Босанудан кейінгі септикалық аурулар
Босанғаннан кейінгі септикалық аурулар акушериядағы жиі кездесетін асқыну. Ол ана өліміне, мүгедектікке немесе созылмалы ауруларға әкелетін, күрделі мәселердің бірі.
Инфекция қоздырғыштары жарақаттанған жұмсақ туу жолдары немесе жатыр мойны каналы арқылы әйелдің ағзасына еніп таралған жағдайда, босанудан кейінгі септикалық аурулардың дамуы мүмкін.
Қоздырғыштары: алтын стафилококк, гемолитикалық стрептококк, сирек жағдайда ішек таяқшалары, көк іріңді таяқшалар, гонококтар, спорасыз анаэробтар және де басқа микробтар немесе микроб ассоциациясы.
Эгзогендік инфекция сыртқы қоршаған ортадан кіру қақпасы арқылы ағзаға жайылады. Жатырдың шырышты қабаты босанғаннан кейін бір үлкен жара сияқты болады, әсіресе бала жолдасы жабысқан жері және туу жолдарының жұмсақ ұлпаларының сырылған, жыртылған жерлері — осылардың бәрі инфекцияның кіру қақпасы. Эндогендік инфекция әйелдің өзінің созылмалы инфекция ошақтарынан (тонзиллит, отит, холецистит, пиелонефрит, аднексит, кольпит), метастатикалық түрде лимфа, қан тамыр арқылы немесе жатыр мойны каналы арқылы (каналикулярды) көтеріліп таралады. Әйел босанғаннан кейін әлсізденіп, оның ағзасының иммунологиялық қасиеті төмендейді, әртүрлі инфекцияға сезімтал келеді. Сырқаттың ауырлығы қоздырғыштың вируленттігіне, әйел ағзасының қорғаныш күштеріне тәуелді. Бұл асқынуға әсер ететін тағы да көптеген факторлар бар, олар: әйелдің әлеуметтік жағдайының нашарлығы, ЭГА (қаназдық, жүрек-қан тамыр аурулары, пиелонефрит, жүктілік кезіндегі жедел инфекциялық аурулар), ауруханада көп жатуы, мерзімінен ерте босануы, қағанақ суының ерте кетуі, босанудың ұзаққа созылуы, көп мөлшерде қан жоғалту, жатыр қуысына қол сүғу, оталау арқылы әдіспен босандырғанда туу жолдарының жарақаттануы.
Босанудан кейінгі септикалық аурулардың А. В. Бартельс және С. Б. Сазонов бойынша жіктелуі:
I кезең — инфекциялық үдеріс босанғаннан кейінгі жарамен (кіру қақпасымен) шектелген, оларға босанғаннан кейінгі ойық жара, эндометрит жатады.
II кезең — инфекциялық үдеріс бірінші ошақтан шыққан, бірақ әлі жергілікті, кіші жамбас қуысымен шектелген: метрит, метротромбофлебит, параметрит, тромбофлебит (жамбас көктамырлары немесе санның көктамырлары), сальпингоофорит, пельвиоперитонит.
III кезең — жайылған (диффузды) перитонит, асқындап кеткен тромбофлебит, септикалық шок.
IV кезең — жайылмалы инфекция (жалпы септикалык аурулар): септицемия, септикопиемия.
Босанудан кейінгі септикалық аурулардың клиникалык ағымы, ауырлығы, аурудың болжамы әртүрлі болады. Бірақ клиникалық ерекшеліктеріне қарамастан босанудан кейінгі аурулардың барлық түрлерінде байқалатын бірнеше жалпы белгілері бар. Олар:
1. Дене температурасының жоғарылауы. Жеңіл түрде (эндометрит) шамалы жоғарылайды, ауыр түрлерінде (сепсис) өте жоғары болады.
2. Қалтырау. Көбінесе септицемияда және септикопиемияда болады. Қалтыраудың қайталауы ағзада жаңа инфекция ошағынының пайда болғанын көрсетеді.
3. Тамыр соғысының жиілеуі. Босанғаннан кейінгі септикалық аурулардың жеңіл түрлерінде дене температурасының жоғарылауына сәйкес болады, тамыр соғысының дене температурасына сәйкес болмай өте жиілеуі ауыр түрлеріне тән.
4. Орталык жүйке жүйесіндегі өзгерістер. Босанудан кейінгі ойық жарада, эндометритте дімкәстік, әлсіздену, бастың шамалы ауыруы, ауыр түрлерінде жалпы жағдайдың нашарлауы, бастың қатты ауыруы, ұйқының қашуы, сандыраққа дейін жетеді.
5. Босанудан кейінгі септикалык аурулардың ауыр түрлерінде жүрек-қан тамыр, ас қорыту және зәр шығару жүйелері тарапынан патологиялық өзгерістер байқалады, зат алмасу бұзылыстарымен өтуі.
6. Септикалық аурулардың ауыр түрлерінде салмақтың азаюы, тері бозғылт, сүр, сарғыш түсті болады және қызғылт бөртпелер пайда болуы мүмкін.
7. Қанда болатын өзгерістер: эритроциттердің және гемоглобиннің мөлшері төмендейді, ЭТЖ, лейкоцитоз жоғарылайды, өте ауыр жағдайда лейкопения байқалады.
Жалпы септикалық ауруларда қоздырғыштар қанда болады, оны анықтау үшін қаннан бактерияға өсінді алу керек.
