Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қойлыбай қырғыны

Ырғыз ауданының солтүстік батысына таман екі жүз километрдей жерде «Жантай, Толыбай» деген өзендер бар. Осы Жантай өзенінен шығатын бір сала аңғарды «Қойлыбай қырғыны» деп атайды.

Абылайдың немересі Қасым төренің балалары Кенесары мен Наурызбай қазіргі Орынбор, Члябинск орталығындағы Бреда станциясының маңайындағы қазақтардан алым-салық жинап, бірқатар көнбеген қазақтарды күшпен өзіне қосып алып, қарулы жасақ жинайды. Тек қазақтар ғана емес, поселкедегі орыс шаруаларына да зәбір жасай бастайды. Кене мен Наурызбайдан жапа шеккен орыстар қолдарына қару алып, Бредаға бекінеді. Қанша қамаса да, Бреданы басып ала алмайды. Мұнан кейін Кенесары, Наурызбай Бреда поселкесін алудың амалын ойластырады. Қазақ үйлерінен мысық жинайды. Түнде ел ұйқыға жатқанда елу мысықтың құйрығына майға батырған шүберек байлап, оған от тигізіп поселкеге қоя береді. Майға малған шүберек лаулап жанып, жаны ышқынған мысықтар үй-үйдің түкпір-түкпіріне ыршып, тығылып, поселкені өрт алады. Ұйқыдағы халық төсегінен жалаңаш жалпы шыға қашып, поселке азан-қазан болады. Осы кезде күтіп тұрған Кене ханның әскерлері жусатып қырып салады. Бірлі-жарымдай болмаса поселке түгел дерлік жанып кетеді.

Қойлыбай қырғыны

Бұл сұмдық хабар тез тарайды. Кенесары, Наурызбайға патшадан құралды әскер шығады. Мұны есіткен Кене хан да дайындалып, жасақтарын соғысқа әзірлей бастайды. Бірақ қару- жарағы сай тегеурінді әскерлерге төтеп бере алмай, шегініп қаша бастайды.

Осы күні сол Кенесары, Наурызбай өртеген Бреда станциясын қазақтар «Күйік» деп атайды.

Кене сол қашқан бетімен жолшыбай бейбіт елді тонап, өзіне еркімен қосылғанды ертіп, қосылғысы келмегендерді күшпен көндіре отырып, Жантай, Толыбай саласына келіп аялдайды. Артынан қуған патша салдаттары жағалбайлы руынан Қойлыбай дегенді басшыға алып ізіне түседі. Қойлыбай жасында найза ұстап, талай жортуылға шыққан батыр адам екен. Бірақ бұл кезде жасы жетпістен асып, сексенге жуықтаған кезі екен. Сонымен Қойлыбай бастаған әскер Жантай, Толыбай қос өзендегі жатқан Кене ханның әскеріне шабуыл жасайды. Кененің әскерлері шегіне ұрыс салады. Ақырында бір-бірін ала алмай, екі жағада бекініс жасап жатып алады.

Орыс салдаттары күзет қойып, сай бойына шатырын тігіп, бекініс жасайды.

Кене мен Наурызбай бастаған әскер орыс әскерлерінің елеусіз ту сыртынан келіп тиіседі де, бейқам жатқан орыстар қапелімде сасып қалып, тым-тырақай қаша жөнеледі. Қойлыбай қоста жалғыз қалады, қашпайды. Биік төбенің басына шығып жалғыз отырады, «менің жасым ұлғайған кісімін, менде не шаруасы бар» деп ойласа керек. Бірақ Наурызбай бастаған топ жалғыз отырған Қойлыбайды жан-жағынан қамалап, найзаға шаншып, тік көтеріп жерге тастап жібереді. Мұның үстіне Кене хан келіп Наурызбайға: «Бала, мұның қате болды, жасы жеткен зиянсыз шал еді», — депті дейді.

Қазір ол жер Қойлыбай төбесі деп аталады. Соғыс болған сай «Қойлыбай қырғыны» деп аталады.

Бұл айтылған жерде өлген адамның сүйегі, басқа да көптеген мүше сүйектері осы кезге дейін көп кездеседі. Кенесары бастаған төленгіттер енді табан тірей алмай жылыса бастайды.

Сол қашқан бетімен жолшыбай кездескен қазақ аулына алым-салық салып, зәбір-жапа көрсетеді. Кіші жүздің байұлы деген руындағы Жаппас тайпасына келіп, отаулап үй тіктіріп, қыз алып жатып, өрескел зорлық жасайды. Ол жаппас руының халық қамқоршы батыры Төлегенұлы Жанғабыл деген кісі екен. Жанғабыл елде жоқ, жолаушы кеткен екен. Астыртын Жанғабылға хабар жібереді. Хабарды естіген Жанғабыл қамданып елге келеді. Жанғабыл келсе, Кенесарының інісі Наурызбай бір топ төленгітімен отаулап, үй тіктіріп, жақсы қыз-келіншектерді алып, оңаша жатыр екен дейді.

Мұны көрген Жанғабылдың зығырданы қайнап, шыдамы таусылады. Жанғабылдың елі: «Асығыстық етпеңіз, шыдау керек. Қазір бірден барып, киліксең, екі жақтан да шығын көп болады. Бірыңғай көзсіз ерліктен еш нәрсе шықпайды, айла- амалмен әрекет еткен дұрыс», — дейді.

Жанғабылдың жігіттері Наурызбайды төленгіттерімен бұрынғыдан да бетер дегенін орындап бәйек болады. Үй-үйге бөлініп түскен Наурызбайдың нөкерлерін түнде бірінен соң бірін шетінен сүйреп шығарып, тұтқындай береді. Сырттағы қарауылында әйел киімін киінген жігіттер мұнан бұрын алдап қолға түсіріп жайғастырады. Төлегенұлы Жанғабыл бастаған топ Наурызбайдың тоқсан жігітін өлтіріп, Наурызбай өзі қашып құтылады.

Міне, сонымен Кіші жүз қазақтарына сия алмай Кенесары, Наурызбай шығысқа қарай оңтүстікке ығыса береді. Сол кеткеннен Ұлы жүзге барып қырғыздармен соғысып, сонда қаза табады дейді.

Оқуға кеңес береміз:

Наурызбайдың қарындасы

Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі

Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама