Жарық дүние
Мөлдір аспанда қарлығаштар қалықтап ойнаған жаз күндерінің бірі. Айнала тып-тыныш. Шіліңгір ыстықтан бас сауғалаған барша тіршілік қашып барып, ағаш көлеңкесіне тығылып, тыным тапқандай бір күйде.
Емхана ғимаратының үшінші қабатындағы самалдықта төмендегі гүлтекше жиегінде емін-еркін ойнап отырған қос бүлдіршінге бағанадан мұңая қарап тұрған сырқат қыз ту сыртынан шыққан әлдекімнің аяқ дыбысынан секем алып, әлдене алаңмен артына бұрылды.
Күткен күдігі дәл келді ме, қараған сәтте өзіне таяп қалған мейірбикені көріп, ұрлығы әшкереленген баладай өз-өзінен қысылып, аяқ асты қипақтап қалды. Иінінен су кетіп, төменшіктей берді.
— Мұнда шығып алыпсың ғой? — деді алдына келіп тоқтаған науқас күтуші сәл қатқыл үнмен кіналай сөй-леп. — Сыртқа шықпа деп қанша рет айтамыз осы?
— Даланы көргім келіп... — деп міңгірледі келіншекке қарап көзін бір төңкеріп алған дімкәс қыз жанарын қайта жерге салып. Үнінде кінәсін мойындаған бір сынық сыңай бар.
— Далада не бар екен сонша? — деді келіншек алғашқы екпінімен ауыр зіл тастап. Апшып ашуланбағанымен, даусындағы қатқыл сыз әзірге жұмсаратын емес.
— Білмеймін... — деді сәл іркіліп қалған қыз, бір жұтынып алып. — Әйтеуір көргім келіп тұрады...
Дене әлсіздігінен, әлде айтқан сөзінің ауырлығынан, жай тұрса да, қарадай өкпесі қысып, ентіге берді.
— Қызық... — Мырс еткен келіншек жанында тұрған қызға көзінің құйрығымен қарады. — Далада не бар екенін білмейсің, тағы келіп сыртқа қарай қаша бересің? Әлде...
Бұл жолғы сөзін кекесін араластырып айтқанымен, зілсіз шықты. Алғаш келгендегідей емес, арынының қайта бастағаны байқалды. Соны сезсе керек, ауру қыз ішкі бір тілегін айтып, тағы міңгірледі.
— Тағы біраз тұра тұрайыншы, апай? — деді келіншекке сұрана көз қадап, — ...тағы біраз... апатай...
Келіншек үндеген жоқ. Жүзін суыққа салмағанымен, іле жауап бермей аз-кем бөгелді. Тек сәлден кейін ғана орнынан қозғалып, қызға жанаса бере, манадан бері ол ұзақ қадалған төмендегі гүл текшенің шетіне, одан ойнап отырған сүйкімді балақайларға назар аударды. Үңіліп сәл тұрған соң:
— Бағанадан көз алмай қарағаның ана балалар ма? — деді, жұмсақ алақанымен нәзік бойжеткеннің сүлдерсіз иығынан жеңіл сипап.
— Иә, — деді қыз сәл іркіліп барып, басын қымсына изеп.
— Сонша тесілдің ғой, тегі. Бағана келіп, артында тұрдым...
Келіншекке жалт қараған сырқат қыздың сүлік сорғандай қан-сөлсіз қуқыл жүзіне сол сәт тосын бір өшкін қызыл толқын ойнап шыға келді де, ізінше қайта өшіп, зым-зия жоғала берді.
Соны байқап қалған мейірбике алдында тұрған қыз жүзіне әлдене таңданыспен үңіле қарады.
— Не болды, Сәуле? —деді сосын сол ішкі таңырқауын жасыра алмаған қалпында аңтарылып.
Бірақ, бұйығы қыз бұғып қалды. Аузымды ашсам, сырымды шашып алармын дегендей, арық адамдарға тән ағы көп ала көзін бір төңкеріп, төмен құлатып алды да, сол күйі үнсіз тұрды. Бұл сұраққа енді қайтіп жауап бермейтіні сырт әлпетінен анық андалды.
Соны көріп шарасыз қалған ақ халатты келіншек те бір ауыққа дейін тосылып, үнсіз қалды. Енді қайта тілге келмес деп ойласа керек, өзінен басқа жан білмес шыңырау ойға батып кеткен алакөз қыз әлден уақыттан кейін, әлдененің аяғынан өзін тауып, әлгінде болған жайды мүлде ұмытып кеткендей, бетіне қайта қарап үн қатқанда, әжептәуір қуанып қалды. Бірақ қойған сұрағы кісі ойлағандай оңай болмай шықты.
— Апай, осы мен рас жазылам ба? — деп жәудіреп тұр әлжуаз қыз.
Қапелімде не дерін білмей, іркіліп қалған мейірбике күдікті сұрақпен қоса жансебіл жалыныш толған жасқаншақ жанардан көзін тайдыра берді .
— О, не дегенің, көке... сен ертең-ақ жазылып кетесің... алаңсыз бол, — деді соңынан сөз ыңғайын жайбарақатқа салып.
Бірақ, өз сұрағының жауабын өзі білетін секілді:
— Әй, кім біледі? — деп күрсінді міскін қыз сәлден кейін. Өз жөнене қарап, көзін қайта әкеліп төмендегі гүлдік жиегіне салды.
— Неге олай дейсің, Сәуле? Сырқат адам дәрігердің айтқанына сену керек. Қалаймақан ойлауға болмайды... — деп жақындап келіп бауырына басқан апайының есіркеуіне елең еткен жоқ. Біразға үнсіз қалып, қыбырсыз тұрды.
Тосын жақындық танытқан бөгде құшақтың қызуы өнебойына әлден уақыттан кейік өтті ме, кім білсін, дімкәс қыздың оңған шүперектей қуарған жүзіне о бір кезде барып тағы бір жылылық жүгіріп, басын көтеріп, жанындағы мейірбан жамалға қайта қарады.
— Апай, сіздің балаңыз бар ма? — деді күлімдеп.
— Бар, — деді келіншек оның жүзіне мұқият көз салып тұрып. — Бір ұлым бар. Биыл үшке шығады. Қайтеді?..
— Онда сіз бақытты екенсіз, апай, — деді бетін әлдеқашан бұрып әкеткен қыз төмендегі гүл текшесінің жиегінде ойнап жүрген бүлдіршіндерге үңілген қалпы.
— Қалай?.. — деді түкке түсінбей қалған келіншек өзінің ішкі сұрағын бөгеп қала алмай тағатсыздана.
— Мен қалай бақыттымын?
Келіншек асыққанымен, әлжуаз қыз асыққан жоқ. Әлгіндегі салмақты бейнесінен бір жазбаған күйі, аспай-саспай сөз бастады. Сөйлеп тұрған сәтінде оның аздың алдындағы жасқаншақ қалпынан тез айнып, кенет басқа бір сабырлы жанға өзгеріп бара жатқанын тындап тұрған кісісі ап-анық байқады.
— Жәй... әншейін айтқаным ғой, апай, — деді ол сәл үнсіздіктен кейін жүзіне жылы күлкі жүгіріп. — Баяғыда әжем марқұм айтып отырушы еді: “Төмен етек боп жаралған жандардың бала сүюден артық бақыты жоқ” деп. Балаңыз бар, сіз бақытты екенсіз...
Соны айтқан науқас қыз назарын жедел төменнен алып, өзін кұшағына алып тұрған жас әйелдің жүзіне қадады. Соңынан бүйіріне еркелей тығылып, кеудесіне басын сүйеді. Көз шарасында мөлдірей тұнған түпсіз терең теңіз бар еді оның.
* * *
Арада аз өткенде, бағанағы қыз тұрған жерде, төмендегі гүлтекше шетінде бар дүниені ұмытып емін-еркін ойнап жүрген сүйкімді қос бүлдіршінге телміре қарап мейірбике келіншек жалғыз тұрды.
Жанарында іркілген жас бар еді оның. Кірпіктеріне ілініп, саулап кетуге шақ қалып, дірілдеп тұрды мөлдір тамшылар.