- 26 қар. 2022 00:00
- 221
Болашақ - жастардың қолында
Болашақтың кілті, елдің ертеңі - білімді жастар. Қазіргі уақытта жастардың сапалы білім алуы, дұрыс мамандықты таңдауы және қоғамнан өз орнын табуы мемлекеттің болашағы үшін ең өзекті тақырыпқа айналды.
Жастар табанды еңбек етіп, елімізде болып жатқан оңды үрдістерге белсене қатысуы арқылы ғана жетістікке қол жеткізе алады. Сонымен қатар, жастар қоғамға пайдасын тигізіп, алған білімін еліміздің өркендеуіне жұмсайтын болса, онда келешегіміздің кемел болатыны сөзсіз. Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты — жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу білімді ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгеді. Жастар – бұл мемлекеттің негізгі тірегі бола отырып, болашақта ел басқаратын ұрпақ өкілдері. Әрине, еліміздің келешектегі арайлы таңының пердесін тек белсенді жастар ғана аша алады. Барлық уақытта жастар халық арасындағы ең озық бөлігі болып есептелінген. Олар әрқашан қоғамдағы оң өзгерістердің алдыңғы қатарында болды. Негізінен, жастар – мемлекеттің стратегиялық қоры. Олар дамудың жасампаздық қуаты мен ұлттық күшін жинақтап, дамыта алады.
Өткен ғасырларда адамзат ілімінің дамып, ақыл мен ой парасатының жетілуі, оқудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын анықтаған ғұламалардың бірі Әбу Насыр Әл-Фараби. Ол өз еңбектерінде еңбек тәрбиесі мен оның теориясын жасаушылардың бірегейі екені мәлім.
Білім мен ғылым қазіргі таңда және болашақтағы қоғамды дамытатын негізгі күш болып табылады, яғни қазіргі жастарымыз бәсекеге қабілетті тұлға болуы керек. Ол үшін ең алдымен бәсекеге қабілетті тұлға білімдіжәне сонымен бірге міндетті түрде тәрбиелі де болуы қажет. Осы тұста жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген басты қағиданы ұсынған болатын. Бұл қағиданың қазіргі таңдағы өзектілігі зор. Мемлекет жастардың білім алу мәселесіне қатысты, олардың бәсекеге қабілеттілігін аса маңызды міндет қылып отыр. Қазіргі ақпараттар, жетік технологиялар мен инновациялар заманы. Сәйкесінше, бүкіл өркениет осыған бейімделіп, инновациялық жаңашылдықтарға толы қоғам қалыптасып келеді. Осындай экономикаалық, кәсіпкерлік ортада табысты жұмыс істеп, жаңа мүмкіншіліктерді анықтап, инновациялық бизнес-идеяларды туындау үшін, әрине білімді, ақыл-ойыңыздың ширақтылығы, ақпараттарды жинақтау және талдау қабілеттерінің болғаны абзал. Жастарды білім және ғылым жолына салып, болашаққа бағдар беру, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеттерінің бірі болып табылады. Барлық мықты мемлекеттер жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек.
Қорытындылай келе, білімділігімен қоса рухани дамыған, еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстайтын - ойы озық жастар болмақ!
Химия және химиялық технологиялар факультетінің 1 курс студенті: Манарбек Гүлдана Ғилымқызы
Жетекші: аға оқытушы Кайракбаева Гульназ Солтангазиновна