tengrinews.kz
- 05 сәу. 2026 09:30
- 43
Майкаиндағы жантүршігерлік оқиға: екі үйде екі мәйіт пен жанындағы сәби туралы жаңа деректер
Павлодар облысындағы Майкаин кентінде екі бірдей жекеменшік үйден табылған әйел мен оның әкесінің мүрдесіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер жарияланды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғаның мән-жайы
39 жастағы әйел мен 67 жастағы әкесінің мүрдесі осы жылдың 13 ақпанында Майкаин кентіндегі көршілес екі үйде табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, олардың бірі шамамен екі жыл бұрын, екіншісі бірнеше ай бұрын қайтыс болған.
Полицияға бұған дейін дәрігерлер хабарласқан. Олар отбасы мүшесінің бірі ұзақ уақыт бойы қабылдауға келмегенін және байланысқа шықпағанын айтып, алаңдаушылық білдірген. Алайда, дәрігерлерге ешкім есік ашпаған.
Бір мәйіт табылған үйде егде әйел, оның үлкен қызы және алты жасар немересі тұрған. Кейін әлеуметтік желілерде кептірілген мәйіттердің суреттері пайда болды. Айтуынша, қыз бірнеше жыл бойы анасының өлі денесі жатқан бөлмеде ұйықтаған.
Сонымен қатар, мессенджерлерде тараған дауыс жазбасында кішкентай қыздың әжесіне анасы мен атасының мәйіттерін бал мен май жағуға көмектескені айтылған. Бұл ақпаратты ресми түрде расталмаған.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Үй иесі – егде әйел мен оның үлкен қызы полиция бөлімшесіне жеткізіліп, кейін қажетті сараптамалардан өтуге жіберілді.
Егде әйел мен қызына тағылған айып
Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл іс «Өлген адамның денесіне немесе жерлеу орнына қорлық көрсету» және «Алаяқтық» баптары бойынша тергелуде.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері, соның ішінде сот-психологиялық-психиатриялық сараптамалар жүргізілуде. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Екі әйел де арнайы психиатриялық диспансерге орналастырылып, ем қабылдауда», - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов.
Аталған баптар бойынша айыппұлдан (3 мың АЕК – 12 975 000 теңге) немесе 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Баланың жағдайы
Күдікті әйелдің 6 жасар немересі тексеру үшін ауруханаға орналастырылды.
Бала дәрігерлердің бақылауында болған кезде, туыстары анасы мен атасының жерлеу рәсімін ұйымдастырды.
Қазіргі уақытта қыз Екібастұздағы «Үміт» балалар қолдау орталығында тұрады, наурыз айынан бастап мектепке дейінгі сыныпқа барады. Мамандардың айтуынша, баланың ешқандай психикалық ауытқушылығы жоқ, ол санай алады және барлық әріптерді біледі.
Бұған дейін Майкаин кентінің тұрғындары бұл отбасының жабық өмір салтын ұстанатынын және сырт адамдарды үйлеріне кіргізбейтінін хабарлаған болатын. Іс бойынша тергеу жалғасуда.