Еңлік - Кебек
Бұл әңгіме – 1780 жылы шамасында осы Шыңғыс тауында Матай мен Тобықты арасында болған іс. Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе «жас баланы сатып, пайдаланып, кем-кетікке беріп обалына қал» демейді. Мен соны ойлап, Еңлік—Кебекті соншалық жазалы демеймін.
Әңгіме алдында аз сөз
Өткен адам болады көзден таса,
Өлді-өшті, оны ешкім ойламаса.
Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,
Керектісін ескеріп, ұмытпаса.
Ақыл деген — денеге егулі дән,
Суғарылса кіреді оған да жан.
Ақылдың өсіп-өніп зораймағы —
Көрген, білген нәрседен ғибрат алған.
Есітіп, біліп, көз көріп, ойға салмақ,
Өткен істен адамзат бір үлгі алмақ.
Қызықпақ, не жек көрмек, жиіркенбек,
Бастан кешкен әр істен белгі қалмақ.
Ақылдың кей іс жауы, кей іс досы,
Бұл екі істен болмайды өмір босы.
Досыңды жау, дұшпанды дос көрсетіп,
Көзді байлап нәпсінің қылғаны осы.
* * *
Қалмақ жеңіп, қазақтан алған кегін
Қалқаман қиссасында жазып едім.
«Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл
Ақтабан шұбырынды болды»—дедім.
Сырдан қалмақ қуған соң біздің елді,
Күні-түні шұбырып Шуға келді.
Табан тиіп жүре алмай, халі құрып,
Сұлап жатты айнала Саумал көлді .
Сонда Шақшақ Жәнібек сөз сөйлепті:
«Балалар! Осы жолды ұмытпа,— депті,
«Ақтабан шұбырынды» — мұның аты,
Құдай қосса, алармыз біз де кекті!»
Сол жерде тамам қазақ жыласыпты,
Құдайдан «артын бер» деп сұрасыпты.
Тыныққан соң қалмақтан кек алуға,
Сөз байлап уағдамен ұнасыпты.
Арғындар сол көшкеннен көше берді,
Батырлары жер шалып, қоныс көрді.
Есіл, Нұра, Сарысу, Қарқаралы,
Шалқар көл, Ұлытаудан алды жерді.
Орнығып қалың арғын сонда қалды,
Жеті момын олардан өте салды.
Ор, Елек, Ойыл, Қиыл қыстамақ боп,
Жаз жайлауға Мұғаджар тауын алды.
Кіші жүз өте көшті Орал жаққа,
Әбілқайыр хан еді мінген таққа.
Мың жеті жүз отыз бір шамасында
Орысқа уағда берген қарамаққа.
Соны естіп Жеті момын қайта ауыпты,
Орыстан көреміз деп бір қауіпті.
Мұғаджардың күншығыс жағына өтіп,
Ырғыз, Торғай дейтұғын жер тауыпты.
Сол жерде жайлап, қыстап жатып алды,
Қалмақтан барымталап жиды малды.
Ұлы жүзде үлкен хан Әбілмәмбет
«Қалмақпен соғысам» деп хабар салды.
Орта жүзден де аттанды Сәмеке хан,
Үш жүзден жиылыпты бірталай жан.
Шеп құрып қара-қарсы соғысқанда,
Қазақ жеңіп, қалмақтан кегін алған.
Сол соғыс — хан Абылай келген кезі,
Қалмақтың сыбағасын берген кезі.
Керек болса оқыңдар шежіремнен,
Жазылған сонда анықтап түгел сөзі.
Сонан кейін қалмақты қазақ қуған,
Жиылып шаба берді ойдан, қырдан.
Тарбағатай, Шыңғыстың жан-жағында
Көшпелі көп қалмақ бар бұрын тұрған.
Қырылған соң қалмақтар жаман сасқан,
Нұржайсаң, Шәуешектен өте қашқан.
Ата қоныс — Арқаны босатып ап,
Қазақ келіп қалмақтың орнын басқан.
Қалмақты шабысуға Мамай келген,
Босап қалған Шыңғысты көзі көрген.
Барған соң Жеті момын жақсысына,
«Хан Шыңғыс босады» деп хабар берген.
Момынның жартысы айтқан «барамыз» деп,
«Ата қоныс Шыңғысты аламыз» деп.
Атығай, Қарауыл мен Бәсентиін
Көшпепті «біз осында қаламыз» деп.
Туысқанын қия алмай, «жүр, – деп, – сен де»,
Көп айтқан Кеңгірбай мен Қараменде .
Бос тұрған соң Шыңғысқа Матай қонған,
Біздің ел әне-міне деп жүргенде.
Тобықты, Қанжығалы көшкен сонда,
Өзге Момын көше алмай қалған онда.
«Шыңғысты Матай алды» дегенді естіп,
Қанжығалы қалыпты орта жолда.
Келгені Тобықтының осы маңға
Мың жеті жүз сексенге тақалғанда,
Елді бастап әкелген Мамай батыр
Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға.
Әр топта да батыр бар некен-саяқ,
Сүйтсе де батыры көп Жуантаяқ.
Қырды алып, Бөктерге таласыпты,
Матай-Сатай дегенді тыңдамай-ақ.
Қабекең де өрлепті Шидің бойын,
Шөбі шүйгін жер ғой деп малға тойын.
Кейде жау боп Матаймен, кейде бітіп,
Есі-дерті – Шыңғыста, айтпайды ойын.
Қалқаман мен Мамырды жаздым бұрын,
Оқығандар, байқадың оның сырын.
Енді айтамын Еңлік пен Кебек сөзін,
Тағы сынап көріңіз мұның түрін.
***
Ту тіккен Тобықтының қос басшысы —
Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі.
Жамағайын жақыны сол кісінің
Бар екен Кебек деген бір інісі.
Ол Кебек мықты болған жас басынан,
Тоқаң да тастамайды өз қасынан.
«Жасы бала болса да, жаны отты» деп,
Артық көріп не сабаз жолдасынан.
Он бесінде Кебектің аты шықты,
Атты жаяу бәріне бірдей мықты.
Көзі өткір, қараторы жігіт екен,
Орта бойлы, тапалдау, кең иықты.
Ел қамы үшін өлуге жанын салып,
Соғыс десе тұрмайды қойса байлап.
Жауға батыл, жақынға және әдепті,
Кішіні іні, үлкенді ағатайлап.
Ол кезде балгер болған Нысан абыз,
Шын дәулескер бақсының өзі нағыз.
Жыны айта ма, кім білсін, шыны айта ма,
Айтқаны келеді деп қылады аңыз.
Кебек батыр өз бақытын сынамаққа,
Әдейі іздеп келіпті балгер жаққа.
Оңашада жалынды абызға кеп,
«Бал ашып бер, – деді де, – біздің баққа»:
«Ей, абыз! Аш балыңды, қобызыңды тарт,
Алар ақың бар болса, мойныма арт.
Балыңа не түссе де жасырмай айт,
Жалғыз-ақ сол арасын қыламын шарт»,
«Шырағым, бал аштым деп мал алмаймын,
Ол үшін саған ақыл сала алмаймын.
Жаман айтсам жабығып қала көрме,
Жынның сөзін жасырып қала алмаймын.
Соны айтып қобыз алды Кебекке арнап,
Шақырды жындарының атын зарлап.
Қара қалмақ Қорқыттың күйін тартып,
Қобызына ән қосып кетті сарнап.
Темір масақ жабырлап тұр сылдырлап,
Екі көзі бақсының тым бұлдырлап.
Ындын қойып тыңдасаң сарнағанын,
Сақтанбасаң алғандай ақылды ұрлап.
Мұңлы қоңыр дауысы шықса зарлап,
Ықтиярсыз кетеді бой шымырлап.
«А» дейді де тыңдайды анда-санда,
Құлағына кеткендей жын сыбырлап.
Екі көзін қан жауып, өңі қашып,
Сұп-сұр болып, алартып көзін ашып.
Шүлдір-шүлдір сөйлесіп жыныменен,
Өзін-өзі тоқтатты әзер басып.
Нысан абыз қысылып батқан терге,
Қарады да сөйледі Кебек ерге:
«Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан,
Батырым, ондай жанға көңіл берме.
Бұл сөзді өз ойымнан айтпаймын құр,
Жын шіркін осылай деп айтқызып тұр.
Қара жартас түбінде кез келеді,
Шырағым, сондай қыздан сақтанып жүр.
Әдейі іздеп бармассың, кез боларсың,
Кез болсаң, алыс емес, тез боларсың.
«Сақтыққа қорлық жүрмес» деген бар ғой,
Сақтанбасаң, артқыға сөз боларсың».
Оны есітіп Кебек кетті өз жайына,
Батса да балгер сөзі шымбайына.
Ойланбай, біржолата кетті ұмытып,
Деді де: «Жынның сөзін тыңдайым ба?»
Мұнан кейін азырақ заман өтті,
Салқын түсіп, қар жауар мезгіл жетті,
Қарашаның алғашқы қары жауып,
Кебек батыр құс алып аңға кетті.
Қойтастан бір түлкі алды інге тығып,
Ойлады кетейін деп Ханға шығып.
Сонарда ізге түсіп келе жатса,
Бір түлкі және қашты жатқан бұғып.
Қамшылап күрең атты жамбасына,
Түлкіден бұрын шықты Хан басына.
Жел шығып, боран болып кеткен екен,
Аң қуған аңғал батыр аңдасын ба.
Құс түлкіні көрген соң кетіпті ұшып,
Бір жерге жарқ-жұрқ етіп қалды түсіп.
Бораннан байқай алмай өтіп кетті,
Түлкіні жатса-дағы бүркіт қысып.
Таба алмай олай шауып, бұлай шауып,
«Құсымнан айырылдым» деп қылды қауіп.
Құс әбден түлкіні жеп тойған кезде,
Алыпты күн батқан соң әзер тауып.
Бүркітті бөлеуіне бөлеп алды,
Аяң-бұяң еткенше түн боп қалды.
«Ел жатпай бір ауылға қонайын» деп,
Шыңғыстың бөктерімен қайта салды.
Бораннан байқай алмай барар бетті,
Түн ішінде адасып Кебек кетті.
Осы Хақан өзеннің аяғында
Қыстаған бір Матайға келіп жетті.
Белдеуге атын байлады Кебек сері,
Боз қырау бұрқыраған аттың тері.
Осы күнгі Боқтыбай қыстап жүрген
Қара жартас — Кебектің келген жері.
Сол үйге кіріп келсе «кеш жарық» деп,
Жатпақ түгіл болған жоқ тамағын жеп.
Ол кезде шай болмайды, сусыны – құрт,
Ұсынды қарсақ жон қып езіп әкеп.
Шал мен кемпір, тағы бір малшы бала,
Бар екен бір бойжеткен қызы жәнә.
Киіз үй, малды айнала шарбақ қорған,
Там, қора жоқ, кісісі төртеу ғана.
Құрт ішіп әбден көңілі жайланған соң,
Бекітіп шарбаққа аты сайланған соң,
Үй иесі қонақтан жөн сұрады,
Асын жеп әңгімеге айланған соң.
Кебек айтты: «Аң қуған Тобықтымыз,
Мен Кебекпін дегенмен білемісіз».
«Атым — Кебек» дегенде жалт қарады,
Бағанағы айтылған бойжеткен қыз.
Бай қайтадан сөз сұрап қайырмады,
Әлгі қыз Кебектен көз айырмады.
«Қарағым, қонағыңа төсек сал», – деп,
Үй иесі жатуға дайындалды.
Тысқа шықты бай, қонақ — бәрі бірдей,
Шал айтақтап тыста жүр үйге кірмей.
Кебек келсе, төсек жоқ төр алдында,
Қай араға жатарын тұрды білмей.
Күлімсіреп қыз айтты Кебек ерге:
«Қонағым, неге тұрсың құр бекерге.
Мен сізге өз төсегім дайындадым,
Бұрын жатқан жоқ па едің ондай жерге?»
Тең шешіп, мамық көрпе алды тауып,
Кебектің де қызға тұр көңілі ауып.
«Анық Кебек сен болсаң, арызым бар,
Бір айтармын», – деді де салды жауып.
Кебек батыр жатқан соң төсекке кеп,
Қыз мінезін ішінен қылады есеп:
«Танымаған қонаққа сыр білдірген
Көрсеқызар, жеңсікқой ұрғашы-ау», – деп.
Түн ортасы ауғанда шал да жатты,
Қорылдап қатты ұйқыға әбден батты.
Үйдегілер теп-тегіс ұйықтаған соң,
Кебекті келді-дағы қыз оятты:
«Ей, батыр, сен жатырсың ұйқың қанбай,
Мен жүрген бір сорлымын бағым жанбай.
Көрінгенге көз сүзген көрсеқызар,
Әдепсіз қыз дейсің ғой әлдеқандай.
Өз әлімше сынадым мен де сені,
Сен қалай деп ойладың, айтшы, мені?
Қыздан сорлы бола ма бұл жалғанда,
Кез болмаса өзінің сүйер теңі?
Атым — Еңлік, мына шал — менің әкем,
Малы көп, бірақ еркек баладан кем.
Жасында бұл да өзіңдей батыр еді,
Қор болып, осы күнде әркімге жем.
Нағашым — байжігітте ер Қабанбай,
Шешемді де берген жоқ бай таба алмай.
Ес білмейтін ескіге кез болыппын,
Жайды білер жақсыға қосақталмай.
Мені де кедей емес, байға берген,
Күйеуім өткен жазда ұрын келген.
Қасына жатпақ түгіл жуымадым,
Білген соң шіріктігін келген жерден.
Нышаны жоқ бет-аузында сақал, мұрттан,
Бұрын да естуші едім жайын сырттан.
Түн болса ұйқыдан бас көтермейді,
Күндіз асық іздейді ескі жұрттан.
Бетіне тумай тұрып түскен әжім,
Күңге де есіктегі қылды тәжім.
Кер кеткен кеселдіге душар болдым,
Осыдан құтыларлық бар ма лажым?
Оң қолының бармағы тағы шолақ,
Бармақсыз қол ұстауға қандай олақ.
Мен сорлы емей, кім сорлы, ойла, батыр,
Күйеуімнің болған соң жайы сол-ақ.
Көп жігіт жүр сыртымнан қылып кеңес,
Мен ұнасам, «алмаймын сені» демес.
Солардың біреуімен кетер едім,
Байқаймын, бәрі менің теңім емес.
Көрсеқызар, лап бергіш әр елде көп,
Атын атап не керек пәленше деп.
Аз күндік әзіл іздеп жүргенім жоқ,
Өнімсіз іс болмайды өмірге сеп.
Бүгін мұнда кез болдың құдай айдап,
Атыңды естіп жүруші ем сырттан сайлап.
Тасыр болса, талғамай тап берер деп,
Түні бойы сынадым сізді абайлап.
Мен татысам, жігітсің маған татыр,
Міне, осындай ішімде қайғым жатыр.
Ойнас емес, өмірлік жолдасым деп,
Беремісің уәде, Кебек батыр?»
Кебек мұны есітіп көп ойлады,
Асықпай біраз ғана еп ойлады.
«Түні бойы қыз мені сынапты ғой,
Мен де мұны сынайын деп ойлады»:
«Ей, Еңлік! Сөзің рас, нандым саған,
Бәрін ұқтым, жерім жоқ байқамаған.
Артқы өмірді әзір біз қоя тұрып,
Ойнап-күлсек қайтеді біраз заман?
Қаза келсе малдыдан мал таймай ма,
Ажал жетсе батырдан жан таймай ма.
Азар болса, күйеуің жастау шығар,
Жарлы байып, жас өсіп қартаймай ма?
Жас түзеліп, түрленіп ержетпей ме,
Бойындағы балалық бір кетпей ме,
Асыққандық емес пе мына сөзің,
Жақсы әйел жаман ерді түзетпей ме?
Талпынғанмен тағдырды бұра ала ма,
Құдай қоспай, басымыз құрала ма.
Аз күн қызық көрелік онан-дағы,
Бұл дәурен бір қалыпты тұра ала ма?
Еңлік айтты: «Таң қалдым бұл сөзіңе,
Ұқсамайды түндегі мінезіңе.
Егерде біреу айтса ұнар ма едің,
Талап қылма, талпынба деп өзіңе.
Рас, құдай жазбаса бітпес жұмыс,
Сүйтсе де бізге міндет – талап пен іс.
Әрекетсіз отырмақ дұрыс болса,
Неге берген аяқ-қол, тіл менен тіс?
Күйеуімнің жүрген жоқ жасы жетпей,
Ынжықтық қайтушы еді тентіретпей.
Ақыл салып бармағын сау қылуға
Пендеде күш бола ма құдіреттей.
Талап қылмай бола ма құтылуға,
Оттан қашып кірсем де терең суға.
Пәледен машайық та қашқан жоқ па,
Қайтіп разы болайын берген уға?
Тобықты неге келді мұнда көшіп,
Мұғаджардан Шыңғысты көзі тесіп.
Қара қазан, сары бала қамын ойлап,
Келді ғой «жайлы қоныс табам» десіп.
Бір құдай жер жүзіне шашқан несіп,
Барша жан жүрген жоқ па теріп жесіп.
Аз күндік арам жүріс аужал емес,
Бермесең уағадаңды мүлде кесіп.
Өйтіп уағда бермесең, әуре етпе,
Тең көрмесең телміртіп, тентіретпе!
Қайда барсаң обалым жібермейді,
Бірақ осы сөзімді ұмытып кетпе!»
Қалай айла қылса да бір қоймады,
Жал айтқан жауабына қыз тоймады.
Еңліктің бұл жауабын есіткен соң,
Кебек батыр тағы бір ой ойлады:
«Ей, Еңлік! Айтқан сөзің — сөздің шыны,
Сөйтсе де бір сөзім бар, тыңда мұны.
Соғысқа сылтау таппай отырғанда,
Бүлдірмелік Матай мен Тобықтыны.
Онсыз-дағы біріне-бірі қырын,
«Ала ғой» деп береді кім жесірін.
Адам түгіл мал үшін ел шабады,
Қыз болсаң да білесің елдің түрін.
Мен сені алып жөнелсем осы түнде,
Жиылмай ма бар Матай жалғыз күнде?
Тобықтыдан жылқыны тиіп алып,
Басталмай ма бітпестей бүлік мүлде.
Барымта алмай бітімге көнсе елің,
Қанша мал алса аярым жоқ қой менің.
«Қызды қайтар, әйтпесе бітпейміз» деп
Жатып алса, табамыз қайтіп жөнін?
Матай алса, Тобықты тек жата ма,
Азбын деп жанын аяп ар сата ма?
Ауыл шауып, мал алып, қан төгілер,
Ойла! Қалып жүрмелік теріс батаға!»
«Ей, батыр, бұл сен айтар сөзің емес,
Уайым қып сескенер кезің емес.
Келер істі жалғыз-ақ Алла білер,
Ол сенің өлшеп сатар бөзің емес.
Кімнің көзі жетеді күні ертеңге,
Теңін тапқан сені мен жалғыз мен бе?
Ел шабысып кетті ме соның бәрі,
Алып қашып алды ғой талай пенде!
Мал аямай пейілді салсаң кеңге,
Жарастырар табылар аға-жеңге.
Жер өртеуге жетеді бір шағым қу,
Кім кепіл бола алады осы екі елге?
Бұлт шықпай жауа ма құры желге,
Бізсіз де таласады жалғыз белге.
Құдай жөнін берейін деген болса,
Көнер әлде, «мал алып біт» дегенге.
Сен мені бүгін алып кет демеймін,
Осы екі елдің түбіне жет демеймін.
Шын ішің сүймей, сыртың сүйген болса,
Әуре боп саған уағда ет демеймін.
Шын сүймесең сүйдім деп айтпа маған,
Шала сүйген болады құр алдаған.
Ындыныңмен ұнатсаң, бер қолыңды,
Саған сөзім қалмады енді айтпаған».
Кебек те отыр еді азар шыдап,
Сөзін айтып болғанша қызды сынап.
«Сен өлген жерде мен де өлемін» деп,
Қол алысып біржола кетті құлап.
Кебектің қолын Еңлік қысып алып,
Шөлдеп сусын ішкендей мейірі қанып.
Бармағынан бір сүйіп, беті тершіп,
Ыстық жасы көзінен кетті тамып.
***
Таң жарығы түскен соң шаңыраққа,
Кебек тұрды арқандап ат қоймаққа.
Еңлік үйден арқанды ала шығып,
Құшақтасып жөнелді жартас жаққа.
Келе жатып қыз айтты: «Батыр, саған,
Бір сөзім қалған екен айтылмаған.
Тобықты мен біздің ел бітім қылса,
Сонда алып қаш, кезінде жауықпаған.
Мына жартас табыспақ болсын бізге,
Мені ұмытып, жатып ап күдер үзбе.
Осы араға үш күнде бір келіп жүр,
Ең болмаса жұманы құр өткізбе!»
Соны айтты да от жақты үйге барып,
Су жылытты қазанға қарды салып.
Оятып ап қойшыға құрт езгізіп,
Сары май салып қойды аяқ алып.
Ат арқандап болды да Кебек өзі,
Қыз артынан қадалып екі көзі,
Еңлікке бір, тасқа бір қарады да,
Сонда түсті ойына балгер сөзі.
«Апыр-ау! Әлде сайтан, әлде жын ба,
Кім бастап алып келді мені мұнда.
Осы көрген түсім бе, иә өңім бе,
Қалжыраған бақсының сөзі шын ба?
Біржолата кім тұрар бұл дүниеде,
Өлім көрмей қоя ма туған пенде.
Қарап жүріп қаңғырып босқа өлгенше,
Еңлік үшін өлгеннің қапысы не?»
Соны ойлап көңілін басты Кебек батыр,
Құдай қосқан іс болмай қоймайды ақыр.
«Тамақ дайын» деп хабар бергеннен соң,
Аяңдап үйге таман келе жатыр.
Бетін жуып, отырды төрге барып,
Құрт берді сары майды және салып.
Қазы-қарта, жал-жая жасап Еңлік,
Бір табақ ет алдына қойды апарып.
Жалынан бір кесті де «бісміллә» деп,
Ұсынды ақсақал мен кемпірге әкеп.
«Иесімен ас тәтті» деп Еңлікті
Шақырып ап екеуі отырды жеп.
Қойшыға да ұстатты сүйек-саяқ,
Ет артынан сорпа ішті бірер аяқ.
Бата қылып, қол жуып болысымен
Еңлік атты ерттеді айтқызбай-ақ.
Кебек сонда шалға айтты: «Ей, ақсақал,
Өзің таңдап түлкінің біреуін ал.
Бағыңызға кез келген бір олжа ғой,
Жығыт тымақ істетіп сандыққа сал!»
Еңлік шығып қонағын аттандырды,
Қоштасып Кебек батыр елге жүрді.
«Қайда жүрсең аман жүр, батырым», – деп,
Бел асқанша артынан қарап тұрды.
***
Ер Кебек тыным алып үйде жатпай,
Еңлікке келіп жүрді дамыл таппай.
Кейде түзден жолығып, кейде қонып,
Алты ай қыс аттың терін бір құрғатпай.
Екі ел бітті, сөйлесіп жазға салым,
Қайтарысып барымта, алған малын.
Тамақ үшін қыдырған Матай айтып,
Бұл бітім Еңлікке де болды мәлім.
Кебек келді бір күні қызға тағы,
Ойында бар, ел бітсе, іс қылмағы.
Еңлік те дайын болды сол арада,
Қара жартас — белгілі табыспағы.
Қыз айтты: «Түнеугі айтқан уағда қайда,
Кел, кетелік, кідірмей осындайда.
Азық-түлік, киерлік киімдерім
Дайындап әкеп қойдым, мына сайда.
Қосылған соң кешікпей болдым буаз,
Онан бері қыс өтіп, шықты ғой жаз.
Босансам өз қолыңда босанайын,
Құры бүйтіп жүргенге болмалық мәз».
Екеуі «тәуекел» деп кетіп қалды,
Таң атпай-ақ Ордаға жетіп барды.
Ағаштан балаған қып арша жауып,
Бекініп бір дарада жатып алды.
***
Еңлік, Кебек кеткен соң таң тағы атты,
Күн шыққанша кемпір-шал тұрмай жатты.
Қойшы Еңлікті таба алмай іздеп-іздеп,
«Қызың қашып кетті», – деп шалды оятты.
Шал жылап, әлі келді екі көзге,
Қолынан не келеді онан өзге.
Қойшы барып еліне хабар айтып,
Матай келді жиылып осы сөзге.
Жан білмейді Еңлікті кім алғанын,
Қайда кетіп, қалайша жоғалғанын.
Алты ай қыстай кім келіп, кім кетпейді,
Қайдан білсін кәдікті кім қонғанын?
Түлкіні бір Матайдың көзі шалды,
«Мынаны кім берген» деп қолына алды.
Шал айтты: «Мұны берген – бір Тобықты,
Атын ұмыттым, бір қонып кетіп қалды».
Қойшы айтты: «Оның аты Кебек еді,
Сонан соң да осында келмеп пе еді?
Ұмытпасам, соны Еңлік аттандырып,
«Хош, аман бол, келіп жүр, Кебек» деді».
Қуа-қуа осы сөз анықталды,
Матайлар Тобықтыға кісі салды.
«Қыз дегенің немене, білмейміз», – деп,
Тобықты оны елемей жатып алды.
Кебектің қайда екенін ел білмейді,
Не жылқыда, не аңда жүр ғой дейді.
Жалғыз-жарым сыр ашпас құрбы арқылы
Елден Кебек азықты алып жейді.
Сөйтіп жүріп бірталай заман өтті,
Еңлік қашып кеткенге айға жетті.
«Қыз алды да, жөн жауап бермеді» деп,
Матайлар бір қос жылқы алып кетті.
Тек жатсын ба бұл елдің көп саңлағы,
Жуантаяқ бір ауыл шапты тағы.
Матай қызды, Тобықты Кебекті іздеп,
Шатаққа соқты сөйтіп сөз аяғы.
***
Бір күні Қабекеңе Көбей келді,
Үйге кіріп келді де сәлем берді.
«Қыз да жоқ, Кебек те жоқ, ел шабысты,
Мен сізден ақыл сұрай келдім», – дейді.
Қабекең сөз айтпайды жұмбақтамай:
«Ей, Көбей, сұңқар калай, тауық қалай?
Тоқтамыс жолаушылап кетіп еді,
Сол келгенше өтпей ме уақыт талай?»
Көбей мұны ұқты да қайтып кетті,
Тобықты кеңес қылған топқа жетті:
«Қабекең екі-ақ ауыз жұмбақ айтты,
Ол сөзінің мағынасы мынау депті:
Еңлікті алып қашқан Кебек батыр,
Оны айтпай-ақ біздің би біліп жатыр.
«Тауық» деп қызды айтады, «сұңқар» —Кебек,
«Тоқтамысқа қаратып қой» дейді ақыр».
Осылай деп жұмбағын Көбей шешті,
Матаймен байлау қылып, сөз сөйлесті.
«Кешіктірмей табалық Кебек алса,
Бір ай тоқта, Тоқтамыс келсін» десті.
Сонымен тағы да өтті бір жарым ай,
Тоқтамыс Арғын жақтан жүр келе алмай.
Намыс қылып жиылды тамам Найман,
«Көнбейміз, – деп, – мазаққа мұнан былай».
Матай да соқтыққан жоқ тіпті неген,
Мақал бар «ел құлағы – елу» деген.
Қыздың қайны – Сыбандар және білді,
Екі елде де адам жоқ есітпеген.
Найманның тым көп болды жиылысы,
Жиылған соң белгілі қылар ісі.
«Алдынан бір арылып алайық» деп,
Тобықтыға жіберді елші кісі:
«Тентегінің жазасын мойынға алсын,
Егер оған көнбесе, дайындалсын.
Қырылыспай бітпейміз таусылғанша,
Не Найман, не Тобықты бірі қалсын.
Жауапты да тез берсін кешіктірмей,
Ертең бесін намаздың уақыты кірмей.
Өзге бітім болар деп ойламасын,
Бітімім жоқ не өліп, не өлтірмей».
Ұйлықты Тобықтылар осы сөзге,
Бітімі жоқ болған соң мұнан өзге.
Найман тым көп, Тобықты аз, Арғын алыс,
Қорықпауға да болмайды көрер көзге.
Бірі ол деп, бірі бұл деп көп кеңесті,
Біле алмай не берерін, не берместі.
Қысылғанда баратын Қабекеңе,
Ақыл сұрай бір-екеу барсын десті.
Кенбай мен Көбей барды биге тағы,
Сөзін айтып, сәлемін берді-дағы.
Қабекеңнің қабағы қарыс түсіп,
Мінеки сондағы айтқан бір жұмбағы:
«Әнет бабаң емес пе менің атам,
Бірақ ондай қабыл ма менің батам?
Көшсем қоныс, отырсам көмегім жоқ,
Көрсетемін, қайтейін тыныш жатам».
Бұл сөзі — бабаң айтқан сөздің көзі,
Өзі өлтірмей, амалсыз атқызды өзі.
«Жеңілсең, енді барар орының жоқ,
Көрсетпеуге шама жоқ» деген сөзі.
Соны естіп Көбей топқа қайтып келді,
Жұмбағының шешуін айтып келді.
Тобықтылар Найманды ертіп әкеп,
Кебектің жатқан жерін айтып берді.
***
Ұйықтамайды сақтанып Кебек түнде,
Үш айдай бір дарада жатқан мүлде.
Толғатып Еңлік сұлу бір ұл тапқан,
Айы толып, мезгілі жеткен күнде.
Екеуі сол баланы қылады ермек,
Кезек ұйықтап, сақтанып жүрді сергек.
Қыз ояу, Кебек ұйықтап жатыр еді,
Қозыкүрең кісінеп қағады елек.
Еңлік түртіп оятты Кебек ерді,
Атқа қарғып мінгенше жау да келді.
Күрең атқа мінгесіп жөнелгенде,
Баласы бесігімен қала берді.
Баланы бір Матай кеп қолына алды,
Кебек қашты, жабылып жау да салды.
Қозыкүрең жартастан қарғығанда,
Ауып кетіп Еңлік қыз түсіп қалды.
Не күшті, ойласаңыз, тағдыр күшті,
Кім тоқтатар әзелде болмақ істі.
«Өлсем бірге өлмекші сертім бар», – деп,
Мінгестіріп алуға аттан түсті.
Жау жетті де, қамауда Кебек қалды,
Әрі-бері қанжарлап соғыс салды.
Бірталайын жаралы қылса-дағы,
Көпке топырақ шашсын ба, ұстап алды.
Байлап алып әкелді Ащысуға,
Тамам Найман жиылған қалың дуға.
Қайран жастар қапыда қолға түсті,
Елтіген бөрідей боп жеген уға.
Шеткі Ақшоқы басына алып шықты,
Қалайша өлтіруге кеңес қыпты.
Жас қой деп жаны ашыған бір адам жоқ,
Қолға түскен кісіге қатын мықты.
Кейбіреуі таспенен атпақ болды,
Кейбіреуі дарға да аспақ болды.
Аяғында мойнына арқан тағып,
Атқа байлап сүйретіп шаппақ болды.
Көп Найман екеуіне тұр анталап,
Бейне бір соятұғын малға балап.
Еңлік сонда еліне сөз сөйлейді,
Қасындағы жиылған көпке қарап:
«Ей, жұртым! Бір-екі ауыз сөз айтайын,
Әйтеуір өлтіруің тұр ғой дайын.
«Өлерде үш тілек бар» деуші еді ғой,
Құдай үшін берсеңдер, мен сұрайын:
Кебекпен мені азғана араздастыр,
Өлген соң бірге қосып таспен бастыр.
Мына бала — Тобықты баласы ғой,
Мұны өлтірме, Кеңгірбай биге тапсыр».
«Үш тілегін алсын» деп жұрт кеңесті,
«Бердік» деп екеуінің қолын шешті.
Құшақтасып сүйісіп, қош айтысып,
«Ал, енді өлтіре бер, мейлің» десті.
Екеуінің мойнына арқан салып,
Екі аттың құйрығына байлап алып,
«Матайлап» ұран салып шауып-шауып,
Өлтіріп бір төбеге қойды апарып.
Тастады бесігімен баласын да,
Обалға өшіккен ел қарасын ба?
Еңлік–Кебек моласы бүгін де бар
Таймақ пен Ералының арасында.
Надан жұрттың болады діні қатты,
Қабекеңе тапсырмай аманатты,
Шеткі Ақшоқы басында қалған бала
Шырқырап күн батқанша жылап жатты.
Жуантаяқ баланы түнде білді,
Түн ішінде жиылып атқа мінді.
Таң ата келіп іздеп таба алмады,
Қисыны – біреу ұрлап кеткен сынды.
***
Жігіттер! Бұл өлеңді жазған мәнім:
Емес қой жастықпенен салған әнім.
Қас қайсы, қаза қайсы, таза қайсы?
Аларсың көп ғибрат, байқағаның.
Қыз, қызық, батыр жазар кезім емес,
Жастарды қызықтырған сөзім емес.
Ертегі емес, ертеде болған бір іс,
Ойдан жалған шығарған сөзім емес.
Әншейін әңгіме деп құлақ салма,
Құр ғана қызығы мен қызын алма.
Ғаділ, залым, шафқатлі, мейірімсіз,
Соларды айыра алмай қапы қалма!
А, Құдай, күнәмді өшір, сауапқа жаз,
Таусылмайды рахматың, не болмайды аз.
Жан кетіп, ағайын, мал қалған кезде,
Өлмес, өшпес дәулетім – осы қағаз.
Әңгіме алдында аз сөз
Өткен адам болады көзден таса,
Өлді-өшті, оны ешкім ойламаса.
Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,
Керектісін ескеріп, ұмытпаса.
Ақыл деген — денеге егулі дән,
Суғарылса кіреді оған да жан.
Ақылдың өсіп-өніп зораймағы —
Көрген, білген нәрседен ғибрат алған.
Есітіп, біліп, көз көріп, ойға салмақ,
Өткен істен адамзат бір үлгі алмақ.
Қызықпақ, не жек көрмек, жиіркенбек,
Бастан кешкен әр істен белгі қалмақ.
Ақылдың кей іс жауы, кей іс досы,
Бұл екі істен болмайды өмір босы.
Досыңды жау, дұшпанды дос көрсетіп,
Көзді байлап нәпсінің қылғаны осы.
* * *
Қалмақ жеңіп, қазақтан алған кегін
Қалқаман қиссасында жазып едім.
«Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл
Ақтабан шұбырынды болды»—дедім.
Сырдан қалмақ қуған соң біздің елді,
Күні-түні шұбырып Шуға келді.
Табан тиіп жүре алмай, халі құрып,
Сұлап жатты айнала Саумал көлді .
Сонда Шақшақ Жәнібек сөз сөйлепті:
«Балалар! Осы жолды ұмытпа,— депті,
«Ақтабан шұбырынды» — мұның аты,
Құдай қосса, алармыз біз де кекті!»
Сол жерде тамам қазақ жыласыпты,
Құдайдан «артын бер» деп сұрасыпты.
Тыныққан соң қалмақтан кек алуға,
Сөз байлап уағдамен ұнасыпты.
Арғындар сол көшкеннен көше берді,
Батырлары жер шалып, қоныс көрді.
Есіл, Нұра, Сарысу, Қарқаралы,
Шалқар көл, Ұлытаудан алды жерді.
Орнығып қалың арғын сонда қалды,
Жеті момын олардан өте салды.
Ор, Елек, Ойыл, Қиыл қыстамақ боп,
Жаз жайлауға Мұғаджар тауын алды.
Кіші жүз өте көшті Орал жаққа,
Әбілқайыр хан еді мінген таққа.
Мың жеті жүз отыз бір шамасында
Орысқа уағда берген қарамаққа.
Соны естіп Жеті момын қайта ауыпты,
Орыстан көреміз деп бір қауіпті.
Мұғаджардың күншығыс жағына өтіп,
Ырғыз, Торғай дейтұғын жер тауыпты.
Сол жерде жайлап, қыстап жатып алды,
Қалмақтан барымталап жиды малды.
Ұлы жүзде үлкен хан Әбілмәмбет
«Қалмақпен соғысам» деп хабар салды.
Орта жүзден де аттанды Сәмеке хан,
Үш жүзден жиылыпты бірталай жан.
Шеп құрып қара-қарсы соғысқанда,
Қазақ жеңіп, қалмақтан кегін алған.
Сол соғыс — хан Абылай келген кезі,
Қалмақтың сыбағасын берген кезі.
Керек болса оқыңдар шежіремнен,
Жазылған сонда анықтап түгел сөзі.
Сонан кейін қалмақты қазақ қуған,
Жиылып шаба берді ойдан, қырдан.
Тарбағатай, Шыңғыстың жан-жағында
Көшпелі көп қалмақ бар бұрын тұрған.
Қырылған соң қалмақтар жаман сасқан,
Нұржайсаң, Шәуешектен өте қашқан.
Ата қоныс — Арқаны босатып ап,
Қазақ келіп қалмақтың орнын басқан.
Қалмақты шабысуға Мамай келген,
Босап қалған Шыңғысты көзі көрген.
Барған соң Жеті момын жақсысына,
«Хан Шыңғыс босады» деп хабар берген.
Момынның жартысы айтқан «барамыз» деп,
«Ата қоныс Шыңғысты аламыз» деп.
Атығай, Қарауыл мен Бәсентиін
Көшпепті «біз осында қаламыз» деп.
Туысқанын қия алмай, «жүр, – деп, – сен де»,
Көп айтқан Кеңгірбай мен Қараменде .
Бос тұрған соң Шыңғысқа Матай қонған,
Біздің ел әне-міне деп жүргенде.
Тобықты, Қанжығалы көшкен сонда,
Өзге Момын көше алмай қалған онда.
«Шыңғысты Матай алды» дегенді естіп,
Қанжығалы қалыпты орта жолда.
Келгені Тобықтының осы маңға
Мың жеті жүз сексенге тақалғанда,
Елді бастап әкелген Мамай батыр
Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға.
Әр топта да батыр бар некен-саяқ,
Сүйтсе де батыры көп Жуантаяқ.
Қырды алып, Бөктерге таласыпты,
Матай-Сатай дегенді тыңдамай-ақ.
Қабекең де өрлепті Шидің бойын,
Шөбі шүйгін жер ғой деп малға тойын.
Кейде жау боп Матаймен, кейде бітіп,
Есі-дерті – Шыңғыста, айтпайды ойын.
Қалқаман мен Мамырды жаздым бұрын,
Оқығандар, байқадың оның сырын.
Енді айтамын Еңлік пен Кебек сөзін,
Тағы сынап көріңіз мұның түрін.
***
Ту тіккен Тобықтының қос басшысы —
Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі.
Жамағайын жақыны сол кісінің
Бар екен Кебек деген бір інісі.
Ол Кебек мықты болған жас басынан,
Тоқаң да тастамайды өз қасынан.
«Жасы бала болса да, жаны отты» деп,
Артық көріп не сабаз жолдасынан.
Он бесінде Кебектің аты шықты,
Атты жаяу бәріне бірдей мықты.
Көзі өткір, қараторы жігіт екен,
Орта бойлы, тапалдау, кең иықты.
Ел қамы үшін өлуге жанын салып,
Соғыс десе тұрмайды қойса байлап.
Жауға батыл, жақынға және әдепті,
Кішіні іні, үлкенді ағатайлап.
Ол кезде балгер болған Нысан абыз,
Шын дәулескер бақсының өзі нағыз.
Жыны айта ма, кім білсін, шыны айта ма,
Айтқаны келеді деп қылады аңыз.
Кебек батыр өз бақытын сынамаққа,
Әдейі іздеп келіпті балгер жаққа.
Оңашада жалынды абызға кеп,
«Бал ашып бер, – деді де, – біздің баққа»:
«Ей, абыз! Аш балыңды, қобызыңды тарт,
Алар ақың бар болса, мойныма арт.
Балыңа не түссе де жасырмай айт,
Жалғыз-ақ сол арасын қыламын шарт»,
«Шырағым, бал аштым деп мал алмаймын,
Ол үшін саған ақыл сала алмаймын.
Жаман айтсам жабығып қала көрме,
Жынның сөзін жасырып қала алмаймын.
Соны айтып қобыз алды Кебекке арнап,
Шақырды жындарының атын зарлап.
Қара қалмақ Қорқыттың күйін тартып,
Қобызына ән қосып кетті сарнап.
Темір масақ жабырлап тұр сылдырлап,
Екі көзі бақсының тым бұлдырлап.
Ындын қойып тыңдасаң сарнағанын,
Сақтанбасаң алғандай ақылды ұрлап.
Мұңлы қоңыр дауысы шықса зарлап,
Ықтиярсыз кетеді бой шымырлап.
«А» дейді де тыңдайды анда-санда,
Құлағына кеткендей жын сыбырлап.
Екі көзін қан жауып, өңі қашып,
Сұп-сұр болып, алартып көзін ашып.
Шүлдір-шүлдір сөйлесіп жыныменен,
Өзін-өзі тоқтатты әзер басып.
Нысан абыз қысылып батқан терге,
Қарады да сөйледі Кебек ерге:
«Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан,
Батырым, ондай жанға көңіл берме.
Бұл сөзді өз ойымнан айтпаймын құр,
Жын шіркін осылай деп айтқызып тұр.
Қара жартас түбінде кез келеді,
Шырағым, сондай қыздан сақтанып жүр.
Әдейі іздеп бармассың, кез боларсың,
Кез болсаң, алыс емес, тез боларсың.
«Сақтыққа қорлық жүрмес» деген бар ғой,
Сақтанбасаң, артқыға сөз боларсың».
Оны есітіп Кебек кетті өз жайына,
Батса да балгер сөзі шымбайына.
Ойланбай, біржолата кетті ұмытып,
Деді де: «Жынның сөзін тыңдайым ба?»
Мұнан кейін азырақ заман өтті,
Салқын түсіп, қар жауар мезгіл жетті,
Қарашаның алғашқы қары жауып,
Кебек батыр құс алып аңға кетті.
Қойтастан бір түлкі алды інге тығып,
Ойлады кетейін деп Ханға шығып.
Сонарда ізге түсіп келе жатса,
Бір түлкі және қашты жатқан бұғып.
Қамшылап күрең атты жамбасына,
Түлкіден бұрын шықты Хан басына.
Жел шығып, боран болып кеткен екен,
Аң қуған аңғал батыр аңдасын ба.
Құс түлкіні көрген соң кетіпті ұшып,
Бір жерге жарқ-жұрқ етіп қалды түсіп.
Бораннан байқай алмай өтіп кетті,
Түлкіні жатса-дағы бүркіт қысып.
Таба алмай олай шауып, бұлай шауып,
«Құсымнан айырылдым» деп қылды қауіп.
Құс әбден түлкіні жеп тойған кезде,
Алыпты күн батқан соң әзер тауып.
Бүркітті бөлеуіне бөлеп алды,
Аяң-бұяң еткенше түн боп қалды.
«Ел жатпай бір ауылға қонайын» деп,
Шыңғыстың бөктерімен қайта салды.
Бораннан байқай алмай барар бетті,
Түн ішінде адасып Кебек кетті.
Осы Хақан өзеннің аяғында
Қыстаған бір Матайға келіп жетті.
Белдеуге атын байлады Кебек сері,
Боз қырау бұрқыраған аттың тері.
Осы күнгі Боқтыбай қыстап жүрген
Қара жартас — Кебектің келген жері.
Сол үйге кіріп келсе «кеш жарық» деп,
Жатпақ түгіл болған жоқ тамағын жеп.
Ол кезде шай болмайды, сусыны – құрт,
Ұсынды қарсақ жон қып езіп әкеп.
Шал мен кемпір, тағы бір малшы бала,
Бар екен бір бойжеткен қызы жәнә.
Киіз үй, малды айнала шарбақ қорған,
Там, қора жоқ, кісісі төртеу ғана.
Құрт ішіп әбден көңілі жайланған соң,
Бекітіп шарбаққа аты сайланған соң,
Үй иесі қонақтан жөн сұрады,
Асын жеп әңгімеге айланған соң.
Кебек айтты: «Аң қуған Тобықтымыз,
Мен Кебекпін дегенмен білемісіз».
«Атым — Кебек» дегенде жалт қарады,
Бағанағы айтылған бойжеткен қыз.
Бай қайтадан сөз сұрап қайырмады,
Әлгі қыз Кебектен көз айырмады.
«Қарағым, қонағыңа төсек сал», – деп,
Үй иесі жатуға дайындалды.
Тысқа шықты бай, қонақ — бәрі бірдей,
Шал айтақтап тыста жүр үйге кірмей.
Кебек келсе, төсек жоқ төр алдында,
Қай араға жатарын тұрды білмей.
Күлімсіреп қыз айтты Кебек ерге:
«Қонағым, неге тұрсың құр бекерге.
Мен сізге өз төсегім дайындадым,
Бұрын жатқан жоқ па едің ондай жерге?»
Тең шешіп, мамық көрпе алды тауып,
Кебектің де қызға тұр көңілі ауып.
«Анық Кебек сен болсаң, арызым бар,
Бір айтармын», – деді де салды жауып.
Кебек батыр жатқан соң төсекке кеп,
Қыз мінезін ішінен қылады есеп:
«Танымаған қонаққа сыр білдірген
Көрсеқызар, жеңсікқой ұрғашы-ау», – деп.
Түн ортасы ауғанда шал да жатты,
Қорылдап қатты ұйқыға әбден батты.
Үйдегілер теп-тегіс ұйықтаған соң,
Кебекті келді-дағы қыз оятты:
«Ей, батыр, сен жатырсың ұйқың қанбай,
Мен жүрген бір сорлымын бағым жанбай.
Көрінгенге көз сүзген көрсеқызар,
Әдепсіз қыз дейсің ғой әлдеқандай.
Өз әлімше сынадым мен де сені,
Сен қалай деп ойладың, айтшы, мені?
Қыздан сорлы бола ма бұл жалғанда,
Кез болмаса өзінің сүйер теңі?
Атым — Еңлік, мына шал — менің әкем,
Малы көп, бірақ еркек баладан кем.
Жасында бұл да өзіңдей батыр еді,
Қор болып, осы күнде әркімге жем.
Нағашым — байжігітте ер Қабанбай,
Шешемді де берген жоқ бай таба алмай.
Ес білмейтін ескіге кез болыппын,
Жайды білер жақсыға қосақталмай.
Мені де кедей емес, байға берген,
Күйеуім өткен жазда ұрын келген.
Қасына жатпақ түгіл жуымадым,
Білген соң шіріктігін келген жерден.
Нышаны жоқ бет-аузында сақал, мұрттан,
Бұрын да естуші едім жайын сырттан.
Түн болса ұйқыдан бас көтермейді,
Күндіз асық іздейді ескі жұрттан.
Бетіне тумай тұрып түскен әжім,
Күңге де есіктегі қылды тәжім.
Кер кеткен кеселдіге душар болдым,
Осыдан құтыларлық бар ма лажым?
Оң қолының бармағы тағы шолақ,
Бармақсыз қол ұстауға қандай олақ.
Мен сорлы емей, кім сорлы, ойла, батыр,
Күйеуімнің болған соң жайы сол-ақ.
Көп жігіт жүр сыртымнан қылып кеңес,
Мен ұнасам, «алмаймын сені» демес.
Солардың біреуімен кетер едім,
Байқаймын, бәрі менің теңім емес.
Көрсеқызар, лап бергіш әр елде көп,
Атын атап не керек пәленше деп.
Аз күндік әзіл іздеп жүргенім жоқ,
Өнімсіз іс болмайды өмірге сеп.
Бүгін мұнда кез болдың құдай айдап,
Атыңды естіп жүруші ем сырттан сайлап.
Тасыр болса, талғамай тап берер деп,
Түні бойы сынадым сізді абайлап.
Мен татысам, жігітсің маған татыр,
Міне, осындай ішімде қайғым жатыр.
Ойнас емес, өмірлік жолдасым деп,
Беремісің уәде, Кебек батыр?»
Кебек мұны есітіп көп ойлады,
Асықпай біраз ғана еп ойлады.
«Түні бойы қыз мені сынапты ғой,
Мен де мұны сынайын деп ойлады»:
«Ей, Еңлік! Сөзің рас, нандым саған,
Бәрін ұқтым, жерім жоқ байқамаған.
Артқы өмірді әзір біз қоя тұрып,
Ойнап-күлсек қайтеді біраз заман?
Қаза келсе малдыдан мал таймай ма,
Ажал жетсе батырдан жан таймай ма.
Азар болса, күйеуің жастау шығар,
Жарлы байып, жас өсіп қартаймай ма?
Жас түзеліп, түрленіп ержетпей ме,
Бойындағы балалық бір кетпей ме,
Асыққандық емес пе мына сөзің,
Жақсы әйел жаман ерді түзетпей ме?
Талпынғанмен тағдырды бұра ала ма,
Құдай қоспай, басымыз құрала ма.
Аз күн қызық көрелік онан-дағы,
Бұл дәурен бір қалыпты тұра ала ма?
Еңлік айтты: «Таң қалдым бұл сөзіңе,
Ұқсамайды түндегі мінезіңе.
Егерде біреу айтса ұнар ма едің,
Талап қылма, талпынба деп өзіңе.
Рас, құдай жазбаса бітпес жұмыс,
Сүйтсе де бізге міндет – талап пен іс.
Әрекетсіз отырмақ дұрыс болса,
Неге берген аяқ-қол, тіл менен тіс?
Күйеуімнің жүрген жоқ жасы жетпей,
Ынжықтық қайтушы еді тентіретпей.
Ақыл салып бармағын сау қылуға
Пендеде күш бола ма құдіреттей.
Талап қылмай бола ма құтылуға,
Оттан қашып кірсем де терең суға.
Пәледен машайық та қашқан жоқ па,
Қайтіп разы болайын берген уға?
Тобықты неге келді мұнда көшіп,
Мұғаджардан Шыңғысты көзі тесіп.
Қара қазан, сары бала қамын ойлап,
Келді ғой «жайлы қоныс табам» десіп.
Бір құдай жер жүзіне шашқан несіп,
Барша жан жүрген жоқ па теріп жесіп.
Аз күндік арам жүріс аужал емес,
Бермесең уағадаңды мүлде кесіп.
Өйтіп уағда бермесең, әуре етпе,
Тең көрмесең телміртіп, тентіретпе!
Қайда барсаң обалым жібермейді,
Бірақ осы сөзімді ұмытып кетпе!»
Қалай айла қылса да бір қоймады,
Жал айтқан жауабына қыз тоймады.
Еңліктің бұл жауабын есіткен соң,
Кебек батыр тағы бір ой ойлады:
«Ей, Еңлік! Айтқан сөзің — сөздің шыны,
Сөйтсе де бір сөзім бар, тыңда мұны.
Соғысқа сылтау таппай отырғанда,
Бүлдірмелік Матай мен Тобықтыны.
Онсыз-дағы біріне-бірі қырын,
«Ала ғой» деп береді кім жесірін.
Адам түгіл мал үшін ел шабады,
Қыз болсаң да білесің елдің түрін.
Мен сені алып жөнелсем осы түнде,
Жиылмай ма бар Матай жалғыз күнде?
Тобықтыдан жылқыны тиіп алып,
Басталмай ма бітпестей бүлік мүлде.
Барымта алмай бітімге көнсе елің,
Қанша мал алса аярым жоқ қой менің.
«Қызды қайтар, әйтпесе бітпейміз» деп
Жатып алса, табамыз қайтіп жөнін?
Матай алса, Тобықты тек жата ма,
Азбын деп жанын аяп ар сата ма?
Ауыл шауып, мал алып, қан төгілер,
Ойла! Қалып жүрмелік теріс батаға!»
«Ей, батыр, бұл сен айтар сөзің емес,
Уайым қып сескенер кезің емес.
Келер істі жалғыз-ақ Алла білер,
Ол сенің өлшеп сатар бөзің емес.
Кімнің көзі жетеді күні ертеңге,
Теңін тапқан сені мен жалғыз мен бе?
Ел шабысып кетті ме соның бәрі,
Алып қашып алды ғой талай пенде!
Мал аямай пейілді салсаң кеңге,
Жарастырар табылар аға-жеңге.
Жер өртеуге жетеді бір шағым қу,
Кім кепіл бола алады осы екі елге?
Бұлт шықпай жауа ма құры желге,
Бізсіз де таласады жалғыз белге.
Құдай жөнін берейін деген болса,
Көнер әлде, «мал алып біт» дегенге.
Сен мені бүгін алып кет демеймін,
Осы екі елдің түбіне жет демеймін.
Шын ішің сүймей, сыртың сүйген болса,
Әуре боп саған уағда ет демеймін.
Шын сүймесең сүйдім деп айтпа маған,
Шала сүйген болады құр алдаған.
Ындыныңмен ұнатсаң, бер қолыңды,
Саған сөзім қалмады енді айтпаған».
Кебек те отыр еді азар шыдап,
Сөзін айтып болғанша қызды сынап.
«Сен өлген жерде мен де өлемін» деп,
Қол алысып біржола кетті құлап.
Кебектің қолын Еңлік қысып алып,
Шөлдеп сусын ішкендей мейірі қанып.
Бармағынан бір сүйіп, беті тершіп,
Ыстық жасы көзінен кетті тамып.
***
Таң жарығы түскен соң шаңыраққа,
Кебек тұрды арқандап ат қоймаққа.
Еңлік үйден арқанды ала шығып,
Құшақтасып жөнелді жартас жаққа.
Келе жатып қыз айтты: «Батыр, саған,
Бір сөзім қалған екен айтылмаған.
Тобықты мен біздің ел бітім қылса,
Сонда алып қаш, кезінде жауықпаған.
Мына жартас табыспақ болсын бізге,
Мені ұмытып, жатып ап күдер үзбе.
Осы араға үш күнде бір келіп жүр,
Ең болмаса жұманы құр өткізбе!»
Соны айтты да от жақты үйге барып,
Су жылытты қазанға қарды салып.
Оятып ап қойшыға құрт езгізіп,
Сары май салып қойды аяқ алып.
Ат арқандап болды да Кебек өзі,
Қыз артынан қадалып екі көзі,
Еңлікке бір, тасқа бір қарады да,
Сонда түсті ойына балгер сөзі.
«Апыр-ау! Әлде сайтан, әлде жын ба,
Кім бастап алып келді мені мұнда.
Осы көрген түсім бе, иә өңім бе,
Қалжыраған бақсының сөзі шын ба?
Біржолата кім тұрар бұл дүниеде,
Өлім көрмей қоя ма туған пенде.
Қарап жүріп қаңғырып босқа өлгенше,
Еңлік үшін өлгеннің қапысы не?»
Соны ойлап көңілін басты Кебек батыр,
Құдай қосқан іс болмай қоймайды ақыр.
«Тамақ дайын» деп хабар бергеннен соң,
Аяңдап үйге таман келе жатыр.
Бетін жуып, отырды төрге барып,
Құрт берді сары майды және салып.
Қазы-қарта, жал-жая жасап Еңлік,
Бір табақ ет алдына қойды апарып.
Жалынан бір кесті де «бісміллә» деп,
Ұсынды ақсақал мен кемпірге әкеп.
«Иесімен ас тәтті» деп Еңлікті
Шақырып ап екеуі отырды жеп.
Қойшыға да ұстатты сүйек-саяқ,
Ет артынан сорпа ішті бірер аяқ.
Бата қылып, қол жуып болысымен
Еңлік атты ерттеді айтқызбай-ақ.
Кебек сонда шалға айтты: «Ей, ақсақал,
Өзің таңдап түлкінің біреуін ал.
Бағыңызға кез келген бір олжа ғой,
Жығыт тымақ істетіп сандыққа сал!»
Еңлік шығып қонағын аттандырды,
Қоштасып Кебек батыр елге жүрді.
«Қайда жүрсең аман жүр, батырым», – деп,
Бел асқанша артынан қарап тұрды.
***
Ер Кебек тыным алып үйде жатпай,
Еңлікке келіп жүрді дамыл таппай.
Кейде түзден жолығып, кейде қонып,
Алты ай қыс аттың терін бір құрғатпай.
Екі ел бітті, сөйлесіп жазға салым,
Қайтарысып барымта, алған малын.
Тамақ үшін қыдырған Матай айтып,
Бұл бітім Еңлікке де болды мәлім.
Кебек келді бір күні қызға тағы,
Ойында бар, ел бітсе, іс қылмағы.
Еңлік те дайын болды сол арада,
Қара жартас — белгілі табыспағы.
Қыз айтты: «Түнеугі айтқан уағда қайда,
Кел, кетелік, кідірмей осындайда.
Азық-түлік, киерлік киімдерім
Дайындап әкеп қойдым, мына сайда.
Қосылған соң кешікпей болдым буаз,
Онан бері қыс өтіп, шықты ғой жаз.
Босансам өз қолыңда босанайын,
Құры бүйтіп жүргенге болмалық мәз».
Екеуі «тәуекел» деп кетіп қалды,
Таң атпай-ақ Ордаға жетіп барды.
Ағаштан балаған қып арша жауып,
Бекініп бір дарада жатып алды.
***
Еңлік, Кебек кеткен соң таң тағы атты,
Күн шыққанша кемпір-шал тұрмай жатты.
Қойшы Еңлікті таба алмай іздеп-іздеп,
«Қызың қашып кетті», – деп шалды оятты.
Шал жылап, әлі келді екі көзге,
Қолынан не келеді онан өзге.
Қойшы барып еліне хабар айтып,
Матай келді жиылып осы сөзге.
Жан білмейді Еңлікті кім алғанын,
Қайда кетіп, қалайша жоғалғанын.
Алты ай қыстай кім келіп, кім кетпейді,
Қайдан білсін кәдікті кім қонғанын?
Түлкіні бір Матайдың көзі шалды,
«Мынаны кім берген» деп қолына алды.
Шал айтты: «Мұны берген – бір Тобықты,
Атын ұмыттым, бір қонып кетіп қалды».
Қойшы айтты: «Оның аты Кебек еді,
Сонан соң да осында келмеп пе еді?
Ұмытпасам, соны Еңлік аттандырып,
«Хош, аман бол, келіп жүр, Кебек» деді».
Қуа-қуа осы сөз анықталды,
Матайлар Тобықтыға кісі салды.
«Қыз дегенің немене, білмейміз», – деп,
Тобықты оны елемей жатып алды.
Кебектің қайда екенін ел білмейді,
Не жылқыда, не аңда жүр ғой дейді.
Жалғыз-жарым сыр ашпас құрбы арқылы
Елден Кебек азықты алып жейді.
Сөйтіп жүріп бірталай заман өтті,
Еңлік қашып кеткенге айға жетті.
«Қыз алды да, жөн жауап бермеді» деп,
Матайлар бір қос жылқы алып кетті.
Тек жатсын ба бұл елдің көп саңлағы,
Жуантаяқ бір ауыл шапты тағы.
Матай қызды, Тобықты Кебекті іздеп,
Шатаққа соқты сөйтіп сөз аяғы.
***
Бір күні Қабекеңе Көбей келді,
Үйге кіріп келді де сәлем берді.
«Қыз да жоқ, Кебек те жоқ, ел шабысты,
Мен сізден ақыл сұрай келдім», – дейді.
Қабекең сөз айтпайды жұмбақтамай:
«Ей, Көбей, сұңқар калай, тауық қалай?
Тоқтамыс жолаушылап кетіп еді,
Сол келгенше өтпей ме уақыт талай?»
Көбей мұны ұқты да қайтып кетті,
Тобықты кеңес қылған топқа жетті:
«Қабекең екі-ақ ауыз жұмбақ айтты,
Ол сөзінің мағынасы мынау депті:
Еңлікті алып қашқан Кебек батыр,
Оны айтпай-ақ біздің би біліп жатыр.
«Тауық» деп қызды айтады, «сұңқар» —Кебек,
«Тоқтамысқа қаратып қой» дейді ақыр».
Осылай деп жұмбағын Көбей шешті,
Матаймен байлау қылып, сөз сөйлесті.
«Кешіктірмей табалық Кебек алса,
Бір ай тоқта, Тоқтамыс келсін» десті.
Сонымен тағы да өтті бір жарым ай,
Тоқтамыс Арғын жақтан жүр келе алмай.
Намыс қылып жиылды тамам Найман,
«Көнбейміз, – деп, – мазаққа мұнан былай».
Матай да соқтыққан жоқ тіпті неген,
Мақал бар «ел құлағы – елу» деген.
Қыздың қайны – Сыбандар және білді,
Екі елде де адам жоқ есітпеген.
Найманның тым көп болды жиылысы,
Жиылған соң белгілі қылар ісі.
«Алдынан бір арылып алайық» деп,
Тобықтыға жіберді елші кісі:
«Тентегінің жазасын мойынға алсын,
Егер оған көнбесе, дайындалсын.
Қырылыспай бітпейміз таусылғанша,
Не Найман, не Тобықты бірі қалсын.
Жауапты да тез берсін кешіктірмей,
Ертең бесін намаздың уақыты кірмей.
Өзге бітім болар деп ойламасын,
Бітімім жоқ не өліп, не өлтірмей».
Ұйлықты Тобықтылар осы сөзге,
Бітімі жоқ болған соң мұнан өзге.
Найман тым көп, Тобықты аз, Арғын алыс,
Қорықпауға да болмайды көрер көзге.
Бірі ол деп, бірі бұл деп көп кеңесті,
Біле алмай не берерін, не берместі.
Қысылғанда баратын Қабекеңе,
Ақыл сұрай бір-екеу барсын десті.
Кенбай мен Көбей барды биге тағы,
Сөзін айтып, сәлемін берді-дағы.
Қабекеңнің қабағы қарыс түсіп,
Мінеки сондағы айтқан бір жұмбағы:
«Әнет бабаң емес пе менің атам,
Бірақ ондай қабыл ма менің батам?
Көшсем қоныс, отырсам көмегім жоқ,
Көрсетемін, қайтейін тыныш жатам».
Бұл сөзі — бабаң айтқан сөздің көзі,
Өзі өлтірмей, амалсыз атқызды өзі.
«Жеңілсең, енді барар орының жоқ,
Көрсетпеуге шама жоқ» деген сөзі.
Соны естіп Көбей топқа қайтып келді,
Жұмбағының шешуін айтып келді.
Тобықтылар Найманды ертіп әкеп,
Кебектің жатқан жерін айтып берді.
***
Ұйықтамайды сақтанып Кебек түнде,
Үш айдай бір дарада жатқан мүлде.
Толғатып Еңлік сұлу бір ұл тапқан,
Айы толып, мезгілі жеткен күнде.
Екеуі сол баланы қылады ермек,
Кезек ұйықтап, сақтанып жүрді сергек.
Қыз ояу, Кебек ұйықтап жатыр еді,
Қозыкүрең кісінеп қағады елек.
Еңлік түртіп оятты Кебек ерді,
Атқа қарғып мінгенше жау да келді.
Күрең атқа мінгесіп жөнелгенде,
Баласы бесігімен қала берді.
Баланы бір Матай кеп қолына алды,
Кебек қашты, жабылып жау да салды.
Қозыкүрең жартастан қарғығанда,
Ауып кетіп Еңлік қыз түсіп қалды.
Не күшті, ойласаңыз, тағдыр күшті,
Кім тоқтатар әзелде болмақ істі.
«Өлсем бірге өлмекші сертім бар», – деп,
Мінгестіріп алуға аттан түсті.
Жау жетті де, қамауда Кебек қалды,
Әрі-бері қанжарлап соғыс салды.
Бірталайын жаралы қылса-дағы,
Көпке топырақ шашсын ба, ұстап алды.
Байлап алып әкелді Ащысуға,
Тамам Найман жиылған қалың дуға.
Қайран жастар қапыда қолға түсті,
Елтіген бөрідей боп жеген уға.
Шеткі Ақшоқы басына алып шықты,
Қалайша өлтіруге кеңес қыпты.
Жас қой деп жаны ашыған бір адам жоқ,
Қолға түскен кісіге қатын мықты.
Кейбіреуі таспенен атпақ болды,
Кейбіреуі дарға да аспақ болды.
Аяғында мойнына арқан тағып,
Атқа байлап сүйретіп шаппақ болды.
Көп Найман екеуіне тұр анталап,
Бейне бір соятұғын малға балап.
Еңлік сонда еліне сөз сөйлейді,
Қасындағы жиылған көпке қарап:
«Ей, жұртым! Бір-екі ауыз сөз айтайын,
Әйтеуір өлтіруің тұр ғой дайын.
«Өлерде үш тілек бар» деуші еді ғой,
Құдай үшін берсеңдер, мен сұрайын:
Кебекпен мені азғана араздастыр,
Өлген соң бірге қосып таспен бастыр.
Мына бала — Тобықты баласы ғой,
Мұны өлтірме, Кеңгірбай биге тапсыр».
«Үш тілегін алсын» деп жұрт кеңесті,
«Бердік» деп екеуінің қолын шешті.
Құшақтасып сүйісіп, қош айтысып,
«Ал, енді өлтіре бер, мейлің» десті.
Екеуінің мойнына арқан салып,
Екі аттың құйрығына байлап алып,
«Матайлап» ұран салып шауып-шауып,
Өлтіріп бір төбеге қойды апарып.
Тастады бесігімен баласын да,
Обалға өшіккен ел қарасын ба?
Еңлік–Кебек моласы бүгін де бар
Таймақ пен Ералының арасында.
Надан жұрттың болады діні қатты,
Қабекеңе тапсырмай аманатты,
Шеткі Ақшоқы басында қалған бала
Шырқырап күн батқанша жылап жатты.
Жуантаяқ баланы түнде білді,
Түн ішінде жиылып атқа мінді.
Таң ата келіп іздеп таба алмады,
Қисыны – біреу ұрлап кеткен сынды.
***
Жігіттер! Бұл өлеңді жазған мәнім:
Емес қой жастықпенен салған әнім.
Қас қайсы, қаза қайсы, таза қайсы?
Аларсың көп ғибрат, байқағаның.
Қыз, қызық, батыр жазар кезім емес,
Жастарды қызықтырған сөзім емес.
Ертегі емес, ертеде болған бір іс,
Ойдан жалған шығарған сөзім емес.
Әншейін әңгіме деп құлақ салма,
Құр ғана қызығы мен қызын алма.
Ғаділ, залым, шафқатлі, мейірімсіз,
Соларды айыра алмай қапы қалма!
А, Құдай, күнәмді өшір, сауапқа жаз,
Таусылмайды рахматың, не болмайды аз.
Жан кетіп, ағайын, мал қалған кезде,
Өлмес, өшпес дәулетім – осы қағаз.