depositphotos.com/ photoholmov
- 17 ақп. 2026 19:01
- 24
Қазақстан өз автобрендін шығаруды жоспарлап отыр: Proton-мен серіктестік құрылады
Қазақстанда өзіміздің автобрендімізді шығару туралы жоспарлар бар. Бұл туралы «Байтерек» ҰБХ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеді. Ол үшін холдинг малайзиялық Proton компаниясымен серіктестік орнату туралы меморандумға қол қойды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа автокластер құру жоспары
Рустам Қарагойшиннің айтуынша, «Байтерек» пен Proton бірлескен кәсіпорын құру бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жобаға қазақстандық автоөндірушілер де тартылады. Жоспарда автомобиль компоненттерін локализациялауды тереңдетуге бағытталған толыққанды кластер құру көзделген.
«Біз қазақстандық бренд туралы айтып отырмыз. Егер ол осында өндірілсе, әрине, ол қазақстандық бренд болады», - деді Қарағойшин.
Холдинг басшысы Proton компаниясымен технологиялық әріптестікті тереңдету бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті. «Бұл жай ғана ынтымақтастық емес, Proton технологиялық жағынан да белсенді қатысады деп үміттенеміз», - деп қосты ол.
Қытай брендтеріне жауап ретінде
Қарағойшин қазақстандық автоөндірісті дамытудың маңыздылығын, әсіресе қытай брендтерінің нарықтағы үлесі артқан жағдайда, ерекше атап өтті. «Қытай брендтерінің қандай жұмыс атқарғанын көріп отырсыздар, олар еуропалық брендтерді ығыстырып шығарды. Сондықтан біз Қазақстандағы локализацияны барынша арттыру үшін осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.
Қазіргі таңда болашақ автомобильдің бренді мен атауы талқыланып жатыр, бірақ нақты шешім әлі қабылданған жоқ.
Айта кетейік, 2025 жыл Қазақстанның автоөндірісі үшін рекордтық жыл болды. Елде жаңа көліктерді шығару және сату көлемі артты.