Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Іскерлік ойындарының маңыздылығы
Павлодар облысы,
Ақсу қаласындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Г. Т. Ежиханова

Іскерлік ойындарының маңыздылығы

«Білім мен тәрбие, тамыр мен жапырақ тәрізді, бірінің бірінсіз күні мәз емес».
Нақыл сөз.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың айтқанындай: «XXI ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой - өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу – әр мұғалімнің міндеті. Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Мұғалімнің негізгі басты мақсаты – рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады. Қазіргі заманғы мұғалімдер информатор, бақылаушы, тексеруші, жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Оқушыны субъект ретінде қарастырып, оның өзін - өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту, «Мен» менталитетін қалыптастыру, білім мен тәрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау – бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті».

Елімізде білім жүйесін дамыту талаптарына сай оқушыларға терең білім және тәрбие беру, оларды жан - жақты дамыту бүгінгі күннің басты мәселесі. Білім және тәрбие беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық мәдени дамуының жоғары деңгейін және біліктілігін қамтамасыз ететін үздіксіз үдеріс.
Білім беру жүйесіндегі жаңа білім парадигмасы білім, білік, дағды жиынтығын толық меңгерген, қоғам өміріне белсене араласатын, шығармашылықпен ойлайтын, өзін - өзі көрсете алатын, өздігінен ақпаратты іздеп, талдайтын және оны дамытуға қабілетті, құзыретті жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

Мектептерде білім беру мен тәрбие жұмыстарының талапқа сай жетілдірілуі оқушылардың болашақ құзыретті маман болып қалыптасуына зор ықпал етеді.
«Құзыреттілік» ұғымы бүгінгі күні оқыту үдерісінде білімді қолданудың ақырғы нәтижесі ретінде қарастырылуда. Оқыту үдерісінде «құзыреттілік» ұғымы студенттердің білімі мен тәжірибесін, дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдануы. Оқыту үдерісіндегі құзыреттіліктерге ғалымдар әртүрлі анықтамалар береді.
Л. М. Митинаның: «Құзыреттілік» ұғымына «білім, дағды, білік, сонымен қатар практикада, тілдесімде, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуда қолданатын тәсілдері» деген анықтамасы бар.
Б. Т. Кенжебеков құзыреттілік жөнінде: «Құзыреттіліктің бар - жоғын адам еңбегiнiң нәтижесiне қарап пайымдау қажет. Кез - келген қызметкер, өз әрекетімен кәсіби iс - әрекеттiң түпкі нәтижесіне сай талаптарға жауап беретін жұмыстарды орындаса ғана, кәсіби - құзіреттi болып саналады» -, деп, анықтама береді.
Құзыреттілік ең алдымен оқушылардың ақпаратты сауаттылығы мен кез - келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Оқушы қоғам талабына сай өзін - өзі үздіксіз жетілдіріп отыратын, білімді, жаңа технологияларды меңгерген, ортамен қарым - қатынасқа тез бейімделе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, т. б. қасиеттерді жинақтағанда ғана кәсіби құзыретті бола алады.
Ғалымдардың еңбектерінде оқушылардың құзыреттілігін анықтау кезінде компонентерін, өлшемдері мен көрсеткіштерін анықтаған.
Мақсат - міндеттеріне қарай өлшемдер когнитивтік, эмоционалдық - құндылықты, іс - әрекеттік деп ажыратылады.
Когнитивтік өлшем қажетті ақпаратты таңдау және бағалауын, проблемалық жағдаяттарды шешуін, ғылыми әдебиеттерге талдау жасауын көрсетеді.
Эмоционалдық - құндылықты өлшем білімге деген қызығушылығынан және белсенділігінен, топты қарым - қатынастық құндылық ретінде тануынан көрініс табады.
Іс - әрекеттік өлшем ұжымдық өзара қарым - қатынасқа түсуді, өзара міндеттер бөлісуді, іс - әрекет нормаларын бірлесе меңгеруді, топтық пікірталастарда белсене араласуды қажет етеді.
Анықталған өлшемдер негізінде оқушылардың құзыреттілігінің қалыптасу деңгейлері анықталды.

Жоғары деңгейде оқушы өз ойын еркін түрде баяндайды, мәселені толық ашып көрсете алады. Қосымша құралдарды (вербальды және вербальды емес құралдарды) сауатты пайдаланады, мәселені шешуде шынайы қызығушылық танытады, білуге қызығушылығы басым, топтық қарым - қатынасты орнатуға бейім; диалог, пікірталаста ақпараттың талап етілетін мазмұнын шығармашылықпен қабылдайды, диалогқа, талқылауға белсенді араласады, топтық жұмысты орындау барысында міндеттерді белгілейді.

Орта деңгейде оқушы өз ойын оқытушы жетекшілігімен ғана түсіндіре алады, мәселені баяндайды, қосымша құралдарды толық пайдалана білмейді; мәселенің шешімін оқытушының талап қоюымен іздейді, шешімін өз бетімен табуға сенімсіз, қатесін табады, бірақ оны түзете алмайды, қарым - қатынас орнатуда білімді мақсат тұтпайды, диалогты ұйымдастыруда енжар, диалог аясында әріптесінің пікірін тыңдайды, топта топтық жұмысты орындау барысында міндеттерді бөліседі.

Төмен деңгейде оқушы қарапайым үлгідегі тапсырмаларды орындайды, мағыналық құрылымда бағдар жасай алмайды, ойы шашыраңқы, мәселені шешуге қызықпайды, топта енжар, оқу материалының тек кейбір бөліктерін қабылдайды, топтық жұмысты ұйымдастыра алмайды, топта негізінен орындаушы қызметін атқарады, топтық пікірталастарда белсенділік танытпайды.
Сонымен қатар жаңа технология жүйесінде проблемалық іскерлік ойын арқылы оқытудың маңызы зор. Оқушылар әр түрлі проблемаларды талдайды. Оны шешудің жолдарын іздестіреді. Мұндай сабақтар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, пәнге дегент қызығушылығын арттырады, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді. Іскерлік ойын сабақтарын өткізу технологиясы
3 кезеңнен тұрады.

І кезең – дайындық (рольдерді бөліп беру, оқушыларды топтарға бөлу, проблемаларын алдын ала таныстыру, қажетті материалдарын жинау).
ІІ кезең – ойын кезеңі (оқушылар жасаған хабарламаларды тыңдау, пікірталас жасау, қабылданатын шешімді талқылау және оны бақылау, талқыланған шешімді қабылдау).
ІІІ кезең – қорытындылау ( проблеманы шешуді тиімді жолдарын іздестіру.
Іскерлік ойындарының дидактикалық, тәрбиелік өркендетушілік (әлеуметтендірушілік) маңызы зор.
Оқушының ойлау қабілетін арттыру, сол қабілетін белсенді ету – басты мақсат. Әсіресе, оқушының білімге деген қызығушылығын арттыратын жүйелі іс - әрекеттер ұйымдастыруға бағдар жаса тиімді. Ол жүйе мына төмендегідей:
1. Шығармашылықпен жұмыс істеуге арналған тапсырмалар.
2. Әр түрлі анықтамалармен жұмыс істеуге арналған тапсырмалар.
3. Ғылыми әдебиеттерді оқуға баулу.
4. Жарыстар, сайыстар әр түрлі танымдық ойындар ұйымдастыру.
5. Интернет, телеарна мен мерзімді баспасөздерде берілген соңғы жаңалықтармен таныстырып отыру.
Осы әдістерді сабақта қолдана отырып оқушының ойлау тәсілдерінен бақылауға болады. Берілген материалдан оқушы ең маңыздысын, ең бастысын бөліп алады, басқа нәрселермен салыстырады, оны жүйелеп, қорытындылайды, нақтылайды, анықтайды және ұғымға түсінік береді, оны дәлелдейді немесе жоққа шығарады, модельдейді. Жаңағы тәсілдерді қолданған оқушының сөзінен, тұжырымынан байқауға болады.
Ұстаздық тәжірибе оқытудың пәрменді әдіс - тәсілдерін қолданудан сабақтың, сынып сағатының тиімділігі арта түсетініне көз жеткізеді.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама