Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 сағат бұрын)
Өзгенің темір-терсегіне жан бітірген шебер, өз денсаулығына да сондай назар аударғанда ғой

Өзгенің темір-терсегіне жан бітірген шебер, өз денсаулығына да сондай назар аударғанда ғой

Өмір – өткінші. Біз оны жақсы білеміз, бірақ көбіне ұмытып кетеміз. Қасымызда жүрген адамдардың мәңгілік емес екенін, олардың әрқайсысы бізге уақытша қонақ екенін кейде сезінбейміз. Қарапайым бір күнде, күтпеген жерде, жай ғана сырқат деп ойлаған нәрсе – соңғы сәтке айналуы мүмкін.

Жақында мен үшін аса ауыр жағдай орын алды. Көршім кенеттен ауруханаға түсіп, сол жерде жан тәсілім етті. Ойламаған жерден. Жай ғана асқазан ауыруы деп барған адам, жүрегі тоқтап, қайтып оралмады. Бұл менің жүрегімді ауыртты. Ол менің туысым емес еді, бауырым да емес. Бірақ, шын мәнінде, жақын адамымдай болып кеткен жан болатын.

Біз бірге талай күндерді өткіздік. Ауылда бірге тұрдық, бірге көлік алдық. Ақ түсті, азын-аулақ ақшаға сатып алынған Жигули екеуіміздің ортақ мүлкіміздей еді. Ол менің көлігімнің бұзылған жерлерін қарап, жөндеп беретін. Мен оған көлігімді сеніп тапсыратынмын. Барар жеріне менің темір тұлпарымды мініп кететін. Оның қолы алтын еді, ауылдағы ең мықты моторист болатын. Бұзылған көлікке жан бітіретін.

Бірақ, әттең, өмірдің өз заңы бар. Өзгенің темір-терсегіне жан бітірген шебер, өз денсаулығына да сондай назар аударғанда ғой... Өкініштісі, ол өзінің сырқатына мән бермеді ме, әлде өмірдің бұйырғаны сол ма, белгісіз. Өзіне ем таба алмай, бұл өмірден ерте кетті.

Көршімнің қазасы тек мен үшін ғана емес, бүкіл ауыл үшін ауыр тиді. Өйткені ол тек моторист емес еді. Ол – адамдарға жанашыр, қолынан келгенше көмектесетін, адал азамат болатын. Оған көлігіңді, тіпті, бір шаруаңды сеніп тапсыруға болатын. Жүрегінде зұлымдық жоқ, шынайы адам еді.

Ал енді оны іздейтіндер көп, бірақ орнын басатын жан жоқ. Ауылда кімнің көлігі бұзылса,бірінші болып көршімнің үйіне келуші еді.Есік алды толған көлік,күнделікті кемі бір көлік болсын үзілмейтін.

Оның жоқтығы сезіледі. Ауыл да бұрынғыдай емес. Бір нәрсе жетіспейді... Бір адам жетіспейді.

Өмірдің қаталдығы – кейбір нәрселерді кеш түсінетіндігімізде. Біз біреудің тіршілігіне үйреніп кетеміз. Олар әрдайым жаныңда жүретіндей көрінеді. Бірақ, шын мәнінде, әр кездесудің, әр амандасудың, әр сөздің құны бар. Кейде соңғы рет көргенімізді білмейміз.

Қасымыздағы адамдарды барында қадірлейік. Олардың еңбегін, жақсылығын, адалдығын көзі тірісінде бағалайық. "Кеше ғана амандасып едік..." деп өкінбеу үшін, алғысымызды айтуға, жақсылық жасауға асығайық. Себебі ертең бәрі кеш болуы мүмкін...

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама