Photo: George Morina (https://www.pexels.com/@georgemorina) / Pexels
- 19 мам. 2026 08:00
- 22
Forbes тізіміне жаңадан енген алты бизнесмен: Кімдер олар?
Forbes Kazakhstan журналы 2026 жылғы ең бай бизнесмендер рейтингін жаңартты. Биылғы тізімге құрылыс, авиация, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етіп жүрген алты жаңа есім қосылды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шахмұрат Мүтәліп: Алтын өндірісіндегі жаңа ойыншы
Рейтингке алғаш рет енген кәсіпкерлердің қатарында Шахмұрат Мүтәліп бар. Ол бірден 22-сатыға жайғасып, 482 млн доллар байлығымен ерекшеленді. Бұған дейін Мүтәліп Integra Construction KZ компаниясы арқылы ірі теміржол, автокөлік жолдары және логистикалық кешендер салумен айналысқан болатын. Алайда биыл ол «Алтыналмас» алтын өндіру компаниясының 100% акциясын сатып алды. Сонымен қатар, кәсіпкер «Казмырыш» компаниясы мен Eurasian Resources Group (ERG) холдингінің 40% үлесін иеленуге ниетті.
Владимир Сытник пен Айғазы Құсайынов: Авиация мен білім саласы
SCAT әуе компаниясының тең иегері (43%) Владимир Сытник 143 млн доллар байлығымен тізімнің 63-ші орнына тұрақтады. Одан кейінгі 64-ші сатыда 132 млн доллар дәулетімен Айғазы Құсайынов келеді. Құсайыновтың негізгі активтері білім беру және шикізат секторында шоғырланған. Ол танымал KazGASA және Қазақстан-Американ университетіне иелік ететін International Educational Corporation компаниясын басқарады.
Бекжан Мамыт: Битум және мұнай өңдеу
Тізімнің 66-шы орнына Бекжан Мамыт жайғасты. Оның 130 млн доллар капиталы негізінен Qazaq Bitum компаниясымен байланысты. Кәсіпкердің меншігіндегі компания мұнай өңдеу, битум материалдарын шығару және асфальтбетон қоспаларын өндірумен айналысады. Сондай-ақ, оның құрылымына Kaz Petroleum Group мұнай өңдеу зауыты мен Monotrans логистикалық компаниясы кіреді.
Юрий Цхай: Алатау қаласының инвесторы
Белгілі кәсіпкер Юрий Цхай 100 млн доллар байлығымен рейтингтің 72-ші сатысына енді. Оның Caspian Group компаниясы – жаңадан бой көтеріп жатқан Алатау қаласының негізгі инвесторларының бірі. Цхай қытайлық серіктестерімен бірге Iconic Towers тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, оның бетон өндіретін зауыттарда және Қостанайдағы болат прокат зауытында (Caspian Steel QZ) үлестері бар.
Бахтияр Оспанов: Ауыл шаруашылығының алыбы
Жаңа есімдердің тізімін және жалпы Forbes рейтингін 95 млн доллар байлығы бар Бахтияр Оспанов қорытындылайды. Ол «Қазақстанның астық консорциумын» басқарады. Кәсіпкердің иелігінде 22 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, алты элеватор мен екі диірмен кешені бар. Оспановтың бизнесі негізінен елімізде астық, бұршақ және майлы дақылдарды өсіруге бағытталған.