- 18 шіл. 2020 00:00
- 293
ЖОО білім грантына үміткерлер құжатты Egov.kz порталында тапсыруы тиіс
Карантин жағдайында талапкерлерге ыңғайлы болуы үшін білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау мерзімі ұзарды.
Білім және ғылым министрлігі бұл жайында Instagram парақшасында мәлімет таратты.
Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін талапкер Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы мына құжаттарды тапсыруы қажет:⠀
— өтініш;
— білімі туралы құжат (аттестат);
— жеке куәлік көшірмесі.
Әзірге медициналық анықтамалар талап етілмейді.
ҰБТ сертификаты жүйеде автоматты түрде пайда болады, сондықтан оны Egov.kz-ке жүктеудің қажеті жоқ. ҰБТ сертификаттары электронды форматта берілген болатын.
Конкурс нәтижесі бойынша мемлекеттік гранттың берілгені туралы электронды сертификат ұсынылады. Талапкерлерге қағаз сертификатты алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ.
Грант тағайындау форматы өзгерген жоқ, яғни маусым айында өткен ҰБТ қорытындысы бойынша үміткерлер мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысады. Осы жылы гранттар оқу тіліне байланысты болмайды.
Жоғары оқу орындары талапкерлерді тамыздың 10-25 аралығында оқуға қабылдайды.
Жоғары оқу орындарында білім қашықтан беріледі. Дәстүрлі формат жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар, өндірістік оқыту және кәсіби практика үшін өткізіледі.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін ЖОО мен колледждерге құжат қабылдау 25 шілдеге дейін созылғанын хабарлаған болатынбыз.