге туған көп мүмкіншілік толық пайдаланылмаған. Жас таланттарды көрсетуге қарсы емеспіз. Бірақ біздің ұлттық өнеріміздің отауын тіккен қарттарымыз қайда деген заңды сұрақ туады. Қалыбек, Жүсіпбек, Ғарифолла сияқты кәнігі шеберлер өз репертуарларымен бой көрсеткенде қандай нәрлі болатын еді. Тіптен ағайынды Абдуллиндердің де бай репертуары көрінбей «Еркемайдың» маңынан шыға алмай қалған. Қазақ билерін көрсетудегі екі номер тіптен сүреңсіз. Одаққа белгілі Роза Бағланова да фильмнен орын таппапты. Фильмнің күй тамырын жүргізіп тұрған композитор Зацепиннің профессионалдық жағынан мақтауға әбден болатын музыкасы өз алдына. Бірақ осында ұлттық әуен жоқтың қасы. Жасыратыны жоқ бұл қазақтың ұлттық өнерін таныстыруға, бүгінгі жеткен деңгейі мен келешек бағдарын аңғартуға арналған фильм ғой. Талантты жас композиторларымыздың жұртшылыққа кең тараған тамаша әндері, ұлттық операдан әйгілі ариялар, би өнері, немесе дүние жүзіне әйгілі Құрманғазы атындағы оркестрдің орындауында бір-екі күйлерді енгізгенде бұл кең тынысты туындының бойына сөз жоқ сиысып тұратын еді. Шығармада өзгеше бір рең тумас па еді. Осы айтылғандар орындалғанда нұр үстінен нұр емес пе еді.
Бұл фильм бүкіл советтік кино-өнерімізге қосылып отырған үлестерге ұқсап өзінің ұлттық өнерімен де сүйсіндіргені абзал. Қазақтың бұлбұлы аталған Күләш марқұмның да кино сахнасында ізі қалмады. Осы да сараңдық пен салқындықтың салдары. Үйрене білумен қатар қолдағыны қадірлеп көрсете білу керек. Өсер өнердің де өнегесі осы емес пе.
Қорыта келгенде «Біздің сүйікті дәрігер» кино-комедиясы творчестволық коллективтің зор қабілетін аңғартып бұдан да құнды шығармалар жасайды деген сенімге табан тіретті.
1964