Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 12 минут бұрын)
Мәжіліс депутаты: «QazaqGaz» қызметкерлерін қысқартып, қаражатты газдандыруға бағыттау керек

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «QazaqGaz» ұлттық компаниясының жұмысына қатысты алаңдаушылық білдіріп, 10 мыңға жуық қызметкерді қысқартып, босаған қаражатты өңірлерді газдандыруға бағыттауды ұсынды. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, компания жылына шамамен 350 миллион текше метр газ өндіреді, бірақ оны тиімді пайдалануда сұрақтар туындайды. Саиров бұл көрсеткіштің тиімсіздігін алға тарта отырып, штатты қысқарту қажеттігін мәлімдеді.

Газдандыру мәселесінің өзектілігі

«XXI ғасырда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары әлі күнге дейін үйлерін көмірмен, отынмен жылытады. Бұл – ұят жағдай», – деді депутат.

Ол сондай-ақ, энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың жауабына қанағаттанбағанын жеткізді. Министрлік ресурстық базаны кеңейтуге, геологиялық жұмыстарға және зауыттар салуға басымдық беріп отырғанымен, ауылдық жерлерді газдандыру мәселесі әлі де өзекті болып қалуда.

Халықтың ақшасы халыққа жұмсалуы тиіс

«Бос отырғандарды жұмыстан шығарып, олардың ақшасын ауылдарға газ жүргізуге бағыттау керек. Бұл – халықтың ақшасы, сондықтан әрбір қадам халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы тиіс», – деп атап өтті Ерлан Саиров.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Самұрық-Қазына» қорындағы сияқты ұлттық компанияларда «ешнәрсе істемейтін» қызметкерлердің бар екенін айтқан болатын.

Жаңалықтар

Жарнама