Жиі-жиі келіп тұрыңыз!..
Дүйім жұртқа белгілі бір жазушы жақында өзінің алпыс жасқа толғанын тойлады. Ал оқырман қауым оның жасын алпыстан әлдеқайда үлкен дейді. Сірә, атақ-даңқ адамды ерте егде тартқызып, елге қартайтып көрсететін шығар, оған алда жасар жасынан ептеп үлес беріп те қоятын шығар.
Ол ол ма, атақты жазушыларды қарт деумен қатар, оларды шындығынан асыра шылқыған бай деп ойлайтын да әдет бар. Болмағанда ше?! Ақшасыз атақ шыға ма?! Кім сенеді оған?! Оның үйі дүние-мүлікке толы ғой! Мебеліне, мысалы, атты кісі түсіп, жаяу кісі жатып қарайтын болар!..
Мен әңгіме етіп отырған жазушыны өзі айтқан жасынан көп үлкен деуге негіз бар да еді. Өйткені, алай-дүлей өмір сүрген басқалар сияқты ол да тым ерте қартайып, мыж-мыж боп мықшиып қалған-ды. Оны шылқыған бай деуге де, әрине, себеп бар еді. Біріншіден, ол әрқашан сыпайы киініп жүреді. Үйінде киімі үйіліп жатпаса да, осыдан он шақты жыл бұрын тігілген бес костюмі сол су жаңа күйінде ілулі тұр және қайсысы болса да оған жараса кетеді. Екіншіден, егер ол қалтасында он сом ақшасы болса, оны пейілдене, жомарттана ұстайтыны соншама, он сомы он мың сомдай боп көрінеді. Ал шындығында ақшасы бір күн бар, бір күн жоқ болып жүреді, тек онысын сездірмейді.
Ақырында оның атақ-даңқы абырой болудан алды. Дәстүр өзгерді ме, дақпырт тәсілі өзгерді ме, әйтеуір, оның шығармалары басылмайтын болды. Газет-журналдар оны қолқалауды қойды. Кітап баспалары да тілектерін тыйды. Қолына қалам ғана ұстаған, өмір бойы жазушылықпен ғана айналысқан адам енді қайтуі керек? Ол мен әлі де баяғымдаймын деп білді. Онысы бекер ме әлде? Бекер болса: оқырмандар оны неге ұмытпай жүр, көшеде кездескенде неге таниды оны, атын неге атасады?..
Ол газетте ұзақ уақыт қызмет істеді. Бірақ, қырсыққанда қымыран іріп дегендей, газеттерде қазір қарт журналистердің біреуі де жоқ. Әйтпесе, ескі көз жолдастарына барып, кәне, маған жұмыс бере қой дер еді. Жас қызметкерлерді танымайды. Ал жастар оны, атақты жазушыны, әрине, біледі, кездесе қалғанда тіпті, «ұстаз» деп сыпайы сәлемдеседі де.
Иә, бұрын оны газет атаулының бәрі қошеметтеп қарсы алатын. Оның баспасөзді сыйлайтынын білетіндер кейде мақала, кейде фельетон жаздырып, кейде аударма жасатып алатын...
Бір күні ол таңертең сәнденіп киінді, баяғыда өзінің романы басылған, ежелден байланысы бар газетке кіріп-шыққысы келді. Бұрын қашан барсын жолы ашық болатын оны есік көзінде швейцар тоқтатып:
— Сізге кім керек? — деді.
Ол бас редакторда бұйымтайы барын айтты.
— Сізді кім деп айтайын?
Ол өзінің аты-жөнін атады. Сірә, швейцар есіне түсірді білем, орнынан тез тұрып:
— Қазір, әпендім! — деді де, бас редакторға телефон соқты, сонсоң: — Кіріңіз, әпендім, күтіп отыр, — деп қалбалақтады.
Жазушы бас редактордың кабинетіне барып кірді. Кабинет иесі бейтаныс болса да алдынан иіліп шығып, құрметтеп қолын алып сәлемдесіп, төрлетіп отырғызды, қымбатты қонағының не ішкісі келетінін сыпайылап сұрады.
— Бір құлақбас кофе болса, қанты азырағынан.
Бас редактор енді: «Ал, әпендім, не бұйымтайыңыз бар?» дейтін шығар. Жоқ, сыпайы адам бүйтіп төтесінен тоңқ еткізіп қойып қалмайды, ол: «Сіздерге қылша мойнымыз талша боп қызмет істеуге әрқашан әзірміз», деп алыстан орағытып байқайды. Сонда оған не деуі керек? Жұмыс іздеп келдім дей алмайды... Соны алдын ала ойлаған жазушы:
— Әпендім, маған сіздің мақалаларыңыз, сөз саптауыңыз ұнайды, — деді.
— Тым мақтап жібердіңіз-ау, ұстаз...
— Басмақалаларыңызды әрқашан сүйсіне оқимын...
— Рақмет, ұстаз, төбемді тіпті көкке жеткізіп тастадыңыз...
— Жол-жөнекей кіріп-шығайын деп бұрылғаным ғой...
— Мұныңыз ғажап ізгілік, ұстаз...
— Қызметіңізге бөгет жасаған жоқпын ба?
— О не дегеніңіз! Сіздің келгеніңіз — біз үшін үлкен мәртебе, ұстаз!..
Кофе ішілді, сыпайыгершілік рәсімі жасалып болды. Енді не отырыс бар?
Бас редактор оның не шаруамен келгенін сұрар. Көптен бері жоламай жүрген жазушыны құдай өзі айдап келді ғой... Жазушы көрінбей кеткен себебін айтар, ал бас редактор, әрине: «Дайын романыңыз жоқ па, ұстаз? Егер болса, оны біздің газетке беруге келіссеңіз, біз шексіз алғыс айтар едік...» дер. Жазушы оған: «өкінішке қарай, ала келген ештеңем жоқ. Алайда мен қазір екі роман жазып жүрмін, соның біреуі жуықта дайын боп қалар...» деп жауап берер.
Бірақ, екеуінің әңгімесі бұл арнаға түспей-ақ қойды. Сонсоң жазушы сөздің бетін басқа бұрды:
— Сіз саясатпен де шұғылданасыз, барлық жаңалықты біліп отырасыз. Яғни премьер-министрдің соңғы сөзі жөнінде қандай пікірдесіз?
Ол сұрақты қоюын қойса да, онысына іштей өкінді, өйткені, бас редактордың шұбыртпа жауабын ықыласпен тыңдаған да жоқ, ұққан да жоқ.
Екеуі біраз мәселелерді әңгімеледі, бірақ бас редактор не романыңызды, не әңгімеңізді әкеліңіз деп тіс жармады.
— Жарайды, рұқсат етсеңіз мен қайтайын, қызметіңізге кедергі жасамайын.
— О не дегеніңіз, ұстаз! Отырыңыз, асықпаңыз!
Біз бір жасап қалдық!.. Жиі-жиі келіп тұрыңыз, ұстаз!..
Жазушы сатымен түсіп келе жатып: «Жаңағының «жиі-жиі келіп тұрыңыз» дегені несі? Қалжағы ма, шыны ма? Әлде жете таныспай жатып: пәленді жазып беріңіз, деп қолқа салуға ыңғайсызданды ма екен?..» деп ойлады. «Бас редактор келесі жолы менен мақала сұрайтын-ақ шығар. Бұл жолы мақаланың ділгірлі болмаған шығар...»
Атақты жазушы енді аяңдап басқа газетке барды. Ондағы баспа иесімен кездесуді ойлады, баяғыда оның марқұм әкесі мен екеуі жолдас-жора болып еді, — соны айтып, өткен-кеткенді еске алып, сонсоң жұмыс жайын құлаққағыс ете салар...
— Сізге кім керек? — деді швейцар.
Ол баспашыны көргісі келетінін айтты. Баспашы Европаға аттанып кетіпті. Жазушы кетер-кетпесін білмей есік көзінде екі ойлы боп сәл-пәл тұрды да:
— Олай болса, әдебиет бөлімінің меңгерушісімен әңгімелесіп шығайын, — деді.
— Кім келіп тұр дейін?
Ол аты-жөнін айтты. Оны ішке кіргізді.
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі мен екеуінің әңгімесі әлгі бас редактормен сөйлескендей шамада болды. Тек бұл жолы ол қажет оны-мұныны жазып беруге әзір екенін, газетке арнап көптен бері әңгіме жазып та жүргенін ескертіп бақты.
— Әпендім, сіз ертеректегі дүниелерді біле бермейтін шығарсыз? — деді ол.
— О не дегеніңіз, ұстаз! Бәрі де есімде! Сіздің әңгімелеріңізді түгел оқыдым. Сіздің кейбір ғажап әңгімелеріңізді ұмыту тіпті мүмкін емес!
— Ондайды қазірде де жазады, — деді жазушы. — Анығырағын айтқанда... ол енді... әрине, тура сондай болмағанмен... жақсы әңгіме жазу — жалпы оңай шаруа емес...
— Ол түсінікті ғой, ұстаз! Сіздерше жазатындар қазір табыла қояр ма екен?!
Жазушы: «Көзіңе ақ түскеннен саумысың?! Жазатын адам қарсы алдыңда отырған жоқ па?!» — деп ақырып жібере жаздады.
Қоштасарда меңгеруші де:
— Бізге жиі-жиі келіп тұрыңыз, ұстаз. Есігіміз ашық, төріміз әзір, — деді.
Жазушы бір апта бойы редакцияларды аралап, баспа иелерімен де, редакторлармен де, секретарьлармен де сөйлесті. Бірімен аударма, түсініктеме туралы, екіншісімен — роман жайында әңгімелесті. Бәрінің бар-жоқ айтатыны: «Жиі-жиі келіп тұрыңыз!» ғана. Қайсыбір редакцияларға екі рет, үш рет барса да, ешкім оған заказ да берген жоқ, қызмет те ұсынған жоқ. Сірә, бәрі де сыпайыгершілік сақтаған болар. Немесе, атақты жазушының жағдайы бізсіз де жақсы деп ойлаған шығар.
Жазушы енді маған жұмыс беріңдер, қызметке алыңдар деп турасын айтуға бел буды. Ол өзіне редактордың, бөлім меңгерушісінің, әдеби қызметкердің, шолушының, немесе тым құрыса тілшінің орны бұйырмайтынын, әрине, білді. Ондай орындарды ол сұрамайды да. Оған тапқаны тамағына жетерлік жұмыс қана керек!..
Ол редакцияларды аралап шықты. Өзіне көрсетілген қошемет, «ұстаз, ұстаз» деген қолпаштау сөздер аузына қақпақ болды да, жағдайының ауыр екенін айта алмай мысы құрыды. Тұғырдан түсіп тұрмаған соң үйде отыра-отыра ішің пысады екен, уақыт өткізу үшін оны-мұны бір жұмыс іздемесем болатын емес деп емеурін жасап та байқады.
«Пәлі, ұстаз, о не дегеніңіз! Мұныңыз ыңғайсыз ғой. Біздің газетте сізге лайық жұмыс қайдан болсын... Оны-мұны жұмыс дегеніңіз не? Бізде сізге ұсынуға татырлық жұмыс мүлде жоқ. Бізге ренжи көрмеңіз, ұстаз!» — десті оған.
Сонсоң ол ішім пысты, өйтті-бүйтті дегенді қойды да, ақша табуы керек екенін, жан сақтау үшін тіпті корректор боп істеуге де әзір екенін айтатын болды.
— О не дегеніңіз, ұстаз! — десті оған. — Не айтып отырсыз? Корректорлық жұмыстың сізге қажеті қанша?! Оныңыз не?..
Жазушы тізе бүкпеді. Корректорлық болмаса, басқа кез келген жұмысқа да риза...
— Қалжағыңыз таусылмайды-ау, ұстаз! — десті оған.
Содан кейін ол келесі редакцияда төтесінен бір-ақ тартып, пәтерақыны төлей алмай жүргеніне үш ай болғанын, қарызға белшеден батқанын айтып салды. Қандай жұмысқа болсын қуана-қуана келіседі... Газетте пәленбай жыл істеген еңбегі бар емес пе...
— Алла сақтасын! Бізді ренжіткіңіз келе ме, ұстаз? — десті оған. — Қалжыңыңыз қызық екен. Оны-мұны жұмыс дегеніңіз не, ұстаз?!
Келесі газетте ол мүлде ақтарылды. Аштық аз-ақ алдында жүрмін деді. Үстіндегі киімінен басқаның бәрін сатып болған. Енді айтар несі қалды! Түнде істейтін жұмыс болса да, әйтеуір бірдеңе тауып беріңдер деп өтінді...
— О не дегеніңіз, ұстаз! Сіздей атақты жазушыға оны-мұны жұмыс жараса ма екен?! О, алла! Сізді өйтіп кім мазақ ете алмақ! О не дегеніңіз, ұстаз!..
«О не дегеніңіз, ұстаз»! — деген сөзді алғаш естігенде ол өзінің сыйлы екенін сезініп, марқайып қалғандай болушы еді, енді бұл сөздің өзінен тезірек құтылу үшін айтылатынын ұқты...
Сонда да редакцияларды қыдырып, жұмыс іздей берді.
Қайда барса да: «О не дегеніңіз, ұстаз!.. Бізге жиі-жиі келіп тұрыңыз!..» — дегеннен басқа жауап естімеді.
Құрғақ қасық ауыз жыртады...
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