- 14 шіл. 2020 00:00
- 186
Лифт неге тоқтады
Айбектің көкесі жақсы жаңалық әкелді. Жаңа пәтер алатын бопты. «Алатау» шағын ауданынан. Үшінші подьезд. Тоғызыншы қабат.
Сонымен Айбектер жаңа пәтерге қоныс аударды. Жоғарғы қабат қорқынышты сияқты. Шешесі «жазатайым құлап кетіп жүрерсің» деп балконға бір өзін шығара бермейді. Ал Айбекке салса биікті мекендеу қызық сияқты. Бәрінен бұрын арлы-берлі қайшыласып, көшеде ағылып жатқан мәшинелер, жаяу жүрген кісілер алақандағыдай көрінеді.
Тұрғындар көшіп кірген соң лифт қосты. Оған ең алдымен атасы қуанды. Себебі, жиырма күндей тысқа шыға алмай ылажсыз қамалған болатын. Таза ауаны балконнан, желкөзден жұтқан. Енді рақат. Томашадай ұя-лифтіге енеді де, іп-ілезде төменге түседі. Далаға шығады. Таяғына сүйеніп, аулада әрі-бері асықпай жүреді.
Қиюы қашатын іс аяқ астынан екен. Бір подьез- де тұратын бес-алты бала, түстен кейін сабақтан қайтқанда лифтінің қызығын әбден көрді. Көзді ашып-жұмғанша жоғары көтеріледі. Сосын төмен құлдилайды. Үлкендердің көбі жұмыста. Әй дер ажа, қой дер қожа жоқ. Лифтегі кезекшілік жасайтын орыс әйелі де көрінбейді.
Балалар жарты сағаттай қызыққа батты. Тегін ойын тапқандарына мәз. Бір кезде жүріп келе жатқан лифт сыр етті де, бесінші қабатта тоқтап есік ашылды. Балалардың ересегі Мырзаш жалма-жан түймені басты. Лифт қозғалмайды. Көздері алақтап тұрды-тұрды да, тым-тырақай безіп жөнелді.
Кешқұрым далаға беттеген Айбектің атасы жылдам қайтты. Қабағы қатулы. Өңі сынық. Құдды өкпелеген баладай. Жақ ашпайды. Сөйтсе, лифт тоқтапты. Істен шыққан. Жаяу түсейін десе қиын. Түсуін түседі-ау. Қайыра жоғары көтерілу қиямет.
Лифт үш күн жүрмеді. Атасы дағды бойынша дәлізге шығада да, іле оралады.
Айбек өкінді. Ағаттық жасағанын аңдады. Олай етпейді, ендігәрі. Достарына түсіндіріп айтуы керек.
Жүгіріп үйден шыққан. Шахтадағы қызыл түйме жанып тұр. Басып еді, зыр еткен дыбыс естіліп, лифт көтеріліп келе жатты.