- 08 қаң. 2024 00:00
- 300
Дос болсаң, тама Танашпен дос бол!
Ең алғаш қазақ орысқа қарап, дуан аузы ашылғанда Шоң би аға сұлтан дуанбасы болған. Шоң би өлген соң Шорман аға сұлтан дуанбасы болып сайланып шығысымен үйіне барып өлген. Ереймен тауының сыртында өліп көмілген. Жері «Шорман тауы» атанып қалған. Кенесары, Наурызбай көтерілісі жұртқа апалаң-топалаң болған. Баянаулада Поштай аға сұлтан дуанбасы, Қараөткелде Қоңырқолжа аға сұлтан дуанбасы. Кенесары Қараөткелге өрт саламын деп қамағанда, Қоңырқұлжа қарсы тұрып, ұрыс-соғыс қылған.
Ақтау, Ортауда Кенесары мен Қоңырқұлжа тағы қарсыласып соғысқан. Қараөткелді қамағанда, Кенесары «күлдірмамай» деген мылтығымен Тайтөбенің басында тұрып, орыстың қарауылшы баласайкасын атып мұрттай ұшырған екен. Тама Танаш батыр бір шапанды майға бұлғап, бір шетін отқа жандырып, найзаның ұшымен көтеріп барып, атып тұрған оқты керек қылмай, апарып тастай берген екен. Басқа шапқан батырлардан оққа ұшыраған қыпшақ Басықара батырға оқ тиіп, қан майданда қала берген екен. Тама Танаш батыр Басықарамен құшақтасқан дос екен. «Өлсем, өлейін! Басықарамен сүйегім бір жерде қалсын», — деп қайта шауып барып Басықараның сүйегін алдына алып өңгеріп келгенде, Кенесары хан айтқан екен: «Дос болсаң, тама Танаш батырмен дос бол!» — деп. Көп заманға шейін бұл сөз жұрт аузында қалды. Қараөткелге өрт салған күн бір орыс мінген Қоңырқұлжаның боз арғымағы таңертең Қараөткелден шығып, күн бата Қызылжарға барыпты, екі арасы бес жүз шақырым деседі.
Оқуға кеңес береміз:
Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі
Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы