Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Күншығыс университетінде оқушы қазақ, қырғыз жастарының арасында

Қазақстанның жалпы халімен таныстырып өту үшін 1924 жылы 5-ақпанда жолдас Сейфуллин Сәкен Күншығыс ортақшыл университетінде оқушы қазақ, қырғыз жастарының арасына келіп баяндама істеді. Күн тәртібіне қойғаны I — қазақ шаруашылығы, II — Қазақстанда оқу, III — әскерлік қызметі, IV — Жетісу әм Сырдария облысын Қазақстанға қосу, V — қазақтың тілі әм әдебиеті.

Еңбекшіл Қазақстанның шаруасына көз жіберіп, жерінің кеңдігіне қарасақ, қазақ жері қай республикалардан болса да екі- үш есе үлкен. Жерінің жаратылысына қарасақ тұрмысы өте нашар, шаруасы артта қалған өте кедей халық, жер тау, тас, құмды болады, тоғайлы, сулы жері аз, мал асырауға тәуір. Қазақ елінің кедейленіп, малдан айырылуы Герман соғысы, онан тап соғысы кезінде болды. Қазіргі күнде қазақтың малын мөлшерлеп қарағанда жалпы 100-ден 20-сы қалды, жекелеп алғанда малдың азын- аулақ қалған жері Семей, Ақмола губернияларында мал біткен, кей жерлерінде ырымға мал жоқ, ішіп-жегені қаратары, су. Қазақ малының бітуіне кесір болып жабысқан нәрсе, айтып кеттім, Герман соғысы, тап соғысы, ашаршылық болды. 1923 жылы халық астық егіп, жерге айналысып кішкене тәуір еді, биыл тағы нашар болды.

Өздеріңізге белгілі, қазақ елі қанша малмен бірге туып, бірге өсіп келе жатса да, малды қалай асырап, қалай артынан жүріп кетуін білмейді. Бұл әрине, мал қарарлық өнердің жоқтығын көрсетеді. Енді қолдан мал кетіп, ашыққан соң, қазақ береке шаруалықта екенін, жер кәсібінің жақсы екенін білген соң, отырықшылыққа айналуға, шаруаға кірісуге жалпы бет алып отыр.

Бірақ мұның бәрін өздері кеңітіп әкетуге күштері жоқ, үкімет қолдап әкетуге үкіметтің де қаражаты белгілі. Бірақ үкімет қолдан келген жәрдемін аямай отырықшылыққа айналдырмақшы, шаруаға мойын бұрғызбай келген нәрсе өздеріңізге белгілі надандық, қараңғылық болды.

Әр ұлт мәдениетсіз алға баспақ емес, өз тілі, әдебиеті болмаса кері кетпек. Жиһангер соғысынан кейін қазақ халқы оқудың қадірін біліп, оқудың барысы жастардың арасында өте зорайып отыр. Қазақ халқы жалпы білімге, өнерге жету үшін отырықшылыққа айналуы керек. Болмаса қазақ халқы шаруаға айналып, мәдениетке жетеді деп айтуға болмайды. Үкімет қолынан келген жәрдемін аямай жастарды оқытып отыр.

Қазір бір Орынборда екі мыңдай оқушы бар, жекелеп алғанда мынандай: келешекте қазақ жастарынан оқытушы шығаратын қазақ институтында 300-дей, рабфакта 200-дей, аймақтық кеңес партия мектебінде 200-дей, дәрігерлер дайындайтын мектепте 100-дей, мал ауруын қарауға дайындайтын мектепте 60-тай, финанс курсында 50-дей, сот курсында оқып жатқан жігіттер бар.

Алғашқы шығарғанын әр жерге тараттық. Баспа, әріп тізетін курстарда оқып жатқандар бар, аймақтық кооперация курсында 34-тей жігіт бар. Милицейский курста 25-тей қазақ бар.

Басқа шет қалаларда: Мәскеу, Ташкент сияқты жерлерде оқып жатқан жігіттер бар. Қазақстанның әрбір губернияларында ашылған мектептер бар, мұнымен жетіліп кетті деуге болмайды, бірақ жылдан-жылға қарағанда жастардың қозғалысы күшті. Оқушыларымыздың халі нашар, қаражаты кем, бұған бөгет болып отырған, айтып кеттім, үкімет қаражатының кемдігі.

Қазақстанның алға баса алмай отырғаны — жерінің шалғайлығы, халқының әр жерде шашылып жатқандығы. Қазіргі уақытта екі облыс — Жетісу, Сырдария Түркістан қарамағында отыр. Біз бұрын мәселе қозғағанда Мәскеудегі кіндік үкімет әзірге қоя тұрыңдар деп созып келді. Бұл губерниялар Қазақстанға қосылғанда Қазақстанға пайдасы тие ме, зияны тие ме? Зиян деп отырғаны — Қазақстан кедей, шаруасы кем, ауырлық екі облысқа түседі. Бұл қате. Ашаршылық уақытта Семей, Ақмола губерниясы аш губернияларға 5000-дай қара мал жинап берді.

Тиетін пайдасы мынау — келешекте тарихтың міндеті қазақтың шаруасын бір жерге жинап, тілі, мәдениетін, әдебиетін, тәрбиесін бір жерден молайту. Бұл үшін еңбекшіл қазақ кедейі бір жерде, бір үкіметте болуы керек. Осы күнде қарасақ, қазақ тілі Түркістанда бір түрлі, Қазақстанда бір түрлі, әрине бұлай болса ұлттың тілі жоғалмақ. Бір жерде болса тіл де, әдебиет те, мәдениет те бір жерден шықпақ.

Кіндік үкімет бұл екі облысты Қазақстанға қоспақ болды. Жақында қосылмақ, неге десеңіз Түркістанда өзбек, орыс, қазақ, түрікмен, қырғыз бар. Міне, бұларға кемінде бір мекемеге 30-40 кісі керек. Үкімет мекемені азайтып, кісінің, қызметкердің санын азайтып отыр. Сондықтан әр ұлтты өздеріне қоспақ болғаны осы.

Онан кейінгі мәселе қазақтың тілі, әдебиеті, 12-партия съезінде ұлт мәселесін шешкенде әрбір ұлт өз тілімен, өз ғұрпымен мәдениетке жету керек деген, әр мекемеде өз тілдері жүрсін деген қарарлар шығарған. Қазіргі уақытта қай республикада болса да өз тілдері қолданылып жатыр. Біздің Қазақстанда бұл күнге шейін жүрмей келгені — қызметкердің жоқтығы болды. Осы қаңтардың бірінен бастап іс жүргізуге декрет шығардық. Әр облыстарда, уездерде өкіл шыға бастады.

Қазақ тілі жүрді. Бірақ жалпы жерде жүріп кетеді деуге әзір қиынырақ. Қазір баспа машина қазақша істеліп жатыр. Бірлі- жарым істелгені жіберілді, бұл машина қазақ тілінің жүруіне бірқатар жеңілдік береді.

Қазақ әдебиетін алсақ, қазақ әдебиеті соғыстан кейін кеңес үкіметі орнаған соң шыға бастады. Осы күнде әртүрлі оқу құралдары шығып жатыр.

Мысалға физика, қазақ тарихы, педагогика, дидактика, география, ботаника, саяси кітаптар, басқа әдебиет кітаптары басылып шықты. Жалпы баспа ісі күшейді. Әр жерде газет, журналдар шығып жатыр. Бір-екі жылда әдебиетіміз молайып шықпақ.

Мұнан соңғы мәселе әскер жайы: біз Қазақстан үкіметін жасағанда, әскерін қоса жасау керек еді. Бірақ бұл уақытқа шейін жүзеге аспай келді. Үкімет қорғаны — қызыл әскерді жасау үшін әр ұлт өздерінен қызыл әскер жасамақ. Соның үшін бірінші мәселе әскер жасау. Қазір біздің Орынборда комсоставта 400-дей орыс бар. Жақында ол курста ылғи қазақ жастарын оқытып, Қызыл командир даярлайтын боламыз. Сол үшін қаулы шығардық. Бұл курста 500-дей кісі оқиды. Онан шыққандар қызыл әскерге бастық болмақ. Онан соң атты әскер үшін кавалерийский курсы ашылмақ. Бірақ бұның бәрін болдырсақ та қаражат қинайтын болып тұр. Мінеки қысқаша айтқанда қазіргі уақытта Қазақстанның жайы осы.

Мұнан соң оқушы жастар өздері қаулы ұсынып, қорытындысы мынау: жолдас Сейфуллиннің баяндамасын тыңдаған соң біз күншығыс ортақшылдар университетінде оқушы қазақ, қырғыз жастары бірауыздан қаулы қылдық:

1. Еңбекшіл таптан шыққан біз, жастар, ортақшыл тәрбиесімен тәрбиеленіп, алған білімімізді, күшімізді еңбекшіл қазақ елінің тұрмысын, шаруасын оңалдыруға, түзеуге, ортақшылдық қоғамын орнатуға істе отырған азаматтарымызға көмекші болып белсене кірісеміз.

2. Әр жерде шашылған еңбекшіл қазақ елін, Түркістан сияқты жерде бөлініп жүрген қараңғы халықты бір жерге басын тездеп қосуын тілейміз. Неге десең, бытыраған, шашыранды ұлттың алға басуы қиын. Тілі бір, тұрмысы бір, ғұрпы, әдеті бір ұлттың бір жерде болып, мәдениетке, жетуі керек.

3. Халқы кедей Қазақстан үкіметін отырықшылыққа тез күнде айналуы үшін үкімет бар көмегін аямай әм жеңілдік үшін, мерзімді уақытқа шейін салықтан құтқаруын тілейміз.

4. Үкімет қорғаны қызыл әскерді жасау үшін шығарған қаулыларын тез іске асырып, бар күштерін сол жолға жұмсауларын тілейміз.

5. Іс басында отырған, қаламы жүйрік азаматтар еңбекшіл қазақты шаруа еліне айналдыруға үгіт-насихаттарын газет бетінде тоқтаусыз жазып, шаруаға қалай айналысып, қай түрмен шаруаны жақсартуын көрсетіп тұрулары керек.

6. Шет жерде оқып жүрген біз сияқты жастарға көздерінің қырын салып, паңдықтарын қалдырып, келген жолдастар осындай Қазақстанның жақсы-жаман тұрмысын, шаруасын, істеліп жатқан қызметтерін білдіріп, баяндама беріп тұруларын әм саяси, шаруашылық, әдебиет кітаптарын, газет, журналдарын үздіксіз жіберіп тұруларын өтінеміз.

Жиылыс осымен бітіп тарқады.

15.02.1924 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама