Жанғожин
Повесть
I
1942 жыл. Февральдің тоғызы. Қар қалың. Сықырлаған аяз. Дала да, орман да ақ шаңдақ ұлпа қар жамылып, мүлгіп қалыпты. Осыдан бір-ақ күн бұрын жойқын шайқас боп өткен өңірге мүлде ұқсамайды. Бар болғаны ұзыннан-ұзақ, бір-біріне жалғаса қазылған траншейлердің ішінен қараңдаған каскалар ғана көрінеді.
Кеше ақшамда басталған қар таң сәріде пышақ кескендей толастаған. Төгілген қанды, жұлынған шинель жұрқасын, өртенген танктерді, сыйған қираған зеңбіректерді, окоптардың қарауытқан қара жолақ, қан жолақ кемерін, өртенген үйлер мен омырыла сынған зәулім ағаштарды шығып келе жатқан күннен жасырғандай үлпілдек қар ақ мамықтай бүркеп тастаған. Қарға шағылысып жасқанған жанар әрең болжайтын траншейлерден бозалаң жеңіл бу, шылым түтіні көтеріліп шығады да, су сепкендей тұнық ауаға сүңгіп кетеді. Осы бір тыныштықты екпінімен-ақ бұзатындай, дүниені дүрліктіріп қос салт атты бекіністің ту сыртымен, тыл жақтан шапқылап келе жатты. Бірі алда. Екіншісі соңында. Қалың боп түскен күртік қарды омбылап, толқында жүзген еспе қайықтай шайқалақтап қопаң-қопаң етеді. Толқынға оқтын-оқтын сүңгіп шығып, қайта көтерілгендей елпеңдейді. Қос танауы делдиіп, тұмсығынан ақ көбікті жылы бу шыққан екі ат қан сорпа. Аттардың түсін айыру қиын.
Белуарға дейін шешініп тастап, денесін қармен ысқылап жуынып жатқан Рашит бұларға ұзақ қарады. Тегін шапқын емес.
Осыларға қарай тұрып өзінің сүйікті мәтелін тағы да еске алды: «Бұйығы дос, самарқау, серпін енді...» — деді ішінен. Мына қос аттыда бұйығылық та, самарқаулық та, жабыңқы жабырқаулық та жоқ. Керісінше екпінді, асығыс. Оның мәтелі өзіне-өзі айтқандай боп шықты. Денесін қалың орамалмен қайта-қайта сүртінді. Қарамайын, көңіл бөлмейін десе де болмады, аттыларға қайта қарады. Алдыңғы атты құлақшынын тас байлап алған. Соңғысының құлақшыны байлаусыз, аяздан қанаты қатып, ұша алмай қалған қарғаның қанатындай елбең-елбең етіп, қалбаңдап барады. Аттар омбылап, кейде омақасып та кетеді. Екеуі де ат үстінде тақымы қатқан, жастай атқа мініп үйренгендер болса керек, ерге шегелеп тастағандай сіресіп қалған. Әсіресе, тыңнан ойып жол тастап бара жатқан алдыңғы аттың жүгі ауыр. Бірде алдыңғы атты бомба ма, снаряд па түсіп, ойылған шұқырға күмп етіп қойып кетті. Ат үстіндегі қорқақтап, қопалдық етпеді, жалға, ердің басына жармаспай, қайта тізгінді шірей тартып, жануарды демей түсті. Осқырына ышқынып, ат шұқырдан ыршып шықты. Құлаған жоқ. Соңғысы әлгі жерді айналып өтті. «Мен болсам мұрттай ұшар едім» деп ойлады Жанғожин. Шана жеккен ат болмаса, бұл салт атқа мініп үйренбеген. Мына екеуіне таңданып тұр. Ол ұзақ қарады. Қос атты тағы талай жерде жығыла жаздаған. Өздері өлермен. Сонда да жүрістерін бәсеңдетер емес.
Қос атты шапқылаған бойы бір шоқ орманға еніп көрінбей кетті. Бұл орманға дивизия штабы кеше қар жауып, күн бұлыңғыр кезде орналасқан. Қар түстес боз шатырды солдаттар жөндеп, енді орналастырып жатыр. Шатыр төңірегінде далаға орната салған телефон аппараттары. Оның қасында аяғы күйген тауықтай бүрсеңдеп, олай-бұлай жүгіріп жүрген байланысшы солдаттар, телефоншы қыздар. Тек қана келтелеу ақ тонды, өзі орта бойлы, денесі мығым да төртпақ, тіпті дөп-дөңгелек, беті аяздан нарттай боп қызарған, қоңқақ мұрын кісі екі қолын артына ұстап, бұлардан оқшау тұр. Алдыңғысы бұл адамды бұрыннан танитын болса керек, жүз қадамдай жерге келгенде аттан қарғып түсті де, шылауын қасындағыға ұстата салды, өзі әлгі тондыға қарай ербеңдеп тұра жүгірді. Тым суыт келген, шақырусыз келген қос аттыға бұл да қарай қалған. Мынау келген оның алдына бес қадамдай жақындап, он қолын иығынан жоғары көтерді де, қалт тұрып қалды.
— Жолдас гвардия генерал-майоры, өте құпия пакетпен келіп тұрған байланысшы офицер... — дей беріп еді, генерал бәрі де түсінікті, әкелгеніңді бере бер дегендей ишарат көрсетті.
Байланысшы офицер келте тігілген шолақ ақ тонның етегін көтере беріп, құпия пакетті планшетінен суырып алды. Сүргіштелген, сыртына серия «К» деп " жазылған жұқа конвертті алып жатқанда генерал байланысшы офицердің дөңгелек жүзіне, қою қара қасына, аяздан домбыққан бетіне, әсіресе, тым балаң, жап-жас өңіне зер сап өтті. Өзінің алдына бұдан бұрын осындай құпия пакетпен талай келген жас лейтенант екенін де таныды. Шапқылап келген аты сынды мұның да танауы делдиіп, бу атып тұр.
Генерал пакетке қолын соза беріп, әдеттен тыс болса да:
— Қайдан? — деп қалды.
— Екінші гвардиялық корпустың штабынан...
Ол пакетті ашты да, жарты беттей қағазды ішінен қайта-қайта оқыған болар, міз бақпай едәуір ұзақ тұрды. Қағазды төрт бүктеп алақанына жұмды. Бос пакеттің сыртына алған сағатын, ай, күнін көрсетіп қол қойды да, офицерге қайта берді.
— Кетуге рұқсат па, жолдас гвардия генерал-майоры?
Генерал қолын көтере салды.
Атқа мініп жатқанда байланысшы офицердің құлағына жеткен алғашқы бұйрық мынау еді:
— Құрылысты тоқтатыңдар! — деді ол шатыр тұрғызып, тіреу қадап, астына жуан-жуан қашалмаған, тіпті, сыртқы қабығы да алынбаған ағаштардан еден төсеп, діңгек орнатып жатқандарға бұрыла беріп, — жетеді, тоқтатыңдар!
Орнап жатқан штаб құрылысының тоқтауы — не шабуыл, не шегініс екенін жақсы білетін саперлер балталарын иығына салып, аңыра қалды. Генерал ақырын басып, телефон аппараттарына жақындады.
— Шаруашылықтың бірінші, екінші бастықтарын маған шақырыңдар! — деді.
Телефон арқылы полк командирлері мен комиссарларына құпия хабар берілді.
Сағат жарым өтпей-ақ кішкене шоқ орманға жан-жақтан төрт топ келіп үлгерді. Бұл төрт полктың командирлері мен комиссарлары және олардың адъютанттары, атшылары.
Бұлардың келген бойда бір байқағаны генерал Чистяков әдеттегіден баяу, салмақты, әрі ойлы көрінді. Ол асықпай, адымын санаған адамша ерсілі-қарсылы жүрді де, асығыс орнатылған жадағай тақтайдың қасына келіп тоқтады. Тарбаңдап, асығыстап, өздерінің келгенін баяндап жатқан әскер бөлімдерінің бастықтарының бетіне ол тура қарамай-ақ, әрқайсысын даусынан танып, баяндауларын үнсіз қабылдады. Жай басып, әлгі тақтайдың үстінде, беті жабулы жатқан картаға еңкейді.
— Келіп болдық қой, енді басталық! — деп штаб бастығына қарады. Полковник басын изеді.
— Менің штабым әзірше осы! Мен білсем, сендер менен гөрі тәуір тұрасыңдар. Сол жағдайды теңестірсем деймін. — Генерал сәл ғана жымиғандай болды. — Кешегі өткен шайқасты жаудың алда жатқан күшін барлау, қайсының қайда, қалай орналасқанын анықтау деп түсініңіздер!Алда осал жау тұрмағанын ұққан боларсыңдар! Енді мұнда қараңыздар! — Командирлер картаға жақындай түсті. — Жақсылап көріңдер. Нақ мен тұрған жерді картадан белгілеп алыңдар. Міне, мынау — мен тұрған шоқ орман. Мынау — Старая Русса қаласы. Осы қаладан отыз бір шақырым жерде тұрмыз. Мынау — Старая Русса — Холм тас жолы. Ендігі әңгіменің бәрі осы жолдың бойында, дәлірек айтсам, жолдың солтүстік жағалауында болмақ. Қарап алыңдар. Бұл жаудың тылы. Екі жағың, алдын жау. Мақсат біреу-ақ: осыдан Холм түбінен шығамыз. Сонда не болады, көздерің жете ме? Сонда біз жаудың 16-армиясының, Демьяновскідегі армиясының, фельдмаршал фон Буштың армиясының тылмен жалғасып жатқан жұлынын үземіз! Әрі қиын, әрі зор, ете мәнді мақсат. Біз бұл міндетті Қызыл Армия күні, 23 февральға дейін орындаймыз.
Генерал тоқтап қалды да, төңірегіне зер сап өтті. Ешкім үн қатпаған. Кейбірі ойда тұр, кейбірі картаға үңіліп қапты. Ойлансын дегендей генерал картадан шегініп, айнала жүрді. Картаға үңілген командирлер мен комиссарларға жекелеп, әрқайсысына қарады.
Сәлден соң картаға қайта жақындап, сөзін жалғастыра түсті.
— Артполк бізбен бірге бола алмас. Машина, ауыр зеңбіректер бізге ілесе алмайды. Мұны әбден ойланып айттым. Атқыштардың ең үлкен қаруы — қол пулемет, женіл миномет, мылтық, автомат, граната. Қардан жауынгерлерге жол салып отырсын, азық-түлік, қару-жарақты өздерімен бірге алып жүрсін деген оймен аттың бәрін жорықшыларға беруге бұйырдым. Ие, жорық демекші, бұл операцияның мен қойған аты — «Қарлы жорық».
Генерал зорланып болса да күлейін деді де, тоқтап қалды.
— Қарлы жорығыңыз, солдаттарға қанды жорық боп кетпесін! — деп біреу күңк ете қалды. Генералдың естіп қалғанын сезе қойып. — Артиллерия болмаса шығын көп бол май ма дегенім ғой.
Екінші жақтан біреудің:
— Партизан боп кетпейміз бе? — дегені бар.
Әшейінде тым қызу қанды, көзі жетіп тұрғанда басынан сөз асырмайтын генерал «айтсын, айта түссін» дегендей ешкімді сөзден қақпады.
— Менің іздеп тұрғанымның өзі осындай қарама-қарсы, күдікті ойлар еді, — деп бастады ол. — Егер, етек-жеңіміз жинақы, соққымыз тұтқиылда тез болмаса, қарлы емес, қанды жорық болары кәдік-ақ. Артиллерия жайында сөз болуы мүмкін емес. Біз оған сеніп, қарайлап жүргенде кешігеміз. Біздің әрбір соққымыз, әрбір қимылымыз тұп-тура «тілді» асығыс алып қайтуға келген әккі барлаушының әрекетіндей болса деймін. Екінші, партизан боп кетпейміз бе деген де орынды күдік. Маған жоғары басшылар Холмға жетуге он бес — жиырма күн беріп отыр. Мен ішімнен әрі кеткенде он екі-он үш күнде жетемін деп ойлаймын. Біз айтылған мөлшерде Холм түбінен шыға келсек, партизан болуды ұмытамыз. Өзімізге, Калинин майданының әскерлеріне қосыламыз. Ал, қосыла алмасақ, кешіксек, онда... Ал, іске сәт, сапарлы болыңдар!
Алдағы қарлы жорық шабуылының міндетін алып, полк басшылары бөлімдеріне қайтты. Ымырт үйірілмей-ақ, тартты белгі бойынша — аспанға атылған үш қызыл ракетадан соң, ақшамның апақ-сапағында жаппай шабуыл басталып кетті. Отыз-қырық шақырымдай ендікпен үш полк шұғыл әрекет жасады. Жау кешкі шабуылды күтпеген бе, қатты абыржып қалды. Нақ ортадан жиырма үшінші полк жарып өтті. Он мен солдан он тоғыз бен отызыншы полк қиян-кескі шайқастар жүргізіп жатты. Ақ халат киген жауынгерлер жаудың бекіністерін басып алды да, аялдамастан алға жылжыды. Тек қана оң қанатта келе жатқан он тоғызыншы полктың үшінші батальоны кейіндеп қалды. Жаудың өзен аңғарына орнаған бекінісі берік екен. Өзінің биікте тұрғанын пайдаланып, төңіректі нысанаға түгел алыпты. Алға бастырар емес. Мұның үстіне полк командирінің бақылау орнынан «сендер қалып қойдыңдар, басқа батальондар алға кетіп қалды. Сапты үзбеңдер» деген бұйрық берілді. Әбден қараңғы түскен кезде ақ халат киген жауынгерлер жау бекінісіне оқ атпастан үнсіз түсті. Бекініс ішінде штыкпен, мылтық, автомат дүмбісімен төмпештесіп жүріп, шепті түгел алды. Бір топ жауынгерді бастап, жау окобына алғаш енген дембелше келген ақ сары жігітті батальон командирі «жарайсың, Рашит» деп, арқасынан қағып қойды. Жанғожин селт етпеді. Үндемеген күйі өзі бастаған жауынгерлердің алдыңғы сапында, алға" кетті. Бұлар түні бойы ұйқы түгіл, аяқ суытуға да аялдамастан алға ұмтылып, озып кеткен бөлімдерді қуып жетуді мақсат етті.
Бұл өзі салқын жақтың адамы. Омбы жақтан. Көп сөйлемейді, артық-кем айтпайды. Сондай-ақ мақтау сүймейтін, орынсыз кемітуді одан да жаман жек көретін жігіт. Оқыған, мәдениетті, сонау революциядан бұрын гимназия бітірген семьядан шыққан. Ол Омбыда тоғыз жылдық ауыл шаруашылық мектебін бітірді. Одан соң төрт жылдай сондағы С. М. Киров атындағы ауыл шаруашылық академиясында оқыды. Көзге түсер, ерекше көрінер мінезі де, қылығы да жоқ. Адал, бірақ аздап тұйықтау. Ер жүрек. Айқайшылдығы жоқ. Мұның бәрін жас комбат Константин Федюнин бірден-ақ байқаған. Сонда да болса «жарайсың» деген сөзді айтып қалып еді. Бірақ бұл оны елемеді. Ішінен өзінің әдетті сөзін мой грустный товарищ, махая крылом» дегенін айтып жүре берді.
