Қанай мен Жанай
Бұрынғы заманда бір байдың екі ұлы, екі қызы болған екен. Үлкен баласының аты Жанай, кіші баласының аты Қанай екен. Үлкен қызының аты Апан, кіші қызының аты Ұпан екен. Сөз салып, құда түсем деушілерден қарындастарын қызғанған екі ағасы Апан мен Ұпанды елден жасырып, елсіз бір тауда сақтайды.
Күндерден күн өтті. Бір күні екі ағасы аңға кетті. Екі қыз бір көлге келіп, бастарын жуып отырып сырласты: «Осы екі ағамыз бізді өздері алайын деп жүр ме, кісіге бермейді»,– десті.
Дарияның ық жағында бір хан бар еді. Ол хан дарияның жел жағына ел қондырмайды екен. Манағы екі қыздың бір тал шашы суға ағып кетеді. Ол шашты суға келген хан сарайының күңі тауып алады.
«Жаным-ау, хан дарияның жел жағынан ел жүргізбейді дейтін қайда?» – деп, ойлайды күң. Сөйтіп: «Судың салындысымен келген мына бір шашты тауып алдым!» – дейді ханға келіп.
Хан елін дереу жинап алып, өзеннің бас жағына тоғыз мың қол аттандырады. Ханның нөкерлері бір жерге келіп қонады. Қонған жерінің жан-жағына бір бақылаушы жіберсе, түтін шығады. Сонда әскер басы айтады: «Әй, жарандар, мұның өзі жалғыз үй екен, біз бәріміз барсақ қорқып, қашып кетер, біреуіміз ғана барып білейік!» – дейді. Бәрі: «Жарайды», – деп мақұлдасады. Білуге бір нөкерін жібереді. Нөкер үйге келіп кірсе, үйде ай мен күндей екі қыз отыр. Нөкер: «Не қылған адамсыңдар?» – дейді. Қыздар жөнін айтады.
— Екі ағаларыңды маған ұстап беремісіңдер? – дейді нөкер.
— Екі ағамыздың алпыс екі амалы бар. Қайтып ұстап береміз! Онан да біз қалай ұстаудың амалын айтайық: шаңыраққа темір тұзақ құр, есікке тор құр. Ағаларымыз үйге келгенде, бізбен қол тұзақ ойнайды, сонда біз қолдарын тұзаққа түсіріп берейік. Өздерің келіп байлап алыңдар! – дейді қыздар. «Жарайды» – деп, нөкер кетіп қалады. Біраз уақыт өткен соң, екі қыздың ағалары келеді. Алып келген аңдарын сойып, жайғасқан соң ағалары:
— Шырақтарым, өне бойы үйде отырып, ерігіп қалған шығарсыңдар, кел, қол тұзақ ойнайық! – дейді. Сөйтіп қарындастарымен қол тұзақ ойнайды. Қыздар екі ағасының қолдарын тұзақпен буып тастайды, сол кезде аңдып тұрған әскерлер жетіп келіп, ұстай берем дегенде, Жанай көгершін болып ұшып жөнелгенде, шаңырақтағы тұзаққа түседі. Тұзақты ала-мала бір мұңды таудың басына қонады. Қанай есіктен дәуіт болып жорғалай жөнелгенде, есіктегі торға ілінеді.
Жанай құстың тілін біледі екен, бір бозторғайға айтады:
— Әй, бозторғай, бозторғай!
Ақбұқа деген атамыз,
Ақмарал деген анамыз,
Барсаң сәлем айта бар!
Жанай, Қанай баласы.
Жанай деген баланың
Мойнында темір тұзақ бар дегейсің.
Апан, Ұпан екі қыз,
Өтті бір соның ызасы-ай!
Онан соң, үш күннен соң қасына бір қарлығаш келеді, оған тағы да айтты:
— Әй, қарлығаш, қарлығаш!
Ақбұқа деген атамыз,
Ақмарал деген анамыз,
Барсаң сәлем айта бар!
Қанай, Жанай баласы,
Қаңай деген баланың
Екі қолы байлаулы,
Көзінің жасы бұлаулы.
Көздің жасы көл болды,
Көл-дариядан мол болды.
Апан, Ұпан екі қыз,
Байға кетуді ойлапты,
Сөйтіп, біздің қолымызды байлапты.
Үш күн бұрын кеткен бозторғайдан қарлығаш бұрын барып, Жанайдың сәлемін әке-шешесіне айтты. Әке-шешесі келіп, Жанайды тұзақтан жазып алды. Жанай енді інісін іздеді. Інісі Қанайды байлап әкетіп бара жатқан хан әскерлерін қуып жетті. Қолы байлаулы інісінің жанынан көгершін болып ұшып өте берді:
— Әй, бауырым-ау, сексеуілді жерге келдің ғой, Сексеуіл болып қала ғой! – деді.
Қанай сексеуіл болып қала беріп еді, екі қыз біліп қойып, ханның әскер басына:
— Мына сексеуілді алдыра жүр, тоңсақ жағып жылынармыз, – деді. Сонда Жанай ұшып өте берді де Қанай қайта адам болып жүріп кетті.
— Әй, бауырым-ау, қыналы жерге келдің ғой. Қына болып қалсаң-ай! – деді.
Қанай қына болып қала беріп еді, екі қыз тағы біліп қойып, нөкерге: «Дамбал боярмыз, мына қынаны ала жүр!» – деді. Қанай тағы да адам болып жүріп кетті. Жанай жалғыз інісін жанай-манай ұшып өте беріп:
— Әй, бауырым-ай, өзенге келдің ғой, тобылғы болып қалсаң-ай! – деді.
Тағы да қыздар айтты:
— Отқа жағармыз, шауып ала жүр, – деді. Шаба бергенде, Қанай бейшара тұрып кетті. Әскер ханның еліне келді. Жанай түнімен шарқ ұрып іздеп інісін таба алмады. Жанай ителгі болып інісін іздеп жүрсе, айдалада бір қара бура шөгіп жатыр екен. «Ителгі» аспанға шарықтай шығып, бураны теуіп кетіп еді, қара бура жеті бөлек болып кетті. Бура жатқан жерді қараса, Қанай терең орда жатыр екен. Ағайынды екеуі жыласып көріседі.
Содан кейін Қанай, Жанай екеуі ханның арғымағын ұстап мініп, ханның әскерін қырады.
«Біздің сендерге қастық қылғанымыз бар ма еді?» – деп, екі қарындасын да өлтіреді. Сөйтіп дұшпанын жеңіп, еліне келеді. Ағайынды екеуі өле-өлгенше тату-тәтті өмір сүреді.