Босанудан кейінгі септикалық аурулардың I кезеңі
Босанудан кейінгі ойық жара — іріңді қабыну үдерісі босанудан кейін 3-4 күнде, жатыр мойнының, қынаптың, аралықтың, сыртқы жыныс мүшелерінің жарақаттанған жерінде пайда болады. Дене қызуы көтеріледі, жалпы әлсіздік, сыртқы жыныс мүшелердің жаракаттанған жерінде, аралықта ауырсыну, қызару, ісіну пайда болады, жара іріңді өңезбен қапталады. 4-5 күннен соң жара тазаланады, тыртықпен жазылады.
Емі
Төсек тәртібін сақтау, әйелді обсервация бөліміне ауыстыру. Жалпы ем: сульфаниламидтер, керекті жағдайда антибиотиктер, жергілікті күтім, тігіс болса, оны түсіру, гипертониялық ерітіндімен дренаж, жара тазаланғаннан кейін емдік майлармен таңғыш пайдалану.
Эндометрит
Эндометрит — жатырдың шырышты қабатының қабынуы, босанғаннан кейін 3-4 күнде басталады, егер этиологиясы гонореялық болса, ауру 6-7 күнде басталады, дене кызуы 38-39°С-ге дейін көтеріледі, тахикардия, қалтырау, әлсіздік, бас ауыруы пайда болады. Жатырды пальпация жасағанда сезімтал, жатырдың субинволюциясы және лохиометра байқалады, жатырдан жағымсыз иісті, лай, іріңді, қан аралас лохиялар бөлінеді. Ауру 10-12 күнге созылады.
Емі
Төсек тәртібін сақтау, жеңіл қорытылатын диета. Жағын алу, әйелді обсервация бөліміне ауыстыру. Жатырда бала жолдасының қалдықтарын УДЗ арқылы анықтау, егер олар болса, жатыр қуысын тазалау, іштің төмен жағына уақытымен өлшемді түрде мұзды сұйық қою. Кең спектрлі антибиотиктерді қолдану, интоксикацияға қарсы инфузиялық (физиологиялық ерітінді, полиглюкин, реополиглюкин, инфузол, стабизол, рефонтан,) терапияны, жалпы жағдайын жақсартуға (ақуздар, қан алмастырушы заттарды, витаминдерді) қолдану. Себебі гонореялық болғанда емі спецификалық.
Босанғаннан кейінгі септикалық аурулардың II кезеңі
Босанғаннан кейінгі септикалық аурулардың II кезеңіне: метрит — жатырдың миометрийінің қабынуы, сальпингоофорит — жатыр қосалқыларының кабынуы, параметрит - жатыр аймағы клетчаткасының қабынуы, пельвиоперитонит — кіші жамбас қуысының іш пердесінің қабынуы, тромбофлебит — көктамыр кабырғаларының қабынуы және сол жерде тромбтардың байлануы. Метротромбофлебит (жатыр тромбофлебиті метро-эндометриттен кейін пайда болады) санның тромбофлебиті жатады.
Босанғаннан кейінгі септикалык аурулардың III кезеңі
Босанғаннан кейінгі септикалык аурулардың III кезеңі: жайылған (диффузды) перитонит — жайылмалы септикалык инфекция, асқынып кеткен тромбофлебит — көктамыр қабырғаларының қабынуымен тоқтамай тамыр жолдарымен таралуы, септикалық (бактериялық) шок — септикалық инфекцияның өте ауыр көрінісі.
Босанғаннан кейінгі септикалык аурулардың IV кезеңі
Босанғаннан кейінгі септикалык аурулардың IV кезеңі: жайылмалы инфекция (жалпы септикалык аурулар) екі түрінде болады: септицемия және септикопиемия. Септицемия — жалпы септикалык ауыр сырқат, қанға түскен микробтар қанның ішінде көбейіп бүкіл ағзаға таралады, микроб уыттары жүрек, қантамыр, бүйрек, бауыр, орталық жүйке жүйесін зақымдайды; септикопиемия — метостазды сепсис, бұл да ауыр жалпы септикалық ауру, микробтар қан арқылы бүкіл ағзаға таралып, мүшелер мен ұлпаларда жаңа іріңді ошақтарды құрайды (абсцесс).
Босанудан кейінгі мастит
Мастит — сүт безінің қабынуы. Түрлері: серозды, инфильтративті, іріңді (абсцесс), флегмонозды, гангренозды. Қоздыргыштары — алтын стафилококк, гемолитикалық стрептококк және басқа микробтар. Кіру қақпасы — жарылған емшек ұшы. Ауру кенеттен басталады, дене қызуы 39-40 көтеріледі, сүт безі ауыра бастайды, көлемі ұлғаяды, ісінеді, терісі қызарады, ішінде тереңде инфильтрат пайда болады, қолтықасты лимфа бездері үлкейеді, ауырады. Инфильтрат іріңдесе, ортасында былқылдау пайда болады. Әйелдің жалпы жағдайы нашарлайды, дене қызуы одан да жоғары көтеріледі, қалтырау пайда болады.
Емі
Жалпы септикалық инфекцияның еміне сәйкес: бактерияға қарсы ем. Сүт безін таңу, сүтті сауып тастау, жергілікті физиотерапия қолдану. Іріңдеген жағдайда ота жасалады.
Босанудан қейінгі септикалық аурулардың алдын алу жолдары
Әйелдерге кеңес беру мекемесінде босануға дейін сүт бездеріне лайықты күтім жүргізуді үйрету, ана сүтімен емізуге кеңес беру, сүт бездері ұшының тілінуінің алдын алу. Созылмалы инфекция ошақтарын тазалау. Асептика, антисептика тәртібін сақтау, инфекция белгілері бар әйелдерді обсервация бөліміне оқшаулау, асқынуға жол бермеу үшін уақытында нақтама қойып, емдеу.