Сәскеде дивизия жауынгерлері қалың орманға енді. Кешегі ақшамда ұрыс болған алғы шеп отыз-қырық шақырым артта қалған. Бұлар ертеңгі тамақты ішіп жатқан кезде жаудың үш топ, әрқайсысы оннан, отыздай самолеті бұлардың нақ үстінен ұшып өтіп, кешкі шайқас болған жерді өз білгенінше күл-талқан етіп бомбылаумен болды.
Шамасы, кешкі алғы шепті бұзған дивизия сол бекініске орнады деп ұқса керек. Түнгі ұрыста неміс офицерінің мойынынан жұлып алған дүрбімен аспанға қарап тұрған Рашит қасындағы кіші лейтенант Волгапкинге:
— Кеше анау маңнан шыға алмай, жау бекінісінде қалып қойғанда бүгін бәріміз де котлет болатын екенбіз-ау! — деді.
— Сенің еңбегің... — дей берген Волгапкинге Жанғожин бұрыла қарады. Дүрбісін мойнына ілді.
— Екеуміздің не істегенімізді есептейтін кез әлі алда.
Одан да есептеспейік, мақұл ма? Түнгі ұрыста мынау екі қара дәудің қимылын көрсең. Бұл екеуі не істерін білмей, аң-таң боп, артынша ақ тонның жағасына жармасқан екі сұмпайыны қалай сұлатқанын көрсең, — деп қатқан нан мен буы бұрқыраған ботқа жеп отырған екі жігітке қарады. — Жолбарыс. Екеуі де Алатаудың шыңына өрмелеп, Алакөлдің суына сүнгіп өскен. Қайраты да, айласы да бар, ер жүрек жігіттер.
Әңгіменің осы екеуі жайында екенін ұға қойды білем, екі жігіт Волгапкин мен Жанғожинға жалт қарады.
— Солай ма, Оспан, солай ма, Елемес! — деп қойды Рашит. — Алакөлдің жолбарыстары...
— Біздің Алакөлде жолбарыс жоқ. Тауымызда барыс бар. Бізге со да жетеді ғой! — деп күлді Оспан. — Барыс деген де осал аң емес.
— Солай-ақ болсын. Сен, Елемес, түнде ұзын офицермен қалай айқасқаныңды айтшы! — деді Рашит.
— Мен айта білмеймін. Көрген болсаңыз, өзіңіз-ақ айтыңыз, жолдас политрук.
Тамақтан кейін бір топ жауынгерді жинап ап, Рашит түнгі ұрыстағы бір оқиғаны айтты. Бұлар әңгіме айтып отырғанда жаудың самолеттері кешегі артта қалған алғы шепті ойрандап-ойрандап, бар жүгін бос жерге төге сап, қайта қайтты. Төбелерінен ұшып бара жатқан «юнкерстерге» қарап тұрған Жанғожин:
— Мыналар да бір шаруаны бітірдік, тапсырма орындалды деп барады-ау, — деп күлді де, әңгімесін жалғады. — Сонымен лап қойып, окопқа түстік те, қолдап, мылтықтың, автоматтың дүмбісімен, штыкпен соғыстық. Төбесі ашық ұзын-ұзын траншейлердің бұрылысында төбесі жабық, есігі бар блиндаждар бар екен. Іннен шыққан суырдай боп әлгіден солдаттар шықты. Біз де, олар да төпеп жатыр. Бір кезде саябырси қалды. Енді біткен шығармыз дегендей, пистолетті белдігіме қыстыра салып «Алға, алға!» деп айқайлап тұрсам, нақ қарсы алдымнан көлеңке тәрізді боп ұп-ұзын біреу сорайып шыға келді де, маузерін көтере берді. «Біттім ғой» дегендей жалп етіп жата қалдым. Ол атып-атып жіберді. Оқ басымнан асып, құлағымның түбінен зу-зу етіп, окоптың ернеуіне соқты. Жауыз дарыта алмағанын білді ғой деймін, екі-үш аттап жақындай түсті де, тағы кезенді, нақ осы кезде біздің бір жігіт мысықша қарғып, әлгінің ту сыртынан мойнына жармаса кетті. Маузері сылқ етіп жерге түсті де, тарс атылды. Мен қарғып тұрдым. Қолыма жаудың қаруын алдым. Әлгі біздің жігіт офицердің нақ көкірегіне жармасып, сығымдап жатыр екен. Анау, әлгі ұзын тұра серейіп қалған, қорс-қорс етеді. «Жетер енді, тұр!» дедім әлгі мысықтай атылған жауынгерге. Бетіне қарасам Елемес. Саусағы қарысып қапты. Қолын әрең жазды. Өз маузерінен өзіне бір рет салют бердім де, жүріп кеттім. Міне, бұл барыс емей, немене! Бұл Елемес қой! Алакөлдің барысы.
Ағайынды екі жігіт, Оспан мен Елемес бір-біріне қарап күліп қойды.
Түс кезінде жау самолеттері аспанға қайта шықты. Бірақ, дивизия келіп бекінген орманды дәл таппады. Бұлардан кейіндеу тұрған азық-түлік артқан шаруашылық бөлімшесін байқап қап, біраз бомбылады. Арбадағы аттар шыңғырып, омбы қардың үстінде торға түскен балықтай тулап алас ұрды. Бірнеше адам, ат шығын болды. Ақша қар, көк мұз астаң-кестең. Жол бұзылды.
— Қоныс аударыңдар! — деген шұғыл бұйрық берілді.
«Мой грустный товарищ, махая крылом»... деп Рашит аспанға қарады. Қасындағы сержант Давид оған миықтан күлді.
II
«Қарлы жорық» қайта басталды. 3-батальонның алдына қойылған міндет: Старая Русса — Холм тас жолына жақындай түсу. Жолды аңду.
Генерал И. М. Чистяков батальонға өзі келіп, арнайы айтты. Тапсырманың мәнін түсіндірді.
— Жолдың өзіне шықпай, солтүстік жағалауымен жылжыңдар. Екі көздерің жолда болсын. Жаудың көмекке келе жатқан күшін ең алдымен сендер көресіңдер, сендер жоясыңдар! Бір сөзбен айтсам, жолдан тышқан жорғалатпайсыңдар!
Батальон тас жолға қарай қиыса жүрді. Екінші күннің кешінде кішкене екі өзеннің түйіскен жеріне жетті де, Редья өзенін бойлап кетті. Төрт-бес шақырымдай жүрген соң алдарынан үлкен бір елді мекен шыға келді. Батальон кілт тоқтады. Батальон командирі Константин Федюнин картасын алды. Командирлер оны қоршап тұр. Ол тонын жамылып, қолшамын алып, картаға қайта үңілді.
— Алдымызда Байкова деген үлкен деревня тұр. Мұнда жау болмауы мүмкін емес. Біз енді ойласайық. Көршілерге хабар берем. Оған дейін барлау жасап алайық. Кәні кім бар, кім шығады... Көзге түсіп қалмас үшін көп адам болмайды. Екі-үш адам жетеді. Бірақ шарды қорғауға бәріміз, бүкіл батальон боп дайын тұрамыз.
— Мен! — деді сержант Голодецкий.
— Өзім де сені көздеп тұр едім. Жолдас политрук, Жанғожин жолдас, тағы кімді ертесің? — деді комбат, бәрібір сен бастайсың дегендей, ешбір келісімін алмастан.
— Базаевтың кішісін.
Ақ халатқа оранған үш жігіт Байковаға қарай кетті. Бірде еңкейіп, бірде еңбектеп, селоға бет алды. Бүтін 3-батальон селоға қарап, әзір тұр. Қараңғы. Сонда да болса ақша қардың жарығынан бозалаң үш нүкте көрінеді. Ар жағы бұлыңғыр. Қарауытқан село. Аязды түн тұнық. Күткенде уақыт өтпейді. Бір орында тағаттап тұра алмаған Федюнин батальон сапын әлденеше рет аралап кетті. Жауынгерлер орман ағаштарына сүйеніп қапты. Бірі қалғып, бірі аяғын тыпырлатып, ерсілі-қарсылы қимылдап жүр. Алыстан атыс естіледі, аспанда жарқылдап прожекторлар ойнайды, ракеталар атылып жатыр.
— Барлау жібермей-ақ, лап қойғанда қайтер еді, — деп біреу күңк ете қалды.
— Жып-жылы үйге қойып кетпексің-ау! Асықпасаң о да болады! — деп батальон командирі аға лейтенант Федюнин өте шықты.
— Өзі екен ғой! — деді біреу.
— Өзі болғансын біліп айтып тұрмын.
Барлаушылар көпке дейін оралмады. «Не болды бұларға?» дегендей тықыршып бұлар тұр. Бауыр деген қиын ғой, алға, жаңа бір әзірде Елемес кеткен жаққа қарай жүгіре жөнелгісі келіп, шыдай алмай Оспан жүр. Кірпік ілмей, қас қақпай, інісі кеткен қараңғы жаққа тесіле қарап, қатып қалған. Ішінен «Қолға түсіп қалды ма?» деп ойлайды. Өзінен небәрі екі-ақ жас кіші болса да оны іні, өзін аға санайды. Құлағын тосып тұр. Мылтықтың даусы шықса «Елемес, Елемес!» деп айқай сала жүгірмек. Бір кезде қатқан қарды гүрт-гүрт жаншып келе жатқан аяқтың дыбысы естілді. Мұны да бірінші естіген Оспан. Ол қуанғанынан «әні, келе жатыр!» деп дауыстап жіберді. Қасындағы біреу оны, «саған не болды, жайлап сөйле!» деп түртіп қалды.
Политрук Рашит Жанғожин командирге алда тұрған село жайын асықпай, едәуір баяндады: селода жау көп, сыртта машина, мотоциклдер тұр. Қарауыл көрмеген. Содан ең шеткі үйге еніп, бір шалды тауып алған. Одан жайдың бәрін сұраған. Екі жүздей жау бар. Көбі мектепте, одан әрірек, шіркеу түбінде депті. Шіркеудің қабырғасын шыр айналдыра тесіп, пулемет орнатқан көрінеді. Офицерлері жеке-жеке үйлерде тұрады екен. Шалдың тағы бір ескерткені — мектеп пен шіркеу арасына телефон орнатқан дейді.
— Жұмыстарың сәтті болған екен. Рақмет сендерге! — деп, аға лейтенант демін жаңа ғана алған адамдай күрсінді.
— Онда біз қазір қимылдаймыз. Бәрін тез, өте тез шешсек жақсы-ақ болар еді. Жылы төсектен тұрғызбай...
— Қайтар жолда мен ойлап келдім, — деді Рашит, — Мектеп селоның осы біз тұрған шетіне жақын. Ал, шіркеу арғы бетте, селодан оқшау тұр. Екеуінің арасы едәуір, шығын шығармас үшін ең алдымен мектеп пен шіркеу арасындағы байланысты үзген дұрыс қой деймін.
Федюнин өз дегені болмаса, басқаға бой бермейтін тоңмойындардан емес. Оған бұл кеңес ұнап кетті.
— Көп болса тағы бір жарым сағаттай уақыт өтер. Шыдайық. Ұрыста шыдамдылықтың өзі жеңіске жақын. Байланысты үзейік. Кәні, сержант Голодецкий селоны білетін адамның бірі, ендігі топты сен бастайсың. Қолына сапердің қаруын ал, екі жігітті өзің таңда. Теріңді суытпай тұрып жөнел! Байланысты үз! — деді.
Голодецкий бір сағат, он минутте қайта оралды.
— Бір емес, үш жерден қиып тастадым. Қарауыл бар екен. Бізді байқамады.
Қыстың ұзақ түні бозаң беріп келе жатты. Комбат «мен шабуылға шықтым!» деп оң мен солдағы көршілеріне хабар айтты да, топты өзі бастап алға жылжыды.
— Үш топқа бөлінеміз. Бірі тура мектепке шабады, бірі басқа жаққа алаңдамай селоның сыртымен шіркеуді алады. Үшінші топ селодағы басқа үйлерді қамайды. Немістер біліп қалып, оқ атқанша біз атпаймыз. Мектепке баратын топты Жанғожин екеуміз, шіркеуге баратындарды Давид Голодецкий мен Оспан Базаев бастап жүреді... Батальонның аға адъютанты Масақбаев пен Волгапкин селодағы басқа үйлерді тазартады.
Аяқтың асты сықыр-сықыр, гүрт-гүрт етеді. Таң жақындаған сайын аяз қатая түскен. Денесі мұздап, қол-аяғы құрыстап қалған жауынгерлер енді сергігендей, жүгіре басып келеді. Әсіресе, шіркеу жаққа бет алғандар жедел де асығыс, зытып барады.
Бір қызығы алғашқы оқ мектептен де емес, шіркеуден де емес, селоның нақ ортасынан атылды. Оған қоса біреу ракета жіберді. Төңірек жарық боп кетті. Бәрі де жалт қарады. Рашиттың көзіне түскен Елеместің еңгезердей жон арқасы болды. Ол бір үйден ішкі киімімен ұзын бір немісті сүйреп шықты. Бұлардың артынан шыққан шашы дудыраған жас әйел біздің жауынгерді атам деді ме екен, әлде төңірекке берген хабары ма, пистолетті тарс еткізді де, бұрқыраған түтінімен қардың үстіне лақтырып жіберді. Міне, осы бір пистолет оғының үні-ақ бүтін селоны аяғынан тік тұрғызды. Атыс жаппай басталды. Бірақ жарты сағатқа жетпей, бәрі де су сепкендей сап болды. Мектепті де, шіркеуді де қоршап алған жауынгерлер қамсыз жатқан жаудың үнін тез өшірді. Жау да шарасыздығын сезе қойды. Батальон жаудың бір ротасын түгелдей тұтқынға алды. Он шақты машина, мотоцикл қолға түсті. Қару-жарақ ше? Бәрінен бұрын үш күннен аса жорықта, ұрыста болған жауынгерлер жылы үйге еніп, ыстық тамақ ішті. Пималарын, шұлғауын, киім-кешегін кептірді. Бір өзі екі солдаттың үлесін жеп-ішкен Фролов өзі отырған үйдегі үлкен пешті құшақтап, қайта-қайта сүйді. «Айналайын қат-қат ағаш үйім-ай, жатса кейкі, жамылса жылы көрпе тәрізді пешім-ай!» деп көзіне жас алды. Ал, екінші бір үйде Елеместер бар еді.
— Сен күйелеш, бір нәрсе білсең-ау. Әлгі мықтының кім екенін естідің бе? — деді Елемес тұтқын қара жауынгерге.
— Сондай-ақ кім екен?
— Сен тұтқынға алдым деп отырған сексен неміс пен өлген жиырма фрицтің бастығы, рота командирі екен. Бұл осы екі-үш күнде жойған екінші офицер! — деп қойды ол мақтанышпен.
— Білгендей үстінен түскенін қара! — деді Қыдырбай Наурызбаев, — маған әйтеуір кездеспей-ақ қойды офицер.
Бұл батальонның Байковадағы ерлігін генерал Чистяков жақсы бағалады. Осы күні жиырма үшінші полк адамдары бірнеше ел мекендерін босатқан. Ал отызыншы полк тіпті ұзап кетіпті. Артиллеристерден қайран жоқ. Азық-түлік артқан тылдың өзі жете алмай келеді. Осылардың біріне сүйсініп, біріне ренжіп отырғанда, Байковадағы оқиғаны естіп, генерал мүлде көтеріліп қалған.
— Жауынгерлерге, командирлерге менің алғысымды жеткізіңдер! Тұтқынды қолға ұстамасын. Тылға берсін. Қару-жарақты азық-түліктен босаған арбаларға тиесін. Әлі жол ұзақ, кешке дейін демалыс берем. Кештен бастап Шехтманды, 30-полкті қуып жетуге бұйырамын!
Генерал дивизия бөлімдерінің ерлік істерін мақтаныш етіп, енді соны басқаларға жеткізуді сұраған. Политрук Жанғожин саяси хабарлама жасады. Майдан, одан соң дивизия жеңісін айтты. Бірақ саяси хабар әлденеше үзілді, қайта басталды.
Жауынгерлер кешке дейін тынықты. Төрт-бес рет «тревога» болды. Жау самолеттері әлденеше рет ұшып келді. Бірақ әнеу бір күнгідей масқара болып қалмайын деді ме, жаудың қайда, өз адамдарының қайда екенін біле алмай Байкованы айнала берді, айнала берді. Не оқ атпай, не бомба тастамай кетті... Жанғожин жорық алдында үйге еніп, генералдың алғысын, алдағы міндетті және түсіндірді. Сержант Голодецкийдің взводына келгенде Елеместің кешегі ерлігіне ризашылық білдіріп арқасынан қақты.
— Жолдас политрук, мені еркін де, ер де етіп жүрген сіздің осы бір жұмсақ алақаныңыздың қызуы ғой. Арқамнан қаққан сайын енсем бір көтеріліп қалады. Оның үстіне екеуміз құрдас шығармыз. Біріміз орманда, Омбыда, біріміз тауда, Алатауда туыппыз. Тағдыр бізді әрі қарулас, әрі бауырлас етті. Келер күнді тағы көрерміз...
Рашит Елеместің тұп-тұтас арқасынан тағы қақты.
— Сен, қайда, менен жассың ғой, бауырым...
III
Күн сығырайып, орман ағаштарының биігінен қарап тұр. Оты да, қызуы да жоқ, сөне бастаған жалындай бозалаң тартып кетті. 3-батальон Байковадан екі-үш шақырымдай шыққанда ақ боран басталды. Күн көзі шығып тұрғанда болатын ақ боранды көп көрмегендер аң-таң боп аспанға бір, жер бетін жүндей түтеп, шаңдай боратып бара жатқан ысқырық желдің күшіне бір қарап, жауынгерлер алға жылжыды. Боран қарсы соғып тұр.
Ақ тон мен оның сыртынан киген ақ халаттың етегі желкенді қайықтай боп делдиіп кетті. Бел бүгілді, тізе майысты. Қиыршық қар желмен көтеріліп, бетке тастай қатты соғады. Бет қаратпай, көз аштырмай келеді. Мұның үстіне қардың беті қатты, қабыршақ, асты жұмсақ. Жаяулар күмп-күмп етіп шұңқырға түскендей омақаса қойып кетеді. Шанаға, шаңғыға отырғандар бірте-бірте ұзай берді. Бірақ олардың ізі артынша көміліп жатыр. Кейде суырсын үдеп, адам бойынан жоғары көтеріліп, жауынгерлер бір-бірін көре алмай қалады. Артта да ат арба көп.
— Алға салт аттыларды, атқа жеккен шананы салайық! — деп Рашит алды-артына бұрылып айқайлады. Ешбір бұйрықты күтпей-ақ жауынгерлер желге арқасын төсеп үйіріліп тұра қалды. Танауынан буы бұрқырап, ақ көбік болған, құйрық-жалына көк мұз қатқан аттар шанасын сүйретіп алға түсті. Олардың артынан көктемде, күзде қайтқан қаздардың сабындай тізбек-тізбек, топ-топ жауынгерлер келеді. Боран аз дегендей, батальон жалаңаш жазыққа тап болды. Сонау шеті мен мынау шетіне көз жетпейтін жазықты аппақ қар басып жатыр. Оны суық жел жып-жылмағай етіп суырып тұр. Кейде уілдеп үдей соғады. Қарлы құйын жоғары көтеріліп, ат құлағын көрсетпес түнекке айналады.
— Алға, тез басыңдар! Орманға жетейік! — деп айқай салды алдан. Батальонның аға адъютанты Масақбаевтың даусы болар. Қырылдап шықты.
— Самолет ұша алмайтын боранда мына жазықтан өтіп алсақ, ол да жақсы. Мәреге жетуге жақындаймыз ғой! — деді Рашит дем алуға тоқтаған бір топ адамның қасына келіп, — бораннан көрінбей тұр, әйтпесе орман жақын болса керек.
Бұлар осылай тұрғанда саптың арт жағынан «ойбай, елдім» деген жан дауыс шықты да, артынша жоқ боп кетті.
Рашит оған Елеместі жұмсады. Саптың ең соңында қолын қусырып екі жауынгер тұр.
— Неғып тұрсыңдар?
— Мына жердегі құдық па, құрдым ба, су ма білмейміз, біреуміз түсіп кетті де жоқ болды.
— Шығармайсыңдар ма? Неге тұрсыңдар?
— Қалай шығарамыз?!
Елемес бұлардың сұсы қашқан түріне қарады. Екеуінің де белдігін шешіп, оған өз белдігін жалғады. Сөйтіп бетін қар басқан апанға тастады.
— Әй, бармысың, ұста мына белдіктен.
Ол жалғыз-ақ тартып алды да:
— Не бар екен онда? — деді Елемес.
— Су алған құдық па, жанған үйдің орнындағы ұра ма, кім білсін, әйтеуір жылы екен? — деп ыржақ-ыржақ етеді. Мұның да сұсы қашқан.
Базаев үшеуін алдына салып, кеткендерді қуып жетуге асықты. Топтан адасып қалса бітті — өлім!
— Қар астында қалып, көктемде қарға-құзғынға жем болғың келмесе, оқ ата алмай босқа, айдалада өлгің келмесе, саптан қалмай жүріңдер! — деп қояды Елемес үшеуіне.
Осы сөздің артынша «мынаны қарашы!» деп айтатындай-ақ, екі аяғын аспанға көтеріп өліп жатқан солдатты көрді. Кім екені белгісіз. Бет-ауызы үсік. Тесік табан пима киген екен, онысы жоғары көтерген бойы қатып қапты. Өз адамдарына ұқсамады. Алдағы топ бірде қараң етіп көрінеді де, бірде жоқ боп кетеді, ақ боран түнере түскенде, бейуақтай қараңғы түсіп, бастаушылар көзден тасаланады. Елеместің бетін, көзін тер басып кетті. Алдындағы үш жігітті жіпке тізгендей алға салып келеді.
— Бір-біріңе сүйеніп жүріңдер! — деп қояды.
Орманға кіре берісте ат құлапты. Шанасын жаяу сүйреп кеткен бе, жалғыз жатыр. Кейде жануар жан тәсілін шақырып, үш аяқтап бұлқынады. Бір аяғы сынық. Елемес алғашқы ұрыста жау офицерінен тартып алған күміс қынапты, жауһар сапты қанжарын суырып ап, аттың алқымына салып жіберді. Мойын омыртқа мен кеңірдектің ортасын тесіп өтті.
— Бұл менің бауыздағаным. Осы өңірге тоқтай қалсаң, құланның етіне тойғызамын! — деп қойды қасындағыларға — Суырынды арасынан ағаштың бұтағын тауып алды да, оны әлгі қанжармен тескен сағаққа қадап кетті.
Батальон қалың орманға енгенде пешінде оты маздап тұрған жылы үйге енгендей болды. Ең алдымен әр жерден от жағылды. Ішіне қар толған қара күйелеш котелоктарды отқа қақтады. Бұрқылдатып су қайнатты. Картошканы отқа қабығын алмастан тастады. Біреулер котелоктың түбіне қатып қалған кешегі ботқаны жылытты. Енді біреулері қыштай боп қатқан наубай нанды оттың жалынына ыстап, жылығанын жылығанша, шетінен жұлып жеп отыр. Кілең Оспан мен Елеместі қара тұтып, қасынан қалмайтын қушық шеке, жағыма пышақ жанығандай сылыңғыр, қысық көз қара солдат екі күнгі үлесін сақтаған флягіндегі арағын сылқ-сылқ жұтып алды да, жанған оттың қызуына маңдайын тосқан бойы қалғып кетті.
Адам деген қызық. Осы орманға өліп-талып әрең жеткенін ұмытып, жарты сағатта мүлгіген қалың ағаштың ішін өмір үніне толтырды. Біреу айқайлап, біреу күліп, біреу ән салып жатыр. Енді біреудің:
— Ой, нәлеті... Иванов, бізді мұнда айдадық, асхананы қайда жібердің? Әй, асхана қайда, асхана? — деген даусы шықты.
— Әй, Прошкин, былшылдама, сені мұнда жіберген Иванов емес, генералдың тапсырмасымен келдік. Мына мен әкелдім. Ішкен екенсің өсек айтпай, үніңді өшір! — деді Рашит қатуланып, — өле ішкенше, бөле ішіп, қасыңда бүрісіп, тоңған досына жартысын неге бермедің?
— Ал мен кеттім, — деді Елемес орнынан тұрып.
— Қайда кеттің? Кімнің рұқсатымен?
— Мына жұрттың түрі жаман. Не Ивановты, не асхананы тауып осында әкелем.
— Отыр! — деді Рашит жекіп, — отыр. Немене, сендерге полктың командирі ойыншық па? Қара бұларды, қит етсе, Иванов, Иванов дейді. Көрсетермін, сендерге Ивановты.
— Ойнап, байқамай айттым, жолдас политрук, кешіріңіз, — деді кіші Базаев. — Мен кетейін. Мынаның сиқына қараңыз. Айқайлап анау отыр! Бұларға закуске керек шығар.
— Оны қайдан алмақсың?
— Табам ғой.
— Жалғыз кетпейсің. Жақын жерде жау болса сездірмейсің. Оқыс бірдеңе бола қалса, сені жау, сатқын деп білеміз.
— Қатты ғой мынауыңыз, политрук жолдас.
— Қатты болса да, тәтті болса да осы. Қасыңа кімді аласың?
— Екі адам, ат-шана беріңіз.
— Саған ат жеккен шана керек пе? Не, жолда көмген көмбең бар ма еді?
— Бірдеңе табармын.
Жалғыз ат жеккен шананы алдына салып, үш солдат келген ізбен кері қайтты. Көп кешікпей қайта оралды. Жолда өзі бауыздаған аттың етін шанаға сықап апты. Терісін сылмай-ақ, балтамен мүше-мүше етіп тастаған.
Бұл кімнің ойында болған? Жауынгерлер шанадағы еттен керегінше шауып ап, котелоктарға жылқының жас етін пісірді. Боран соғып тұр. Қалың орманға ене алмай сырттай у-шу етеді. Жігіттер жас ет жеп, ыстық сорпа ішті.
Бұл не қылған ет екенін Рашит енді білді. «Менен соңғы топтан қалған екен-ау. Демек, Голодецкий білсе керек». Ол сержантты шақырып алды.
— Ет жедің бе, сорпа іштің бе, сержант?
— Іштім де, жедім де, жолдас политрук.
— Тәтті ме екен?
— Мынадай суықта жаман болған жоқ.
— Қандай суықта болмасын, жылқының майы қатпайды. Ондай майлы етті жеген адам суыққа тоңбайды. Мұны естіп пе едің?
— Естімедім. Бірақ, ұғамын.
— Ұқсаң сол. Мұндай жақсы етті далаға тастама!
— Мен бе?
— Сен. Осыдан екі шақырым жерге аяғы сынған атты тастап кеткен кім?
— Мынау соның еті ме?
— Өзің тастаған етті өзіңе жегізген мынау, — деп Жанғожин Голодецкийге Елеместі көрсетті.
— Ұқтым, ұқтым, жолдас политрук! Ендігәрі тастамаймын.
Асхана түс ауа, боран басыла бергенде қуып жетті. Батальон тамақтан соң жолға көтерілді. Ловать пен Порусья өзенінің ортасындағы Редья ойпаңына шықты да, Поддорье аймағына бет алды. Бұл үш өзеннің үшеуі де мұз құрсап, қар бүркеп қатып жатқан. Қайсысынан болса да ету ауыр болмаған. Ең ауыры — жеңіл пулемет, миномет, әр солдаттың өз қаруы болмаса, атқа тіркелген, машинамен сүйрейтін ауыр қарулардың бәрі жаяу мен шаңғышыларға, салт атқа мінгендерге ілесе алмай артта, алыста қалып қойды. Балдай қыратындағы әрбір өзен үлкенді-кіші көлден басталады. Орыс өзендерінің анасы Волга Балдайдан жиырма шақырым жердегі Селигер көлінен, дәлірек айтса, Свапушадағы ағаш үйдің түбінен басталады. Сөйтіп, ол теңізге құяды. Орыс өзендері көлден басталып, теңізге, мұхитқа тартады. Үшінші батальон сүресімен келе жатқан Редья өзені де өзі аттас кішкене көлден басталып, үлкен көлге құяды. Одан шыққан өзен теңізге саяды. Осы өзенді бойлап батальон көлге келеді. Оған жеткенше талай шабуылдар боларын сезеді. Жауынгерлердің әрбір қимылы — күтпеген жерден тұтқиыл шабуылға, түнгі ұрыстарға шақталған. Екіншіден, Демьяновскіге қарай ететін жолдардың бір де бірінен жауды жүргізбеу — ең басты міндет. Осы жолда ауыр сыннан етпек. Редья көліне жетіп, Холмға бұрылмақ. Ол да аз қалған.
IV
Политрук Рашит Жанғожин мен сержант Давид Голодецкий бастаған бір топ тас жолдың бойындағы қалың орманның ішімен жайлап келе жатты. Келте тігілген ақ тонды, жалпақ жауырынды, мығым денелі ақ сары әдемі политрук пен ұзын бойлы, иығы сәл еңкіштеу, беті Қызыл, қасы қою қара сержант иін тіресе, қатарласып келеді. Екеуінің де ойында генерал Чистяковтің «Тас жолдың үстімен тышқан жорғалап өтпесін, өздерің де тас жолмен жүрмеңдер, көзге түсесіңдер» деген сөзі болса керек, қалың қарға омбылап, әрең келе жатқанына қарамай, жолдан көз алмай, қадағалап, кезек бақылады.
— Жолға ешкімді шығармаймын. Қара көрінсе болды, ескертпей атам! — деді сержант.
— Жолдың арғы бетімен келе жатқан 2-батальонның адамдары болса ше...
— Бәрібір...
— Неге бәрібір болады? Денің сау ма?
— Бізді жауға көрсетуге шыққан жауыз деп түсінем.
— Дегенмен байқа! — деп күлді де, Рашит өз ойымен өзі боп кетті. Оның құлағына кешегі ұрыс кезінде сарайда босанған жас әйелдің даусы, жарық дүниеге жаңа келген, мылтық атылып жатқанда туған сәбидің іңгәлаған әлсіз үні келіп еді. Ащы дауыс, дәрменсіз үн жүрегін қатты тырнаған. Сол дауыс, сол үн құлағында шыңылдап тұрып қапты. Жүрегі дірілдеп, денесі түршікті. Әйел мен баланы көтеріп, біздің екі жауынгер сарайдан жылы үйге әкеліп жатқызды. Рашит бұл маңда тұруға шыдай алмай көрші үйге кетті. Көңілін мұң басып, бір сәт босады. Көптен бері басына жолатпай, ойлауға, еске алуға дәті шыдамай жүрген ауыр ойдың қалай билеп кеткенін аңғара алмай қалды. Оның ойына сонау Алматының Гоголь көшесінде, 20-үйде қаяған үш баласы, жары түсіп еді. Бала! Үйелмелі-сүйелмелі туған үш ұл. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген балапандар сияқты жас еді. Осы бір үш баланың әкесі болғанына қарамай комсомолда істегенсін бе, өзін де жас санағандай, мейірмен, құштарлана сүймегеніне өкінеді. Шынында, оларды сүймеп пе еді? Неге сүймесін, сүйген, құшқан, талай-талай кезек құшақтап бауырына басқан. Бетіне ұзақ қарайтын. Әрқайсысынан-ақ өзінің бет-пішінін, қасын, мұрнын, әсіресе, сарғыштау өткір көзін, мығым дене бітімін көретін. Сол ұқсастықтарын көре тұрып, мені де, шешесін де ұмытпаған екен деп сүйсінетін. Үш ұлдың сүттей таза қош иісі мұрнынан кетпесе, былдырлаған, сыңғырлы қоңырау үндері кейде құлағына жететін. Дауыстары көкейде сайрап, құлақта шыңылдап көп тұрады. Жастығым болды ма, білместігім болды ма, сонда да болса жүрегімді сарқып, құшырымды қандырып сүйе алмадым, жалыққанша, шаршағанша еркелетуге уақытым жетпепті-ау! Әкесі Шаймерден Омбыдан оқу бітірген баласын Алматыға шығарып сап тұрғанда: «Жас емессің. Жаспын деп жасқанба, толдым-болдым деп мастанба, үйлі-жайлы бол, өз бетіңше тірлік те ет, адам бол» деп еді. Бір жағынан осы да себеп болды ма, ерте үйленді. Алматының Фрунзе, Ленин аудандық комсомол комитетінде бірге істейтін жас қыздар мен жас келіншектер: «Рашит, әлі жап-жас бола тұрып, үш балаң бар екен ғой» дегенде, неге екенін кім білсін, қызарып кететін. Неден ұялатын? Енді ойлап отырса бәрі бекер. Балаларын сағынады. Олар қандай күйде екен, өсіп қалды-ау, мені ұмытып кеткен жоқ па екен деп ойлағанда қабырғасы сөгіліп, жүрегі елжіреп езілетін. Кеше оқ астында босанған жас әйел оқиғасынан кейін үш баласы көкейінен шықпай қойды. Қазір де, омбы қарды басып, қалын тоғаймен келе жатқанда да басын торлаған осы ой. Нақа бір ішінен қайта-қайта айтпаса аттарын ұмытып қалатындай, аят сөзі тәрізді. «Болатым! Маратым! Шамилім!» — деп қояды. Қайталап, іштен де, күбірлеп те айтады. Аралары екі жастан аспайтын үш бала ата торғай тұмсығына қорек алып, ұяға жақындағанда шыр-шыр етіп ауызын ашқан үрпек жүн, мамық қанат балапандар тәрізді тізіліп көз алдынан өтеді. Кейде, кешегі бейбіт күнде жұмыстан қайтқандағыдай, үшеуі қаз-қатар тізіліп, қолдарын жайып «мені көтер, мені көтер!» — дегендей, сапқа тұрған солдаттардай, бойына қарай тіркесіп тұра қалады. Көкейдегі сапта үлкені Болат — алда, ортаншысы Марат — ортада, Шамиль ең соңында тұрады. Бүлдіршіндей бейкүнә бөбектер сол бейбіт күндегідей көзінің алдына кеп тоқтайды. Сан рет түсіне енгені бар. «Өзін қанша жас болсаң да баланың қасиет-қадірін шалғайда біледі екенсің-ау! Бала бауыр еттен, деген, шикі өкпе бөбектерім!..»
«Болатым! Маратым! Шамилім!» деп күбірлеп қайталады. Осы бір үш сөз аят тәрізді қасиетті ғана емес, талай жерде өлімнен, қарсы ұшқан оқтан аман алып қалған құдірет сынды көрінеді. Әкесі Шаймерден сонау Омбы қаласының түбінен соңғы жазған хатында: «Биыл жазда барамын, Рашитімнен туған немерелерімді сүйіп, мауқымды басып қайтамын» деп еді. Ол келіп жұратын көре алмады. Ойран басталды. Өзі мұнда кетті. Балалар онда қалды. Енді ойлап қараса, соғыс деген опат үлкеннің ғана емес, баланың, әйелдің, қарттардың да өміріне жаралы таңбасын аяусыз басып жатыр.
«Балаларым ашығып, жалаңаш қалмады ма екен» деп ойлап, онысын аяқтап та үлгерген жоқ, сержант Давид Голодецкийдің:
— Жолдас политрук, тас жолмен машина келе жатыр! — деген даусы естілді.
Рашит ең алдымен «жатыңдар» деп айқай салды да, өзі жолдың жағасына қарай еңбектей жөнелді. Дүрбісін салды. Төбесі жабық, кішкене жеңіл машина тас жолмен басып келеді. Артында қараңдаған тағы машиналар көрінді.
— Саптағыларға біртіндеп, айқай-шусыз жеткіз, менің командамсыз оқ атылмасын, үндерін шығармасын! — Ол өзі жолдың жағасындағы арыққа жатты.
Голодецкий бұйрықты жеткізді де, өзі Жанғожиннің қасына жата қалды.
— Құйрығы ұзын ба дедім. Артынан тізіліп, кемінде екі-үш үлкен машина көрінеді.
— Қанша болса да жақын жібермей ала алмаймыз! Келсін, жақындасын!
Россияның солтүстігінде, батпақты жерден салынған тас жолдардың бәрі темір жол тәрізді биіктеліп көтерілген. Екі жағы арықша. Бұл екеуі сол арыққа түскен. Оқтын-оқтын мойындарын қылтитып жолға қарайды. Машина сақтықпен жай келеді. Жол жерден биіктеліп салынғансын онда қар қалмаған. Жолдан суырған қар арықшаны белден аса көміп тастаған. Бұл екеуі қалың қарды үңгіп, ішіне енгенсін жау түгіл, артында ағаш ішінде жатқан жауынгерлердің өзіне көрінбей қапты. Асыға күткенде уақыт етпей, ұзақ көрінеді.
Машина жайлап келеді. Рашиттің жүрегі қатты соқты. Демін ішіне тартып жолға үнсіз қадалғанда жүрек дүрсілі өзіне естілгендей тулаулы. Жау бұлар жатқан жермен қабаттаса бергенде Жанғожин танкке қарсы лақтыратын гранатаны нақ алдыңғы дөңгелегінің астына тастап кеп жіберді. Жеңіл машина лық ете түсті де, аударыла жаздап теңселіп барып тоқтады. Осы шақта Давид лақтырған граната машинаның қорабына соқты. Әлде кімнің шыңғырған, оған қоса қыңсылаған даусы шықты, Соңғы машиналар келе жатқан жерінде тұра-тұра қалды. Ешкім шықпады. Мылтық атылмады.
— Атыңдар, анау машиналардан ешкімді шығармаңдар! — деп айқайлады Жанғожин.
— Қол-аяғы мұздап, қар үстінде жатқан жауынгерлер бірден ата алмады. Әлдебір сәт үнсіз қалды. Осы шақта алдағы қираған машинаның ішінен қыңсылай үріп, қызыл бауыр, қара жонды нән ит арсалақтап жүгіре шықты да бұларға қарай тұра ұмтылды. Рашит алдында, қар үстінде атуға әзір жатқан пистолетпен басып қалды. Артқы аяғынан тисе керек, өз аяғын өзі тістеп шоңқайып отыра қалған. Қыңсылады. Енді бір сәтте артына жалтақ-жалтақ қарап ап, қираған машинаның астына зып етіп енді де, жоқ болды.
Қар үстінде, тосқауылда жатқандардың оқ атуы-ақ мұң екен, соңғы үш машинаның үстінен жолды бойлап, ағашты шарлап оқ атылды. Шаңқылдаған дауыстар естілді. Жау мылтықтың қайдан атылғанын білгенмен ешкімді көрмеген. Тосқауылшылар дәл атып жатыр, Олар болса машиналардан шығуға да дәті шыдамай, кабинадан, қораптан атқылады. Алдыңғы машинадан иттен басқа тірі жан бас көтермеді. Ең соңғы машина артымен шегініп барды да, әрең дегенде кері бұрды. Машина келген жағына қарады.
— Машинаны жібермеңдер! Пулеметтің оғын ең соңғы машинаға аударыңдар! — дегенше болмады, машина буы мен түтінін қоса будақтатып жөнеле берді. Екінші машина артымен шегінді. Екі жақтауы көтеріңкі келген тас жолда тез айнала қою да қиын. Бірінші машина тапжылмай атысты. Алыстай бастаған екі машинаға атылған оқтың көбі-ақ жолдың қапталына соғылды.
— Дәлелдемей атпаңдар! — деді Рашит.
Өздерінің қайда жатқанын сездірмеу үшін Рашит пен Давид оқ атпады. Дүрбімен сығалап жатқан политрук «қап, аналар кетті-ау» деп тістенді. Бірақ олар кетпеді. Оқ жетпес жерге дейін шегінді де тоқтады. Машинадан қарғып-қарғып солдаттар түсе бастады. Автоматтарын, пулеметін кезеніп, жолға, жолдың бойындағы арықшаға түсті де, бері қарай жылжыды. Рашит нағыз айқастың енді болатынын ұқты. Бір тобы арықпен, енді бір бөлегі жол ортасында қаңқиып тұрған машинаны паналап жақындай түскен.
— Давид, — деді Рашит, — аналар жақын келгенше мына машинадағы пулеметтің үнін өшіру қажет! Сен алға жылжы. Жақын бар. Өзі биікте тұрса, машинадан сені ата алмайды. Автоматпен, ыңғайы келсе гранатамен жоқ ет! По-пластунск...
Ақ халат киген ұзын сержант ақша қардың үстімен жыланша сусып кете берді. Отыз-қырық адымдай барды да кабинаны, қорапты дәл көздеп, оқты төгіп-төгіп жіберді. Пулемет үні жым болды. Бес-алты неміс қораптан қарғып түсті де көмекке келе жатқандарға қарсы жүгірді. Машина қозғалмады. Сержант тапсырманы орындап, қайта келді. Екеуі бір-бірін үнсіз ұққандай қатар жатып бас изесті. Жау оқ бойы келді. Тосқауылда жатқан топта үн жоқ. Жау жылжып, жақындай түсті. Жауынгерлер жаппай оқ төкті. Жолға, арыққа еліктері мен жаралыларын тастап жау тым-тырақай қаша жөнелді. Олар машиналарына жетіп үлгермей қарсы алдынан жол үстінен автоматтарын кезеніп, тас жолдың оң жақ жағалауымен келе жатқан көрші батальонның жауынгерлері «уралап» шыға келді. Жау қолын көтерді. Бұлар да тас жолға лап қойды. Рашит пен Давид атып тұрды да, алдыңғы жеңіл машинаға келді. Неміс майоры қаншық итті құшақтап, басын сүйеген бойы нақа бір тірі адамдай қатып қапты. Шофер болса рульден қолын жаза алмаған. Екінші арлан ит машина астында көзі құтырғандай қызарып, жаралы аяғын әлсіз жалайды. Тұруға, айбат шегуге дәрменсіз.
Бұлар майордың документтерін алды да, машинаны ішіндегі үш өлікпен бірге екі аунатып, үлкен жолдан арықшаға құлата салды. Ақсақ арлан әрең жылжып, құлаған машинаның ығына барып жатты.
Жаудың екі машинасын қиратып, екі машинасын, бір рота солдатын қолға түсіргенсін, батальон жорық жолымен қайта ілгеріледі.
Кешкі тыныста Жанғожин неміс майорынан алған бұйрық пен соғыс картасын батальон командирі аға лейтенант Федюнинге тапсырды. Жау Поддорьеден шығыпты. Байланысы үзілген, кешегі жоқ боп кеткен тобының тағдырын білуге, көмек беруге, азық-түлік, қару-жарақ әкеле жатқандар екен. Мұның бәрін біліп алғансын:
— Жақсы қызметтеріңе рақмет! — деді батальон командирі.
Төңірегіне қарады.
Бұған ешкім жауап қатпады. Сержант Голодецкий ғана политрукті шынтағымен түртіп: «Бұйығы дос серпінді, қанат қақты», — деді Мұны Рашиттің өзінен басқа ешкім естіген жоқ.
— Бұл не қалжың? — деді ол.
— Өз сөзіңіз ғой. Серпіне қанат қаққаныңыз рас емес пе?
Жалғыз бұл емес, жауынгерлердің «әне, біздің политрук келе жатыр» деудің орнына «әне, мой грустный товарищ келе жатыр» дегенін өзі де бір-екі рет естіп қалған. Соларды таратып жүрген мына қулар екенін сезді де, миықтан күліп қойды.
V
Бүгінгі ұрыста, одан соңғы жорықта шаршағанына қарамастан Рашит көпке дейін ұйықтай алмады. Орманшының үйіне жатып еді. Пеші түзу, үйі жылы екен. Сырттағы қарауылдар сағат сайын ауысып тұрды. Сақтанатын, елегізетін ештеңе болған жоқ. Бірақ пешке жақын тұрған темір керуеттің үстінде ұйықтай алмай дөңбекшіп көп жатты. Басына әлденелер, бұрын бейбіт күнде кіріп-шықпайтын ойлар түсті. Соғыс деген адамдарға тым қатал үкім екен. Бір ғана соғысушылар тағдырын өрт шалып қойса бір сәрі ғой. Соғыс деген алапат дерт сияқты. Соғыс оты ыстық сары жалын тілін жалақтатып, бүтін төңірегін аждаһадай жалмап-жеп, қырып-жойып келеді. Ол ештеңені аямайды, оның ештеңеге мейірі түспейді. Жоя береді, жоя береді. Адамды, адам ұрпағын ғана емес, соғыс көзіне ілініп, қырына алғанның бәрін жалмайды, жаралайды, жояды, мүгедек етеді. Бомбы түсіп, мылтық атылып, төңіректі өрт басып жатқанда шыңғырып кісінеген, көзінен жас парлаған жылқыны Рашит талай көрді. Үлкен тостағандай көзі мөлтілдеген ыстық жасқа толады, шарасына сыймай мөлтілдеп, егіледі келіп, егіледі. Алдыңғы күні Федюниннің астындағы боз аттың жамбасына оқ тиді. Ол қалың қарға күрс етіп құлап түсті. Ат қайта тұрмақ боп әлденеше рет ышқынып, жан дауысын сап, шыңғырды. Ақырында болмағансын басын көтеріп, көзің жасқа бұлап, иесімен, оның қасында тұрған таныстарымен қоштасты. Ағаштар, діңгегін оқ тесіп, бұтағын опырып кеткен ағаштар жарасынан қандай қымбат шырынын төгіп, дамылсыз жылап тұр. Кешегі тас жол үстіндегі ұрыста үлкен жолды кесіп өтіп, артына жалтақ-жалтақ қарап қаша жөнелген орман түлкісі қандай састы екен. Ол сонда осынша оқ, осынша адам менің жылы терім үшін оқ атты, сол үшін қырқысып жатыр деп ойлады ма екен? Не деп ойласа о деп ойласын, әйтеуір көптен бері дүниенің тыныш еместігін түлкі екеш түлкі де біліп кетті. Кешегі неміс майорының қорғаны болған екі иттің бірі — орманда жол үстінде жаралы күйінде қалды.
— Ол ит енді Берлинге мүгедек боп қайтады, — деді Давид сонда келе жатып.
— Қайтқаны қалай?
— Қайтады. Аяғының жарасын жалап жазады. Ақсаңдап еліне қайтады.
— Жол таба ма? — деген Рашит таңданып.
— Табады, оған қам жемеңіз.
«Қалай табады» дегендей Рашит бұған ол күні онша мән бермеген. Жаңағы бір түлкіден соң оның көз алдына өз қолымен, пистолеттің жалғыз оғымен аяқтан атқан сарыбауыр, қара жон, қамыс құлақ арлан ит келді. Арманын айтып, жаны ауырғанын мұң етіп шаққандай қатты қыңсылаған еді ол. Наурызбаев атып кетемін деп автоматын көтергенде, оны тоқтатқан да Рашит. «Оны енді қой, оқ шығын етпе, оған осы жаза жетеді» деген.
Ол шаршап әрең ұйықтады. Көзін жұма бергенде көз алдына ит келген. Жақсы оймен жатсаң жақсы түс, жаман оймен жатсаң жаман түс көресің деген рас па екен? Қанша ұйықтағаны да есінде жоқ. Түсі ме, өңі ме, оны да жөндеп ұға алмады. Әйтеуір даладан Ивановтың сыпыра сыбап келе жатқан айқайы естілді.
— Қарғыс атқандар! Қанша айтасың, есінде тұрмайды, мисыздар! — деді Иванов. — Енді сендердің қардың астында жатқан өліктеріңді кім санап жүреді. Пәлен жауды қырдық дейді, нағылеттер! Одан да оқ атпай, бәрін итіне дейін тірі алмайсыңдар ма? Әсіресе, майорды екі қаншығымен Чистяковтің алдына апарсаң қандай мақтан! Енеңді ұрайын көк милар, енді мен генералға немді көрсетіп, тамаша жеңісті қалай баяндаймын? Сенсе жақсы. Ал, сенбесе, сен иттерді шынжырлап алдына алып барамын. Төрт машина, қырық неміс, бір майор, екі ит! Ал, қол қой!
Константин Федюнин деген өте биязы, кішіпейіл, сабырлы жігіт. Ол Ивановтың айқайына шыдап та бақты. Ең соңында генералдың атына жазған мәлімдемеде политрук Жанғожин мен сержант Голодецкийдің атын атап, сол ұрысты жақсы басқарғанын аталық дегенді ұсынды. Бірақ, анау одан сайын лепіріп кетті.
— Бәрін тірідей қолға түсірмегенсін, әсіресе, қаншықты, майорды тірі алмағансын, ол екеуін атап айтпақ түгіл, көзіме көрінсе басын алам, иттің күшіктерінің...
Енді ұйқы жоқ екенін білді де, Жанғожин орнынан тұрып, сыртқа шықты. Көзін уқалап ашып, жай келе жатқан ақ тонды, орта бойлы ақ сары жігітті ол Федюнин айтып тұрған екеудің бірі деп ойлаған жоқ. Тонның ашық жағасынан саяси қызметкер дәрежесін көрді де:
— Жолдас политрук, енді бұдан былай кешегідей ұрыста жауды қолға тірідей түсіруге бұйырамын. Сен оған қалай қарайсың? — деді Иванов.
— Оған ешқандай бұйрықтың керегі болмас, жолдас подполковник. Ол жағдайға, жаудың мінез-құлқына байланысты нәрсе ғой! — деді Жанғожин.
— Мә, саған керек болса, психолог! — деп көпіре-көпіре біраз жерге барды. — Кешегі жабық машинадан екі итпен отырған майордың психологиясын сен қалай білер едің?
— Мен оның психологиясы; түгіл, машина ішінде кім отырғанын, қанша адам отырғанын да білгенім жоқ, білгім де келген жоқ.
— Ие, сөйтіп, оны өлтірген сен бе едің? — деп бажырая қалды. — Міне, саған психолог, политрук, ертең комиссар болатын политик! Неге сен, оны тірідей алмадың? Картасы мен бұйрығынан басқа өзін де қоса сайратып, әбден көп мәлімет алатын едік. Сенің көрегендігің қайда, ашық ауыз?!
Жанғожин зілмен қарады оған.
— Байқап сөйлеңіз, жолдас подполковник, мен сізге бала емеспін, кез келген жерде орынды-орынсыз сөге беретін кім едім сізге. Жабық машинаның ішінде кім отырғанын өзіңіз қайдан білер едіңіз? Мен машинаны тоқтаттым. Дөңгелектің астына граната тастадым. Ішінен адам емес ит шықты. Сержант екінші граната жіберді. Бәрі осы...
Зілмен, салмақпен айтқан ауыр сөзден соң подполковник үнін бәсеңдетіп:
— Бұдан былай есте болуды бұйырамын! — деді.
— Білмеймін, жолдас подполковник, немістің жанын сақтаймын деп сізге уәде бере алмаймын...
Рашит таңертеңгі саяси хабарды өткізуге солдаттарға бет алды:
...Біздің дивизия жауынгерлері кешегі ұрыста жаудан жүзден аса елді мекенді босатты. Көптеген жау қолға түсті. Ондаған машина қару-жарақ алдық. Ұрыста өлген майордың қалтасынан осы аймақтың қорғаныс картасы табылды. 23-полк Поддорьені алды, бүгін түнде...
VI
Федюнин батальоны тас жол бойындағы алған бағытынан айныған жоқ. Бір жетідей бопты, кілең жол бойында шайқасты. Жауынгерлер жол бойында айқасудың әдіс-айласын, амал-тәсілін біліп қалған. Көп ретте-ақ шығынсыз қатты ұрыстар жүргізді. Полк комсомол комитетінің бұрынғы секретары, Рашиттің құрдасы аға лейтенант Константин Федюнин ең алғашқы күнгі ұрыста саптан шыққан батальон командирін жоқтатпай келеді. Ойы да, сабыры да бар екен. Оны Рашит енді ұға бастады. Екеуі бір-бірін Алматыдан, комсомол қызметінде жүргенде білгенмен, нақ осы бір жеті-сегіз күндегідей ұғысқан да, түсініскен де емес-ті. Қиын күнде адам тез ұғысады екен-ау деп түйген ол.
Жол жағасындағы қалың орманмен Холмға тікелей бет алды. 3-батальон Поддорьені айналып өтті. Ертеден аудан орталығы болған аса үлкен елді мекенді алған 23-полк. 30-полк олардың шабуылын қуаттап, жауға екінші, оң жақ бүйірден шабуыл жасады.
Батальонның алдағы барлаушы тобынан байланысшы келді.
— Алдағы қалың ағаштың ішінен тас жолға қарай он шақты арбалы келе жатыр! — деді ол.
— Біздің адамдар қайда?
— Тосқауылға жатты.
— Жорықты тоқтатпайық. Бірақ жайлап, сақ жүрсін! Ал өзіміз алға кетейік! — деді де, комбат бастаған бір топ командирлер мен сержанттар алға шықты.
— Ормандағы жолсызбен фашистер жүре алмайды. Бұл басқа біреулер, партизандар болар, — деген Рашит болжауы дәл келді. Он арбаға азық-түлік, киім-кешек артқан сабаудай он бес жігіт жаудың ең жақсы қаруларын асынған.
— Партизандар штабының арнаулы бұйрығымен жүрміз. Басты мақсат — Ленинградтағы халыққа көмек жинау. Максимовка деген кішкене селодан шықтық. Біздің әлгі селодан шыққанымызды жау сезіп қалды. Қууға дәті шыдамады. Орман, қалың қар. Содан қаймықты. Енді ойлап келеміз, село тұрғындарын жауыздар қырып жатқан болар! — деген болжау айтты топ бастығы. — Көмекке барар күштерің болса, ат-арбаны осы жерге тоқтатып, сіздерді әлгі селоға бастап баруға да әзірміз. Село мынау жігіттің туған селосы, сонда әке-шешесі, туыстары бар. Өзі бастап баруға әзір.
Партизан бастығы топтың ең соңында келе жатқан өңі жұқа, ақ қайыңның шыбығындай, өзі жас, ақсары жігітті көрсетті.
— Сенің атын кім? — деді Рашит одан.
— Андрей!
— Андрей, селода қанша үй, қанша адам бар?
— Отыз үй бар. Адам аз. Көбі кетіп қалған. Қарттар, кемпірлер, балалар, не бәрі қырық шақты адам бар, — деді Андрей.
— Осы арадан қанша шақырым?
— Төрт-бестей.
Әлдеқайдан күрсілдеген мылтық даусы шығып жатты. Андрей ерні дірілдеп артта қалған жолына қарады.
— Сендерше, Максимкаға қанша жау келді?
— Отыз шақты. Үй басына біреуден...
— Батальонның бір ротасын бұрайық! — деп Жанғожин комбатқа қарады.
— Әлгі айқайшыл біліп қалса, менің бұйрығымсыз не істедіңдер деп миды жейді ғой.
— Төрт шақырым, ол бізге тиісті жер, оны да ойла! — деді Рашит, — менің алақаным қышып тұрған жоқ. Мына жігіттің сұры қашып, өңі өзгеріп кетіпті. Бірдеңені сезіп тұр-ау деймін. Бәрін қырып кетпесін, қол ұшын берейік. Асығайық.
— Өзің барасың бастап, — деді комбат.
— Барамын!
Жанғожин он бес жауынгер, бес партизанды алып Максимовкаға жөнелді.
Андрейдің қалшылдап, өңі бұзылып, үрейленгеніндей-ақ бар екен. Отыз үй отыз жерде алаулап жанып жатыр. Көкала түтін, жалақтаған сары жалқын жалын. Село у да шу, айқай, атыс.
— О, жауыздар, бәрін, түгелдей жойыпты! — деп Андрей есінен танған адамдай басын қос қолдап ұстап, қарға құлап түсті де аунап жатты. — Бәрін құртыпты. Шешем, әкем, бәрін, бәрін өлтірді.
Енді бір сәтте ол жатқан жерден атып тұрып, автоматын төбесіне көтеріп, селоға қарай тұра жүгірді. Алды-артына қарамай жанған өртке қарай зытып барады.
— Тоқта! — деп Жанғожин айқай салды. Ол артына қарамады. — Тоқта! Әйтпесе атамын!
Андрей оққа ұшқан адамдай жалп етіп құлап түсті де, қарды шеңгелдеп аунай берді, аунай берді. Екінші партизан Вася барып, Андрейді ұстап, басын көтерді. Жауынгерлерге селоға жан-жақтан андыздап, жеке-жеке шабуылдауға рұқсат берді. Рашит үш жауынгер, әлгі бес партизанмен жаудың шегінетін жағына қарай жүгірді. Женіл машинаға, мотоциклге мінген жау селодан зыта жөнелді. Атыспады. Бас сауғалап бара жатқан отыз шақты адамнан ең соңғы екі мотоциклдегі алты адамды политруктің өзі-ақ мұрттай ұшырды. Қайғыға батып, қазаға ұшырағансын айту қиын, әйтпесе, жаудың көбінің аман кетіп қалуына Андрей кінәлі сияқты. Бір сәтте шешілетін айқас еді. Өзінің күйінішін ұстай алмай, оның бөгет болғаны бар. Жанғожин қатты өкінді.
Село ішіндегі болған сұмдықты көргенде осында әке, шешесі, бауырлары бар Андрей түгіл басқалары да есінен танып, жынданып кете жаздады. Рашит жаман түс көріп, шошып оянғандай, көзі шарасынан шығып, сіресіп тұрып қалған. Сыртына майы шыққан жуан-жуан шыршалардан жасалған бөренелі үйлер үстіне мұнай шашқандай сартылдап, лаулап жатыр. Шатырлар сатыр-сұтыр етеді. Гүрс-гүрс құлайды. Ең сұмдығы осындағы бар шалдар мен кемпірлерді, жас балаларды селоның нақ ортасына қойша иіріпті де, бірін қалдырмай атып тастапты. Енді болмағанда, жауынгерлер бес-он минут кешіккеннің өзінде өлгендердің үстеріне май құйып, өліктің бәрін өртеп кетпек екен. Шашып үлгере алмаған сұйық майлар құрбандардың қасында қапты.
Андрей әке-шешесінің, олардың қасында жатқан інілері мен қарындастарының өлігін тауып алды. Алғашқыдай емес, қатуланып кеткен бе, әлденені айтып, күбір-күбір сөйлеп жүр. Әрқайсысының басын сүйеп, бетіне үңіледі.
— Ішінде тірі қалғандар бар ма? Соны түгел қарап шығыңдар! — деп Жанғожин партизан жігіттердің қасына екі-үш адам жіберді. Бір кезде тағы да Андрейдің жан даусы шықты. «Ура! Максимовканың бір азаматы тірі қапты!» деп айқай салды.
Әр кезде-ақ қалыпты шағынан өзгермейтін, оқыс мінезі жоқ Рашитке мына партизан есінен адасқандай боп көрінді.
Тірі қалған жалғыз азаматты жауынгер Қыдырбай Наурызбаев кілең өлік арасынан қос қолдап, көкірегіне басып алып шықты. Бет-ауызы, үсті-басы қан-қан. Бала көзін әрең ашып-жұмады. Төңірегіне қарады.
— Қол-аяғы, денесі бүтін! Басқалардың қаны шашырағаны болмаса, жарасы жоқ-ау деймін, — деп қояды көтеріп келе жатқан жауынгер Наурызбаев.
— Бұл менің соғыста, сонау Қара теңіз жақта жүрген ағамның баласы Ваня ғой! — деп қалбалақтайды Андрей. — Енді жетеді, өзіммен бірге әкетем.
Қыдырбай он-он бірге енді ғана жеткен жас баланы жанып жатқан үйдің отының қызулы жеріне әкеп шешіндірді, денесін қарады. Оқ тимеген. Құлаған өліктердің астында қалған. Әлде біреу, атасы ма, әжесі ме, өзім өлсем де осы қалсыншы деп, бүтін денесімен баланы қорғады ма екен? Осы бала үшін өз денесін оққа тосып елімге бас байлаған біреу барын Рашит те сезді. Осы ойын анықтағысы келгендей оқиға болған жерге келді де, Андрей мен баланы бірінші тапқан Қыдырбайға қарады.
— Кәні, көрсетіңдер, баланы қайдан, кімнің қасынан алдыңдар?
— Мынау бір кәрі әйелдің тонының етегіне оралған. Кемпір қолтығының арасына тығыпты. Әжесі болар! — деді Наурызбаев.
— Бұл менің шешем ғой! — деді Андрей.
Жанғожин бұрыла беріп:
— Партизан жолдастарға мына жатқан құрбандарды жерлеуді бұйырамын. Біз жаудың соңына түсеміз. Баланы өзімізбен бірге ала кетеміз.
— Жоқ, мен Ваняны сендерге бермеймін. Өзім алып кетемін! — деп Андрей бұларға тұра ұмтылды.
— Тоқта! — деді Жанғожин, — ойласайық, бұл бала қайда болса өлмей, тірі қалады? Соған көз жеткізсек болғаны. Сендер баланы өлтіріп аласыңдар. Суықтан-ақ өледі. Ақылды бол, айқайлай берме, Андрей.
— Жоқ, енді, сендер өзімнің ағамның баласын өзіме бермейсіңдер ме?
— Бермейміз! — деді баланы өлік арасынан алғаш алып шыққан Қыдырбай, — бұл баланың тірі екенін алғаш көрген мен. Сен жерден жеті қоян тапқандай айқай салдың.
— Ой, шіркін, мынау өз бауырымды өзіме бермеймін дейді. Осының ызасына бола-ақ, баладан айырылмаймын.
— Андрей, сен тентек болма! Бұл жер әлі жаудың тылы. Біз кеткесін, жау сендермен, партизандармен қайта соғысады. Баланы өлтіріп аласыңдар. Біз алып кетеміз. Бүгіннен бастап бұл баланың өмірі сақталды дей бер. Өзің тірі болсаң, інің жеңістен кейін Максимкаға қайтып оралады.
Андрей үндемей қардың үстіне отыра кетті. Ваняны Наурызбаевтың ақ тонының етегіне ораған он бес жауынгер жанып жатқан селодан ұзай берді.
Арт жақтан әлде кімдердің тарс-тұрс мылтық атқаны естілді. Алдан, бірақ, алыстан пулеметтің ұзақ атысы шықты. Төрт-бес «юнкер» жанып жатқан селоға қарай бағыт алды. Бұларды байқамады. Әлде қайтарда соққысы келді ме екен? Әйтеуір, төбеден зулап, екі-үш метр биіктіктен өте шықты.
Андреймен бірге жүрген бес партизанның мылтық атқаны тағы естілді. Жау самолетін атты ма екен?
— Андрей атып жатыр, — деді біреу.
Самолеттер тез оралды. Бұларды көрмеген. Бірақ, бұлардың жол бойымен кетіп бара жатқан алдыңғы, әрі негізгі тобын екі-үш рет шүйіліп, пулеметтен атқылады. Бұлар тоқтамай, жүріп келеді. Самолеттер қайта оралды. Шамасы орманмен жылжыған әскерлерді көріп қалды. Көтеріле беріп, бомба тастады. Оның бір-екеуі ешкім жоқ, тас жолға, бір-екеуі орманға түсті.
VII
Қар суырды. Кісі бойындай жаяу борасын соқты. Орман іші бір деңгей тыныш. Бұдан бір сағат бұрын батальон жаңа бұйрық алған. Бұл бұйрық бойынша алда тұрған Холм қаласын қоршау мақсатымен дивизияның ең негізгі күші — екі полк, екі батальон тас жолдың оң жағына шығуға тиіс. Он тоғызыншы полктың үшінші батальонына берілген тапсырма өте жауапты. Бұлар Холмнан шығып Локняға кететін тас жолға бірінші шығып, жаудың тылымен байланысын үзуі керек...
Түтеген ақ боранға қарамай, бір-бірінің етегінен, арқасындағы қапшығынан ұстап, жолдың он жағына бет алды. Жолдан өтер жерде Жанғожиннің бұйрығымен сержант Голодецкий Ваняны батальонның аға адъютанты Масақбаевқа тапсырды.
— Етек-жең енді кеңіді. Бұйрық орындалды! — деді Давид Жанғожинға. ... — батальонды ағашқа кіре берісте қуып жеттік. — Бала есін жиып, тамаққа тойғансын, сендерден қалмаймын деп әлек салмасы бар ма! Жылап қалды. Екінші класта оқыған екен. Бәрін біледі. Пысық бала екен.
— Сен селоны келіп өртеген, адамдарды атқан солдаттардың бастығын ұстап алып, саған көрсетсек танисың ба? — десе:
— Танимын. Басында танкистердің шлемі тәрізді құлақшыны бар, — дейді.
— Тағы несін білесің?
— Сол жақ бетінде тыртығы бар. Оқ емес, пышақ кескен, — деп қояды бала.
— Атың кім? — деді Масақбаев оны тізесіне отырғызып жатып.
— Иван...
— Енді сені біз «Иван Масақбаев» дейміз, — деп еді, бала ұнатпай қалды. Біраз тұрып, артынша:
— Мен Иван Михаленковпын! — дегені бар емес пе. — Сонымен Иван Михаленковты штабқа тапсырдым.
— Дұрыс шаруа бітірдің, Давид! — деді Рашит, өзі күрсініп алды, сержантқа тесіле қарады. — Менің сезуімше алдағы үлкен тапсырманы орындайтын шаққа жақын қалдық. Бүгін жорықтың басталғанына тоғызыншы күн. Холм қаласы менің картам бойынша жеті-ақ километр жерде.
— Одан әрі не болады?
— Не болады. Холмды қоршаймыз. Калинин майданының әскерлерімен қосыламыз. Осы сапардағы мақсат осымен бітеді.
— Қиыны артта қалыпты ғой! — деді сержант Рашитке қарап.
— Қиыны артта ма, алда ма, ертең көреміз! — деді политрук.
Бұл екеуі батальонның алдыңғы сапында көпке дейін дара жүріп отырды. Бұларды, ағайынды екі Базаевты қасына ерткен сержант Синицын алмастырды. Жанғожин мен Голодецкий бірте-бірте кейіндей берді. Бұл екеуі көптен-ақ сырлас. Бір-бірін жақсы ұққан. Арада қалжыңы да бар. Бұлардың арасында айтылмаған сыр да қалмаған. Бірі Омбыда туып Алматыға келсе, бірі Киевте туып, Талғарда тұрған. Сонау Москва түбіндегі шайқасты, одан Солтүстікке жорықты бірге өткізді. Талай ұрыста бір-бірін сынап та, байқап та көрді. Екеуінің де көзі жеткен бір шындық бар: Батырлық дегеннің өзі ең алдымен сабыр, әдіс-айла. Міне, екеуі он күннен бері сонау Старая Русса түбінен жорық сап бірге келеді. Көрген азап та, жақсы мен жаман да, тіптен жеген тамақ пен жатар орын да бір.
Екінші шындық бар: қиын күнгі, соғыстағы дос — нағыз дос. Екеуі жеке тұрғанда Жанғожин бұған «Мой грустный товарищ» деп қояды. Бұл сөзді Давид болса Рашиттің өзіне екінші, қосымша ат етіп қойған. Көңілді кезінде Рашиттің өзі де кілең «бұйығы дос, самарқау қанат қақты» дейді. Давид өзінше «Бұйығы дос» дегеннен басқасын айтқысы келмейді.
Қар басқан, мұз қатқан даладан етіп, көзге түртсе көргісіз түлей орманға енді. Біраз жүріп тоқтады. Айнала шеп құрып, қарауыл қойылды. Федюнин мен Масақбаев бастаған батальон штабы бұларды нақ осы арада қуып жетті.
— Боранға, желге қарсы тым қатты жүрдіңдер, біз сендердің қараларыңа әрең ілесіп отырдық, — деді аға лейтенант Масақбаев.
— Нағыз жорықшыл екенсіңдер! — деп батальон командирі де қатты риза болғанын айтты.
Батальонның үлкен-кіші, бар командирі бірге отырып тамақ жеді. Астан соң орман ішінен үлкен «ақ қала» салынды. Қарды үйіп, одан үңгір жасалған. Әрбір үңгірге шыршаның бұтағы төселді.
Рашит пен Давид бірге жатты. Көпке дейін ұйықтамады. Қардан жасалған үйдің ішіндегі әңгіме жай күңгірлеп, едәуір ұзаққа созылған.
— Апырай, шынымды айтсам ең алғашқы рет болар-ау, жаудың алғы шебін бұзып өтетін күнгі қорыққанымды көрсең, — деді Рашит, — сол күнгі, әсіресе, Соколово түбіндегі ұрыстардан соң көңілім орнына түсе бастады. Бұрын соғыс көрмеген жас жігіттер сол күні тамаша ерліктер жасады емес пе?
— Не болды сонша?
— Волгапкин ротаны сапқа тұрғызып, енді үлкен ұрыс болатынын түсіндіріп тұр екен. Менің көзім саптағыларға түсіп кетті. Қарасам, құдайым-ау, бәрі бірдей, сақал-мұрты әлі жөндеп шығып та үлгірмеген шыбықтай жас жігіттер екен. Соғыс түгіл, жеңді төбелес көрмеген, әлі қабырғасы қатпаған жастар. Бір сәт, мені қорқынышты ой билеп әкетті. «Құдайым-ау, мынадай көген көздермен қандай ұрысқа түсіп, қалай жеңесің?» дедім ішімнен. Жасырмай айтсам, сол күні мен жаудың алғы шебін бұзып өтпек түгіл, жауға қарсы бір оқ ата алмай, бір қарыс та алға баса алмай, бәрін түп-түгел қырып алады екенбіз деп түйгенмін. Жоқ ұрыс кезде жай мүлде өзгерді. Жігіттер мықты екен, ерлік көрсетті. Адам деген қызық екен-ау! Қызына келе, жанына тисе, намысқа шапса ер боп кетеді екен. Ондайда күштің, қуаттың қайдан шығып жатқанын білмейсің де...
Осы шақта ол кешегі өткізген саяси әңгіме-хабарламасын есіне түсірді. Онда ол дивизияның Мәлік Ғабдуллин, Владимир Белов, Төлеген Тоқтаров сынды батыр жігіттерінің ерлігін баяндаған.
— Соғыс адамға қосымша күш бере ме деп мен де ойлаймын. Әшейінде бұйығы жүрген жігіттердің өзі ұрыс кезінде өзгеріп сала береді.
— Күш емес-ау, әлде күш пе екен, әйтеуір соғыста жүрген адамға күрескердің жігері, қуаты пайда болады. Міне, екеуміз, тіпті бүтін батальон қардың астында жатыр. Бейбіт күндерде мұндай болса, ертеңіне осылардың тең жартысы көк жөтел, қалғаны тымау болып шыға келер еді. Таңертең қара да тұр, басы ауырып, балтыры сыздаған бірін көрмейсің, суыт таң асырған құр аттай ойнап шыға келеді.
— Ғажап-ау, өзі, нақ солай; Ал мұнда да бір құпия сыр бар ма?
— Құпиясы сол, меніңше бар ғой, күнде өліммен бетпе-бет келіп, өлмеске бекінгенсін, жеңемін деп талпынғансын, қуатты боп кетеді. Адамға өзгеше биік мүдде — мақсат дейміз бе, пайда болады. Сол мақсат анау-мынау ауру-сырқауды жеңеді. Бұл бір ме, ал екінші, әрине өзімше айтсам, адамның бойынан ауру-сырқауға қарсы қуат шығады. Сен ойлама, жаудың қардай бораған оғына қарсы шыққан солдат өлемін деп бармайды, сол аранын ашқан өлімді жеңемін деп ұмтылады.
— Ой, жолдас политрук-ай, айтасыз-ау! Жайлап отырып құнжитып жібересіз. Сіз комсомолда істедім дейсіз. Меніңше, сіз қызу қанды комсомолдан гөрі, салмақтысыз, ие, партия қызметкерлеріне ұқсайсыз.
— Комсомол партияға жақын ғой. Партия қызметіне, қалалық комитетке ауысуға анкет толтырған күннің ертеңіне соғыс болды. Сұр шинель киіп, қару асынып шыға келдім.
— Міне, көрдіңіз бе, мен де танимын адамды.
Бұдан соң Рашит Соколово түбіндегі қорқынышының бірте-бірте қалай сейілгенін анықтай түскісі келгендей, өзі көріп жүрген жас жігіттердің ерлігін, ұрыстағы сабыры мен айласын айтты. Маған Прошкин ұнайды деді. Ол анау күнгі жол үстіндегі ұрыста сол қанатта, ең шетте жатқан. Ол атыс басталған бойда-ақ кілең соңғы машинаны көздеп, соны нысанаға алды. Оның ойын политрук ұға қойды. Ең артқы машинаны істен шығарса, алда, ортада тұрған машиналар айнала алмайды, кете алмайды. Жол тар, екі жағы биік арықша. Жолдан шыққан машина жолдың екі бетіндегі су тартатын арықшаңа құлайды, не тұрып қалады. Батальон командирі де оған ұнайды екен. Әлі жас. Түбінде ұстаз болуға лайық, ойы бар жігіт. Өзінің шама-шарқы жетпегенсін емес, ойласқанды, ақылға салып кеңескенді тәуір көреді. Соғысқа дейін Алматы ауыл шаруашылық институтында оқыпты. Мамандығы агроном, немесе, ағайынды Базаевтарды неге айтпасқа, екеуі де оқуы аз, ауыл жігіттері, бірақ барынша адал, ақ көңіл, елгезек, пайымды... Жақсылықов, Наурызбаев, Әбілевтер ше...
— Ақыр соғысқасын деймін, кейде ішімнен, осындай жақсы жігіттермен қарулас болғанның өзі ғанибет екен, — деді ол көзі ұйқыға кетіп бара жатып.
Осынау бір мектепте оқыған кезден есінде қалған, есейген шақта аят сөзіндей көкейіне орала беретін сөзі «бұйығы дос, самарқау қанат серпіп... деп, есіне осы жолы тағы бір алды да ұйықтап кеткен.
Ол осындай бір жақсы оймен тыныш ұйықтады.
Қанша тыныштық, оны кім білген. Масақбаевтың «көтеріліңдер!» деген қоңыр даусынан оянды. «Мой грустный товарищ»... деп қасында жатқан Голодецкийді шынтағымен түртіп қалды.
VIII
Рашит тұрған бойда күнде ертеңгі әдеті бойынша тапталып қалған қардың үстінде ерсілі-қарсылы жүгірді. Ең алдымен тонын шешкен жоқ. Ақ тон қаудаңдап, өзі де қорбаң-қорбаң етеді. Артынша түймесін ағытты, етегі елпеңдеп, жалбағай жүгірген. Денесі қызған соң, тонды қардың үстіне лақтырып тастады. Ең соңында белуарға дейін шешініп тастап, қолын, иығын, кеудесін қармен ысқылап, қызарғанша сүртінді. Тұлғасы шымыр да, сом. Бұлшық еттер өз байқауынша босамаған, қайта қатая, беки түскен. Алматыда комсомолда жүргенде аздап көріне бастаған қарын жоқ боп кеткен. Ішкілік ішінде ең жақсы көретіні — сыра болатын. Кеңседе көп отыратындардың қарыны сияқты томпия бастаған қозы қарынның бұлтия бастағанын, ең алдымен содан, сырадан көретін. Міне, енді санап қараса сыра ішпегеніне он ай, он күн бопты-ау! Енді баяғы мектепте оқыған, доп қуып, турникке көп асылған кездегідей жинақы. Ешкім асықтырмағансын ұзақ жуынды, одан да ұзақ сүртінді. Орман ішіндегілердің бәрі котелокке ерітіп алған қардың суымен жуынып жатыр. Тым ұзын, епетейсіз бойы серең-серең етіп, Давид те қармен ысқыланды. Ол Рашитке жақын келіп, оған сақалының үрпиіп, балапан жүніндей тебіндеп кеткенін есіне салды. Өзі жүгіріп барды да котелоктен буы бұрқыраған жылы су әкелді. Политрук киініп қапшығынан төрт бұрыш кішкене айнасын, ұстарасын алды, сабынды көпіртіп, сақал-мұртын қырды.
Қай елде, қай жерде болмасын сақал-мұртты қыру немесе әдемілеп сұлулау ежелден келе жатқан ескі өнер. Әркім өзінше алады, өзінше әсемдейді, әркім өз мұрты мен сақалының суреткері. Ең алғашқы суретші — шаштаразы екен дейді. «Бұл мұрт былай болмай, былай болса қайтер еді» деп ең алғаш әдемілік жайын ойлаған да шаштараз болса кәдік.
— Міне, енді жарасты. Бірақ, өзі қалай-қалай, шашыңыз қара, қас қара. Сақал-мұртыңыз жирен екен өзі! — деді Елемес жақын келіп.
— Елемес-әй, екі күнде екі офицерді қалай жоюды білгенде, сақал-мұрт жайын білмей тұрсың ә? Бұл сақал мұрт шаш пен қастан кемінде жиырма екі жас кіші емес пе? Балапан түгіндей әлі жетілмей келеді ғой.
Шыны солай екен-ау, жолдас политрук.
— Әрине, шын. Баяғыда Гитлер сияқты есуас бір хан болыпты. Аңға шығады екен. Қаладан шыға бергенде алдынан үш кісі кезігіпті. Әлгі үшеудің түр-түсі ханға бір түрлі ерсі көрінсе керек. Саятқа бармай, ордасына келіпті де әлгі үшеуді тергеуге апты. Біреуіне: «Сенің шашың аппақ қудай, сақал-мұртың неге қап-қара» деген екен. «Хан ием, соған да ақылыңыз жетпеді ме, сақал-мұрт шаштан жиырма бес жас кіші ғой» деген екен. Сөйтіп, ақылсыз хан сөзден жеңіліпті.
— Мен де сол хан сияқты болыппын-ау! Ал екіншіден не сұраған екен?
— Сен сөзуарсың. Енді жетпеді ме?
— Қызық екен.
— Екіншіден сұрапты. «Сенде сақал да, мұрт та жоқ. Өзің еркекпісің, әлде әйелмісің» депті. «Хан ием, еркекпін, сақал-мұрты жоқты көсе дейді. Оның айып-шамы не? Кіндігімнен жоғары қарай шешеме, төмен қарай әкеме тартып туғанмын» деген екен.
— Тапқыр екен.
— Сенің ағаң Оспан, менің құрдасым сары, сен қарасың. Екеуіңнің әке-шешең бір. Бірің шешеңе, бірің әкеңе тарттыңдар ғой.
— Солай ғой. Бірақ, олар бізден гөрі басқалау. Соңғысы ше, жолдас политрук.
— Соңғы деймісің, соңғысы сен сияқты үйленбеген, әйелдің ащы-тәттісін татпағандарға онша қызық емес.
— Дегенмен, айтайын. Үшіншіден сұрапты. «Сен мүлде қызықсың, шашыңның оң жағы қара, сол жағы аппақ. Мұнда қандай сыр бар?» деген екен. Сонда ол айтыпты: «Екі әйелім бар. Бәйбіше сабырлы, ақылды адам, кілең он, жағымда отырады. Тоқал беймаза, долы, күншіл. Өзі кілең сол жақта отырады. Құлағыма күңкілдеп маза бермейді. Бұл пәле содан ғой» деген екен...
— Әйел деген дұрысын таппасаң қиын екен ғой...
— Солай, Елемес, өмір деген қызық! — деп Рашит бұрыла берді. Солдаттарға қарады. Көңіл бөлінді. Мұның үстіне штаб тұрған жалғыз палаткадан шыққан бала мұның назарына бірден ілікті. Соған қарады. Келте тігілген сұр күрткесі, аяғында өзіне шақ емес, қолпылдаған пимасы бар кішкене бала қорбаң-қорбаң етіп, алыста шоғырланған жауынгерлерге қарай дөңгеленіп кетіп бара жатты. Қалың қардан аяғын көтере алмай сүйрете басады. Кейде күртік қар аяқ астынан күрт ойылады. Бала қопаң етіп түсіп кетеді де, қайта шығады. Құржың-құржың бұлқынады. Бірақ өжет. Бетінен қайтар емес. Тырбаң-тырбаң кетіп барады, омбылай барады. Рашит оны аяп та, қызықтап та көп қарады. Бұл кеше ғана өзі өлімнен арашалап қалған Ваня. Мұның көз алдына баланың кешегі кейпі елестеді. Өлім, атыс арасында қалып, қан болған әжесінің етегіне оралған үрейлі кескіні жүрегін дір-дір еткізді. Енді, міне, ол ештеңе болмағандай қарды таптап, жерді басып кетіп барады. Қарды, аязды, суық ызғарды елемейді, селт етер емес. Адам, кәдімгі адам жер бетімен жылжып бара жатыр. Ол аяқ астынан ойылған қабыршақ қарға да, шер басқан, мұз жамылған қара орманға да, бұрын таныс емес, қару асынған қату қабақты жауынгерлерге де қарамай, жайбарақат, емін-еркін жүрген жандай. Кішкентай адам кетіп барады. Нақа бір өз селосын, әке-шешесін, туғандарын, өзім өлсем де жұрағатым, Ваням қалсыншы деп, етегіне орап, тонымен бүркеген әжесінің кегін алғалы бара жатқан қатулы, кекті адам сияқты-ау! Қарш-қарш ойылған қар да, етегіне оралған бұта да, аяғындағы ауыр пима да оны тоқтата алар емес. Жер басып, қарды таптап кішкене адам кетіп барады.
Рашит алдында аяп, қызықтап қараса, енді оның көңілі бұзылды. Жүрегі дір-дір қағып, қабағын мұң басты. Ойламайын деп қанша зорланса да болмады, есіне осы Ванямен қарайлас, бұдан да кішілеу, үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы түсті. «Менің кішкене құлындарым да осындай жер басып, қыбырлап жүрген шығар» деген жай сөздің өзі оны бір сәт елжіретіп жіберді. Қабырғасы қайысты, жүрегі сыздады. Жаңа ғана қармен ысқылаған қызулы денесі дір ете түсті де, шекесі солқылдады. Бұл байқамады, жақындап қалған Федюнин ойлы да, жабыңқы тұрған политрукті көрді. Мұның есіне осындағы құрбы-тетелес жауынгердің Рашитті сыртынан, өзіне сездірмей «мой грустный товарищ» дейтіні түсті де, еріксіз айтып қалды.
— Мой грустный товарищ, қалың ойға батып қапсың ғой! — деді.
Бұл жалт бұрылды. Қызарып кетті. Өзі күтпеген, оны комбат айтады деп ойламаған сөзді естігеніне таң болған. Кейбір қуақы, қалжыңқұмар жігіттердің бұл келе жатқанда, «әне, политрук келе жатыр» деудің орнына, «Мой грустный товарищ келе жатыр» дегенін өзі бір-екі рет естіген. Бірақ елең етпеген. Өйткені өзіне мәтел боп кеткен сүйікті сөзі бұған жат боп көрінген жоқ. Бұл жолы да, тосын айтылғаны болмаса, әбеске санамаған. Алдымен қызарып, артынша күле тұрып:
— Әне, анау, нағыз мой грустный товарищ кетіп бара жатыр! — деп ол Ваняны нұсқады.
— Ие, ол ма, ол «мой грустный товарищтің» өлімнен, апаттан алып қалған досы.
Екеуі бала жаққа қосыла қарады. Ваня жауынгерлерге барды да, Оспанның жерде, қар үстінде жатқан автоматын алып, иесінің қолына ұстатты. Анау баланы қолына алып төбесінен жоғары көтерді.
— Өзінің пәлесін қара! — деді Жанғожин. — Оспанды танып тұр.
Бұлардың ту сыртынан Масақбаевтың:
— Батальон, сапқа тұрсын! — деген суықтан қарлыққан қырылдақтау тарғыл даусы шықты.
Батальон тізіліп тұр. Командирлер алға шықты. Жанғожин өзінің сабыр салмақты сабасына қайта түсті.
Біздің совет әскерлері Москва түбіндегі зор шайқастан соң да тамаша жеңістерге жетті. Басқаны былай қойғанда біздің солтүстік майданы мен Калинин, Ленинград майдандары үлкен жеңіске жетті. Торжок, Торопец, Лихославль, Тихвин, Осташково қалалары, мыңдаған елді мекендер жаудан босатылды. Демьяновск қаласы артта қалды. Онда жаудың фельдмаршалы фон Буш бастаған 16-армиясы қоршауда тұр. Сөйтіп, жаудың еткен 1941 жылы бізге көрсеткен күні енді өз бастарына туды. Бізді алда Холм қаласы күтіп тұр. Біз сол қаланы босатуға барамыз...
Политруктің саяси хабарынан кейін комбат алдағы міндетті айтты.
— Біз қазір алған бағытымызбен жылжимыз. Нақты тапсырманы рота, взвод командирлері жорық үстінде алатын болады! — деді.
Батальон төрт сапқа бөлініп алға кетті.
Омбы қармен бес шақырымдай жүріп кеп, бүтін батальон аз аялдады. Осы аялдауда Рашит тізесіне планшетін қойып үйіне хат жазды. Онда ол әйеліне өзінің жай-күйін баяндады: «Өз жайым жаман емес, Магинур, денім сау, көңілім қош. Сені, балаларды сағынамын.
Болат үлкейіп қалған шығар. Ол өзімін інілеріне, Марат пен Шамильге ағалық қамқорлық етуге жарап қалды ғой, саған көмекші сол шығар. Көкейде жүрген медеуімнің бірі осы. Қиындықты көріп өскен бала ерте есейеді. Ол пысық болады. Сендердің жайларыңды көп ойлаймын. Артынша, әйтеуір аман-сау жүрсе екен деп тілеймін. Жауды жеңсек, жеңістен соң бәрі де ұмытылады.
Көп жазуға уақыт аз. Ертең тағы жазармын. Мен үшін балаларды шетінен, үлкен-кішілік ретімен, алдымен Болатты, сонсын Маратты, Шамильді сүйіп қой!»
Ол хатын штабқа берді. Жорық қайта басталды.
IX
Он тоғызыншы полктың тас жолдан шалғай бес-алты шақырымдағы оң қанаты орманмен жүре-жүре Сутоки селосының үстінен шықты. Барлаушылардың бүгінгі тан сәріде әкелген мәліметінше мұнда жаудың мықты бекінген жасақты тобы тұр. Қанша екенін дәлелдей алмаған. Содан да болар батальон сапын жазып, қаз-қатар шепке жатты. Командирлер тылына жиналды. Түрегеп тұрған күйінде қар үстіне карталарын жайып асығыс кеңесті. Әркім әр түрлі айла-тәсіл жайын ортаға салды. «Аз топты алға жіберіп, жаудың күшін, оқ ататын қызықты жерлерін байқасақ қайтеді» дегенге бәрі тоқтады.
Батальон шабуылға көтерілді. Ең алдыңғылардың орманнан қылт етіп, бас көтеруі мұң екен, ешбір пенде жоқтай, тып-тыныш село аяғынан тік тұрып жүре бергендей болды. Батальон аланға шыққан шақта әрбір үйдің терезесінен, есігінен, шатырынан атқылай бастады. Көбі-ақ пулемет екен. Батальон амалсыздан жеткен жеріне қайта жатты. Ақ тон, ақ халат кигендер қарға жатқанда көзге тұлдыр көрінбей қалды.
Батальон аздан соң қайта көтерілді. Жау селоның күнілгері нысанаға алған шығыс жағын пулеметпен, минометпен төпеп берді. Біраз адам саптан шықты. Жауынгерлер жылжи алмай, жеткен мересіне қайтадан жата-жата қалды.
Жаралылар мен өлгендерді арқалап, сүйемелдеп, жауынгерлер алғашқы шепке қайта оралды. Комбат командирлерді, политруктерді тағы жинады.
— Жау бекінісінің күші қандай екенін байқадық.
Біздің бұл шабуылымыздың пайдасы осы ғана. Енді ойласайық! Кәне, кімде қандай ой бар.
Комбат жиналғандардың бәрін тыңдады. Ең соңында жаудың негізгі күшін өзіне қарататын шағын бір топты селоның басқа жағынан жіберуге, сөйтіп, тосыннан шабуыл жасауға келісті.
— Кәні, кім барады?
Ешкім үндеген жоқ. Комбат топқа қайта қарады.
— Мен! — деді Жанғожин.
— Тағы кім барады. Политрук бар, командир кім?
— Мен! — деді сержант Голодецкий.
— Қанша адам аласыңдар?
— Он-он бес, одан көп емес, екеумізді қосқанда... шарт біреу-ақ, өзіміз таңдап аламыз адамдарды! — деп Рашит алда жатқан жауынгерлерге қарады.
— Жарайды, бұйығы дос, — деп барды да, — Рашит Шаймерденович, жарайды. Өзің таңдап ал! — деді комбат.
Ағаш-ағаштың ығында, тасасында шоғыр-шоғыр боп жатқан-тұрған жауынгерлерге жақын кеп, Жанғожин өзі алатын жауынгерлерді атады, неге екені белгісіз әрқайсысының фамилиясын емес, атын атап шақырды.
— Алексей, Елемес, Давид, Жүсіпбек, Иван, Оспан, Александр, Андрей, Қыдырбай! — деп шұбырта жөнелді.
Аты аталғандар бөлек сапқа тұрды.
Жанғожин комбатпен асығыс сөйлесті. Екеуі ағаш арасынан алаңға еңбектеп шықты да, дүрбі сап төңіректі шолды.
— Бізбен байланыс үзілмесін. Артымыздан катушка сүйреткен біреу жүріп отырса да артық болмас еді! — деді Рашит.
— Оны жасаймыз. Сендермен бірге он алтыншы боп Маша барады.
— Менің бағытымды көрдіңіз ғой! — деді ол комбатқа, — селоның солтүстігінен шығамын. Анау тұрған ұзын сарайды тасалап селоға жақындаймын. Қашан жау өзі көріп оқ атқанша біз үндемейміз. Олар атқан шақта біз де аздап, әр жерден жалғыздап атамыз. Өзімізге шақырамыз, жақындатып ап, он екі автомат, екі пулеметтен төгеміз оқты...
— Дұрыс, бәрін түсіндім. Жаудың беті сендерге әбден ауған кезде, біз осы жерден үлкен шабуылды бастаймыз.
Он бес жауынгер, байланысшы қыз орман арасымен солтүстікке бет алды. Орман арасымен екі-үш шақырым жүрді де, селоға бұрылды. Өздері көздегендей-ақ, қатар тұрған екі ұзын сарайдың ту сыртынан, орманға қараған желкесінен шықты. Ағаштан шыққан бойда жер бауырлап, қалың қардың үстімен еңбектей берді. Бір адамдай тізбектеліп, бір-біріне бауырымен сүрлеу салып отырды. Топты еңгезердей екі қарулы жігіт бастады. Ол — Давид Голодецкий мен Елемес Базаев. Рашит ортада соңында Волгапкин. Байланысшы қыз орманның жиегінде қалды. Сақтықпен, бір адамдай жылжыған топтың алды сарайға енді. Жанғожин асыға бастады. Еңбектеп келеді. Маңдайы тершіді. Басынан құлақшынын алып, оның сыртымен бетін сүртті.
Сарай далиған кең екен. Бұрышта тұрған үлкен пешке от жағып отырған кәрия кісіні әлде қалай танысын кездестіргендей бәрі қоршай кеткен. Мыналар қайдан, қалай келді дегендей ол да аң-таң. Жүзі солғын, жүдеу.
— Кімсіз?
— Осы Сутокиде тұрамын.
— Мұнда не ғып отырсыз? — деді Рашит.
— Көрмейсіз бе, мұнда тамақтық картошка, қара бидай бар. Кендір кептіреміз. Колхоз боп тұрғанда жұмыс аттарын байлайтын, кендір, картошка, жемдік азық-түлік сақтайтын сарай. Үміт дүниесі ғой деп сақтаймыз. Кеше жағамыз, бұзамыз деп бір тобы келді де, кетті. Кейінге қалдырды-ау шамасы.
— Селода кім бар?
— Іздеп жүргендерің толып жатыр.
— Қанша адам бар?
— Ол шіркіндерді кім санапты. Екі жүздей адам бар еді. Оның үстіне кеше бір жүздей адам тағы келіп қосылды.
— Не істеп жатыр?
— Ол жағын анық білмеймін. Біреулер айтады, осы маңдағы қолына балта ұстауға жарайтындарды, тұтқындарды әкеліп, көктемде салатын бекіністеріне ағаш әзірлетеді екен дейді. Бірақ ондай адамдар әзір жоқ. Селодағы бала-шағаны, кемпір-шалды шанаға тиеп әкетті. Оларды қайда апарды, не істеді. Оны да білмеймін. — Шал асықпай тоқтаусыз сөйледі. Оны ешкім бөлген жоқ. — Ал енді біреулер айтады, осы кезде партизандарға қарсы топ жасақтап, мына ормандарды солардан тазартады екен дейді. Сендер партизансыңдар ма?
— Ие, — дей салды Рашит.
— Партизандар, бұдан бір айдай бұрын келіп, бұларға, Холмда тұрғандарға ойран сап, азық-түлік, қару-жарағын алып кеткен. Қаланы олар алыпты деп те естігенбіз. Енді соларды жоймақ қой, шамасы...
Жанғожиннің жорық кезінде жолдағы елді мекендердің естігені рас боп шықты. Бұдан бір айдай бұрын Новгород, Псков партизандары бірлесіп, Холмды жартылай алған. Мына қарттың айтып тұрғаны сол оқиға. Ондай болса Сутокиді партизандармен күрестің орталығы еткені де шын. Демек, мұнда үлкен күш жасақталып жатыр.
— Тас жол бұл жерден қанша?
— Ой, тәйір-ай, бес-ақ шақырым.
— Тас жолды қорғайтын жасырын топ та осында... — деді Жанғожин өзінше күбірлеп — оңай емес екен.
— Шатырлардың бәріне шығып алған.
Село жақтан үрген иттің шаңқылдаған жаудың даусы естілді.
— Айтқан әңгімеңізге көп рақмет! Енді сіз мынау біз келген ізбен орманға өтіңіз. Сонда бір жауынгер қыз бар, соның қасына аялдасаңыз да болады.
Кәрі шал сүйретіліп, орманға қарай кетті. Артына жалтақ-жалтақ қарайды.
Жанғожин мен Волгапкин он үш жауынгердің арасын екі-үш метрдей етіп, сарай іргесіне жатқызды да, екеуі екі шетіне кетті.
Тағы да ит үрді, адам даусы шықты. Село жақтан бес-алты қара көрінді де, сарайға қарай жүрді. «Міне, мыналар әлгі шалдың айтуынша сарайды өртеуге келеді. Немесе, осында бекінбек. Автомат асынып, пулемет көтерген топ жақындай түсті.
— Менің командамсыз оқ атылмасын! — деді Рашит. — Ең алдымен мен атам. Соны команда деп біліңдер! Бірақ нысанасыз, босқа оқ шығаруға болмайды. Бір оқ босқа кетпесін! Бір оқ...
Жау емін-еркін жақындап келеді. Ақ тонды, ақ халатты жауынгерлер сарай түбінде демдерін ішке тартып, бүлк етер емес. Жақындап жау келеді. Екі жүз... жүз... адам. Беті-жүзі, түр-сипаты нақ қасында тұрғандай көрінеді. Енді қашан? Әрбір жауынгердің жүрегі дүрс-дүрс соғады, ырғағы өз құлағына естіледі. Тоқсан... Аз қалды. Жанғожин тістеніп жатыр. Алпыс қадамдай қалғанда ол ең алда келе жатқан кең иықты, шалқақ кеуделі, қолына көлденеңдеп жеңіл пулемет ұстаған еңгезердей немістің төсінен көздеп басып салды. Пулемет жерге түсті, кеудесін басып, жыландай иірілді. Осы сәтте он төрт жерден он төрт оқ атылды. Алты жаудың бесеуі артына қарап бұрыла да алмады, алға қарай да бір-бір адым баса алған жоқ. Біреуі кейін қарай зыта жөнелді. Рашит «енді оған оқ шығарма!» деп айтып үлгерген жоқ, қасында, оң жағында жатқан Елемес бұта түбінен қашқан қояндай жалғыз оқпен жалп еткізді.
— Кеткенде де болатын еді. Ол селоны тік тұрғызып, осында бастап келетін еді...
— Ой, политрук жолдас, біреу болса да кеми берсін де... онсыз да...
Онсыз да, село тік тұрды. Мылтық атылған жаққа қарай жүгіргендер көрінді.
Сарайдан не бәрі он алты оқ атылды. Екі оқ атып үлгерген Алакөлдің барысы Елемес. Оның алғашқы оғы да далаға кеткен жоқ. Оны Рашит та көрді, өзі де сезді... «Қалай атам?» дегендей политрукке қарап қойды. Оның мақтау күткенін бұл да сезе қойды. «Мергенсің» деді. «Оспан ағам менен де жақсы атады. Ол аңға шығатын» деп Елемес асығыс айтты. Екі көзі село жақта. Біреу сарайдан жүгіре шығып қарға аунап жатқан немістердің қаруын алмақ болды.
— Қайт, жат! — деді Рашит жекіріп.
Жау жақындап келеді. Көп емес. Жиырма шақты. Біреулері жетсе де, жетпесе де оқ атып келеді.
— Қашан жақын келгенше, оқ атылмасын!
— Бұлар бес-алтау емес, көп қой. Тым жақындамасын? — деді екінші қатардан Фролов.
— Оқ бойынан жақындау келсін. Ешкім оқ атпасын. Пулеметтен, бір ғана пулеметтен...
— Пулеметшіге, Прошкин естимісің? Менің командам бойынша, сен ғана атасың! Жау қашатын болса, екінші пулемет, Әбілев дайын тұрсын.
— Пулемет әзір! — деген Волгапкин.
Жау екі жүз метрдей келгенде, Рашиттің өзі де шыдай алмай «ат!» деп қалды. Пулемет безілдеп ап жөнелді. Олар жата-жата қалды. Атыс басталды. Әсіресе, жау жағы автоматтан, пулеметтен, тіпті кішкене минометтен атты. Соңғысының доптары сарайдан асып, арт жаққа түсіп жатты. Жанғожин тобы тың тыңдағандай жым-жырт болды. Жау атып жатып, бұл жақтан жауап болмағансын тұра келіп, лап қойды. Екі пулемет қоса атты. Жау тағы жатты.
— Басын көтертпе, төбесі жылт еткенін ат! — деп политрук Елеместі сарайдың атысқа ыңғайлы жеріне, өзінің қасына шақырды. Өз орнын өзгертіп, әдейі осындағы інісінің қасына келді ме екен, анау орынға Оспан келіп жатты. Інісінің қасынан алыс кеткісі келмейді.
Бұл екеуі де оқты босқа атпады. Төбесі көрінгенде ғана тура нысанаға атады.
Олар тағы көтерілді. Бес-алты адамның ғана қарасы көрінді. Қалғандары тұрмады. Тірі қалғандары кейін қарай еңбектеп, жылжи бастады. Осы кезде селодан қалың топ шықты. Алдымен екі жарылды, артынша қайта бірікті. Қанатын кең жазып, әр жерден андыздап, жау ентелей түсті. Топтың соңында ауызбен тартатын сырнайын үрлеп екі қыз келеді. Санитарлар жаралы болғандарды «мен мұндалап» шақырады. Андыздаған жаудың екі қанатын екі пулеметтен бұлар төпеді. Тоқтар жау жоқ. Жатып-тұрып, жатып-тұрып, ентелей басты. Жау атып келеді. Фроловқа оқ тиді. Оны Рашит үні өшкен пулеметке қарағанда көрді.
— Оспан! — деді Жанғожин Базаевтың үлкеніне, — пулеметке бар!
— Политрук жолдас, жау көп, біз тым азбыз ғой! — деді Оспан.
— Қорықпа, Оспан, аздан аз, көптен көп өледі емес пе? Жүгір, Фроловтың пулеметіне бар.
Ол Фроловтың пулемет тұтқасына жабысып қалған қолын әрең жазды. Пулемет қайта тірілді. Жау жата-жата қалысты. Әп-сәтте қайта тұрып, тағы шапты. Жанғожин жанталаса жүгіріп, шеткі пулеметке келді. Өліп жатқан Жүсіпбекті көрді. Алас ұрды. Жан-жағына қарады. Автоматтан жалғыздап атып жатқан Қыдырбайға көзі түскен. Пулеметке бар! — деп оны сүйрей жөнелді. Екінші пулеметке де жан кірді. Түрегеліп, оққа қарсы жүгіру оңай май, көп адамын жоғалтып жау тағы да жеткен жеріне жатты. Жаудың арт жағынан атқан миномет оғы сарайдың шатырына келіп түсі. Төбе ойылып түсті. Тағы бір доп. Сарайдың от жағылған пеші түтіндеп, шаласы шашылып, күл-талқаны шықты. Жау жандыратын минометтен атқылады. Сарай іші қоңырсыған ащы түтінге, жалынның ысына тола бастады. Сарай сықыр-сықыр, шатыр-сұтыр етеді. Жау қайта көтерілді. Жан-жақтан қаумалап келіп қалды. «Граната!» деген дауыс шықты. Бұл Голодецкийдің даусы екенін білді. Бірақ өзін көрген жоқ. Сарайдың ішін түтін басты. Көз алды бұлдырап ештеңе көрмеді. Мұның үстіне оң иығы шымырлап, жылу тартты. Көзін зорлағандай әрең ашты. Қолындағы автоматтан соңғы дисканы едәуір атты. Сарайдың төбесі сықыр-сықыр шайқалды да, гүрс құлады. Ол ортаға жанып түсті. Біреудің шыңғырған жан даусы естілді. Біреу «ой, бауырым!» деп асығыс, ентігіп айтты. Кім-кімге айтты? Оны білмеді. Иығынан екінші оқ тиді. Қимылдауға шамасы келмеді. Атыс тоқтамады. Бірақ бұрынғыша қым-қиғаш жиі емес, сирек. Енді бір сәтте саябырси қалды. Тұрайын деп қанша зорланса да болмады. Кеудесі көтерілмеді. Тоны, пимасы қоңырсып жатыр ма, бүтін тұла бойы жып-жылы боп кетті. Ақырғы күшін жұмсағандай ышқына көтеріліп, сол жақ төс қалтасынан партия билетін алды. Сол қолына ұстады. Көтере алмады қолын...
— Мә, мә, Елемес, мынаны ал! Оспан, Давид... Иван!.. — деп бірнеше адамды атады. Бірақ бірде-бірі үн қатқан жоқ. Бұл шақта Рашитке ең жақын жатқан ағайынды екі жігіт Базаевтер жаралы болған. Енді бір-бірін сүйеймін деп, құшақтасқан бойы, бірінің қанына бірі батып, көзін жұмып бара жатқан-ды. Содан бұлар политруктің соңғы тілек сөзін естіген жоқ.
Енді бір сәтте дүние жым-жырт, дел-сал боп, сазарып қалды. Өрт лаулай берді. Рашит басын көтерді. Ештеңе көрген жоқ. Есі ауып, талықсып барады. Әлдеқайдан әйел адамның: «Ура! Ура! Батальон селоға енді!» деген айқайы естілді. Келте тонды қыз бала аязды ауаны жаңғыртып, жанған сарайға қарай айқайлап, жүгіріп келе жатты.
Қыз жүгіріп келеді. Тұрып жығылады, тұрып жығылады. Екі қолы ербеңдеп, шашы жайылып кетіпті. Қыз жанталаса жүгірді, Көз алдында алаулап қызыл от тұрды. Қыздың айқайы, қызыл жалынның лапылы, майлы ағаштардың сытыр-сытыр сынып, тағы да алаулағаны осы сарайды сонау 30-жылдары өз қолымен салған шалды да жалт қаратты. Ол да жүгірді. Бірақ, айқай да, асығыстық та мәнсіз еді, кеш еді. Жалғыз ғана қыз даусы аязды ауада дірілдеп, орманға соғып, жаңғырып тұрып алды.
* * *
Жаудың негізгі, басым күші сарайға қарай ауған шақта батальон Сутокиге еркін кірді. Олар қару-жарақты, өлгендерін, тіпті жаралыларын тастай қашты. Құтылып кеткендерден мұнда «қалғандары» әлдеқайда көп еді.
Қашқан жауды тас жолға дейін қуып тастауға біраз адам жіберді де, батальон жанып жатқан селоға тоқтады. Паналар жер де аз қапты. Комбат өзінің жәрдемшілерімен сарайға келді. Сарай алдында, елу метрден екі-үш жүз метрге дейінгі секторда екі жүздей жаудың өлігі қалған. Сарай жанында, оның босағасы мен табалдырығында біздің он үш жауынгердің шала жанған, жарадан опат болған денесі жатты. Ең алдында ақ тоны қарайып, бүріскен, шала күйген қалпында етпеттей жер құшып, Жанғожин жатыр. Өзі әлсізденіп бара жатқанда біреуге бергісі келген партия билетін сол қолына қыса ұстаған. Амал не, сол сәтте оның соңғы тілегін орындайтын, соңғы даусын еститін бұл маңда тірі жан жоқ-ты. Атын атап шақырған Давид та, Елемес те, Оспан мен Иван да өзінен бұрын көз жұмды.
Константин Федюнин бастаған бір топ жауынгер құрбандарды жерледі. Күйген сарай түбінен томпайып жас қабырлар көтерілді. Жауынгерлер өздерінің қарулас достарының аттарын жеке-жеке атап тұрып, он үш мылтықтан он үшіне арнап аспанға он үш рет оқ атты. Бүгін таңертең бір ыдыстан бірге тамақ ішкен достарымен, жерлестерімен, кейбірі тіпті жақын адамдарымен бас киімдерін қолдарына қыса ұстаған күйде үнсіз қоштасты.
Сарай жанындағы аз топ Старая Русса — Холм тас жолына қарай кеткен батальон соңынан ұзай берді. Комбат Федюнин тапжылмай тұрып қалды. Ол басынан құлақшынын қайта алды, дөңкиген су топырақты жас қабыр, Рашит Жанғожин қабырына қарап тұрды да, жайымен айтты:
— Бұйығы дос, серпіле қанат қақтың, мәңгі-бақи қош бол! Топырағың торқа болсын!