- 07 там. 2022 00:00
- 191
Мысықтың табаны жұмсақ, тырнағы қанды
«Еңбекші қазақтың» алдыңғы нөмірлерінде жалпы Еуропадағы байлар билеп отырған мемлекеттердің бәрінін де соңғы уақытта Кеңестік Россияға қанды қара пышақтарын оқтала бастағандарын жазып едік. Күллі Еуропаның мемлекеттеріне бас болып отырған — Англия үкіметі.
Жер жүзінде қай мемлекет, қай үкімет, қай халықтың байлары, мырзалары өте жауыз деп білетін кісіден біреу сұраса, жер жүзіндегі ең обыр, өзімшіл мемлекет, ең жауыз, залым, ең обыр, өзімшіл үкімет Англия дер еді.
Англияның бұл «сүйкімді» сипаттары жаңа ғана мәлім болып отырған сипат емес.
Бұл жер-дүниедегі жалпы әлемге талай заманнан бері қарай мәлім болып келе жатқан «сүйкімді» сипаттар.
Өзінің обырлығының арқасында жеті теңіздің ортасындағы Англия тімтініп жүріп, жер-су кезіп жүріп, өнер-білім ретінде ерте туып, кеш қалған күншығыс халықтарының 500 миллиондайын өзіне бағындырып алып, қанды тырнақты шеңгеліне ұстап алып, 500 миллион адамы бар әлсіз елдердің қандарын басқаша сорып отыр.
Бұл сорылып отырған елдер: Мысыр, Үндістан, Ближстан, әм басқа күншығыс халықтары. Тойымсыз құлқынына бұл елдердің қаны аз болған соң Англия сол күншығыстағы Түркия, Ауғанстан, Персия халықтарын түрлі ретпен, түрлі сырты сұлу арам айлаларымен меңгеріп, керіп әкетіп, соңғы жылдарда әбден бірте-бірте жұмсақ табанды тырнақтарын батырып, шеңгелдеп алып бара жатқан соң, күллі күншығыс халықтары Англияның бұл жауыздығына қарсы бас көтеріп, қозғала бастаған.
Жалпы зорлыққа қарсы Кеңес үкіметі Россияда орнағаннан бері, әрине, ең бірінші жауы — Англияның мырзалары болған, ең бірінші қарсы күресетіні — Англия үкіметінің саясаты болған. Англия үкіметі Кеңес үкіметі Россияға орнаған күннің ертеңінде-ақ жалпы зорлықтың көрін қазатын үкіметтің туғанын көре сала, Кеңес үкіметін құлатуға амалдарын құра бастаған, жауыздықтарын жүргізе бастаған.
Кеңес үкіметі сөзімен ғана Англияның құлдығында езілген жалпы күншығыс халықтарына ара түсті. Осыны көріп, 5 жылдан бері Кеңес үкіметін құртуға түрлі пәлеліктерін жүргізіп келіп, ештеңе істей алмаған соң, жақын арада әртүрлі пәлелерді жіпке тізіп, Кеңес үкіметін ызғарлы түрімен қорқытып «пәлендей істерді істе, әйтпесе мен сені жау деп санаймын, онда маған өкпелеме!» — деп сөз (нота) салған.
Ол сөздеріне Кеңес үкіметі өзінің қан төккізуге әм қан төгуге қарсы белгілі пиғылын білдіріп, оның іздегі отырған қаупіне
Соқтықпау үшін орынсыз болса да, жолсыз болса да, Англияның кейбір серт қойып сұраған орынсыз ақыларын бермек болып, біраз «істе» деген істерін істемек болып жауап қайырған.
Қазақтың мақалы бар, «бұға берсең, сұға береді» деген. Соның көріндей, Кеңес үкіметі Англия үкіметінің ілік іздеген жауыз мырзаларымен соғысып кетіп, жарты миллион адам баласының қанын төгуден қашып, жауымыздың кейбір орынсыз сұрағандарын бергенін көріп, Кеңес үкіметін мысықтың аяғындай табаны жұмсақ, тырнағы қанды қолымен арқаға қағып қойып, тағы да құлқынын кеңірек аша түсіп, Кеңес үкіметіне тағы да екінші сөз (нота) салып отыр.
«Бұраудың да сұрауы бар...», жауыздықтың да өлшеуі болу керек.
Англияның бұға бергенге сұға беруіне көне беретін Кеңес үкіметі жоқ.
Англияның екінші сөзіне Кеңес үкіметі тиісті жауабын тағы да қайырып отыр.
Англияның салып отырған екінші сөзі де (нотасы да) әм оған қайырған Кеңес үкіметінің екінші жауап нотасы да «Еңбекші қазақтың» әр нөмірінде басылып отыр.
Кеңес үкіметінің тіреуі — бері болса Россия еңбекшіл табы, әрі болса жалпы жер-дүние еңбекшіл табы, кімнің дұрыс, кімнің теріс екенін көріп отыр.
Еңбекшіл табы Англияның ауыздықсыз кеткен жауыздығына жол бере бермес.
1923 жыл