Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Еуропа түнерді

Өткен 1922 жыл бойы Еуропаның қазіргі байлар, мырзалар билеген үкіметтері жер жүзіне «тыныштық орнатпақ» болып Еуропаның әр қаласында жиналып мүләйім, күлкі сөздерді сөйлеп тарқасып, әуелі жақын күншығыста (Түрік мемлекетінде) «бейбітшілік», «тыныштық орнатпақ» болып, Лозана қаласында жиналып, қазіргі уақытта іші арам, сырты мүләйім сөздерді жүндей сабап жатқан еді. Байлар, борсықтар билеген Еуропаның бір ұрты май, бір ұрты қан екеніне ешбір күмән қылмаушы едік. Сол күмән қылмауымыз қазір тағы да жер-дүниедегі адам баласына ап-айқын көрініп отыр. Мәдениет жолында әм адамгершілікке «жалпы жер-дүниеге үлгі боламыз» деуші Франция қазір Германияның Рур деген жерін күшпен алып отыр. Сылтауы — өткен Еуропа соғысында әлсіреп, шаруасы күйзелген Германияның Францияға еріксіз бермек болған шығынын, борышын төлей алмауы. Францияның Рурды алып отырғаны Германияның өткен соғыстан әлсіреп қалуы, тарих жүзінде Еуропаның әлсіз елді таламаған, әлсіз халықты борсықша сормаған күні жоқ еді. Баяғы уақыттарда Америкадағы, Африкадағы әм Үндістандағы халықтарды Еуропа қорқытып алған әм күллі жер-дүниедегі халықтарды борсықша сорып отыр.

1914 жылы Еуропа мемлекеттері аш қорқауларша бір-біріне ауыз салған еді. Сол 1914 жылдан 1918 жылға шейін Еуропа мемлекеттері өзді-өзі жұлқысып, адамның қанын сел қылып, адам баласы тарих жүзінде көрмеген-естімеген жауыздықтарды жасап, кесапат шалықтарын Азияға тигізіп, ақырында тулаған нашар таптардың күшімен бір өздерінің рахаттары үшін миллион адам баласын қанға боятқызған бірнеше патшалары тақтарынан құлап, мойындары үзіліп еді. Сол өткен қан майданынан алған миллион жазасыз жанның жаралары бітпей-ақ, сыпты сұлу, сыпайы сөзді қанқұмар Франция қасындағы көршісі Германияға қазір тағы да тап берді. Бұрынғы соғыстан әлсіреген Германия, әзір бұған қарсылық қыла қойған жоқ. Бір қорқау, бір жерден жемтік тауып жей бастаса, өзге көріп тұрған қорқаулар қызғанбай, қызықпай қарап тұрып қалмауы белгілі.

Жемтікке таласқан қорқаулар бірін-бірі шайнамай қоймауы белгілі. Германия әлсіреген, шала-жансар жемтік болғанымен о да қорқаудың бірі. «Борышыңды төлемедің» деп әскерін төгіп Германияның Рур деген жерін алып отырған Францияға бүгін қарсылық қылмағанымен, «мал ашуы — жан ашуы» дегендей Германия ертең-ақ жағаласуы мүмкін.

Өрт бір түп көдеден жанады.

Еуропаның қорқаулары қазір бір-біріне ынсапсыз, ала көздерімен қарай бастады. Борсықтар басқарған сұм Еуропаның төбесіне түнеріп тағы да қара бұлт жинала бастады. Бір топ көдеден жанған отқа түнеріп, дүрілдеп, ұйытқып дауыл соқса, жер- дүниеге өрт жайылып өршімек. Еуропаны билеген жыртқыштар шайнасып, бірін-бірі әлсіретсе адам баласының жалпы тыныштығын, жалпы бақытын іздеген дүние еңбекшілдер табы әлсіреген жыртқыштарды оңайырақ ұрып жықпақ. Еуропаның борсықтары өзді-өзі шайнасса — жалпы еңбекшілер табының бақыты. Еуропаның өткен қан майданының қабатында Россияның Николайы, Германияның Вильгелмі, Австрияның Юсифы тақтарынан құлап еді. Еуропа енді өзді-өзі жұлқысса, қазіргі мемлекет бастарында отырған борсықтарды еңбекшіл таптары үкімет бастарынан тезірек қуып, үкімет тізгіндерін өз қолдарына алар еді.

Түнерсең — түнер, Еуропа! Қаттырақ түнеріп, ұшқының шықсын аспанға! Өрттен, дауылдан қорқар еңбекшіл табының ешнәрсесі жоқ! Жасасын Еуропа!

1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама