Жақсы Жанайдар (І нұсқа)
Күлік баласы Тілеуімбет, мұнан туған — Күнту, мұнан туған — Жанайдар. Бұл Жанайдар — Абылай хан заманында жас бала. Жұрт аузында «Жақсы Жанайдар» атанған.
Сол заманадағы инжарай Шәріп [Бұхар — Е.Қ. еск.] ханы Арқадағы Абылай ханға елші жіберген:
— Май қатығын тауып берсін, — деп.
Сонда Абылай хан Күлік Жәнке батыр биге кісі жіберген: Бір ауыз сөзіме жауапты түзу тауып берерлік жан тауып жіберсін, — деп.
Сонда Жәнке батыр би өзінің сынына келгендіктен, он төрт жасар бала Күнту баласы Жанайдарды жіберген. Сонда Жанайдар Абылай ханға:
— Алдияр, — деп кіріп барғанда, отырғызбастан сұраған:
— Балам, май қатығы не болады? — деп.
Сонда Жанайдар кідірместен жауап қайтарыпты:
— Бұрынғылар айтпап па еді, «Халық айныса, хан түзейді. Май айныса, тұз түзейді» деп. Халық қатығы — ортасындағы ханы болады да, дүниедегі тәмәм тамақтың дәмін кіргізетұғын май қатығы — тұздағы, тақсыр! — деген.
Бұл сөзден Абылай хан Бұқар ханы тұз сұратқандығын біліпті. Үш жүздің баласы қазақтан түйе жидырып, қырық би және Жанайдарды атшы қылып қосып беріп, көп түз тиеп жібереді. Барған қырық биді Бұхар ханы сыйлап күтті. Қайтарар кезі болғанда Бұхар ханы сұрады:
— Абылай артық па, мен артық па? — деп. Қырық биі айтты:
— Сіз артықсыз, сіздің тегіңіз де асыл, сіздің жеріңіз де асыл, өзіңіздің асылдығыңыз — Бұхардай шаһарда, алтын тақтың үстінде сары ала алтынға малшынып отырсыз. Жеріңіздің асылдығы — сіздің жеріңізде етікпен намаз оқуға жарайды, — десті.
Бұхардың ханы сұрады:
— Абылайдың осы отырғандарыңыздан басқа жіберген кісісі бар ма еді? — деп.
— Қоста бір атшы бала бар, он төртте.
— Ендеше соны шақыр. Оны шақырып келді. Бұхар ханы айтты:
— Әй, балам, мен артық па, Абылай артық па? Бала айтты:
— Абылай артық!
Бұхар ханы:
— Абылай менен қалайша артық болады? — деді.
Бала айтты:
— Абылай атасы садағын сағымға көтерткен. Нұрдан пайда болған. Сіздің атаңыз — Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт. Біздің қазақтың балалары ойнағанда: «Маңғыт, аузыңа саңғыт» — деп ойнайды. Түбі-тегің Маңғыт жақсы болатұғын болса, ауызға әй деп алынбас еді, — деп бала жауап кайтарыпты.
— Балам, Абылайдың тұрған жері асыл ма, менің тұрған жерім асыл ма? — дейді.
— Сіздің өзіңізден Абылайдың өзі асыл, жеріңізден жері асыл. Сіздің жеріңіз асыл болатұғын болса, суды Самарқандтан алдырып ішер ме едіңіз, тұзды Сарыарқадан сұратар ма еді ңіз? Абылайдың тұрған жері — Сарыарқа. Екі басса, бір бұлақ. Ағар суы бал татиды, ақ шабағы май татиды. Екі басса, бір тұз. Бір үйінен бір үйі тұз сұрамайды, — дейді.
Бұхар ханы сөзіне ырза болғандықтан, қырық биге сыйлағаны жалғыз балаға бергеніне тең болыпты. Баланың «Жақсы Жанайдар» атанған жері — бұл. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ» деген — осы. Басына бақ қонбағандықтан атағы шықпады. Бұл Жанайдар бір жақтан үйіне келсе, бәйбішесі бір еркек бала тауып, бесікке бөлеп жатыр екен.
— Қатын, қатын! Кеудесін ақырын, бос таңа гөр. Кеудесі толған Алланың зікірі екен, — депті.
Сол баласының аты — Өтеміс. Жәңке батыр өмірінде Жанайдарды үйге отырғызбапты. Үш жүздің ортасында болған бас қосуға жіберіп отырады екен. Қайда барса да, шешендігімен судан қаймақ қалқығандай бола беріпті.
Бір жиын топта Қуандықтан шыққан Байдалы би Жанайдардың сөзіне сөз тауып айта алмаған соң, кемітіп:
— Осы неменің әкесінің аты Күнту ме еді, Қиту ма еді? — депті.
Сонда Жанайдар:
— Ерім бар-ды ыңыршақ,
Атым бар-ды тобышақ.
Әкем аты Күнту болсын, Қиту болсын,
Оның маған не керегі бар?
Ақылым бар бір құшақ, —
деген екен. Құдай рахмет қылсын Жақсы Жанайдарға!