Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 19 минут бұрын)
Елдің заңгерлері ескертеді: Әлеуметтік желідегі пікір үшін сотталуыңыз мүмкін

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы терроризмді насихаттау және жалған ақпарат тарату үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ескерту жасады. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Қылмыстық кодекстің 256-бабы («Терроризмді насихаттау немесе лаңкестік акті жасауға жария шақыру») бойынша жаза – 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу. Егер бұл әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері немесе онлайн-платформалар арқылы жасалса, жауапкершілік күшейіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады.

«Лаңкестікке қолдау көрсетудің тек тікелей шақырулар ғана емес, өзге де формалары қылмыстық жазаланатынын атап өткен жөн. Атап айтқанда, жасалған лаңкестік актіні мақұлдау немесе қолдау, соның ішінде әлеуметтік желілердегі пікірлер немесе өзге де жарияланымдар түріндегі қолдау да терроризмді насихаттау ретінде бағаланады», - деп ескертті Бас прокуратура.

Конституциямен кепілдендірілген сөз бостандығы конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді, мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездік культін насихаттауға немесе үгіттеуге жол бермейтінін атап өтті.

Интернетте және әлеуметтік желілерде мектептер, сауда орталықтары, әуежайлар, вокзалдар және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарға жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламалар жиі таралады. Мұндай әрекеттер үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Өткен жылы жалған терроризм фактілері бойынша сотқа 25 қылмыстық іс жолданды. Оның бірінде 11-сынып оқушысы, өзге азаматтың аты-жөнін пайдаланып, даусын өзгертіп, IP-мекенжайды ауыстыру бағдарламаларын қолданып, Жетісай қаласындағы мектептердің біріне жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы полицияға хабарлаған. Өз тұлғасын жасыруға тырысқанына қарамастан, қоңырау шалған азамат анықталып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталды. Басқа бір жағдайда Ақтау қаласының тұрғыны білім беру мекемелерінің бірінде бомба бар деген жалған хабарлама үшін 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлады Бас прокуратура.

Ведомство мұндай әрбір хабарлама ТЖМ, полиция, ҰҚК бөлімшелері мен жедел жәрдем бригадаларын тарта отырып, ауқымды тексерулер жүргізуге себеп болатынын еске салды. Бұл тексерулерге жұмсалған күш пен қаражат та кінәлі тұлғалардан өндіріп алынады.

«Бас прокуратура азаматтарды сабырлы болуға, ал ата-аналарды балаларының интернеттегі және әлеуметтік желілердегі мінез-құлқы мен белсенділігіне ерекше назар аударуға шақырады. Тіпті бейкүнә болып көрінген «әзіл» де ауыр құқықтық салдарларға әкеліп соқтыруы және адамның тағдырын мәңгілікке өзгертуі мүмкін», - деп толықтырды ведомство.

Жаңалықтар

Жарнама